Жұма, 22 Қараша 2024
Бәсе... 7032 10 пікір 29 Қазан, 2018 сағат 10:50

Желтоқсан көтерілісін құрметтеген Мырзахметовке мың алғыс

27 қазан  күні Таразда қала күніне орай, Желтоқсан көтерілісінің қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтың еңселі ескерткіші бой көтерді. Сондай-ақ, сол көтерілістен сыр шертетін “Желтоқсан – 86” орталығы салынды.  Орталықтың жалпы алаңы 280 шаршы метрді құрайды. Аталған орталықта Қ.Рысқұлбековтың жеке заттары мен көтеріліске қатысты құнды деректер жинақталған бұрыш, Желтоқсанға Жамбыл облысынан қатысқан жастар туралы деректер, белгілі тұлғалардың жазбалары мен БАҚ материалдарынан құралған көрме орналасқан.

Жер-жерде сол Желтоқсандықтарды жазалап,  соттаған  комсомолдардың 100 жылдығы аталып жатқанда, бұл жаңалық  бұлт арасынан күн шықандай әсер еткені рас.

"Бұл көтеріліс туралы айтылмайды" деп ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Айтылып, жазылып жатқан деректер көп. Және, айналамызда сол кезеңнің куәгерлері де жүр. Тек, насихатын жасай білсек болғаны. Мәселен, осы көтеріліске қатысқан жастарды ақтап, талай тарихи шындықты ашып берген Желтоқсан ұйымы туралы бірі білсе, бірі білмес.

Ол ұйым "Қазақфильм" киностудиясында, 1989 жылдың мамыр айында Қалдыбай Әбенов, Ерлан Декелбаев, Аманжол Нәлібаев, Хасен Қожахметов, Құттыбек Аймахан, Бақтыбек Иманқожа, Жармұхамед Тлегенов, Құрбанбай Халмұратов сынды азаматтардың ұйытқы болуымен құрылған. Ұйымның мақсаты – көтеріліске қатысқан жастарды ақтау, түрмедегі Желтоқсандықтарды босатып алу, Желтоқсан қаһармандарына құқықтық мәртебе беру және, ең бастысы, Желтоқсан көтерілісінің тарихи шындығын ашу еді. Сол мақсатта, 1991 жылдың 17-тамызы күні Семей түрмесіне барып, Қайрат Рысқұлбековты өлтірген баскесер, рецедевист Власенкомен сұхбат жасайды. Және, Қайраттың Әкесі Ноғайбай ақсақалды Власенкомен жүздестіріп, біраз жайттың бетін ашады. Ол жерде белгілі болғаны, Қайраттың соңғы хаты деп жүргеніміз – жасанды хат екені анықталады. Алайда, ол сұхбаттың бір бөлігі белгісіз себептермен жоғалып кеткен. Бірақ, сұхбаттың жазбаша нұсқасы Қалдыбай Әбеновтың үйінде сақталған.

Власенконың айтуынша, ол камерада басында 5 адам болған. Сосын, 16 күні үш адамды бөлек камераға алып кеткен. Сөйтіп, Қайрат пен әлгі баскесер оңаша қалады. Ал, төрт күннен кейін, яғни, 21-мамырға қараған түні 21 жасында, №21 камерада Қайраттың өлігі табылады. Бұл кадрлер Қалдыбай Әбеновтың “Аллажар” фильмінде де  көрсетілген. Және Қайрат туралы осы зерттеулердің басын қосып,  Тұрысбек Сәукетай “Еменнің иір бұтағы” деген естелік кітап шығарған.

Өкініштісі, сол Қайраттарды ұрып-соғып, жазалаған да өзіміздің қазақ шенділері еді. Тіпті, Г. Колбин сол кездегі Жоғарғы Соттың төрағасы Айтмұхамбетовке:

- Бір жұмада неше адамды соттадың? Неге ату жазасына бермейсің? - деп  аптасына жиналыс ашып, шүйлігіп отырған. Сол ату жазасының жазықсыз құрбаны Қайрат болды.

Бірақ, уақыт бәрін өз орнына қояды. Кезінде “маскүнем” деп айыпталған сол жастар бүгінгі күннің қаһармандары. Ендігі ұрпақ оларға ескерткіш қойып, аттарын мақтанышпен атайтын болады. Ал, Тараз қаласында ашылған бұл ескерткіш сол өзгерістердің басы. Сондықтан да, Abai.kz ақпараттық порталының атынан осы іске қолдау білдірген Жамбыл облысының басшысы Асқар Мырзахметовтің командасына мың алғыс айтамыз. Желтоқсан көтерілісін құрметтеген Мырзахметовке мың алғыс!  Және, бұл үрдіс басқа өңірлерге де үлгі болады деп сенеміз!

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

 

10 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5329