Жексенбі, 29 Қыркүйек 2024
3629 3 пікір 16 Қараша, 2018 сағат 11:24

ҚазҰУ-де “Жан  жылуы” атты ән-жыр кеші өтті

17-қараша - халықаралық студенттер күні. Осыған орай, еліміздегі ең беделді оқу орны  әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде “Жан  жылуы” атты ән-жыр кеші өтті.

Бұл кеш – университет ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың студенттерге арнаған тартуы болды. Кеш барысында ректордың өлеңдері оқылып, оның сөзіне жазылған әртүрлі жанрдағы әндер елімізге белгілі эстрада жұлдыздарының орындауында шырқалды.

Жалпы, бұл ұлттық университет жастарға тек білім беріп қана қоймай олардың рухани кемел тұлға болып қалыптасуына да көңіл бөледі. Оған дәлел, Мұтановтың бастамасымен жүзеге асып жатқан жобалар. Солардың бірі – “Айналаңды нұрландыр” жобасы. Бұл бастама бойынша студенттер жыл сайын тал отырғызып, жетімдер үйіне, қарттар үйіне барып көмек көрсетіп келеді. Осылайша, айналаны ізгілікпен нұрландыруды мақсат тұтқан.

Ғ.Мұтановтың тағы бір бастамасы – “ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100  кітап” деп аталады. Мұнда қазақ әдебиеті мен әлем әдебиеті классиктерінің үздік шығармалары топтастырылған. Осылайша университет басшылығы студенттерге Абайдың қара сөздері, Әл-Фараби трактаттары, Шекспир, Толстой, Тургенов шығармаларын  оқыту арқылы  тек білім емес, тәрбие беруді де жолға қойған. Және, осы аталған 100 кітаптың аудио нұсқасы да жарық көрген болатын.

Сондай-ақ, “Мен жастарға сенемін!” атты республикалық фестиваль өткізу де жыл сайынғы дәстүрге айналған. Бұл фестивальдың мақсаты – басқа қалалардағы ЖОО студенттеріне ҚазҰУда оқуға мүмкіндік беру. Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі студенттердің бір-бірімен тәжірибе алмасуына жағдай жасау.

Сонымен қатар, “Өнегелі өмір” сериясы бойынша елге еңбегі сіңген тұлғалар туралы кітаптар шығару да игі дәстүрге айналған. Университет осы арқылы  әр саладағы ғалымдар мен жазушылардың  ғибратты  істерін жастарға үлгі етіп келеді.

Ал, тұңғыш қазақ журналы “Айқап” тың қайта түлеуі – тек университеттің ғана емес, жалпы қазақ руханиятының жетістігі деуге болады.  Мұхамеджан Сералиндерден бастау алған ғасырлық тарихы бар бұл басылым -  қазір университет басшылығының қолдауымен әр ай сайын жарық көріп келеді.

Осындай істердің ұйытқысы болған  Ғ.Мұтанов та қолы қалт еткенде өлең жазады. Алайда, оның өлеңдеріне сын айтып, кәсібилік іздейтіндер бар. Айтуынша, ол өзін ешқашан ақынмын деп есептемейді. Жай ғана, көңілдің кейбір сәттерінде қолына қалам алып, ойын өлең арқылы жеткізгенді ұнатады екен.

Осы орайда шығармашылығы туралы ректордың өзінен сұрағанымызда, жауап беруден бас тартты. Сөйтіп, Ғ.Мұтановтың өлеңдері туралы осы университеттің филология факультетінің деканы Өмірхан Әбдиманұлынан сұрап көрдік. Ол кісінің айтуынша, университетті басқарған ректорлардың ішінде өлеңге ден қойған басшылар сирек болыпты.

Өмірхан Әбдиманұлы, ҚазҰУдың филология факультетінің деканы:

-Қазақ – ақын халық. Әңгіме кәсіби ақындықта емес. Өмірге келген әр адамның ойы болады. Мұтанов өлеңдері - өзіндегі тұнып жатқан ойдың түйінді шындығы. Екіншіден, бойындағы тылсым сырдың сыртқа шыққан тұнығы. Содан кейін, адам бойындағы сезімнің ұлылығын паш ету. Міне, ол кісі сол ойында бар нәрсені жазады. Әңгіме оның классика болуында емес, адам өзі үшін жазуы керек. Ал, кәсіби ақынның жөні бөлек. Ол өлең үшін жазады. Өлеңді өнер үшін тудырады. Ал, бұл кісі әуелі өзі үшін жазады. Ол ойдың ақыны. Ең әуелі ой айтқысы келеді. Міне, осы тұрғыдан бағалауға болады.

Бүгінде Ғ.Мұтановтың әртүрлі тақырыптардағы өлеңдері қазақ тілінен бөлек, орыс, украин, парсы, түрік, әзірбайжан, ағылшын тілдеріне де аударылған көрінеді. Ал, қазақ тіліндегі бірнеше өлеңіне белгілі сазгерлер ән жазыпты.

Түйін: Алдағы  2019 жылдың 15-қаңтарында қасиетті қара шаңырақтың құрылғанына 85 жыл толады. Осы уақыт ішінде университеттің жеткен жетістіктері аз емес. Ең басты жетістігі - қазақ қоғамына еңбегі сіңген талай тұлғаларды тәрбиелеп шығаруы. Ондай тұлғалар әлі де шығады.

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

3 пікір