Түркістанды түлету жалғыз Түймебаевтың міндеті емес
Апта басында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жансейіт Түймебаев тізгінін ұстаған Түркістан облысын һәм қаласын дамыту жөнінде жиын өткізгені еді.
Аталған жиынға ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин мен облыс және қала басшылары қатысқан.
Мемлекет басшысының 2018 жылдың 19-маусымындағы Түркістан қаласын жаңадан құрылған Түркістан облысының орталығы ету туралы Жарлығы жария болғаны белгілі. Соған сәйкес өңірді дамытудың жоспары мен мүмкіндіктері жан-жақты талқыланған кеңесте Мемлекет басшысы бірқатар тапсырмалар берді.
Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті:
– Елімізде менің Жарлығым негізінде бір өңір – Түркістан облысының пайда болғаны белгілі. Біз көп ойланып осындай шешімге келдік. Оның атауы бойынша да түрлі сөз жарыстар болды. Дегенмен де, Түркістан деп атау туралы тоқтамға келу дұрыс таңдау болды деп санаймын. Енді Қазақстанда 16 емес, 17 өңір болады. Ал облыстың орталығын Түркістан қаласына көшіріп жатырмыз. Бұл тарихи жағынан да, мәдени жағынан да өте күрделі үдеріс деп санаймыз, – деді.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанның түркі дүниесінің орталығы болып табылатынын, енді еліміздің де орталығы болатынын, талай хандар мен баһадүрлердің жатқан киелі орын – Түркістанды бірте-бірте дамытуға кірісу керек екендігін қадап айтты.
Өз кезегінде ҚР Премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин Түркістан қаласының аумақтық даму тұжырымдамасы туралы баяндама жасады.
Ал облыс басшысы Жансейіт Түймебаев әкімшілік-аумақтық басқару органдарын жаңа облыс орталығына көшірудің барысын жеткізді.
Бұдан бөлек ол, киелі кентте инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандарды салудың жоспары, жергілікті жерді энергиямен, сумен қамту бағытында ұсынылған шешімдер туралы хабардар етті.
Жиын соңында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет пен облыс басшылығына Түркістанды жан-жақты дамыту бойынша
бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Елбасының нақты міндеттеп берген тапсырмасынан кейін құрылған облыстың орталығы – Түркістанды дамыту бойынша Мемлекет басшысының зор сеніміне ие болған Жансейіт Түймебаевтың ендігі беделі қаланың бағындырған белестерімен тығыз байланыста болатыны анық.
Abai.kz