Серік Абас-шах. Менің жауабым
«Абай» сайтында жарияланған «Желтоқсанда жеткен ой» атты мақаламды талқылаған кейбір адамдардың ой-пікірін оқып, өзімнің аталмыш шатпағымдағы қазақтардың жағымсыз қылықтары мен болмысы жайлы көзғарасымның дұрыстығына тағы да көзім жеткендей болды. Көптеген пікірлер нақты мәліметсіз, жүйесіз айыптауларға, өсек-аяңға құрылған. Олардың бойындағы шегі көрінбейтін жеккөрушілікке, ақылдан ада ызақорлыққа таң қалғаным да рас. Басы жоқ, аяғы жоқ айыптауларды қару ету, ешқандай негізсіз балағаттауларды миына толтырып, ауызы мен жазуын аямай қарша борату, «Абай» атамыздың атындағы сайтты аямай айғыздаған «пікіршіл» азаматтардың үйреншікті ісі болса, бұл жақсы құбылыс дей алмаймын. Бұл азаматтардың санасында, жігіттік қасиет түгілі мәдениеттің өзі зәру тауарға айналған сияқты. Мен сіздердің көбіңіз сияқты бұтақ артына тығылып, біреулердің атынан бос өсек пен бетпақ ашуды төгетін пенде емеспін. Барлық уақытта тек қана өз атымнан сөйлеймін, өз сөзіме жауап бере алатын жігітпін. Есімім - Серік, құжаттағы қазіргі фамилиям Абас-шах (бұрын Абасов) болғанмын. «Хабар» агенттігінде жұмыс істегеніме 7-ші ақпан күні биыл он төрт жылдан асты. Орынға жабысқан түгім жоқ, соңғы уақытта жыл сайын, жоғарыдағыларға қызметтен босату туралы өтінішімді айтамын, басшымыз әзірге босатпай жатыр.
«Абай» сайтында жарияланған «Желтоқсанда жеткен ой» атты мақаламды талқылаған кейбір адамдардың ой-пікірін оқып, өзімнің аталмыш шатпағымдағы қазақтардың жағымсыз қылықтары мен болмысы жайлы көзғарасымның дұрыстығына тағы да көзім жеткендей болды. Көптеген пікірлер нақты мәліметсіз, жүйесіз айыптауларға, өсек-аяңға құрылған. Олардың бойындағы шегі көрінбейтін жеккөрушілікке, ақылдан ада ызақорлыққа таң қалғаным да рас. Басы жоқ, аяғы жоқ айыптауларды қару ету, ешқандай негізсіз балағаттауларды миына толтырып, ауызы мен жазуын аямай қарша борату, «Абай» атамыздың атындағы сайтты аямай айғыздаған «пікіршіл» азаматтардың үйреншікті ісі болса, бұл жақсы құбылыс дей алмаймын. Бұл азаматтардың санасында, жігіттік қасиет түгілі мәдениеттің өзі зәру тауарға айналған сияқты. Мен сіздердің көбіңіз сияқты бұтақ артына тығылып, біреулердің атынан бос өсек пен бетпақ ашуды төгетін пенде емеспін. Барлық уақытта тек қана өз атымнан сөйлеймін, өз сөзіме жауап бере алатын жігітпін. Есімім - Серік, құжаттағы қазіргі фамилиям Абас-шах (бұрын Абасов) болғанмын. «Хабар» агенттігінде жұмыс істегеніме 7-ші ақпан күні биыл он төрт жылдан асты. Орынға жабысқан түгім жоқ, соңғы уақытта жыл сайын, жоғарыдағыларға қызметтен босату туралы өтінішімді айтамын, басшымыз әзірге босатпай жатыр. Кеткім келгені, өкпелегеннен немесе «Хабардан» бір қалыпты тіршілігінен түңілгеннен емес, өз бетімше студия ашып, телесериал түсіріп, таралымы мол газет шығарып, жаңаша тіршілік етсем деген мақсат тұтқандықтан. Дариға Назарбаеваның қарамағында қызмет істегенімді жасырмаймын, сол кісімен бірге аталмыш телеарнаны құруға қатысқанымды және оны танымал телешаңырақ деңгейіне жеткізуге тамшыдай болса да үлесім болғанын мақтан тұтамын. Ел басшылығы ауысып, қоғам өзгеріп жатса да мен ол кісіні сатпаймын, қажет етсе қасында болуға әзірмін. 1997-2001-ші жылдардағы «Хабар» мен қазіргі «Хабарды» салыстырсақ, арасы жер мен көктей екені рас. Ол кезде агенттіктің беделі өте биік болды. Ол кезде осы елдің «мен» деген лауазымдылары Дариға Нұрсұлтанқызымен бас изеп амандасқанның өзін мәртебе санайтын, мереке сайын ол кісіге Алматының ең қымбат гүлдерін сыйлау үшін «Хабардың» тар дәлізінде өтірік жымиып кезекте тұратын. Қазір сол кісілердің бәрі «батыр», бұрынғы «Хабарды» күнделікті сынына ілігіп кетуден өлердей үркетін олар, бүгінде көктен де, көптен де қорықпайды, тілі басқаша «сайрайды». Кабинеттерінде жайлы орындыққа жайғасып отырып алған олар, құрып кетпеу үшін бәріне көніп жатқан байғұс арнаға ақылгөйсіп кеңес береді, жағымпаздықтың жаңа жоспарларының аясында «ұсыныстар» айтады. Дәл осы жерде қазір жұрттың кейбіріне «жексұрын», көзіне сүйел болып біткен «Хабардың» тарихына қысқаша мәлімет беріп кеткім келеді. «Хабар» ешқашан түгелімен жеке қолда болған емес. Ол бастапқы кезде мемлекеттік кәсіпорын ретінде жұмыс істеді, кейін АҚ болып ауысты. Бірақ, жартылай жеке акционерлердің қолында болған кезде де қалған жартысының сәл астамы мемлекет қолында болды. Біз, яғни тележурналистер мен режиссерлер, продюсерлер мен редакторлар барлық уақытта да өзімізді мемлекеттің өкілі ретінде сезіндік, патриот азамат ретінде «Хабардың» абыройы үшін күрестік. 2000-шы жылдардың басында, телеарнаның эфирінде біз қаламайтын өзгерістер байқала бастаған кезде, қарап жатпадық. Жаңалықтар қызметінің шыншылдығын сақтап қалу үшін айқастық, өндіріс бөлімінің жоғары деңгейлі жұмысын сақтап қалу үшін шырылдадық, телеарнаның жоғары рейтингін түсірмеу үшін жүйке тоздырдық, телевизияның міндеті бір партия немесе бір бағыт-топтың мақсатына қызмет істеу емес, халыққа жұмыс ету керектігін дәлелдеуге тырыстық. Өкінішке қарай, 2001-ші жылдың соңынан бастап шығар, әйгілі Рахат Алиевтің адамдары телеарнаның басшылық жұмысына белсене араласа бастады. Бұл тұста, жоғарыдағы мәселелерді шешу оңай шаруа болған жоқ. Біз, Дариғаның командасы болып табылатын шығарашылық топ «жеңіліске ұшырадық», біраз директорлар қызметінен ысырылды, сол кезеңде көптеген жақсы мамандар қызметтен кетуге мәжбүр болды. Дәл сол кезде, Бас продюсер ретінде өз қызметімді моральдік тұрғыда ойдағыдай атқарып шықтым деп айта аламын. Бүйрегі ресми тілді өнімдерге бұрып тұратын басшылықтың қолдауы аз болғандығына қарамастан, қазақ тілді бағдарламалар өндірісін сол күйінде сақтап қалуға тырыстық. (Қазір, «Хабар», «Еларнағы» кәсіби деңгейі жоғары режиссерлер мен продюсерлердің барлығы дерлігі менің шәкіртім екенін мақтанышпен айта аламын. Олардың кейбірі «Қазақстан» арнасында да жүр). Керек жерде салғыластым, қажет жерде айғаластым, не керек, ар-ұятымның деңгейіндегі мүдделерді қорғау үшін белсене «соғыстым» деуге де болады. Тіпті, қазақ тілді бағдарламалардың намысын жыртып үлкен кабинетте төбелескенім де рас. Ешкімге өз намысымды да, қазақтың намысын да таптатқан емеспін, таптатпаймын да! Рахат Алиевке «өліп-тіріліп» қызмет еткен «КТК-ның» сол кездегі белсенді басшылары «Хабар» тізгінін қолдарына алмақшы болып, ғимараттың ішінде алшаң басып жүріп, тістене бұйрық бере бастаған кезде, Алиевтің БАҚ мәселесі бойынша оң қолы болып саналатын құдіретті Клещенковқа (кейін марқұм болып кетті) ашық қарсы шыққан және оларды ресми тілде ашық «послать» еткен жалғыз өзім болдым. Оларды «Хабардан» мен қуып шықтым деп айта алмаймын, алайда менің сотқарлығым оларға сәл де болса тоқтау болғанына сенімдімін. Мен бұны мақтану үшін немесе ақталу үшін айтып жатқан жоқпын. Бықсытпа пікірлерді лажсыз оқып отырған көзі қарақты оқырманға болған жәйдің шетін шығарғым келгендіктен жазып отырмын.
Ал, енді өзім сыртынан жақсы сыйлайтын Қасым Аманжоловтың сайт бетінде белсене талқыланып жатқан сұхбаты мен «Хабар» эфирінде көрсетілген «Ақиқат» фильмі жайлы тақырыпқа келсек, бұған да жауап беруге тырысайын.
1. «Ақиқат» фильмінде бейнелері көрінген Қасым Аманжолов, Рахат Мамырбеков және Болат Мүрсәлім секілді азаматтарды эфирде де, сценарий мәтінінде ешкім зікірші деп атаған жоқ. Ол жерде фильмнің басты кейіпкерлерінің (яғни, зікіршілердің) республикалық арнадағы кейбір бағдарламалар арқылы жұртқа әсер етуге тырысқаны туралы айтылады. Жоғарыдағы жігіттердің «Хабарға» келгені және маған жолыққаны рас. Мен осы кезде Алматыда іс-сапармен жүрген едім. Олар реніштерін білдірді. Мен оларға түсіністікпен қарадым. Ыңғайсыз жағдай, әрине. Олар маған екі-үш сұрақ қойды, мен де оларға бір сұрақ қойдым. Жауап алыстық. Бірақ, кейбір сұрақ-жауаптар сол жерде қалады деп келіскендіктен және Рахат пен Болат бұл туралы сыртқа ештеңе демегендіктен, мен де бәрін ашып айтқым келмейді. Ал, енді Қасым Аманжоловтың мені «Рахат Алиевтің қылмыстық тобына, соның ақпараттық ресурстарына қатысты сыбайлас етіп жіберу» туралы сұрағына келсек, мен оны естіген жоқпын. Мүмкін, оны Қасым ішінен немесе сауалдың дыбысталу деңгейін өте төмендетіп айтқан болар, байқамадым? Қайта, менің өзім оларға, «мен» «Асардың» белсендісі болмасам да, Дариға Нұрсұлтанқызының маңында жүргендіктен аталмыш партияның әртүрлі шараларына тілектес ретінде қатысып жүріп, суретке немесе бейнетаспаға түстім. Кейін оған да қатысты біреу сұрақ қоюы мүмкін ғой, мен оған ашуланбаймын, бас тартпаймын, сауалды дұрыс қабылдаймын, оған жауабым дайын», деп ой тастадым. Қасекең, менің осы сөзімді өзініңкі деп ойлап қалып, тек «Асар» мен Рахаттың орнын ауыстырып, басқа «сұраққа» айналдырғаны қызық болды. Оның үстіне, Қасым мырзаның Рахат Алиевтің «ақпараттық ресурстарына» деген «жеккөрінішті» сезімін онша түсіне алмадым. Егер, соншалықты принципшіл болса, 2007-ші жылы Алиевтің «қазақша көзі мен құлағы» болып жүрген Қадыржан Забих «ЕЛ арнаға» директор болып тағайындалған кезде, Қасым мырза неге «Хабар» жағалап жүрді екен деген орынды сауал туады? Дәл сол кезде Рахаттың «ерліктері» күн сайын басылым беттерінде орын ала бастаған шақ болатын. Әрине, қарын ашқан кезде кейбір арнаны «қылмыстық топқа» байланыстыруды ұмытып кететініміз бар. Айтпақшы, Рахат Алиев кете салысымен Қадыржан Забих орнынан алынды, ал сіздің түсірілуге жетпей қалған жобаңызға дайындалған декорацияны басқа бағдарламаға пайдаландық. Менімен бірге «сыбайлас» болып кетпегеніңіз қандай жақсы болған?Әйтпесе, сіз де «қылмыстық топтың» «ақпарат ресурсында» басқаша «шынның жүзін» айтып, «жүзіп» жүрер едіңіз. Әрине, жұрттың жаппай талқылауына түскен фильмнен соң, олардың ешқайсысына оңай емес. Айтпақшы, Қасым «мұндай оқиғадан соң, бізбен қандай телеарна жұмыс істейді» деп сұраған кезде, Оған мен істеймін деп жауап бердім. Расында да, маған шығармашылық адамының түр-түсі, ру-жүзі, жеке көзғарасы, имандылығының өлшемі ешқандай әсер етпейді. Тек, өз жұмысын кәсіби деңгейде ең бастысы әділ істесе болғаны. Мен «сақалыңызға» да, «зікіріңізге» де қарсы емеспін. Бірақ, «сақал» мен «зікір» журналистиканы қаруға, халықты саяси құралға айналдыратын болса, мен оған үзілді-кесілді қарсымын. Тағы бір жәйт, кезінде республикалық газеттердің бірінде жүргенде Жұлдыз Әбділдә сияқты дарынды жас журналистермен бірге осы Қасым Аманжоловты да ең алғаш телевизия саласына өзім шақырған едім. Бірақ, ол кезде белгілі бір себептермен жұмыс бастап кете алмадық.
2. «Ақиқат» фильміне менің ешқандай қатысым жоқ деп айтсам, ешкім сенбес еді. Қатысым бар. Өйткені, осы фильм дайындалған телеарнаның бас продюсерімін. Атып тастасаңыздар да, шауып тастасаңыздар да осы. Бұл үшін ҚҰДАЙДАН басқа ешкімнен қорықпаймын. Өзім үшін жауап бере аламын. Фильм соңында оны жасаушылардың аты-жөні неге көрсетілмеген сауалдарыңызға жауабын айтайын. Түсіру кезінде шығармашылық топтың артынан аңдулар болды, телефон арқылы үркіту ескертпелері де жасалды. Сондықтан, жеке қауіпсіздігін сақтау мақсатында олардың кім екендігін жарияламадық.
3. Фильм жасалу барысында шығармашылық топтың қолында көптеген материалдар болды. Оның ішінде нағыз шындықты көрсететін (кейбірі адам шошырлық) бейнетаспалар жеткілікті. Көбісі пайдаланылған жоқ. Көрмегендеріңіз сіздерге да жақсы шығар, әйтпесе, мақтап-мадақтап жатқан азаматтарыңыз бен тақсырларыңыз туралы әдемі түсініктеріңіз мүлдем өзгеру де мүмкін.
4. Біреулер жазыпты, аталмыш фильм «сақалдылар» тапсырыс берген соң жасалған шығар деп? Олай емес, құдай қаласа, сол «сақалдылардың» өздері туралы да фильм жасайтын шығармыз. Біз үшін олардың кім екені, қандай лауазымда отырғаны немесе кімнің туысқаны екені ешқандай роль атқармайды. Біз қазақты бөлетіндердің бәрімен аянбай күресеміз. Халықтың көзін ашу керек.
5. Исматулла мырзаға да, Саят мырзаға да және басқаларға да менің ешқандай теріс көзқарасым жоқ. Олар да қазақтың атпал азаматтары. Олар да өз көзқарастарын дұрыс деп санауға құқы бар. Бірақ, кез-келген көзқарас тек бейбіт жолмен ғана күш-құралсыз жүзеге асуы керек. Мен ол кісілердің тез арада бостандыққа шығып, өз отбасыларына оралуын шын жүрекпен тілеймін.
6. «Шымкенттік» екенім рас. Айналасы толған шымкенттік деп ешкім айыптай алмайды. Бұл жайлы, менде жұмыс жасайтын (жағырапиялық жағынан әралуан болып келетін) шығармашылық топтың мүшелерінен сұрап білулеріңізге болады. Ал, шымкенттіктер туралы жазған әзіл шатпақтарымды теріс түсініп жатқандарға артық ештеңе айта алмаймын. Менің жазғандарым баяу ойлайтындар мен пәле ойлайтындарға арналмаған.
7. «Хабар» арнасы билікке қызмет етеді. Ол биліктің насихатшысы. Істеген жұмысымызға дән ризамын деп айта алмаймын. «Хабардың» рейтингін көтеру керек деп күресіп жүрген пенделердің бірімін. Өзгерткім келеді, өзгергім келеді. Бірақ, оның бәрі бізге қатысты емес, оны өздеріңіз де білетін шығарсыздар.
8. Жұмыс өте көп. Сенбі, жексенбі күндері де жұмыс істеймін. Сіздермен салғыласып жатуға уақытым жоқ. «Абай» сайтына анда-санда шымшыма шумақтар жазып тұратынмын. Бірақ, жұрттың талқылауларын оқымайтынмын. Енді оқыдым. Масқара! Бұдан кейін ешқашан, ешқандай талқылауды оқымауға шешім қабылдадым.