Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 16918 10 пікір 5 Желтоқсан, 2018 сағат 14:10

Әлеуметтік көмектің жаңа түрі кімдерге беріледі?

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2018 жылы табысы аз отбасыларға арналған қолданыстағы үш әлеуметтік төлемді біріктіретін бірыңғай жәрдемақы жүйесі іске қосылған еді. Осы әлеуметтік көмектің жаңа түрі кімдерге беріледі?

Оның құрамына: біріншіден, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 40 пайызынан төмен отбасылардың әрбір мүшесіне ұсынылатын атаулы әлеуметтік көмек; екіншіден, отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің 60 пайызынан төмен болғанда 1,05 АЕК немесе 2 383 теңге мөлшерінде 18 жасқа дейінгі балаларға тағайындалатын жәрдемақылар; үшіншіден, төрт немесе одан да көп баласы бар отбасыларға табысына қарамастан ұсынылатын арнаулы мемлекеттік жәрдемақы кіреді.

Атап өтсек, осы көпбалалы отбасыларға арналған арнаулы мемлекеттік жәрдемақы 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін тағайындалған отбасылар үшін оны алуға құқық жойылғанға дейін, яғни балалар кәмелетке толғанға дейін сақталады.

«Осылайша, жаңа нысандағы атаулы әлеуметтік көмек үш әлеуметтік төлемнің орнына төленеді және оның мөлшері көрсетілген үш төлемнің жиынтық сомасынан артық болады. Жаңа жүйенің келесі ерекшеліктері бар. Біріншіден, кедейлік шегі ең төмен күнкөріс деңгейінің 40 пайызынан 50 пайызына дейін көтеріледі. Ең төменгі күнкөріс деңгейінің көтерілуін (24 459 теңгеден 28 284 теңгеге дейін) есепке ала отырып, кедейлік шегінің артуы әлеуметтік қолдау мөлшерлерінің өсуін білдіреді. Екіншіден, жаңа нысандағы атаулы әлеуметтік көмектің екі түрі қарастырылады: шартсыз және шартты ақшалай көмек. Шартсыз ақшалай көмек құрамында еңбекке қабілетті мүшелері жоқ отбасыларға (мысалы, мүгедектер немесе қария зейнеткерлер отбасылары) немесе еңбекке қабілетті мүшелері объективті себептер бойынша жұмыспен қамтудың белсенді бағдарламаларына тартыла алмайтын отбасыларға (мысалы, мектепке дейінгі жастағы балалары бар жалғыз басты ана) ұсынылатын болады. Ал, шартты ақшалай көмек әлеуметтік келісімшарт жасасу және барлық еңбекке қабілетті отбасы мүшелерінің жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысу шартымен, құрамында кем дегенде бір еңбекке қабілетті мүшесі бар отбасыларға ұсынылады», – деп ведомство тілшінің ресми сауалына жауап берді.

Еңбек министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, шартты атаулы көмек кешенді болып табылады және оның құрамына қолдаудың келесі үш түрі кіреді:

1) атаулы әлеуметтік көмекті төлеу (ақшалай түрдегі жәрдемақы) – қазіргі кездегі сияқты ай сайынғы негізде немесе жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысуға әлеуметтік келісімшарт жасасу шартымен 6 айға тағайындалатын біржолғы төлем түрінде;

2) келесі шараларды қолдану арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу: а) жұмыс берушілермен ұсынылған бос жұмыс орындарына жіберу арқылы; б) оқуға, тұратын жерді жалдауға, жол жүруге, бір реттік ыстық тамаққа шығындарды толтырумен бірге, оқуға жіберу және мемлекет есебінен стипендия төлеу арқылы; в) еңбекақыны мемлекет есебінен төлеп, жастар практикасына, әлеуметтік жұмыс орындарына және қоғамдық жұмыстарға жіберу; г) өз ісін ашуға немесе оны кеңейтуге микрокредит ұсыну арқылы.

3) қажеттілік болған жағдайда мүгедектерді оңалту шаралары, арнаулы әлеуметтік қызметтер, медициналық қызметтер, тұрғын үй коммуналдық қызметтерді төлеуге көмек кіретін әлеуметтік қызметтер пакетін ұсыну және т.б.

«Жалпы, үшіншіден, жүгіну және төлемдердің жаңа түрлерін тағайындау процесі оңтайландырылады. Жаңа шарттарға сәйкес, жоғарыда көрсетілген қолданыстағы әлеуметтік жәрдемақыларды тағайындау үшін үш құжаттар пакетін ұсынудың орнына бір құжаттар пакетін жинап, Халықты жұмыспен қамту орталығына, ал ауылдық жерде – ауылдық округ әкіміне жүгіну жеткілікті», – дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Динара ЕСІМОВА, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ әлеуметтану кафедрасының профессоры:

- Әр отбасының мәселесіне жеке үңілу қажет – Біз тікелей отбасылармен жұмыс істейміз. Аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік қолдау мақсатында «Өрлеу» бағ­дарламасы қолданысқа енгізілген болатын. Аталған бағдарлама халықтың аз қамтылған санатын әлеуметтік қол­дауға арналған. Бұл жоба – аз қамтылған отбасыларға шартты ақ­ша­лай көмек төлеумен қатар, еңбекке қа­бі­летті отбасының мүшелерін жұмыспен қам­туды мақсат етеді. Отбасының әрбір ең­бекке қабілетті мүшесі шартты ақ­ша­лай көмек ала отырып, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасына қатысады. Кейін­нен жұмысқа орналастырылады, бұл өз ке­зегінде аз қамтылған отбасы құра­мы­нан шығуға негіз болады. Алайда бағдар­ла­маға қатысушыларға қойылатын та­лап­тар өзгертіліп, кейбір отбасылар қа­тыса алмауда. Көптеген тұрмысы тө­мен отбасылар бұл бағдарламадан сырт қалып отыр. Яғни, жаңа талаптар бойын­ша әлеуметтік жәрдемақылар отбасының та­бысы ретінде есептеледі. Әр отба­сы­ның мәселесін жеке қарастыру керек деп ойлаймын. Шәкіртақы, зейнетақы, мү­ге­­дектік бойынша төленетін жәр­дема­қы­лар, балаға төленетін жәрдемақылар от­басының кірісі болып есептелмеуі ке­рек қой. Балаға жұмсалатын ақша бо­ла­ды. Әр отбасының жағдайын, мә­се­ле­сін жекеше түрде қарастыру керек. От­басының бір мүшесі жұмыссыз отыр­са, оның жұмысқа тұруына, не кәсібін бас­тауға да уақыт, ынталандыру қажет. Кейбір отбасылар мұндай бағдарла­ма­лар­мен тіпті таныс емес. Отбасыларды аралап, жағдайларымен та­нысқанымызда кірістен гөрі шығыс­тың көп екенін аңғардық. Жуықта бір көпбалалы отбасында болдық. Анасы бала күтіміне бай­ла­ныс­ты жұмыс істемейді, отағасы балаларды қарауға көмектесу үшін жұмысынан уа­қыт­ша шыққан. Арнаулы білімі жоқ бол­ғандықтан, түрлі кәсіппен айналысқан отағасы соңғы үш айының айлығын ала ал­май отыр екен. Осындай әр отбасының ішкі мәселелеріне үңілуі қажет. Себебі, ар­найы талаптарға сәйкес келмеген­дік­тен, тұрмыс деңгейі төмен отбасылар еш­қандай бағдарламаға ілікпей, жалпы әлеу­меттік төлемдерден де қағылғалы отыр. Ең өкініштісі – осы.

Серік БЕЙСЕМБАЕВ, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:

- Басты назарды әлеуметке бұрғанымыз абзал – Мемлекет басшысының биылғы «Төр­тінші өнеркәсіптік революция жағ­дайын­дағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында әлеуметтік мәселе­лер­ге қатысты бірқатар басымдық берілген. Біріншіден, Қазақстанның өзін әлеумет­тік мемлекет деп таныстырып, осы ба­ғыт­­ты ұстануымен байланысты. Екін­ші­ден, соңғы екі-үш жыл ішінде орын ал­ған экономикалық қиындықтар салда­ры­нан халықтың әл-ауқатының төмен­де­гені белгілі. Осыған орай, Үкіметтің бұл бағытта қандай іс-шаралар атқаруы қа­жеттігі Жолдауда нақты айтылған. Өт­кен 2017 жылы «Сізді қандай мәселе тол­­ған­дырады?» деген сауал қою арқылы ар­найы әлеуметтік статистика жүргізіп, өзекті бес мәселені анықтаған едік. Біріншіден, азық-түлік пен күнделікті тұ­тынатын тауардың қымбатшылығы көп­шілікті жиі мазалайды екен. Халықты тол­ғандыратын басты мәселенің бірі – осы. Екінші мәселе – ақшаның жетіспеуі, яғ­­ни айлық пен зейнетақының аздығы да мазаны алып тұр. Бұл – 46 пайыз ха­лық­­ты ойландырып отырған дүние. Үшіншіден, жұмыссыздық пен жұ­мыс­қа орналасу мәселесі. Бұл нұсқаны ха­лық­тың 43 пайызы таңдаған. Оның ішін­де, жақсы қызмет табу – бірінші ке­зек­те тұр. Төртінші мәселе – коммуналды тө­лем. Коммуналды төлемақысының қым­бат­тығы да – көпшілікті жиі алаңдататын мә­селенің бірі. Бесіншіден, тұрғын-үй мәселесі. «Өз үйі – өлең төсегі» болғанын армандай­тын­дар көп. Оған қол жеткізу әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға оңай тимейтіні анық. Жылу мәселесі, қылмыс, көлік, білім беру, дін саласы да тізімде болды. Деген­мен, жоғарыда біз мысалға келтірген дү­ниелер – негізгі әлеуметтік ахуалды анық­тап тұр. Соңғы екі-үш жыл ішінде эко­номикалық дағдарыстың әлеуметке өз әсерін тигізбей қоймағанын осыдан аң­ғаруға болады. Күнделікті табыс табу, тұр­мыс-тіршілікті сақтап қалу – басты на­зар­да. Сол себепті де, Елбасы биылғы Жол­дауында әлеуметтік мәселелерге негізгі басымдық беріп отыр. Көпшілік­тің әлеуметтік деңгейін белгілі бір мөлшерде сақтап қалу үшін нақты іс-шаралар атқару керегін де Мемлекет басшысы Жолдауында айтып өтті. «Биылғы жылдан бастап, атаулы әлеу­мет­тік көмек көрсетудің жаңа тәртібіне кө­шеміз» дегені де сондықтан. Жалпы, 2000 жылдан бері эконо­ми­ка­ның өсуіне байланысты халықтың әл-ау­қаты да артқан болатын. Өкінішке қа­рай, теңгенің құнсыздануы тұрмысқа өз әсерін тигізбей қоймады. Халықтың бір­шама бөлігі, азық-түлік, киім-кешек тұрғысынан болсын, белгілі бір тұтыну деңгейінде қиындыққа кезіккені рас. Табыс мөлшері бүгінгі күнге дейін көп өспегендіктен, қажеттілік мөлшері де бұрынғы деңгеймен қалып отыр. Жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға кей­біреу­лердің табысы көтермейді. Сон­дықтан бүгінгі кезеңде халықтың әлеу­меттік тұрғыдан аз қамтыл­ған тобына мем­лекет тарапынан әлі де болса көмек көрсету жағын дамыту керек сияқты. Оның ішінде, көпбалалы отба­сы­ларға, «Ал­тын алқа», «Күміс алқа» иегер­ле­ріне жәр­демақы мөлшерін көбейту қажет. Ай­лық табысы 30-40 мыңнан ас­пай­тын от­басыларға әлеуметтік көмек көрсетудің қажетті бағдарламасын жаса­ға­ны­мыз дұрыс. Сол үшін түрлі қайырым­ды­лық қор­лары, түрлі мемле­кет­тік емес ұйым­дар әлеуметтік тұрғыдан аз қамтыл­ған топтарға әлеуметтік көмек қорын ұсын­ғаны жөн.

Мейіржан ОТЫНШИЕВ, Алматы қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

- Жаңа жобаның берері мол – Мемлекет басшысының «Бес инс­ти­туттық реформаны жүзеге асыру жө­нін­дегі 100 нақты қадам» Ұлт жоспарын­да­ғы «Әлеуметтік көмекті оның атаулы си­патын күшейте отырып, оңтай­лан­дыру» атты 84-қадамын жүзеге асыру мақ­сатында 2018 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап, жаңа нысандағы атаулы әлеу­мет­тік көмек көрсетілуде. Аталған көмек осы­ған дейін көрсетіліп келген үш түрлі әлеу­меттік көмекті өзіне біріктіреді: – 4,16 айлық есептік көрсеткіш мөл­шерін­де бірге тұратын төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар көпбалалы отбасыларға берілетін ар­наулы мемлекеттік жәрдемақы; – отбасының орта есеппен жан ба­сы­на шаққандағы табысы азық-түлік се­бе­тінің құнынан (ең төменгі күнкөріс дең­гейінің 60 пайызы) төмен 18 жасқа дейін­гі балалары бар отбасыларға, әр ба­лаға 1,05 айлық есептік көрсеткіш мөл­шерінде төленетін жәрдемақы; – отбасының орта есеппен жан басы­на шаққандағы табысы кедейлік шегінен (ең төменгі күнкөріс деңгейінің 40 пайы­зы) төмен аз қамтылған отбасыларға бе­рі­­летін атаулы әлеуметтік көмек. Жаңа нысандағы атаулы әлеуметтік кө­мек табысы ең төменгі күнкөріс дең­гейінің 50 %-нан төмен отбасыларға не­месе азаматтарға шартсыз немесе шарт­ты ақшалай көмек түрінде та­ғайын­далады. 2018 жылдың 1 тоқсанына ең төменгі күн­көріс деңгейінің көлемі – 27 326 тең­ге болса, айлық есептік көрсеткіш – 2 405 теңге. Шартсыз ақшалай көмек құрамында ең­бекке қабілетті мүшелері жоқ от­ба­сыларға (мүмкіндіктері шектеулі адам­дар­дың немесе егде жастағы зей­нет­кер­лер­дің отбасылары) немесе еңбекке қа­бі­летті мүшелері объективті себептерге бай­ланысты жұмыспен қамту ша­ра­лары­на қатыса алмайтын отбасыларға (мы­салы, мектепке дейінгі балалары бар жал­ғызбасты ана) көрсетілетін болады. Мұн­дай отба­сы­ларға жәрдемақы алу үшін жұмыс­пен қамту шараларына қа­тысу міндетті емес. Шартты ақшалай көмек еңбекке қа­бі­летті кем дегенде бір мүшесі бар аз қам­тылған отбасыларға ұсынылады, бұл орай­да қойылатын шарт – жұмыспен қам­тудың белсенді шараларына олардың мін­детті түрде қатысуы. Әлеуметтік келісімшартқа қол қоя оты­рып, тараптар өзара міндеттер алады: әлеу­меттік қызметтер – жұмыспен қам­туға жәрдемдесуге күш салуға және тө­лем­дерді төлеуге, ал отбасының еңбекке қа­білетті мүшелері – отбасын аз қам­тыл­ған топ құрамынан шығаруға бағытталған әлеу­меттік бейімдеу мен жұмыспен қам­туға жәрдемдесу шараларына адал қа­тысу­ға міндеттенеді. Сонымен қатар биылғы жылдан бас­тап төрт және одан көп кәмелетке тол­­маған балалары бар отбасыларға төле­нетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайын­далмайды. Алайда аталған жәр­демақыны алып келе жатқан көпбалалы отбасыларға баласы кәмелеттік жасқа тол­ғанға дейін немесе оқу орнын біті­ре­тін уақытқа дейін (бірақ әрі дегенде жиыр­­ма үш жасқа толғанға дейін) төле­не­ді.

Айсұлу МОЛДАБЕКОВА, әлеуметтанушы:

- Жәрдемақы отбасылық табыс көзі болмауы керек – Әлеуметтік төлемдер төленген кез­де «кедейлік қақпаны» деген ұғым бар. Яғни, кейбір азаматтар әлеуметтік жәр­демақы аламын деп осы қақпанға түсіп қа­лады. Әлеуметтік жәрдемақы бір жа­ғы­нан халықтың жұмыс істеуіне мо­тивация бермейді. Осы қаражат күн­көрі­сіме жетеді деген шектеулер пайда бо­ла­ды. Әлемдік тәжірибеде, әлеуметтік саясатта халықты әлеуметтік төлеммен ұстап отыру дұрыс емес. Дүниежүзінде түрлі тәсілдер бар. Мысалы, АҚШ-та бел­гілі әлеуметтік топтардан басқасы мем­лекетке сенім артпай, өз күнін өзі кө­реді. Әлеуметтік төлем негізгі күнкөріс көзіне айналмауы керек, ол керісінше мо­тивация ғана болуы тиіс. Биылдан бас­тап енгізіліп жатқан әлеуметтік тө­лем­дердің жаңа жүйесіне көшу – сол жұ­мыстардың алғышарты болып отыр. Көп отбасылар үшін жәрдемақы негізгі күн­көріске айналғаны белгілі жайт. Қа­зір түрлі жұмыспен қамту бағдарламалары бар. Осы бағдарламалар жүйелі түрде жү­зе­ге асып, жұмыссыздар жұмысқа ор­на­ласса, бұл мемлекет дамуы үшін дұрыс қадам болатыны анық. Көпбалалы отбасылардың жағдайына тоқ­талып көрейік. Отбасында бес бала бол­са, әке-шешесімен жеті адамға ең тө­менгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызы әр адамға 14 мың теңге құрағанда, жалпы та­быс 98 мың теңгеден асса, мемлекет әлеу­меттік төлем тағайындамайды. Бір ес­кертетіні, отбасының жалпы табысына әлеу­меттік төлемдер кірмеуі керек. Ауыл­ды жерлерде әлеуметтік төлемдерсіз жалпы отбасының кірісі 98 мың теңгеден асатын көпбалалы отбасылар аз. Ал қалалы жерлерде отбасының табысы 98 мың теңгеден асқанымен, бұл қаражатқа бес баласы бар отбасының күн көруі қиын­ға соғары анық. Сондықтан бұл са­наттағы азаматтар мемлекеттің әлеу­меттік төлемдерінен қағылатын болса, онда басқа әлеуметтік жеңілдіктер, ба­лаларын балабақшаға жеңілдікпен қа­былдау, оқуға түсуіне жеңілдіктер, от­ба­сылық кәсіп ашуына қолдау сынды ын­таландырулар қарастырылғаны жөн. Көп­балалы отбасы кәсіп ашатын болса, са­лық жағынан жеңілдік болса игі. Яғни, көп­балалы отбасылар көбінесе кедей, әлеуметтік төлем алып қана күнелтеді де­ген стеоретиптен арылуымыз қажет. Жаңа төлем жүйесі осы механизмдерді жа­сап алған соң енгізілгені дұрыс болар еді. Жаңа төлем жүйесі бойынша көп­ба­лалы отбасыларға әлеуметтік жәрдем от­басының табысына орай белгіленеді. Бұл мәселе осыдан 3-4 жыл бұрын ай­ты­ла бастады. Яғни, егер отбасында ата-ана­ның біреуі жұмыссыз болса, онда мін­детті түрде жұмыспен қамту орта­лығына баруы қажет. Бұл орталықтарда тір­келіп, арнайы курстардан өтіп, жұ­мыс табуына болады. Мұндағы мақсат – ха­лықты жәрдемақыға сенім арттыр­май, ең­бек етуге үгіттеу. Десе де, осы жұ­мыс­пен қамту орталықтарының насихат­талуы әлі де кемшін түсіп отыр. Ха­­лық­тың да мемлекеттің әлеуметтік бағ­дар­ла­маларына қызығушылығы тө­мен екенін аңғару қиын емес. Бұған бір­те-бірте келуіміз керек. Бала тууына байланысты тағайын­далатын бiржолғы мемлекеттік жәрдема­қы 38 АЕК немесе 91 390 теңге болса, ба­ла бiр жасқа толық толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты тағайын­да­латын ай сайынғы мем­лекеттік жәрде­мақы – 13 852,8 теңге. Демографиялық жағ­дайды жақсартамыз десек, бұл төлем мөлшері өте төмен. Меніңше, бала тууға төленетін жәрдемақы мөлшерін көбей­тіп, ынталандыру қажет.

Нұрлыбек ЖЕҢІСБЕК, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің баспасөз хатшысы:

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілді. Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек – табысы аз отбасылар үшін қолданыста болған үш әлеуметтік төлемдерді біріктірген бірыңғай жәрдемақы. Оның құрамына: а) жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 40 пайызынан төмен отбасылардың әрбір мүшесіне ұсынылған атаулы әлеуметтік көмектің ескі жүйесі; б) отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің 60 пайызынан төмен болатын 1,05 айлық есептік көрсеткіш немесе 2017 жылы 2 383 теңге мөлшерінде 18 жасқа дейінгі балаларға тағайындалған жәрдемақы; в) төрт немесе одан да көп баласы бар отбасыларға ұсынылатын арнаулы мемлекеттік жәрдемақы (арнаулы мемлекеттік жәрдемақы 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін тағайындалған отбасылар үшін бұл төлем оны алуға құқықтың жойылуына дейін, яғни балалардың кәмелетке толуына дейін сақталады). Осылайша, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек көрсетілген үш төлемнің орнына төленеді және оның мөлшері көрсетілген үш төлемнің жиынтық сомасынан артық болатындығына назар аударамын. Жаңа жүйенің негізгі ерекшеліктері: Біріншіден, кедейлік шегі ең төмен күнкөріс деңгейінің 40 пайызынан 50 пайызына дейін көтерілген болатын. Ең төменгі күнкөріс деңгейінің көтерілуін (24 459 теңгеден 28 284 теңгеге дейін) есепке ала отырып, кедейлік шегінің артуы аталған әлеуметтік қолдау мөлшерінің өсуін білдіреді. Екіншіден, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің екі түрі қарастырылады: шартсыз және шартты ақшалай көмек. Шартсыз ақшалай көмек құрамында еңбекке қабілетті мүшелері жоқ отбасыларға (мысалы, мүгедектер немесе қария зейнеткерлер отбасылары) немесе еңбекке қабілетті мүшелері объективті себептерге байланысты жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартыла алмайтын отбасыларға (мысалы, мектепке дейінгі жастағы балалары бар жалғызбасты ана) ұсынылатын болады. Шартты ақшалай көмек әлеуметтік келісімшарт жасасу және барлық еңбекке қабілетті отбасы мүшелерінің жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысу шартымен, құрамында кем дегенде бір еңбекке қабілетті мүшесі бар отбасыларға ұсынылады. Шартты атаулы әлеуметтік көмек – кешенді және оның құрамына қолдаудың келесі үш түрі кіреді: 1) атаулы әлеуметтік көмек төлеу (ақшалай түрдегі жәрдемақы) қазіргі таңдағы сияқты ай сайынғы негізде немесе жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысуға әлеуметтік келісімшарт жасасу шартымен 6 айға тағайындалатын біржолғы төлем түрінде; 2) келесі шараларды қолдану арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу; а) жұмыс берушілермен ұсынылған бос жұмыс орындарына жіберу арқылы; б) оқуға, тұратын жерді жалдауға, жол жүруге, бір реттік ыстық тамаққа шығындарды толтырумен бірге, оқуға жіберу және мемлекет есебінен стипендия төлеу арқылы; в) еңбекақыны мемлекет есебінен төлеп, жастар практикасына, әлеуметтік жұмыс орындарына және қоғамдық жұмыстарға жіберу; г) өз ісін ашуға немесе оны кеңейтуге микрокредит ұсыну арқылы. 3) қажет болған жағдайда мүгедектерді оңалту шаралары, арнаулы әлеуметтік қызметтер, медициналық қызметтер, тұрғын үй коммуналдық қызметтерді төлеуге көмек кіретін әлеуметтік қызметтер пакетін ұсыну арқылы қолдау көрсетіледі. Үшіншіден, жүгіну және төлемдердің жаңа түрлерін тағайындау процесі оңтайландырылады. Жаңа шарттарға сәйкес жоғарыда көрсетілген қолданыстағы әлеуметтік жәрдемақыларды тағайындау үшін үш құжат пакетін ұсынудың орнына бір құжаттар пакетін жинап, Халықты жұмыспен қамту орталығына (ауылдық жерде – ауылдық округ әкіміне) жүгіну жеткілікті.

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364