Автобустағы ескірмеген махаббат...
9-автобусқа жүгіріп міндім де, бір орындықтың жанына барып тұрдым. Кезекті бір аялдамадан егде тартқан ата мен әже кірді. Кондуктордың көрсеткен орынына жайғасқан ата әжеге бұрылып:
– Келсеңші, мына жерге отыр, – деп қарама-қарсы орындықты меңзеді. Ал әже:
– Ой, жоқ, теріс қарап отырсам, басым айналады, – деп менің жаныма жайғасты.
Ата әзілқой, ашық мінезді адам екен. Жан жағындағыларға күле сөйлеген ол:
– Е,е, неде болса осы кісі отырсын. Күні бойы «ананы алам, мынаны алам» деп, базар атаулының бәрін шарлап, мені әбден шаршатты. 50 жыл бұрын өзім таңдап алған соң, көнесің. Көнбегенде де қайда барасың, – деп қалжыңдап жатты. Автобуста осындай емен-жарқын әңгімені көп ести бермейтін жолаушылармен бірге әже де езу тартты. Сол сәтте аялдамадан баласын жетелеген келіншек мініп, атаның жанына барып тұрды. Қария әлгі балақайды көтеріп алып, алдына отырғызды.
Ата:
– Қазақ мектебінде оқи ма, әлде орыс мектебінде ме?
Келіншек «Орыс мектебінде» деді.
– М-м-м, дұрыс. Бірақ, бала әуелі өз тілін жетік меңгеруі керек. Солай ма?
Келіншек үнсіз бас изеді.
Менімен бірге түсуге ыңғайланған әжені қария қолынан демеп ұстап, көмектесіп жатыр. Жүрегім елжіреп кетті. Жандарына жақындадым.
– Кешіріңіздер, мен сіздерді суретке түсіріп алайыншы. Кейін «ескірмеген махаббат» деп сіздер жайлы мақала жазамын. Өзімнің ата-әжем өмірден өтіп кеткен соң, қарияларды көрсем жаныма жақын тартып тұрамын, – дедім. Қариялар:
– Жарайды, айналайын, – деп бірге суретке түскен соң, есімдерін сұрадым.
– Лиза, Құрман. Отасқанымызға 50 жыл болды. Өзіміз 75-тен асып барамыз, – деп жауап берді. «Бақытты бол, балам», – деп жылы қоштасты.
Мен кері бұрылып, жатақханаға қарай жол тарттым.
P.S. Қазіргі қоғамдағы құлақ тұнатын «ажырасу» деген сүйкімсіз сөзден кейін қол ұстасқан жастардан гөрі тағдыр жүгін бірге арқалап, жұбы жазылмай ғұмыр кешкен қарияларға тамсана қарайтын болыппын. Ұрпаққа өнегесімен үлгі болатын осындай ата-әжелеріміз аман болса екен. Әйтпесе, қазір кімге еліктеу керек екенін де ұмытып барамыз ғой.
Әсем Құлманова
Abai.kz