Сенбі, 23 Қараша 2024
Тамыр 8997 3 пікір 19 Желтоқсан, 2018 сағат 11:06

Қазақ мәдениетіндегі тарихи сана феномені

Тарихи сана ұлт мәдениетінің бастауында тұратын (ұлттың дүниетанымымен бірге пайда болатын) құндылық. Тарихи сана болмаса ұлттың тарихы, мәдениеті қалыптаспайды. Кез келген ұлттың тарихы мен мәдениетіндегі аға ұрпақтың болашақ туралы ой кешу үрдісі, жекелеген адамдардың (тұлға, зиялы адам) ұлттық мүддеге қызмет етудегі дәстүрі ұлттық сананың негізінде жүзеге асады. Ұлттық сана негізінде тарихи сана жатыр.

Қазақ мәдениетіндегі ұлттық құндылықтарға, әсіресе ұлттық құндылықтар туралы түсініктің қалыптасу негіздеріне қарап, тарихи сана құбылысының ұлттық болмыстың және оның өрісіндегі ұлттық бірегейлікті негіздейтін қасиеттердің қалыптасуына ықпал етіп отырғандығын көреміз. Әрине әр аймақ (әрбір ел) тарихты өз деңгейінде түсінген. Ұзақ ғасырлар бойы түрлі тарихи уақытты басынан өткізген және тарихи кезеңдерде ұлттық болмысы мен дербес мәдениетінің іргесін бекіте білген, ұлттың болашағына қызмет ететін құндылықтар бағдарын қалыптастыра алған ел үшін тарих адамның тұлғалық құндылықтары мен рухани қасиеттерінен туатын дүние.

Тарихи сананы қалыптастыруда қазақ алдыменен дүниетанымдық ұғымдарға, өмір мәндік түсінікке негізделген өнер дүниелерін дүниеге әкелген. Сондықтанда қазақ мәдениетіндегі халықтың ұлттық рухын көтеруге бағытталған идея, ұлттық идеологияның желісін ұлттың рухани дүниелері құрайды. Яғни елдің болашағы ұрпақ болмысының тереңдігіне тәуелді келетіндігін бабаларымыз ерте түсінген:

Мемлекеттің территориясы атамекенді иеленуде, ғасырлар бойы үнемі қорғау жолында барлық міндеттер ұрпаққа, оның қоғамына келіп тіреледі. Қоғамды құрайтын халық, елді қорғайтын адам сол халықтың ішінен шығады. Осы себептен ұлтымыздың тарихтағы рухани өмірінде халық мемлекетке демеуші, мемлекет ісіне қажетті адамды тәрбиелеп шығарушы болған.  Қазақ руханиятында мемлекеттің халыққа, қоғамға жасаған қызметі халық арқылы өзіне (игілік болып) қайтып отырады деген түсініктің жатқандығын көреміз. Бұл қазақ қоғамындағы мемлекет пен халықтың ортақ ұстанымының болғандығын көрсетеді. Ахмет Байтұрсынов «Әдебиет танытқыш» еңбегінде атап көрсеткендей, «Тұрмысқа сарын жасайтын адамның ғамалы, ғамалға өң беретін адамның мінезі, мінезге кейіп беретін тұрмыс төңірегі. Адамның мінезі ойының түрінен, көңілінің күйінен, істеген ісінен білінеді... Мінез іштен туады. Бірақ шынығып жетпей тұрғанда мінез түрін тәрбиемен өзгертуге болады. Адамға тәрбие беруші әуелі ата-ана, сонан соң ұстаз, мектеп, тұрмысындағы төңірек. Өмірінде қандай тұрмыс көрсе, қандай адамдармен кездессе, жолдас болса, істес болса, солардан өнеге көріп, үлгі алмақ. Өнер ғылым жоқ жұртта адам тәрбиесін төңірегінен алады». Тарихтағы қазақ қоғамының ішкі құрылымы, табиғаты  елдің тұрмысы сырт көзге қарапайым болып көрінгенімен, қоғам болмысының негізінде өмірдің тәжірибесінен өткен, сол тәжірибемен ысылған құндылықтарға толы рухани тереңдік бар. Дүниетаным, өнер түрлері, өмірлік тәжірибе негізінде бабаларымыз дәстүрлі қоғамның даму бағытын, оның құндылықтарын жасаған. Дәстүрлі қазақ қоғамында  ұлт пен жеке адам болмысының тұтастығы, рухтың үндестігі негізінде елдің дербестігі сақталады деген түсінік болған. Осы түсінік тарихта бірнеше мәрте тарихи уақыттың сынынан өтіп өзінің шындығын дәлелдеген. Бұған бірден бір мысал ретінде  тарихымыздағы қоғамның рухани өмірінде қалыптасқан тұлғалар институтын айта аламыз. Ұлт мәдениетінің феноменіне айналған осы институтты қалыптастырушы ұлт зиялыларын тәрбиелеу ісінде  ұлт руханиятының ерекше қызметін ескеру қажет.

Дәстүрлі қоғамның рухани ұйытқысына айналған талант иелерінің мектебі, институты ұлт мәдениетінің негізгі тірегі болған. Кешегі отаршылдық заманда қазақ руханияты ұлт тұлғаларының дәстүрі қоғам өмірінен күштеп жойылғаннан кейін  рухани дүниелерді бойында сақтап отырған. Осының салдарынан тарихқа қатысты дүниелер, мәдени құндылықтарымыз толығымен жойылмаған. Тарихта қазақты тәуелсіздіктен айыруда патша өкіметінің жргізген саясатының негізгі бағытын осыдан ақ білеміз.

Қазіргі таңда бүгінгі (өзіміздің өмір сүріп отырған) уақыт жағдайынан байқап отырғанымыздай,  ұлттың рухани дүниелерін сақтау ұрпақтың өткен тарих пен келер уақыт алдындағы жауапкершілігіне тікелей қатысты. Ұлттың рухани дүниелерін сақтау үшін оны меңгеру, иелену және білімін игеру қажет. Ахмет Байтұрсынов айтқандай, қоғамға бәріненде бұрын ең басты қажет дүние ұлттық мінез. Бұл қоғамның негізгі үлкен жетістігі болып саналады. Бұны иелену үшін қоғамға ықпал ететін тарихи сана.

Қазақтың ұрпақты елдікке тәрбиелеу ісінде де адамның мінезін тәрбиелеу жатыр.  Мінездің, адам болмысының деңгейін көрсететін көзқарас, ой-өріс тарих тағылымы негізінде толыққанды ақпараттанудан шығады. Ұлттық бірегейліктің өзі қазақ қоғамында ортақ тарих, ортақ мәдениет, ортақ тіл мен дәстүр, дінді сақтай білу (таза ұстау) негізінде қалыптасып отырған.

Тарихи әңгімелер, әсіресе батырлар жыры баланы ұлттық болмысымен, елдің тұрмысымен біріктіріп отырса, өзінің қоғамымен рухани бірігудің негізінде тұратын дүние атамекен түсінігі, табиғатпен байланыста болу. Мағжан Жұмабаев өзінің «Батыр баян» атты поэмасында сомдап кеткендей:

Ерлерді ұмытса да ел, сел ұмытпас,

Ерлерді ұмытса да ел, жел ұмытпас.

Ел үшін жаннан кешіп, жауды қуған

Ерлерді ұмытса да ел, шөл ұмытпас.

Ел жауын зерттеп, өрт боп, тынбай жортқан,

Ерлерді ұмытса да ел, бел ұмытпс.

Ел үшін төккен ерлер қанын жұтқан.

Ерлерді ұмытса да ел, жер ұмытпас.

Арқаның селі, желі, шөлі, белі

Ерлерді ұмытпаса, ел де ұмытпас!

Қиыншылық сәттер мен оқиғаларға толы тарихи заман уақытында қиналған, көңілі торыққан балаға да, үлкен адамға да ой мен күш бертін дүние осы атамекен. Себебі батырлар сол атамекенде дүниеге келіп, оның тағдыры үшін күресіп жатады. Атамекен болмаса ұлттың ұлт болып, мемлекеттің мемлекет болып тұра алмайтындығын әр адам жете түсінеді. Сондықтанда тарихтағы қазақтың рухани өміріндегі ұрпақтың зиялылығы  тәуелсіздік, елдің болашағы туралы тұтас ұлттық ойлаудың өнімі болып саналады.  Ұлттық ойлаудың негізінде тарихи сана жатыр.

Ұлттық сананы иелену үшін адам өмірдің мектебінен өтуі тиіс. Жаңа өсіп келе жатқан бала бірден өмір мектебінен өтпейді. Адамды тарихи уақыттарда өмір мектебінен өткізетін тәрбие, білім, тарихтың тағылымын (тәжірибесін) білу.  Осының негізінде өсіп келе жатқан жастың бойында тарихи сана қалыптасады. Тарихи сана дегеніміз (осы тұрғыдан зерделейтін болсақ) тарихтың тағылымын баяндау, тыңдау, оқып-білу, оған зер салу негізінде қалыптасатын түсінік, зерде, ой, идея, көзарас, ұстаным, ерік-жігерге толы көркем мінезді иелену.

Жеке адамның танымында, ой өрістің шеңберінде орын алып отыратын тарихи сана құбылысының басты белгілері тарихтың рухын бағалау, тағылымын ескеру, тәжірибесін иелену,  оны өмірде дұрыс пайдалана білу, қарапайым, жанашыр болу. Яғни тарихи сана деп адамның ой өрісі мен талғамының тарих тәжірибесіне сүйенуін айтамыз.

Тарихының тәжірибесін жасайтын ұлттың өзі. Ұлт өзі тәрбиелеп өсірген, қоғам алдына шығарған зиялыларының тұлғалық қасиеттері негізінде қалыптастырған дүниелерін сақтап отырады. Тарихтың тәжірибесі дегеніміз қайталануы ықтимал оқиғалар, тарихтағы орын алған оқиғалардың себеп - салдарын білу, күні бұрын алдын алу, елдің мүддесін қорғауда жинақтаған білімі және рухани қасиет үлгілері және т.б. Мағжан Жұмабаев айтып кеткендей, ұлттық құндылықтар мен ұлт тұлғаларының рухани қасиеттерінің тарих өрісінде өмір сүретін құбылысқа айналуы ұрпақтан тарихи және ұлттық сананы талап етеді:

Алты алаш Абылайдай арғымағын

Алаштың аруағына пар қылатын.

Бетіне Абылайдай ардагердің

Келуді алты алашқа ар қылатын.

Елдің тарихы қоғамның ішіндегі бәсекелестіктің, бір рудың немесе бір аймақтың атын шығару үшін, әр адамның аталық тегінің атын шығару, беделін көтеруге падаланылатын құрал емес. Ұлттың тарихы елдің тағдырына төнген қауіппен күресуден туған дүние. Сондықтанда оның табиғаты шындықты, әділ баға беруді қалайды. Осы мәселеге қатысты алаш зиялылары «дүниедегі әділ сыншы халық пен тарих» деген. Тарих тәжірибелерінің қоғамға қажет екінші жағы адамға шынайылықты, әділетті болуды үйретеді.  Әділ сыншы болу үшін ұрпаққа (тарихтан келе жатқан) рухани деңгейді иелену қажет. Төл тарихының болмыс бітімін дұрыс тани білген ұрпақ өз заманындағы тарихи оқиғаларға әділ баға береді.

Тарихи сана негізінде қалыптасып отыратын кісілік бұл тарихи оқиғалардың ішінде жүру, ерлік көрсету ғана емес, түзу мінезі (шынайылығы, тектілігі, адамгершілігі) арқылы кісіліктің иесі атану. Қазақ руханиятында қоғамға насихатталатын тарихи санаға қатысты дүниелердің бірі осы. Яғни қоғамның рухани өмірінде алдыменен кісілікке жараған адам ғана түбінде ерліктің иесі атанады. Көп жағдайда өсіп келе жатқан жастың тұлғалық дәрежеге жетуіне ықпал ететіни  ата-ананың тілегінің елдің тілегімен ұштасып отыруы. Мәселен қазақтың батырлар жырындағы ерлік иесі атанатын кейіпкер көп жағдайда ата-ананың көптен күткен перзенті болып жырланады және үлкен тілекпен дүниеге келген сәбидің ата - анасы қартайған бай адамдар. Бірақ тілегі қабыл болып дүниеге келген сәбидің ата-анасы бай болғанымен, ол баланың өсу жолындағы тілегі, мақсат-мұраты әкесінің дәулетімен шектелмейді, оданда жоғары тұрған ұлттық мүддеге бағытталады. Ең соңында сол бала ұлт ісіне қажетті дүниелерді меңгеріп елдің өміріндегі ұлт тағдырына қатысты мәселелерге араласа бастайды. «Ертек жырдағы батырлар сипатына қарасақ – деген Ахмет Байтұрсынов, - ол жырлар халықтың рухы нағыз көтерілген шағында шыққандығын байқаймыз. Ошақ басы, үй ішінің қамы сияқты өмірдің ұсақ мақсат жағымен азаматтары есептеспей ұлы мақсат, ұлы мұратпен болып, жұрт үшін, көп үшін  құрбан қылмайтын нәрсесі болмағанын көреміз. Әке шеше, туысқан-туған, мал-мүлік, ең қымбат жан-солардың бәрін жұрт қамының жолында бір тиынға баламағанын байқаймыз.

Тоғай толған жылқысы, қора толған қойы, желі толған түйесі бар байлар, жасы 80-90 ға келгенше бала көрмей, зарығып, тарығып .. жалғыз ұл көрсе, ол ұл жұрт жұмысына керек болған жерде қартайған, әлсіз ата-анам қалып барады екен деп оған қайрылу жоқ, тоғай толған көп малым қалып барады, оған қайтемін деп уайымдап қарайламайды» ».

Батырлықты туғызатын ұлттық идея. Идея халықтың деңгейінен, ұлттық зердеден шығады. Сол кездегі халықтың, яғни өзінің төл мәдениеті мен тарихын қалыптастырушы бабаларымыздың деңгейі үнемі ұрпақтың санасын бір бағытта, бір  арнада, бір деңгейде ұстайтын тағылым үлгілерін жасап қалдыруында.

Тағылым басы ұлттың танымы болып табылады. Ұлттың танымы өзін қоршаған әлемді тану, зерделеуден бастап, атамекен территориясын белгілеп, иегеріп отыру және сақтау жолында қабылдаған ортақ идеямен жалғасады. Бұл идея қазақ рухаиятында ел болу идеясымен көзге түседі.

Ел болу қашанда ұрпақтан ұлт ісіне келгенде ер болуды қажет еткен. Ерліктің басы мінезде, азаматтық ұстанымда, кісілік талғамда. Осы қасиет үлгілерінің барлығын біріктіріп отыратын поэзия.

Жыр дегеніміз тарихи сана құбылысын негіздеп отыраты дүние. «Адамның жануарлардан ерекшелігі  оның еске түсіруінде, ойлауында» - деп айтып кеткен Аристотель. Қазақ даналығында Әнет бабамыз айтып кеткен «өсиетке терең бол» деген қанатты сөз бар.  Осы ұғыммен зерделсек, қазақ мәдениетіндегі ұлттық өнер түрлер, әсіресе тарихи жыр үлгілері даналықтың ерекше үлгілерінің бірі саналады. Бұлай дейтініміз батырлар жырында зерделеген дүниелерінің нәтижесінде халық тегісей ел мүддесіне жақын болды. Қазақ қоғамында тарихи жыр ұлттық рухын тегістей көтеріп отыратын құндылық саналған. Әлихан Бөкейханов айтқан, «Жақсы көркем жырда сол уақыттағы қазақтың болмыс-салты көрініп тұруға лайық» деген ұғым осы шындықтан туындаса керек.

Бұған дейінде тоқталып өткеніміздей, қазақ ұзақ уақытқа жалғасқан, сан ғасырлық тарихты артқа тастайтын мәдениет жолын таңдап алған. Мәдениеттің басты белгісі ұлттың өмір сүріп отырған атамекеніне жақын, сонымен бірге өмір сүретін (үндескен) болмысты қалыптастыру. Бұған ең басты ықпал етіп отыратын табиғи орта, атамекеннің климат жағдайы, онымен үйлескен ұлттың тәжірибесі. Мемлекеттің территориясын сақтау, мемлекет құруда және оның мүддесін қорғауда қоғамға қажет, ұрпақ игілігіне жарап отыратын ең басты құрал  ұлттың тұтастығы. Батырлар жырына және тағы да басқа руханият үлгілеріне қарап халқымыздың өмірге сауатты түрде, даналық арқылы қарым-қатынас жасағандығын біле аламыз.

Батырлардың рухы, тұлғалар рухын сомдаған жыр тағылымы бейбітшілік уақытта, ғылымы дамыған заманда да қажет. Уақыт алға басып, адамзат қоғамы өзгерген сайын әлемде бәсекелестіктің қарқыны да күшеюде. Қазіргі жаһандану заманындағы бәсекелестік талабының ерекшелігі көзге көріне бермейді. Бірақ қоғамның ішіне орнығып жатады. Осындай жаңа уақыт жағдайында ұлттық санасы биік адамдардың қай салада болмасын зиялылығының  тарихи сана негізінде күш алып отыратындығы білінеді. Бұған бір ғана мысал кешегі кеңес қоғамы тұсында өмір сүрген Қаныш Сәтпаев сынды ғалымдарымыздың тағылымын айтуға болады. Мемлекетінің билігі өзгеге қараған уақытта өмір сүрсе де олардың ішкі ұстанымы болған.  Олар ұлт руханиятын ерекше жақсы көрген, ұлт мүддесіне қызмет етуде мамандығымен шектелмеген. Қазақ мәдениетінің тарихынан, тарих өрісінде тұрған қазақ зиялыларының тағылымынан түйетініміз, кез келген мемлекет азаматы тарихты терең зерделеуі тиіс. Бұндай міндет әр елдің тарихында да болған, қоғамға жүктеліп отырған.

Әлемдік мәдениет кеңістігінде мемлекетінің тұлғасын қалыптастыруды көздеген елдер ерте заманның өзінде қоғамында тарих, философия ғылымдарының іргесін ерте қалаған. Бұның басты себебі мемлекет ісіне қажетті мол тәжірибені жинақтау, ұзақ уақытқа жалғасатын стратегиялық жоспар құру болса керек. Өкінішке орай біздің тарихымызда бұндай мүмкіндік болған жоқ. Әлемге үлгі болатын, әлем мәдениетінің қалыптасуына ықпал ететін дербес ұлттың тарихы мен мәдениетін қалыптастырғанымызбен, отандық ғылымның дамуына тарихта отаршылдық саясат, одан кейінгі кеңес өкіметінің идеологиясы жол бермеді. Мәселен Ахмет Жұбанов отаршылдық замандағы қазақ қоғамындағы талант иелерінің (қазақ жастарының) өмірі туралы былай деп жазады: «...Ер жетіп, буыны қатқасын Құрманғазы сол Шағбаланың қойын бақты. Баяғы «кемістіктері» домбыра, тоғышарлық  әлі оның соңынан қалмайтын әңгіме болды. Бірақ, оның бәрі де Құрманғазы үшін алдағы мақсатына бөгет бола алмайды. Қойшылығы тамақ асырауы да, домбырасы жан азығы болды.

Құрманғазы далада жүріп судың сылдыры, желдің суылы, құстың шырылы, көктің күркірегені сияқты жаратылыс үндерін, әіресе адам қоғамының әділсізік әлпеттерін көз алдына елестетін, сан-алуан  мазмұнды қойшылардың ертегілерін тартқанда, «алпыс екі тамырыңды» иітетін сыбызғының үнін асқан ынтызарлықпен тыңдайтын...Он саусақтың өнерімен үстем тап өкілдерінің талай-талай соққыларын сындырған халықтан шыққан домбырашылардың күйлерін тыңдағанда өз басының тағдыры да сол бір күй оқиғаларының ортасына түсіп кеткендей болып, кей кездері ұйқы, тамақтан безіп те кететін. Осындай күй тыңдаудан туған ауыр ой, алысты жақындататын сұлу әңгіме, өз басындағы өмірдің ауыр салмағы жан-жақты төнсе де, қажырлы жас, ізденгіш өнерпаз  еңсесі түсіп, мойи бермейтін. Жалғыз-ақ қиялды күйдің не бір қатпар-қатпар болып жатқан терең сырлары билегенде, қоралы қойдың көз алдынан ғайып болып кеткенінде сезбей, қойшы «заңының» тармақтарына дақ түсіріп алатын. Ауыл адамдарының көзіне Құрманғазы қызыл өгізді ерттеп мініп, жанына торсығын байлап алып ертеден кешке шейін қой соңында жүретін көп қойшының бірі болып көрінгенімен – ердің қасындағы киіз қапқа салған домбыра, феодализм дәуірінің кейбір өздерінше өзгермес заңдарын тиеген арбаларын аударып кететін елеусіз шоқалақтың бірі еді». Тарихтағы қазақ қоғамында тұлғалар институты күштеп әлсіретілгенімен олардың рухы, идеясы, мұралары  халықтың рухани әлемінде сақталып қалды.

Тарихи сана адам бойында жататын тектілік қасиеттің белгісі. Себебі тарихты кез келген адам оқиды. Бірақ тарихты оқығанда кез келген адамның сезімталдығы ояна бермейді. Ұлтымыздың рухани әлеміне айналған дүниелер қашанда тарихтың тағылымын зерделеген ортада ұлттық рухтың ұрпақ бойында іштей жанданып отыратындығын дәлелдеген. Құрманғазы сынды талант иелерінің, оның бергі жағындағы алаш зиялыларының бейнесі осы ойымызды негіздейді.

Қазақ тарихты шежіре мағынасында түсінген.  Шежіре ұлттық түп тамырын, мәдениетін, болмысын біріктіруші ұғым. Бұған қарап ұлт мәдениетінде тарихи сана құбылысының ұлттық болмыс деңгейінді және оның зиялыларының болмысы негізінде өмір сүретіндігін анық байқауға болады.

Ұлттық болмыс өрісіндегі тарихи сана құбылысы ол ұлттың дәстүрі, мәдениеті, шаруашылығы, ділі, ана тілі және т.б. құндылықтарды негіздеуден орын алып отырса, ұлт зиялыларының тұлғалық болмысы негізіндегі тарихи сана ұлттық мүдде ісінің қажеттіктері мен ұлттық рухқа негізделген идеядан туындап отырған.

Тарих болмаса, ұлттың тарихы ұрпақ санасында сақталмаса оның болмысы, рухы әлсірейді. Ұлттық құндылықтарды ұрпақ бойында сақтап, оның өрісін кеңейтіп отыратын тарих білімі, тарихи сана күшімен қалыптасатын ұлттық сана.

Қазақ мәдениетінің құндылықтарына, қазақ халқының рухани дүниелеріне қарап рухани  құбылыс, зерде, көзқарас, ұлттық ойлау, ұлттық бірегейлікке тән ерекше қасиет екендігін байқаймыз. Барлық елде түрлі қиыншылықтарды басынан өткізіп отырған. Сол қиыншылықтарды жеңуде қоғамға қажет басты нәрсе халықтың ұлттық санасын, рухын көтеру болған.  Қоғамды, әсіресе халықты уақыт талабына икемдеуде (бағыт беруде) мемлекет өміріндегі гуманитарлық бағыттағы ғылым мен интеллигенция өкілдерінің ұстанымы тарихилық принцип болып табылады. Бұл принцип тарихи уақытта және бейбітшілік заманда да ең басты қоғамға қажет дүние.

Сонымен қазақ мәдениетінің тарихи кеңістігінде мемлекет пен ұрпақты біріктіріп, ел мүддесінің өрісін кеңейтіп отыратын құндылықтардың жарыққа шығуына ықпал ететін бір ғана дүние ұлттық сана.  Осы ұлттық сананың ұрпақ тарапынан (рухани қызметі негізінде) мәдени құбылысқа айналып отыруы тарихтағы қазақ болмысының тұлғалану ерекшеліктерін көрсетеді.

Сәрсембин Үмбетқан Қуандықұлы

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383