Дәрігерлер босанған анаға тірі баланың орнына өлгенін берген деген күдікке қалды
Ерлі-зайыпты Нұрлыбай Ашықбаев пен Сәуле Бапаева. Жаңа Қара тон ауылы, Жылыой ауданы, Атырау облысы. 9 маусым 2009 ж.
Атырау облысы Жылыой ауданында тұратын әйел былтыр жергілікті перзентхана дәрігерлері оған бөтен сәбидің мәйітін беріп, өз нәрестесін ұрлаған деп күдіктенеді. Полиция Қылмыстық кодекстің «баланы қасақана ауыстыру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.
«ҚАБІРГЕ ЖЕРЛЕНГЕНІ БӨТЕН СӘБИДІҢ МӘЙІТІ ЕКЕНІ АНЫҚТАЛДЫ»
Атырау облысының Жылыой ауданына қарасты Жаңа Қара тон ауылының тұрғындары ерлі-зайыпты Сәуле Бапаева мен Нұрлыбай Ашықбаев өздерінің нәрестесін жарық дүниеге келісімен жергілікті дәрігерлер қасақана ауыстырып жіберген деп пайымдайды.
- Біздің 2008 жылдың 16 ақпанында туған баламызды өлі туды деп дәрігерлер жалған айтты. Әрі перзентханадан шыққанда қыз баланың дүниеге келгені жөнінде құжат пен мәйітханадан мұз болып қатып тұрған сәбидің денесін жерлеуге берген еді. Алайда, биыл мәйітке жасалған эксгумация нәтижесі былтыр жерленген баланың ер бала екенін, әрі біздің баламыз еместігін дәлелдеді. Сонда біздің баламыз қайда? Оның тірі екенін бар жүрегімізбен, жан-тәнімізбен сезінеміз. Бірақ қалай табамыз? - дейді ерлі-зайыптылар.
Ерлі-зайыпты Нұрлыбай Ашықбаев пен Сәуле Бапаева. Жаңа Қара тон ауылы, Жылыой ауданы, Атырау облысы. 9 маусым 2009 ж.
Атырау облысы Жылыой ауданында тұратын әйел былтыр жергілікті перзентхана дәрігерлері оған бөтен сәбидің мәйітін беріп, өз нәрестесін ұрлаған деп күдіктенеді. Полиция Қылмыстық кодекстің «баланы қасақана ауыстыру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.
«ҚАБІРГЕ ЖЕРЛЕНГЕНІ БӨТЕН СӘБИДІҢ МӘЙІТІ ЕКЕНІ АНЫҚТАЛДЫ»
Атырау облысының Жылыой ауданына қарасты Жаңа Қара тон ауылының тұрғындары ерлі-зайыпты Сәуле Бапаева мен Нұрлыбай Ашықбаев өздерінің нәрестесін жарық дүниеге келісімен жергілікті дәрігерлер қасақана ауыстырып жіберген деп пайымдайды.
- Біздің 2008 жылдың 16 ақпанында туған баламызды өлі туды деп дәрігерлер жалған айтты. Әрі перзентханадан шыққанда қыз баланың дүниеге келгені жөнінде құжат пен мәйітханадан мұз болып қатып тұрған сәбидің денесін жерлеуге берген еді. Алайда, биыл мәйітке жасалған эксгумация нәтижесі былтыр жерленген баланың ер бала екенін, әрі біздің баламыз еместігін дәлелдеді. Сонда біздің баламыз қайда? Оның тірі екенін бар жүрегімізбен, жан-тәнімізбен сезінеміз. Бірақ қалай табамыз? - дейді ерлі-зайыптылар.
Сәуле Бапаеваның берген шағымы бойынша бір жылдан астам уақыт бұрын болған оқиғаның мән-жайын жергілікті полиция тексеруге кіріскен.
- Алғаш рет Сәуле Бапаева 2008 жылдың 16 ақпанда туған баласының дәрігерлердің немқұрайлылығы салдарынан өлі туғанын айтып шағымданған еді. Біз зерттеу жасағанымызбен қылмыстық іс қозғауға айғақтар жеткіліксіз болды. Кейін ол 2009 жылдың 11 ақпанында баласының ауыстырылғаны жайлы тағы шағым түсірді. Осының негізінде біз облыстық паталогоанатомды орталықтан сараптама жасауды талап еттік, - деп түсіндірді Азаттық тілшісіне Жылыой аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары полиция подполковнигі Нұржан Ислямов.
Алайда орталықтағылар баланың биологиялық ата-анасын анықтау үшін жерленген сәбидің мәйітіне эксгумация жасау қажет болатындығын хабарлапты. Бапаева басында оған қарсы болып, тек сәуір айының 9-ында эксгумация жасауға келісімін берген соң, заң органдары қабірді ашып, одан алынған сәбидің бірнеше қабырға сүйектері мен бас сүйегін дәне ондағы шаш үлгісін облыстық сараптама орталығына жөнелткен.
Бірақ облыстық сараптама жасау орталығы, зерттеуге қажетті реактивтің таусылып қалғандықтан, оны тексеруге тек тамыз айының соңында ғана мүмкіндік болатынын көлденең тартқан.
- Істің бұлайша созылуынан Бапаева бізге де күмәнданғандай болған соң, сараптаманы өздері қалаған жерде өткізуді ұсындық, - дейді подполковник Нұржан Ислямов.
Осылайша қабірден алынған баланың тінін Алматыдағы аймақтық сот-медициналық сараптау орталығының ғылыми-өндірістік зертханасына тексеруге жіберген.
Маусымның 8-інде солардың сараптамасының қортындысы ерлі-зайыптылардың қолдарына тиді. Онда былтыр жерленген сәбидің ұл екендігі және оның арыз иесімен ортақ белгілері жоқ екендігі айтылыпты.
- Осының негізінде маусымның 9-ы күні Жылыой аудандық перзентхана дәрігерлеріне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 134-бабының 2-ші тармағы бойынша («Пайдакүнемдiк немесе өзге жамандық ниетпен баланы қасақана ауыстыру») қылмыстық іс қозғалды. Әрине, нақты біреуі, мүмкін бірнеше дәрігер жазаға тартылады. Оны тергеу нәтижесі көрсетеді, - деп мәлімдеді подполковник Нұржан Ислямов.
«ДӘРІГЕРЛЕР БАЛАҢ ӨЛІ ТУДЫ ДЕП ХАБАРЛАДЫ»
Сәуле Бапаева 2008 жылдың 15 ақпанында толғақ қысып Жылыой аудандық перзентханасына түскенде көргендерін былайша еске алады:
«Мені қабылдап алған сол күнгі кезекші дәрігер акушер-гинеколог Зоя Есенғожина маған «жүктіліктің үзілу қаупі бар» деген диагноз қойды. Бірақ, бұған дейін де нәрестелі болған тәжірибем болғандықтан мен өзімді барлап, «толғақ тәрізді» деп қайта-қайта айтсам да ол мені тыңдаған жоқ.
Керісінше «әзір тумайсың, үйіңе барасың ба, ауруханаға жатасың ба?» деп сұрады. Мен ауруханаға жатамын деп сонда қалдым. Алайда ол жерде маған ешқандай көмек көрсетілмеді.
Мен «ішім ауырып тұр» деп айтқан сайын тексерудің орнына маған баралгин, тамырдан анальгин мен демидролды үсті-үстіне сала берді. Олар да көмектеспеді, қан қысымым 80/40 болып түсіп кетті.
Осылай арпалысып жүргенде таң атып, басқа ауысымда келіп, мені тексерген дәрігерлер Балгүл Бейісова мен Нұрсұлу Нұрбаева бірден операцияға алып кетті. Бір ер адам анестезиолог болғанын білемін, қалғаны есімде жоқ.
Операциядан соң есімді жиғанда балаң өлі туды деп хабарлады. Ал өзім әлгіндей «ем-дом» жасаған дәрігерлердің кесірінен өлімші халге жеттім - гемоглобинім 30-ға дейін түскендіктен дәрігерлер мені құтқарып қалатындарына сенімсіз болыпты.
Оның үстіне мені қанша рет тексергенде де қанымның резус факторын дұрыс біле алмаған. Біресе І топ деп, біресе ІІІ топ деп, кейінен операция үстінде ғана ІV топ екенін анықтаған. Дәрігерлер күйеуімнен талап еткен соң, мен үшін 26 адам қан өткізгенімен, қансырап жатқанда маған плазма ғана құйған.
Осындай ауыр халде ұзақ жатып, наурыздың үші күні ғана үйге шықтым. Бірақ, артынша аяғым ісініп, жағдайым тағы нашарлай бастады. Жылыой аудандық ауруханасындағылар маған артрит деген диагноз қойды. Өзім Атырауға барып қаралғанымда ол тромбофлит болып шықты. Тағы бір ай ауруханада жаттым».
ДӘРІГЕРЛЕР СӨГІС АЛЫП, ЖҰМЫСТА ӘЛІ ЖҮР
Сәуле Бапаева дәрігерлердің жауапсыздығы салдарынан өз денсаулығы мен баласынан айырылғанын жазып, былтыр мамыр айында медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитетінің Атырау облыстық басқармасына, аудан прокурорына және облыс әкімшілігіне жайлы шағым жолдағанын айтады.
Алайда медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау басқармасы істі облыс прокуратурасына сілтеген екен. Аудандық прокуратура болса тексеретіндерін хабарласа, облыс әкімшілігі науқасты қабылдап қараған дәрігер Зоя Есенғожинаға сөгіс, аудандық аурухананың бас дәрігері Т.Қалиевке қатаң сөгіс берумен шектеліпті.
Әділет іздеген мекемелер адам тағдырына қатысты мәселеге осылайша атүсті қарады деп налыған Сәуле Бапаева билік орындарының бұл ісіне разы емес.
- Жүктілік кезінде есепте тұрған дәрігеріме уақытылы қаралып, барлық талаптарды сақтадым. Дер кезінде УЗИ-ге түсіп, анализдерімді де тапсырып жүрдім. Тиісті витаминдердің барлығын қабылдадым. Жүктілік барысында ешқандай асқыну болған жоқ. Дәрігерім де бала ойдағыдай дамып келеді дегенді айтқан. Сөйтіп мені денсаулығым мен баламнан айырған дәрігерлер жазаның орнына неге тек сөгіс қана алады? Ертең тағы бір бейбақтың осы күйді кешпесіне кім кепіл? Менің денсаулығымды кім өтейді? Баламды кім қайтарады? - дейді Сәуле Бапаева.
«БАЛАМЫЗ ӘЛІ ТІРІ ДЕП ҮМІТТЕНЕМІЗ»
Жылыой перзентханасынан берілген өлі сәбиді жерлеу алдында мұсылмандық ғұрыппен Сәуленің анасы Сағира әжей жуындырыпты.
«Баланың мәйіті қатты мұз болып қатып қалған екен. Бірақ сыртқы келбетін көріп көңіліме секем алып қалдым. Өйткені, баланың денесі үйдегі мұздатқышта ұзақ тұрып қалғанда бозарып, өңі кететін еттің түсіндей бозғылт екен. Қанша айтқанмен, туғанына бірнеше сағат қана болған баланың денесі бұлай болмас керек еді деп ойладым іштей. Ал нәрестенің мұз болған денесінен оның ұл не қыз екені біз де аңғармадық, жуындырып болысымен жерледік - деді Сағира әже Азаттық тілшісіне.
Ал Сәуле Бапаеваны босандырған дәрігерлер нәрестенің өлі туғанын айтып отыр дейді Жылыой аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары Нұржан Ислямов.
- 2008 жылы 15 ақпанда түнгі кезекшілікте болған дәрігер Зоя Есенғожина науқас Сәуле Бапаеваға «баланың жүрек соғысы тұйықталған» деген диагноз қойған. Бұл медициналық тілде дереу операция жасауға берілген көрсетілім ретінде танылады. Өйткені, бұл іште қан кетуге әкеліп, баланың тұншығып өлуіне соқтырады. Бірақ Бапаеваға операция ертесінде ғана жасалған. Перзентхана дәрігерлерінің бізге берген түсініктемелерінде олар операция барысында өлі бала туғанын айтты.Себебі, ананың жатырына қан жиналып қалған деп түсіндірді олар. Баланы арнайы бөлмеде 2 сағат ұстаған соң, мәйітханаға тапсырған, - деді подполковник Нұржан Ислямов Азаттық тілшісіне.
Бұл мәселеге байланысты Жылыой аудандық аурухана дәрігерлерінің ешқайсысы Азаттық радиосына түсінік бергісі келмеді. Ерлі-зайыпты Сәуле Бапаева мен Нұрлыбай Ашықбаев қыздарын тірі табатындарынан үміттерін үзбей, полицияның тергеуінің қортындысын күтіп отыр.
Тергеушілер ҚР Қылмыстық кодексінің 134-бабының 2-ші тармағы бойынша («Пайдакүнемдiк немесе өзге жамандық ниетпен баланы қасақана ауыстыру») қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
Бұған дейін Атырау аймағында перзентханадан жоғалған балаға қатысты тағы бір іс дәрігерлердің қылмысын әшкерелумен аяқталған еді. Биылғы мамыр айында Атырау облыстық перзентханасының бас дәрігері кәмелетке толмағандарды саудаға салғаны үшін айыпты деп танылып, сот үкімімен 7 жылға бас бостандығынан айырылғаны туралы Азаттық радиосы бұған дейін хабарлаған болатын.
Сәния ТОЙКЕН, 12 маусым 2009 жыл
«Азаттық» радиосы