«Мақта шаруашылығына қажетті мамандар даярлау қажет»
Биылғы жылдың қазан айында Мемлекет басшысы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында Қазақстан халқының әл-ауқатын барынша көтеру жайы да айтылған еді. Жолдауға сай Түркістан облысында ауылшаруашылығы саласына үлкен қолдау көрсетілуде.
Молшылық мерекесі қарсаңында Жетісай ауданына табан тіреген өңір басшысы ЖансейітТүймебаев білім бесіктерінің де бел ортасынан табылды. Бұған дейін үш ауысымда білім беріп келген Жаңаауыл ауылдық округіндегі Ынтымақ ауылында орналасқанТұрар Рысқұлов атындағы жалпы орта мектебіне ат басын бұрды.
Биылғы оқу жылында пайдалануға берілген 600 орындық жаңа мектеп сыңғырлап тұр. Заманауи талапқа сай жабдықталған жаңа мектепте білімгерлердің сапалы білім, саналы тәрбие алуына барлық жағдай жасалған. Компьютер сыныптары, зерттеу жүргізуге толық мүмкіндік беретін барлық құрал жабдықпен жабдықталған химия, биология кабинеттері бар.
Өңір басшысы облыстың шалғай шетінде орналасқан ауданда ашылған мектептің қала мектептерінен еш кем еместігіне көз жеткізді. Заманауи талапқа сай салынған, сәулетті сыныптардарды аралап көрді. Шәкірттермен тілдесіп, олардың сабақтарын үздік оқып, еліміздің кемел келешегі үшін аянбайтын үлгілі азаматтары болуға шақырды. Еліміздің ертеңі саналар жас өскіндердің қандай мамандық иесі болғылары келетіндіктерін де сұрауды естен шығармады.
ЖансейітТүймебаев, облыс әкімі: «Әр сыныпта 5-6 топтан бар екен. Бұл демографиялық жағдайдың жақсы екендігінің көрсеткіші. Аудан мақта шаруашылығына бейімделгендіктен алдағы уақытта орта арнаулы оқу орындарында аталмыш шаруашылыққа қажетті маман даярлайтын бөлімдер ашу қажет. Бұл өз кезегінде маман тапшылығын жояды».
А.Бейімбет
Abai.kz