Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 3926 0 пікір 14 Маусым, 2009 сағат 18:52

Қанатбек ШАҒАТАЕВ, боксшы: Мені «жерлеуге» асыққандар да болды…

Өткен ғасырдың 90-жылдары бокстан Аркадий Топаев, Василий Жиров, Ермахан Ибраимов, Қанатбек Шағатаевтар Қазақстанның мәртебесін арттырып, атой салғанын жанкүйерлер қауымы әлі естен шығара қоймаған болар. Әңгімемізге арқау болып отырған Қанатбек Шағатаев кезінде ел намысын қорғап, Азия чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы, Әлем кубогының күміс жүлдегері атанған болатын-ды.

- Кезінде КСРО кеңістігінде атой салған боксшының өмір жолына үңілгіміз келеді?

- 1979 жылы алғашқы бапкерім Кеңес Надырқұловтың қол астында бокстың қыр-сырын үйрене бастадым. Сол жылы бапкерім Қырғызстанға қоныс аударатын болып, мені Қазыбек Мырзақұловқа тапсырды. Ол кісінің қарамағында 1985 жылға дейін жаттығып, спорт шебері атандым. 1986-1988 жылдары әскер қатарына шақырылдым. Бірақ әскерде «сары ауруға» шалдығып, бір жыл көлемінде денсаулығымды түзедім. Ол кезде бапкерім Ақжол Асқаров пен Арыстан Сәрсенбаев еді. Осы бапкерлердің қарамағында жүріп, 1990 жылы спартакиадада жеңімпаз болдым. 1991 жылы 67-ден 71 келіге көтеріліп, екінші рет Қазақстан спартакиадасында жеңіске жеттім.

- Сол кезде басты қарсыласыңыз кім еді?

Өткен ғасырдың 90-жылдары бокстан Аркадий Топаев, Василий Жиров, Ермахан Ибраимов, Қанатбек Шағатаевтар Қазақстанның мәртебесін арттырып, атой салғанын жанкүйерлер қауымы әлі естен шығара қоймаған болар. Әңгімемізге арқау болып отырған Қанатбек Шағатаев кезінде ел намысын қорғап, Азия чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы, Әлем кубогының күміс жүлдегері атанған болатын-ды.

- Кезінде КСРО кеңістігінде атой салған боксшының өмір жолына үңілгіміз келеді?

- 1979 жылы алғашқы бапкерім Кеңес Надырқұловтың қол астында бокстың қыр-сырын үйрене бастадым. Сол жылы бапкерім Қырғызстанға қоныс аударатын болып, мені Қазыбек Мырзақұловқа тапсырды. Ол кісінің қарамағында 1985 жылға дейін жаттығып, спорт шебері атандым. 1986-1988 жылдары әскер қатарына шақырылдым. Бірақ әскерде «сары ауруға» шалдығып, бір жыл көлемінде денсаулығымды түзедім. Ол кезде бапкерім Ақжол Асқаров пен Арыстан Сәрсенбаев еді. Осы бапкерлердің қарамағында жүріп, 1990 жылы спартакиадада жеңімпаз болдым. 1991 жылы 67-ден 71 келіге көтеріліп, екінші рет Қазақстан спартакиадасында жеңіске жеттім.

- Сол кезде басты қарсыласыңыз кім еді?

- Аркадий Топаев. 1992 жылы ТМД елдері арасындағы чемпионат барысында салқын тигізіп, сол турнирге қатыса алмадым. Менің орныма 67 келіден енді ғана 71 келіге өткен Аркадий кетті. Оның бағы жанып, финалға дейін жетті. Ақтық сында ресейлік Сергей Самойловтан жеңіліс тапты. Артынша Аркадий мамыр айында өткен КСРО кубогының финалында сол Самойловты жеңіп, Барселона Олимпиадасына жол тартты. Олимпиададан жолы болмай келгеннен кейін, онымен үш-төрт мәрте кезіктім. Алматы, Қарағандыда өткен турнирлерде одан екі мәрте 2:3 есебімен жеңілдім.

- Бокс рингіндегі басты өкінішіңіз қандай?

- 1993 жылы Бішкекте КСРО-ның соңғы чемпионаты өтті. Онда Топаевпен жартылай финалда жұдырықтасып, әділетсіздіктің арқасында жеңіліс таптым. Оған бір дәлел ретінде айтайын, сол кезде маған Мырзағали Айтжановтың бапкері Крюгов келіп: «Канат, тебя похоронили», - дегені әлі есімде. Бұл жарыс Әлем кубогына тікелей жолдама еді. Ол кезде Қазақстан құрамасын Серік Әбдінәлиев басқаратын. Әбдінәлиевпен жеке жолығып, «Секе, маған Әлем кубогы керек», - дедім. Сонда ол: «Қанат сені түсіндім, Аркадий екеулеріңді спаррингке түсіреміз, жеңгенің дүбірлі додада ел намысын қорғайтын боласыңдар», - деді.
- Спарринг өтті ме?

- Қайдағы?! Өткен жоқ! Құрама жаттығуында бір салмақта бірнеше боксшы болады емес пе, мені 71 және 75 келіде өнер көрсететін боксшылармен спаррингке қойды. Сонда мен Василий Жировты екінші раундта басынан қатты соққы беріп, нокдаунға жібергенмін. Ал Аркадий болса, 71 мен 67 келіде өнер көрсететін боксшылармен жұдырықтасты. Қысқасы, Топаевты менімен «төбелестірмей», Әлем кубогына алып кетті. Мені Жировтың салмағы 75 келіге де алып баруға болатын еді, бірақ, олай да істемеді... Содан мен чемоданымды алдым да мұхит асып, АҚШ-қа ұшып кеттім.

- Сұхбатымыз біраз сырды ашатын секілді. АҚШ-та болған сапарыңыз жайлы толығырақ айтып берсеңіз?
- АҚШ-та небәрі екі жарым ай болдым. Онда 4-5 рет кәсіпқой боксшымен спарринг ретінде жұдырықтасып, барлығын жеңдім. Олар маған қызығып, қомақты қаржымен келісімшартқа отыруды ұсынған еді. Бір күні түнгі сағат екілер шамасында Қазақстаннан Нұрғали Сафиуллин және Олимпиадалық комитеттен өкіл қоңырау шалды. «Елге қайтып кел, Топаев 75 келіге өтті. Сен Иранда өтетін Азия чемпионатында 71 келіде ел намысын қорғайтын боласың. Ал егер елге оралмасаң, кіргізбей қоямыз», - деген сияқты әңгімелер айтылды. Ойым, Азия чемпионы атанып, рейтингімді көтеру болды. Сонда кәсіпқой боксқа өтсем, тезірек Әлем чемпионы атануға мүмкіндік көп еді. Елге оралған соң, Азия және Азия ойындарының жеңімпазы, Әлем кубогының күміс жүлдегері атандым. ҚР еңбек сіңірген спорт шебері деген атақты да еншіледім, бірақ, денсаулығым сыр берді...

- Өміріңізде «әттең, былай істегенімде дұрыс болар еді» деп өкінген кезіңіз болды ма?

- 1994 жылы денсаулығым әлсіреп, денеме қайта-қайта сыздауық шыға берді. Сол кездегі дәрігерімнің ауруыма диагноз қоя алмағаны мені әлі күнге дейін қынжылтады /ашуланып/. Ауруымның кесірінен 1995 жылы Әлем чемпионатында 71 келіде Қазақстаннан ешкім өнер көрсеткен жоқ. Міне, сол кезде мен АҚШ-та болғанымда, дәрігерлер ауруымды анықтап, оның алдын алар ма еді, кім білсін?! Барлығы кеш болған соң, амалдың жоқтығынан қолғапты шегеге ілуге тура келді.

- Көп жағдайда атағың дүрілдеп тұрған кезде жанкүйерлер де, жанашырлар да қасыңнан табылады. Қалай спорттан кетсең, бір мезетте жоғалып кетеді. Сізде де сондай жағдай болды ма?

- Ондай жағдайлар өмірімде көп болды. 2001 жылы Кентау қаласынан тұңғыш рет бокс мектебі ашылды. Мен сол кезде Шымкентте бапкер болып жұмыс істеймін. Үйіме Кентау қаласының жергілікті басшылары келіп, маған уәденің барлығын үйіп-төкті. Онда айтқан сөзі «Василий Жировты, Ермахан Ибраимовты, Аркадий Топаевтарды ұттың, сен Кентау қаласының «бренді» болуың керек. Сенің атыңнан бокс мектебі ашылайын деп жатыр. Сол мектепке директор бол», - деп Кентауға шақырды. Қалаға қоныс аударғаннан кейін, үйіп-төгіп берген уәделерінде шикілік бар екен. Бокс мектебі ашылғанымен, менің атым берілген жоқ. Директор креслосына Қазыбек Мырзағұлов отырды. Сол кезде Мәскеуден Бекболат Бекенов деген бизнесмен 2,5 мың АҚШ доллары көлемінде айлық төлеймін деп бапкерлік қызметке шақырды. Қуана келісіп, Ресейде екі жылдай бапкер болып жұмыс жасадым.

- 1996 жылы Атланта Олимпиадасында топ жарады деген спортшылардың бірі едіңіз. Емделіп болғаннан соң, ең болмағанда кәсіпқой боксқа ауысуға мүмкіндік болмас па еді?

- Жағдайым болмады ғой. Бұрынғы промоутерлерге баратын бет жоқ. Оларға Азия чемпионатынан кейін қайтып келемін деп уәде беріп, промоутерімді алдап кетуге тура келген. Алайда, мына жақтағы жағдай қиын болып кетеді деп кім ойлапты? Қазірдің өзінде де толық жазылып кете қойған жоқпын.

- Ермахан Ибраимовпен қолғап түйістірдіңіз. Сол уақытта Ермаханнан Олимпиада чемпионы шығады деп ойладыңыз ба?

- Мен көріпкел емеспін ғой /күліп/. Ибраимов Атлантада қола жүлдегер атанғанда ғана оның алда Олимп шыңын бағындыратынына көзім жеткен. Ермаханмен бірнеше рет құраманың жаттығуында қолғап түйістірдік. Ермаханнан гөрі Топаевтың жұдырықтасуы ұнайтын еді маған. Василий Жировты екеуміз-ақ соққыға жыға алатын едік. Егер де дертке шалдықпағанда Олимпиаданың алтын медалі сөзсіз Аркадийдің қолында тұратын еді. Топаевтың рингке шыға алмауы Ермаханның жолын ашты.

- Сол кезде мемлекеттен қандай көмек болды?

- Минскіде өткен КСРО-ның халықтар арасындағы Х жазғы спартакиадасында чемпион болғаннан кейін Шымкенттен 2 бөлмелі пәтер, Азия ойындарындағы жеңісімнен соң тағы да Шымқаладан 3 бөлмелі пәтер кілтін және «Тико» автокөлігін табыс етті.

- Сонымен қазір қайда жүрсіз?

- Қазіргі таңда Кентау қалалық бокс мектебінің директорымын. Бұған дейін Шымкент, Мәскеу қалаларында бапкер болып жұмыс жасадым.

- Басқарып отырған бокс мектебі жайлы қысқаша айтып берсеңіз?

- Мектебіміздің іргетасы 2001 жылы қаланған. Мектепте 300-ге тарта боксшылар шеберлігін арттырып жатыр. Қазіргі таңға дейін бірнеше Қазақстан чемпиондары мен жүлдегерлері тәлім-тәрбие алуда. Өкінішке қарай, қаражат тапшылығынан көп жағдайда ірі турнирлерге шәкірттерімізді жібере алмай жатырмыз. Сондықтан да көрсеткішіміз аса бай емес.

- Әңгімеңізге рахмет!

Дерекнама:

Қанатбек Шағатаев 1967 жылы Кентау қаласында дүниеге келген. Бокспен 12 жасынан бастап шұғылданған. КСРО кубогының бірнеше рет жүлдегері. КСРО-ның халықтар арасындағы Х жазғы спартакиадасының жеңімпазы. Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Азия және Азия ойындарының жеңімпазы. Таиландта өткен Әлем кубогының күміс жүлдегері. ҚР еңбек сіңірген спорт шебері. Қазіргі таңда Кентау қалалық бокс мектебінің директоры.

 

 

Әңгімелескен Алмас МАНАП

«Нұр Астана» газеті 11 маусым 2009 жыл

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1498
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3268
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5638