Жұма, 22 Қараша 2024
Қазақтың тілі 6108 5 пікір 29 Қазан, 2018 сағат 08:26

Жоғалтып алдым...

Жо-жоқ, жарқыным, тек ақшамды емес. Мынандай күні ақша жоғалтқаннан сақтасын. «Айфон» дейсің бе? Жо-жоқ, ол да емес. Ай-күнім аманда, айфоным да аман болсын. Тек, «жоғалтып алғаным болмаса».

Маған олай қарама,  бұл тіпті де сентиментализм синдромынан туған сөз емес. Тіпті, «Меломен» тобының «Жоғалтып алдым, жүзден күлкіні, Жолықтырғалы өмір бір күні» деп келетін ән жолдарының да маған еш қатысы жоқ. 99,9%  шыным.

– Енді нені жоғалттың?

– Соны өзім білсем, саған айтам ба?

– Қашан жоғалттың?

– Осы Астанаға келгелі.

– Неше рет?

– Санамаппын, өте көп.

– Қай жерде?

– Қазір мен саған асықпай айтып берейін. Бірде автобусқа мінгенмін. Қасымда баласы бар келіншек тұрды. Бір кезде балақай:

– Мам, я шоколадку хочу, – деді. Сосын мамасы:

– Сиди тихо. У меня нету, – деген соң, бүлдіршінге кәмпит ұсынбақ боп қалтама қолымды салып жатқанда жоғалтып алдым! Автобустың бұрышына ма, әлде әлгі келіншектің етігінің қонышына ма қайда түсіп кеткенін білмеймін. Олар да іздеп көмектесті, таппады.

– Енді, өз заттарыңа мұқият боп тұрмайсың ба? Ал содан соң?

– Бірде көшеде кетіп бара жаттым. Біреу білегімнен түрткендей болды. Қарасам, 7-8 жасар бір қыз.

– Скажите, пожалуйста, который час? – деп, әп-әдемі сұрақ қойып жатқан. Сол сәтте сайтанның сапалағындай бірдеңе сарт ете қалды да, мен тағы да жоғалтып алдым. Ары іздедім, бері іздедім, жоқ! Әлгі қызға сағат «бір жарым» болғанын айттым. Қырсыққанда, ол да менің айтқанымды түсінбеді. Шамасы, ол да бірдеңесін жоғалтты-ау дейм(ін), асығып жүгіріп кетті. Мен де таба алмадым.

– Енді, көшеде байқап жүрмейсің бе? Сосын?

– «Орбита» жақтағы «дворлардан» өтіп бара жаттым. Сол жерде бір топ бала «Самат, иди сюда», «Қанат, давай вместе поиграем», «Марат, ты хочешь с нами?» деп, тәп-тәтті балақайлар ауызбіршілікпен ойнап жүр екен. Күшті ойын сияқты. Қызығып қарап тұрғам ғой. Бар ойымды балконнан бір әженің:

– Ребята, ужин готов! Домой! – деген дауысы бұзып жіберді. Соған бұрылып қарайын деп жатқанда, тағы да жоғалтып алдым. Ал кеп ізде балаларға арнап төгілген құмның ішінен. Олар болса, жоғалтқанын тапқандай, подъездеріне қарай жүгіре жөнелді.

– Енді, көзіңе қарап тұрмайсың ба? Содан?

– Содан сол, Астанаға келгелі автобуста, көшеде, ойын-сауық орталықтарында жоғалтып алып жүрмін.

– Айналайын-ау, ересек адам емессің бе? Байқап жүруге болады ғой. Қазір деген қалта қаққыштар көп... Сонымен не жоғалтқаныңды білдің бе?

– Иә, иә, есіме түсті! Күлкімді жоғалтыппын ғой.

– Ей, немене, сенің денің сау ма? Не сандырақтап тұрсың?

– Рас, айтам, әр бір қазақ анасы, әжесі, қызы мен жігіті, тәп-тәтті қазақ балақай, өз тілінде сөйлемесе, мен сол сәтте-ақ күлкімді жоғалтып аламын. Тіпті, жыларман хәлге түсемін. Ал олар ең құнды қазынасын жоғалтып жатқанын біле ме екен?! Бұрын маған біреу «сен таза қазақша сөйлейді екенсің» дегенде, талып қала жаздағам... Солай...

Әсем Құлманова

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5329