Түркістан қаласы 3 аймақ бойынша дамитын болады
Президент Н.Назарбаевтың “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты жолдауында халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға баса назар аударылды. Осыған орай жаңадан құрылған Түркістан облысына да ерекше көңіл бөлініп отыр.
Бүгінде бұл өңірде Президент бастамасын басты назарға ала отырып бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Солардың бірі Түркістан қаласының дамуы бойынша 2018-2021 жылдарға арналған даму концепциясы жасалынып, Түркістан қаласын 3 аймақ бойынша дамыту жұмыстары әзірленуде. Атап айтқанда, тарихи киелі аймақ - 89 гектар; құрылыс салуды реттеу аймағы - 98 гектар; әкімшілік-іскерлік орталығы - 700 гектар аумақта орналасқан. Бұл туралы бүгін Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев ҚР Орталық коммуникация қызметі ұйымдастырған көшпелі брифингте мәлімдеді.
Аймақ басшысы баяндамасында 3 аумақ бойынша бой көтеретін ғимараттарды атап өтті.
«Бірінші аймақ: Түркістан қаласындағы тарихи киелі аймақта орналасқан Х.А.Ясауи кесенесінің аумағындағы 89 гектар жер теліміне амфитеатр, су бұрқақтары, мәдени демалыс орындары, визит орталығы және ашық аспан астындағы мұражай ғимараттаттары бой көтеретін болады. Екінші аймақ: құрылыс жұмыстарын реттеу аймағына «Қазақстан-Назарбаев» орталығы, «Қазақ хандары, билері» орталығы, Шығыс моншасы, «Ұлы дала елі» орталығы, Түркі әлемінің орталығы, Х.А.Ясауи орталығы, Астана саябағы, Бейнелеу-өнер мұражайы және Тарихи-мәдени орындар орталығының ғимараттары салынады. Үшінші аймақ: әкімшілік іскерлік орталығын дамуы аймағында 700 гектар жер телімін 3 кезеңге бөліп қарастырылуда», - деді Жансейіт Қансейітұлы.
Қазіргі таңда, Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамытудың бас жоспары тұжырымдамасын әзірлеу мақсатында конкурс ұйымдастырлып, өткізілді.
Барлығы 22 жоба жолданса, оның 15-і заңды тұлғалар және 7-і жеке тұлғалар конкурсқа қатысты. Соның ішінде, Түркиядан-2, Корея елінен-2, Өскемен қаласынан-1, Алматы қаласынан-6, Астана қаласынан-6, Шымкент қаласынан-4, Түркістан қаласынан-1. Мемлекеттік комиссияның шешіміне сәйкес, 2018 жылдың 29 қыркүйек күні Елбасының Түркістан облысына іс-сапар барысында Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөніндегі бас жоспардың тұжырымдамасын мақұлдау туралы ҚР Президентінің Жарлығы жарық көрді.
Тұжырымдамаға сәйкес, халық санының өсуіне байланысты мынадай жобалық кезеңдер қабылданды: бастапқы мерзім - 2018 жылы 161 мың адам; есептік мерзім- 2035 жылы 350 мың адам; болжамдық мерзім - 2050 жылы 500 мың адам қамтылады.
Қаланың аумағын дамытудың жалпы аудан перспективасында 500 мың адамды құрайтын халықтың саны үшін 25 000 гектар жер көлемі қажет етеді. Қаланың жаңа құрылысының сәулет стилі жергілікті ұлттық салт-дәстүрге сүйенетін болады. Жоспарлау құрылымының негізгі қағидаты қаланың барлық тұсынан көрінуге тиіс Қожа Ахмет Ясауи кесенесі болып табылады.
Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2024 жылға дейінгі кешенді жоспарына сәйкес, 2018-2022 жылдары 170 инвестициялық жобалардың жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленуі тиіс. Инвестициялық жобалардың ЖСҚ-ы мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі және жеке инвестициялар арқылы әзірленетін болады. Кешенді жоспарда, іске асырылатын инвестициялық жобалардың жобалау-сметалық құжаттамалары денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, білім беру, мәдениет, спорт, туризм, тұрғын үй, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым, әкімшілік ғимараттар, құқық қорғау салаларында әзірленеді.
Сондай-ақ Елбасының Жарлығына сәйкес, «Түркістан «арнайы экономикалық аймағы құрылды. Қаланы индустриалды-инновациялық бағытта дамытуды көздейтін аумақта жаңа кәсіпорындар салу ісі жоспарлануда.
Оның ішінде, ҚР Президенті Түркістан облысына іс-сапары барысында бірқатар ұлттық компанияларына, бизнес өкілдері мен шет елдердің инвесторларына 16 нысанды салу бойынша ұсыныстар жасалынды. Сондай-ақ, республикалық маңызы бар қалалардың және облыс әкімдіктерімен 13 құрылыс нысандарын салу көзделуде.
Abai.kz