Түркістан облысында кәсіпкерлердің құқығын қорғау туралы меморондумға қол қойылды
Елбасы Н.Назарбаев “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты Қазақстан Халқына арнаған Жолдауында шағын және орта бизнесті дамытудың маңызды екендігін айтып өткен болатын.
Осыған орай, Түркістан облыстық кәсіпкерлер палатасы құқық қорғау органдарымен және сотпен ынтымақтастықты күшейтіп, бизнесті қорғау мақсатында Түркістан облыстық сотымен, облыстық прокуратурамен, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментімен бірлескен меморандумға қол қойды.
Түркістан облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры О.Қаржауовтың айтуынша, кәсіпкер құқығын қорғаудың кепілі болатын бұл құжаттың маңызы зор.
Айта кетейік, Елбасының кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында қолға алынған жоба аясында мемлекеттік қызмет көрсету мен бақылауда сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізу жоспарланған.
– Қадағалау талаптары қатаңдатылып, бақылау күшейтілгенде өңірде кәсіпкерліктің даму көрсеткіші де жоғарылайтын болады. Бұл меморандумдар бизнесті заңсыз әкімшілік қысымдардан және қылмыстық қудалаудан қорғайды. Алдағы уақытта мемлекеттік органдар тарапынан бизнес-тексерулердің заңдылығын талдау жұмыстары жүргізіледі, – деді облыс прокуроры Н.Әбдіров.
Қол қойылған үш меморандум шеңберінде тараптар кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғап, кәсіпкерлікті дамытуға кедергі келтіретін жүйелі проблемалар мен тосқауылдарды анықтайды. Сондай-ақ, бақылау-қадағалау органдарының жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне заңсыз тексерулер жүргізуге жол бермей, кәсіпкерлікті дамытуға барынша қолайлы жағдай туғызады.
Дамира Молданазарова
Abai.kz