Түркістан қаласында 500 орындық жатақхана салынады
Биыл наурызда Парламент палаталарының бірлескен отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты жаңа әлеуметтік бастамаларды таныстырды, оның бірі - Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту болатын. Қазақстанның білім беру жүйесіндегі оң өзгерістерге арналған білім саласындағы Елбасы бастамасы елдегі жастардың сапалы білім алуына мол мүмкіндік туғызды.
Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті аумағында 500 орындық жатақхана салынады. Оны Қазақстан жағы жүзеге асырады. Ал Түркия Республикасы тарапынан 48 пәтерлі 6 коттедж бой түзейді.
Сондай-ақ, Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі 50 орындық қонақ үй мен 1 оқу ғимаратының құрылысын жүргізеді. Бұл туралы осы университеттің өкілетті кеңесінің 58-ші мәжілісінде айтылды. Жиында университеттің 2019-2023 жылдарға арналған 5 жылдық стратегиялық жоспары бекітілді. Бұдан өзге кеңес құрамында өзгерістер орын алып, ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов Үкімет Қаулысымен жаңа мүше ретінде қабылданды.
П. БИНАЗАРҚЫЗЫ
Abai.kz