Жексенбі, 29 Қыркүйек 2024
3109 0 пікір 21 Қараша, 2018 сағат 15:07

Түркістан облысы Шаян ауылдық округінде 326 тұрғынға жер телімдері беріледі

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 5 әлеуметтік бастамасында әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру керектігін атап көрсеткен болатын. Осыған сәйкес, жуырда Түркістан облысы, Бәйдібек ауданының орталығы Шаян ауылында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 55 гектар жер теліміне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның құрылысы аяқталған еді.

Аталған жер телімдері Шаян ауылдық округінде кезекте тұрған 326 тұрғынға беріледі. Бұл жер телімдерінде автожол, аяқ жол төселіп, суағарлар мен электр бағаналары және ауыз су жүйесі орнатылған. Яғни, тұрғындарға жағдай жасалған. Шаян ауылдық округінің әкімінің орынбасары Сәкен Мырзабековтың айтуынша, инфрақұрылым республикалық бюджет есебінен тартылған. Үй салам дейтін тұрғындар үшін коммуналдық мәселелер толық шешілген.

Бәйдібек ауданынында жұртшылықты тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жуырда Астана қаласының 20 жылдығы мерейтойы қарсаңында 1 пәтерлі 20 тұрғын үйдің кілті салтанатты түрде табыс етіліп, 20 отбасы қоныс тойын тойлады. Атап айтқанда, үйлер жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, әлеуметтік жағынан қорғалатын табысы аз азаматтарға, мемлекеттік қызметшілер, өзге де бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері мен әскери қызметшілерге және апатты жағдайдағы үйлер санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға берілді. Үйлердің ауласы қоршалған, ауыз су тартылған. Баспаналы болған тұрғындардың бірі, көпбалалы әке, білікті хирург Жамалбек Бейсенов 10 жыл кезекке тұрған. Ол үйдің сапалы әрі қолайлы салынғанын айтып, ризашылығын білдірді.

Қазіргі таңда Бәйдібек ауданы Шаян ауылының батыс бөлігінде орналасқан жаңа үйлер өз алдына бір шағынаудан болып құрылып отыр.
Одан бөлек, Бәйдібек ауданындағы 3 елді мекенде жеке мердігерлердің есебінен 2 қабатты 10 пәтерлі қызметтік тұрғын үйдің және аудан орталығы Шаян ауылынан 2 қабатты 16 пәтерлі 5 тұрғын үйдің құрылысына жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп жатыр.

Abai.kz

0 пікір