Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5362 6 пікір 22 Қараша, 2018 сағат 10:59

2018 жылы сыбайлас жемқорлықпен 1126 лауазымды тұлға істі болған

Өткен аптада ҚР Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі  жемқорлық фактілері көп тіркелетін мемлекеттік органдарды атады. Агенттіктің қоғамдық қатынастар бөлімінің бастығы Арман Бердалиннің айтуынша, жең ұшынан жалғасқан сыбайластыққа  әкімшілік пен Ішкі істер қызметкерлері жиі баратын көрінеді.

Мәселен, 2018 жылдың басынан бері 35 әкім мен олардың орынбасарлары қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 1 облыстық, 6 аудандық, 5 қалалық, 23 ауылдық деңгейдегі әкім-қаралар бар. Енді сол әкімдердің бізге белгілі болған жемқорлық әрекеттерін шолып өтсек.

2018 жылдың наурыз айында Мақтарал ауданы Жетісай қаласының әкімі Байдуалы Базарбаев парамен ұсталды. Бұл әкім кезінде 3 млн теңгеге әжетхана салып, игілікті іс атқарған еді.Тіпті, ондай қымбат дәретхананы қаланың бірнеше жерінен ашатынын да айтқан болатын. Алайда,  әжетханадан  түскен қаржы көңілін көншітпеді ме, әлде, келесі дәретхананың құрылысына  ақшасы жетпеді ме, әйтеуір Базарбаев мырза балабақша меңгерушісінен 200 мың теңге ақша алуға мәжбүр болыпты.

Ал, шілде айында Алматы облысы, Қарасай ауданы, Елтай ауылдық округінің әкімі Бақытгүл Жұманбаева жер телімдерін таратқаны үшін 2,5 миллион теңге көлемінде пара алды деп айыпталды. Сонымен қатар, ол 20,5 миллион теңге тұратын 1 гектар жерді сыйлыққа алған.

Бір айдан кейін дәл осы қылмыс бойынша Ақмола облысының Аршалы ауданы Жібек жолы ауылдық округінің әкімі істі болды. Ол  кәсіпкерден  жалпы сомасы 300 мың тг құрайтын ақшаны жүйелі түрде алып тұрған. Сөйтіп, әкім сол қылмысы үшін  23,4 миллион теңге айыппұл төлеуге міндеттелді.

Әрине, мұның барлығы да шелек жалап тұтылғандар ғана. Ал, нағыз айран ішіп құтылғандардың қайда жүргені белгісіз.

Енді, Ішкі істер қызметкерлеріне тоқталсақ.

2018 жылдың 3-қаңтарында Алматыда ІІМ-нің полиция подполковнигі А. Григорьев пен  аға тергеушісі А.Нұрболатов қылмыскердің жазаланбауы үшін одан 30 мың АҚШ доллары көлемінде пара алып жатқан жерінен ұсталды.

Ал, бас қаладағы шенділер қылмыскерден 50 мың АҚШ долларын алмақ болған. Нақтырақ айтсақ, көліктегі ІІД шенеунігі, полиция полковнигі - лауазымды тұлғаны қамқорлығына алып, оның қылмысын жасыру үшін 50 мың АҚШ долларын алуға келіскен.Алайда полковник мырза сол қаржының 11,5 млн теңгесін алу барысында қолға түседі.

Сонда біздің кейбір құқық қорғау органдары әділет іздегендерді емес, заң бұзған қылмыскерді жанын салып қорғайды екен. Осындай былықтардың салдарынан қарапайым халықтың бұл органға деген өкпесі қара қазандай. Бірақ, Президент бұл салаға реформа қажет деді. Қасымов ол реформаны әзірге полиция қызметкерлерінің сыртқы киіміне ғана жасады. Ал, іштегі жемқорлық пен сыбайластыққа реформа бола ма?

Жалпы, 2018 жылы сыбайлас жемқорлық бойынша барлығы 1 126 лауазымды тұлға  істі болыпты. Олардың ішінде 20 сы республикалық, 75 облыстық, 128 қалалық және аудандық деңгейдегі мемлекеттік қызметкерлер.

Ал, агенттіктің дерегіне сүйенсек, биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 1577 жемқорлық дерегі тіркелген. Олардың ішіндегі  құрылыс, білім, жер қатынастары, ауыл шаруашылығы сияқты салаларда болған жемқорлықтан қазынаға 13 млрд теңге қайтарылған.

Қорыта айтқанда, жемқорлық – мемлекетті құрдымға құлататын қауіпті жол. Өкінішке қарай, біздің қоғам әлі де бұл іспен күресуге қауқарсыз. Бірақ, мұның соңы жақсылыққа апармайтынын ескерсек, әр азамат бұл күресте белсенді болуы қажет-ақ...

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1480
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475