Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 3755 0 пікір 14 Маусым, 2009 сағат 19:27

Бесбоғда АЛТАЙ. Кремль котлетсiз қалды

 

 

Кеше Мәскеуден жеткен суыт хабар еліміздің ауылшаруашылық өнімін өндірушілерді абдыратып тастады. Ресей ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринарлық және фитосанитарлық қадағалау федералды қызметінің хабарлауынша, орыстардың Қазақстаннан құс етінің тасылуына тыйым салғаны белгілі болды. Шектеу мұнымен ғана шектелмейді. Қазақстанның он облысынан ет және ет өнімдерін Ресейге апаруға тағы да тосқауыл қойылды.
Ресейлік «Интерфакс» агенттігі таратқан ақпаратқа қарағанда, Қазақстаннан баратын тауық етіне тыйым салынуына Ресейге біздің елден ет өнім өте мол тасымалдана бастауы себеп болып отыр. Бұл – Қазақстан аумағына шетелдерден, оның ішінде күмәнді елдерден келген импорттық тауық етінің Ресейге өтіп кетуі мүмкін деген күдік тудырып отырса керек. Ал Қазақстанның 10 облысынан мал етінің тасымалдануына тыйым салуға эпизоотикалық қатер себеп болып отыр. Атап айтқанда, Ресей ветеринарлық және фитосанитарлық қадағалау қызметінің «қара тізіміне» іліккен 10 облыс мынау: Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан.
Осыған орай шұғыл түсінік берген Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Серік Сүлейменовтің айтуынша, 2007 жылы еліміздің бірқатар облыстарында аусыл ауруының таралуына байланысты мал етінің барлық түрлерін көрші мемлекеттерге шығаруға шектеу қойылған болатын. Алайда межелі 12 ай мерзім өткен соң елімізге Халықаралық эпизоотикалық бюро өкілдері шақырылып, нәтижесінде Қазақстанның үш облысының Ресейге ет өнімдерін экспорттауына рұқсат беріледі. Оған дейін елімізде аусылды жоюға байланысты барлық шаралар атқарылған. Кейінірек Ресей мамандары тағы да инспекторлық зерттеу жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде Маңғыстау облысынан да ет экспорттауға қайта жол ашылады. Ал Ресей Ветеринарлық және фитосанитарлық қадағалау қызметінің кешегі мәлімдемесі түсініксіз…
2006 жылы Ресей Польшадан ет әкелуге тыйым салғанда, оған саясаткерлердің тұз бен бұрышты жақсылап қосқанын ешкім ұмытқан жоқ шығар…

 

 

 

Бесбоғда АЛТАЙ
«Алаш айнасы» газеті 12 маусым 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1498
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3268
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5641