Түркияның ішкі істер министрлігі Өзбекстанның елдегі 30 мыңнан астам азаматын тіркеуге алды. Олардың шамамен екі мыңға жуығы ғана заң жүзінде жұмыс істейді, жұмыс визасын алған. Үй қызметкері, жалдамалы жұмысшы болып істейтіндер негізінен ресми рұқсат алмаған немесе туристік визамен жүр.
Миграция мәселесін зерттеуші Мұрат Эршахиннің айтуынша, визасыз жүріп-тұру уақытын созу Түркияда тұрақты түрде жұмыс істейтіндерге қиындық туғызуы мүмкін.
"Орталық Азия елдерінің азаматтарына жұмыс визасын алуда қиындық жоқ. Құжаттарын өткізіп, рұқсат алуы керек. Түрік консулдығы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді деп үміттенемін", - деді ол.
2015 жылы Ресей мен Түркия қарым-қатынасы суыған уақытта, бұл елде Ресей туристері азайған. Бұл жағдай Түркияның туризміне кері әсер етті. Халықаралық қатынастар жөніндегі маман, доцент Сердар Йылмаздың пікірінше, визасыз жүріп-тұру мерзімін 90 күнге созу туралы шешім экономикалық, саяси және мәдени жақындастырудан туған.
"Мұндай шешім мемлекеттер арасында сенімді күшейтеді. Түркия Орталық Азия елдері үшін жеңілдіктер жасап отыр, бұл елдерден де сондай қарым-қатынас күтеді", - деді ол.
2018 жылдың қарашасындағы мәлімет бойынша, Түркияда 787 мыңнан астам шетел азаматы тіркелген. Олардың 383 мыңы туристік визамен еңбек етіп жүр. Еңбек визасын алған мигранттар саны - 56 мың. Орталық Азия елдерінен Түркияға жұмыс істеуге Түркіменстан мен Өзбекстан азаматтары көп барады. 2018 жылы Түркияда 20 мыңнан астам қырғызстандық тіркелген. Олардың тоғыз мыңнан астамының еңбек визасы бар.
Abai.kz