Мемлекеттік тілдің ахуалы жөніндегі сараптама: Коммерциялық құрылымдар (жалғасы)
Коммерциялық құрылымдар
Қазақстандық коммерциялық құрылымдар істерін бірыңғай орыс тілінде жүргізеді. Тіпті, қазақтілді азаматтар құрған фирмалардың өзі орыстілді қызметшіні жалдап ісжүргізімді орысша жүргізуге мәжбүр. Ал, шетелдік фирмалар ауызекі тіл ретінде өз тілдерін қолданып, ал ісжүргізімі - бірыңғай орыс тілінде. Мұның бәрі сайып келгенде, коммерциялық құрылымдар мен мемлекеттік сектор арасындағы қатынастың тек қана орыс тілінде біржақты қамтылғандығын көрсетеді.
Қазақстанның мемлекеттік тілінің аясы үшін ауызекі тұрмыстық деңгейді айтпағанда, бірен-саран қазақтілді құрылымдарды қоспағанда, коммерциялық ұйымдардың ішкі ортасын айтпағанда, олардың қоғамдық ортамен қатынасы бойынша қазақ тіліне арналған орта мейлінше тарылған. Олардың ұйымдық шаралары мен мерекелері орыс тілінде не шет тілде өтіледі. Мемлекетке деген құрметті айтпағанда, қазақтілді азаматтардың құқығы көзбе көз тапталып жатады, әрі олардың бәрін орыстілді азаматтар ретінде қабылдау дағдыға айналған.
Қазақстандық коммерциялық құрылымдар үшін қазақтілді тұтынушылар құқығы басты емес. Мысалы, әлі күнге дейін банктерде тұтынушыларға арналған қазақтілді бланктар жоқ, олар тұтынушыларға орыстілді келісімшарттың мәтінін ғана ұсынады, компьютерлері қазақ қарыптарымен әлі күнге қамтылмаған.
Коммерциялық құрылымдар
Қазақстандық коммерциялық құрылымдар істерін бірыңғай орыс тілінде жүргізеді. Тіпті, қазақтілді азаматтар құрған фирмалардың өзі орыстілді қызметшіні жалдап ісжүргізімді орысша жүргізуге мәжбүр. Ал, шетелдік фирмалар ауызекі тіл ретінде өз тілдерін қолданып, ал ісжүргізімі - бірыңғай орыс тілінде. Мұның бәрі сайып келгенде, коммерциялық құрылымдар мен мемлекеттік сектор арасындағы қатынастың тек қана орыс тілінде біржақты қамтылғандығын көрсетеді.
Қазақстанның мемлекеттік тілінің аясы үшін ауызекі тұрмыстық деңгейді айтпағанда, бірен-саран қазақтілді құрылымдарды қоспағанда, коммерциялық ұйымдардың ішкі ортасын айтпағанда, олардың қоғамдық ортамен қатынасы бойынша қазақ тіліне арналған орта мейлінше тарылған. Олардың ұйымдық шаралары мен мерекелері орыс тілінде не шет тілде өтіледі. Мемлекетке деген құрметті айтпағанда, қазақтілді азаматтардың құқығы көзбе көз тапталып жатады, әрі олардың бәрін орыстілді азаматтар ретінде қабылдау дағдыға айналған.
Қазақстандық коммерциялық құрылымдар үшін қазақтілді тұтынушылар құқығы басты емес. Мысалы, әлі күнге дейін банктерде тұтынушыларға арналған қазақтілді бланктар жоқ, олар тұтынушыларға орыстілді келісімшарттың мәтінін ғана ұсынады, компьютерлері қазақ қарыптарымен әлі күнге қамтылмаған.
Қазақстанда жарнама мен хабарландырудың түпнұсқасы мен тарату үдерісі 100 % -ға дерлік әуелі орыс тілінде жүзеге асады, қазақ тіліне аудару екінші кезекте ғана қолға алынады. Осыдан келіп, қазақтілді жарнама жасаушы кәсіпкерлік те атымен жоқ. Алматы қалалық Тілдерді дамыту басқармасының мәліметінше, Алматы қаласындағы 200-ден астам жарнама агенттіктерінің бір де бірі қазақ тілінде жарнама жасамайды. Сөйтіп, жарнама берушілер қазақтілді тұтынушылар мүддесін ескергендіктен емес, тіл саясатында тууы мүмкін даудан қашқақтағаннан амалсыз түрде орыстілді жарнаманы үстірт қазақшалаумен шектеледі. Ал, сауда орындарындағы импортталатын өнімдердің 10%-ы ғана қазақша жапсырмалар (этикетка) мен нұсқамаларды (инструкция) қамтиды, қалғаны орыс тілінде не басқа шет тілдерде.
Қоғамдық ұйымдар
Қазақстандағы қоғамдық сектор тек қана орыс тілінде күн көруде. Қоғамдық ұйымдарды қаржымен қамтитын, тапсырыс жасайтын донорлық және халықаралық ұйымдардың барлығы дерлік тек қана орыс және ағылшын тілдерінде қатынас жасайды. Ішінара кейбіреуі ғана конкурстарды қазақша хабарлағаны болмаса, негізгі шаралардың барлығы дерлік орысша өтеді, қазақтілді тілмаш тартылмайды. Бұл жәйт қоғамдық сектормен қатынас жасауға тиісті мемлекеттік органдар тарапынан бақылауға алынбайды. Нәтижесінде елде қазақтілді азаматтардың белсенімі енжар, қоғамдық-саяси және әлеуметтік шаралар мен науқандардан тыс, азаматтық құқықтарын талап ету мүмкіндігі төмен, қоғамдық-әлеуметтік ақпаратпен қамту жоқтың қасы. Қоғамдық үдерістен тілдік орта арқылы шеттетілген қазақтілді азаматтар өз тұрғысын талап ететіндей қоғам мүшесі болып қалыптаспауда.
Ұзақ жылдар бойы қоғамдық келісім идеологиясы жүргізілген Қазақстанда қазақ емес этностардың қазақ тілін меңгеруіне қазақстандық орыстардың деңгейімен көз жеткізуге болады. Жекелеген зерттеулер бойынша, олардың 0,7%-ы ғана үйлерінде қазақша сөйлеседі, 1%-ы екі тілде қатынасады. Орыстардың орыс тілін білмейтіні жоқ, бірақ олардың қазақша білетіні 2% ғана. Бұл жағдай қазақ тілінің қоғамдық келісім факторы ретінде қалыптаспай отырғандығын көрсетеді.
Бұқаралық ақпарат құралдары
Елдегі қоғамдық мәлімет көзіне қарағанда, (бұл сала бойынша ресми мәлімет немесе ғылыми зерттеме жоқ) БАҚ өндірісінің қазақшасы 10%-дан аспайды, қалғаны орыс тіліндегі өнімдер болып табылады да, олар қазақшаға аударылып беріледі. Бұл ахуал қазақтілді БАҚ-тардың деңгейі қаншалықты екенін көрсетеді. Қазақтілді БАҚтар күрделі кіріптарлықты бастан кешуде, оны былайша атап өтуге болады:
- қаражаттық кіріптарлық; елдегі жарнаманың 100%-ы орыс тілінде беріліп, кейбіреуі ғана қазақшаға амалсыз аударылады, соған сәйкес қазақтілді БАҚтарда жарнамадан табыс табу аса төмен; олардың 90%-ы мемлекеттік бюджетке тәуелді;
- саяси-идеологиялық кіріптарлық; қазақтілді журналистерді мамандыққа даярлайтын оқу орындарының көпшілігі қазіргі заманғы журналистиканы меңгермеген, кеңестік дидактикадан арылмаған, тоталитарлық санадағы насихатшылықтан ада емес;
- біліктілік кіріптарлық; қазақ журналистері ескі әдістемелік оқу жүйесімен, практиканы меңгермеген күйі диплом алып шығуда, олар өздерінің қоғамдық миссиясын күнкөріспен ғана шектеуде, ал орыстілді журналистер қомақты табыс табуда.
Қазақстандағы орыстілді БАҚ нысандары дамыған индустриялық сипатқа ие, ал қазақтілді БАҚ нысандары ылғи да даму жолындағы сипатта. Сайып келгенде, Қазақстандағы қазақтілді БАҚтардың бостандығы жөніндегі әңгімеден гөрі, қазақтілді БАҚтарды құтқару мәселесі пайда болып отыр.
6. Техникалық кедергі
Қазақ тілінің замандық техникаларға сіңіспеуі де басты кедергінің бірі болуда. Бұл, әсіресе, электрондық техникалық салаға тән жәйт. Қазақстанға импортталатын барлық тұрмыстық және ұйымдық техникалардың барлығы дерлік мемлекеттік тілге сәйкестілігі қарастырылмастан, тұтынымға түсуде. Нәтижесінде елдегі миллиондаған ұялы байланыс тұтынушылары қазақ тіліндегі ақпараттан тыс қалып келеді. Тиісті органдар, ең болмаса, қазақ тілінің латындық волотюк (бейресми, азаматтық қолданысқа арналған уақытша әліпби) нұсқасын да бекіту жөнінде мәселе қоймауда.
Қазақ тілінің электрондық кеңістікті меңгеру мәселесі күрделі күйде қалып отыр. Елдегі электрондық сайттар мен порталдар бірыңғай орыс тілінде дамуда, ал мемлекеттің қамқорлығынсыз нығаю мүмкіндігі жоқ қазақтілді электрондық кеңістікті игеру саласы енді ғана қолға алынуда. Мемлекеттік органдардың барлығы дерлік электрондық ақпараттарын тек қана орыс тілінде тыңғылықты таратуда, ал қазақтілді ақпарат өнімдері жүрдім-бардым деңгейде. Нақты да жүйелі түрде қазақ тілін электрондау саясаты әлі қолға алынбауда.
ІІІ. Қазақ тілінің әдебиеттік сипатын дамыту жолындағы ұсыным
Қазақ тіліне тән тоқырау жағдайы қалыптасқан ахуал, оны түзетуге бағытталған төтенше шаралар қабылдауды қажет етеді. Шаралардың тез арада қабылдануын көздей отырып, құзырлы мемлекеттік органдарға қоғамдық орта тарапынан төмендегідей ұсынымдар ұсынылады.
1. Қазақ тілінің әдебиеттік нормасын нығайту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама қабылдансын. Бұл бағдарлама мына бағыттар бойынша мониторинг жасауға, зерттеу жұмыстарын және сәйкес жобаларды жүзеге асыруға бағытталғаны жөн:
- тілдің өңделімі;
- тіл қағидасының қалпы;
- тілдің тұрламы;
- тіл стилінің салалануы;
- тілдің әмбебаптығы;
- тілдің қоғамға ортақ міндеттігі;
- тілдің ауызекі және жазбалық үлгілерін дамыту.
2. Қазақ тілінің әдебиеттік нормасын нығайту мақсатын жүзеге асыру жолында Тілбілім институтының негізінде «Анатіл» мемлекеттік холдингі құрылсын. Бұл холдингке аталған бағдарламаны жүзеге асыру міндеттелсін.
3. «Анатіл» мемлекеттік холдингінің құрамында қазақтілді терминді дамытуды қолға алатын Терминологиялық зертхана ашылсын. Бұл зертхана ғылымның және өмірдің барлық саласы бойынша терминдерді реттеу мен жасақтау жұмыстарын қолға алсын.
4. «Анатіл» мемлекеттік холдингінің құрамында ономастика мәселелерін шешумен айналысатын құрылым болуы керек.Оның картография мәселелеріне тікелей ықпалы боларлық құзырының да болғаны жөн.
5. Әрбір университет жанында Терминологиялық ғылыми кеңес құрылып, олар Терминологиялық зертханамен тығыз қатынаста жұмыс істеуі керек.
6. Электрондық кеңістікте қазақ тілін дамыту мақсатында «Анатіл» порталы қолға алынғаны абзал. Бұл портал қазақ тілі бойынша қоғамның сұранысына сәйкес түрлі тегін лингвистикалық қызмет көрсетумен айналысқаны жөн.
7. «Анатіл» МХ құрамында әлеуметтік лингвистика саласын қамтитын құрылым жасақталуы керек, ол тілді дамыту жолында заңдама, әлеуметтік зерттеу, мониторинг, сондай-ақ, тілдік ортаны дамыту мәселелері секілді маңызды бағыттарды қолға алуға әлеуеті болуы тиіс.
8. «Анатіл» МХ құрамына, сондай-ақ, қазақ тілі бойынша тестілеу үдерісін қамтитын құрылымның да енгені мақұл.
ІV. Қазақ тілін мемлекеттік мәртебеге сәйкестендіру жолындағы ұсыным
1. Қазақ тілін мемлекеттік мәртебеге сәйкестендіру бойынша Конституцияның 7-бабының 2-тарауы «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде мемлекеттік тiлмен қажетті жағдайда тең қолданылуы мүмкін.» түрінде өзгертіліп болмаса «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы заң қабылданғаны жөн.
2. Заңдама талабын жүзеге асыру үшін «Қазақ тілін мемлекеттік мәртебеге сәйкестендіру» жөніндегі мемлекеттік бағдарлама өз алдына бекітілгені мақұл. Бұл қазақ тілін мемлекеттік ұйымдар мен мекемелердің барлық жұмыс үдерісі мен олардың коммерциялық құрылымдармен, қоғамдық ұйымдармен және Қазақстан аумағындағы өзге де шетелдік алуан ұйымдармен қатынас құралы ретінде қалыптастырып, нығайтуын жүзеге асырудағы басты құжат болуы керек.
3. Бағдарламаны жүзеге асыратын Уәкілдік орган тігіңкі бағыныстағы барлық жергілікті мемлекеттік тілді дамыту басқармаларын құрамына енгізген Тіл комитеті тікелей үкіметке немесе Президент аппаратына қарасты Ішкі саясат департаментіне қарауы керек.
4. Мемлекеттік тілді дамыту мен елдегі өзге диаспоралар тілін қорғау мәселесі Ішкі саясаттың ажырамас бөлігі болып табылуы қажет. Қазақ тілінің кәзіргі жағдайы ең алдымен орыс тілінің деңгейімен теңестірілуі алғашқы мақсат етіп қойылуы керек. Бұл саясаттың негізі қалыптасқан біртілділікті (орыстілділікті) өзара кірігіңкі қостілділікпен ауыстыруды қамтуы қажет. Өзара кірігіңкі қостілділік - қазақтілді қызметшіге кемінде орыс тілінің ауызекі төменгі деңгейін ұғу, ал, орыстілді қызметшіге кемінде қазақ тілінің ауызекі төменгі деңгейін ұғуды міндеттеу арқылы екіжақты бірыңғай тілдік түсіністікке жеткізетін ең төменгі сатылық шарт. Бұл - мемлекеттік тілді мемлекеттік дәлізге енгізудегі алғышарт болып табылады.
5. Мемлекеттік дәліздегі тарылған қазақ тілі үшін тілдік орта, қазақтілді қызметшінің құқығының бұзылу айғағы ретінде мойындалып қоймай, мемлекеттік рәміздің бірі саналатын мемлекеттік тілдің мәртебесінің аяққа басылуы ретінде танылуы керек. Сондықтан да әрбір отырыс, жиналыс пен форумдар мемлекеттік тілсіз өтуін заңды бұзу ретінде танылатындай, заңдамалық өзгерімдер мен толықтырымдар қабылдануы керек.
6. Мемлекеттік тілді дамыту белгілі бір дәрежеде қоғамдық құндылыққа айналуы керек. Ол үшін қазақ тіліне деген жанашырлық қоғамдық тараптан туылатындай шаралар ұйымдастырылып, қоғамдық жобалардың атқарылуы мемлекет пен коммерциялық тараптан қолдауға ие болуы қажет.
7. Әрбір мемлекеттік, коммерциялық, қоғамдық ұйымдардың мемлекеттік тілдегі ақпарат өндіру қабылеті бақыланатындай шаралар жасалуы керек.
8. БАҚ-тардағы қазақтілді өнімге деген талап айқын да жоғары болатындай көрсеткілер (индикаторлар) белгіленуі керек және сол бойынша тұрақты мониторинг жасалуы тиіс.
9. Әрбір жоғарғы оқу орнының қазақтілді өнім өндіру қабылеті ондағы оқытушылар әзірлеген оқулықтар мен әдебиеттердің саны мен сапасы арқылы өлшенгені мақұл. Ал, әр мектептегі оқушының қазақ тілін меңгергендігі сол тілдегі ауызекі ой білдіру деңгейі мен жазу қабылетімен тексерілгені жөн.
Аталмыш сараптамалық баян қоғамдық тараптан жасалған құжат ретінде мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған мемлекеттік шара қабылдауға негіз болатындай бастама болып табылады. Аталмыш баян 2009 жылы Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қорының қолдауымен кітапша ретінде басылып шықты.
Бұл құжаттың бұдан былай жыл сайынғы жасалатын нұсқалары барынша нақты және айқын көрсеткілер (индикатор) бойынша қазақ тілінің ахуалын бағалауға арналатын шара жоспарлануда.
2009 жыл. Наурыз.
Баянды «ЕЛАЛҚА» қоғамдық сараптамалық кіндігі әзірледі, жееткшісі -С.Ерғали
Баянды бекітуге қатысқан ұйымдар:
«Ұлт тағдыры» республикалық қоғамдық бірлестігі, Алматы
«Ұлт тағдыры - Астана» қоғамдық бірлестігі, Астана
«ДемОрда» қоғамдық қоры, Астана
«Арда» қоғамдық бірлестігі, Ақтөбе
«Анатіл» қоғамдық бірлестігі, Ақтөбе
«Детар» қоғамдық бірлестігі, Қызылорда
«Сайлаушылар одағы» қоғамдық бірлестігі, Қызылорда
«Мәртебе» қоғамдық қор, Қызылорда
Соңы
«Абай-ақпарат»