Бейсенбі, 6 Қараша 2025
Анық-қанығы 424 0 пікір 6 Қараша, 2025 сағат 15:26

Марко Рубио 2026 жылы Қазақстанға келмек

Сурет: aa.com.tr сайтынан алынды.

Келер жылы АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Орталық Азия елдеріне ресми сапармен келуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады. Мемлекеттік департаменттегі шара барысында Рубио аймақ елдерімен табиғи ресурстарды игеру саласында ортақ мүдде бар екенін атап өтті.

«Сіздер Құдай сыйлаған ресурстарыңызды тиімді пайдаланып, оны жауапты дамуға бағыттауға күш салып жатырсыздар. Бұл өз кезегінде экономиканы әртараптандыруға үлкен мүмкіндік береді», — деді Рубио. Оның айтуынша, жоспарланып отырған сапар шамамен бір аптаға созылады.

Сонымен қатар, шара барысында республикашыл сенатор Джеймс Риш АҚШ Конгресі жақын күндері Джексон–Вэник түзетуін алып тастауға бағытталған заң жобасын ұсынатынын мәлімдеді. Қазақстан бұл тізімнен шығару туралы өтінішін бірнеше рет білдірген еді.

Еске сала кетейік, Джексон–Вэник түзетуі 1974 жылы АҚШ-та қабылданған сауда туралы заңға енгізілген өзгеріс. Ол көші-қонға шектеу қойған немесе адам құқықтарын бұзған мемлекеттермен сауда қатынастарын шектеуге мүмкіндік береді. Мұндай елдер АҚШ-пен сауда жасағанда жоғары баж салығына және түрлі импорт-экспорттық шектеулерге тап болады.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін бірқатар елдер бұл тізімнен шығарылған. 2000–2012 жылдары Қырғызстан, Грузия, Украина, Армения, Молдова және тіпті Ресейдің өзі де шектеуден босатылған. Алайда Орталық Азияның қалған елдері әлі күнге дейін түзетудің ықпалында қалып отыр.

Abai.kz

0 пікір