Сәрсенбі, 13 Қараша 2024
Міне, әңгіме! 8090 19 пікір 24 Желтоқсан, 2018 сағат 08:04

Тек Қызылорданың ғана емес, барлық аймақтың уақыты "тәуелсіздік алуы" керек

Адамзат пен күллі жан-жануарлар миллиардтаған жыл эволюциялық-биологиялық (циркадтық) ырғақты дамуы арқылы таң атқанда тұрып, күн батқанда ұйықтап өмір сүру үшін жаратылған, тіпті өсімдіктер де солай...

"Уақыттан озамын" деген жан өмірден озады. Менің бұл жазғаным соншалықты фантастикалық, я адам баласы сенбейтін тылсым дүние болып көрінуі мүмкін. Кезінде мен уақыт белдеулері туралы мәселе көтергенімде "мынаның есі дұрыс емес шығар" дегендер де болды.

Бірақ 7.12.2018 жылы ҚР Үкіметінің № 817 Қаулысы қабылданып, 20.12.2018 жылдан бастап Қызылорда облысында уақыт белдеуіне байланысты сағат өзгерді. Өзгерген күннің ертеңіне-ақ «біз бұның соншалықты маңызды екенін білмеппіз» деген халықтың, әсіресе балалардың қуанғанының куәсі болдық.

Бұл мәселені толық білу үшін "белдеулік уақыт", "декреттік уақыт", "жазғы", "қысқы уақыт", "жергілікті уақыт", "Гринвич уақыты" деген не екенін, ол не үшін керек екенін білу қажет.

Белдеулік уақыт деп күннің ең жоғары нүктесінде тұру мезгілін (истинный полдень, солнце в зените)  сағат 12-ден плюс-минус жарты сағатқа сай болған кезін айтады. Біздің елімізде ол тек бір ғана облыста, ШҚО-ға сай. Маған кезінде бар ауруларды, суицидті осыған тірейсіз, онкология өзге облыстарда да бар ғой дегендер болды. Біріншіден ШҚО-да өз зиянды өндірісі жетіп артылады. Екіншіден экологиялық, техногендік, дұрыс тамақтанбау, зиянды факторлардың бар екенін мен еш уақытта жоққа шығарған емеспін. Бірақ біз өзіміз қолдан жасап алған факторды бір ғана қол қоюмен шеше алатын елміз.Облысымызда оны да тиынсыз шештік.

Менің бұл мәселемен толық 4 жыл айналысуыма Қызылорда облысы неге суицидтан ҚР бойынша 1-орында деген түрткі болды. Суицидтың себебін білу барысында бірден Уақыт өлшемінің дұрыс болмауы салдарына, оны бұзу неге соқтыратынына тап болдым. Ары қарай қазбалай бастағанда Онкология, Диабет, ЖҚТ аурулары, тіпті бедеулік пен белсіздік, яғни репродукциялық қабілеттілікке әсері проблемалары шықты. Сөйтіп 4 жыл күнделікті жаңа етек жайып келе жатқан хрономедицина, хронобиология, сомнология саласына еніп кеттім.

"Сонымен біз неге ұйықтаймыз, қазақ неге ұйқышыл, десинхроноз, СХУ деген не, біздегі ең қауіпті созылмалы аурулар қайдан шығып жатыр?" дегенге жауап іздеп көрейік.

ҚР уақыт өлшемі тарихы 1924 жылдардан, одан кейінгі Сталин заманынан басталады. Қазақстан 1881 жылы Вашингтонда қабылданған Дүниежүзілік сағат белдеуі жүйесі (Гринвич уақыты) бойынша 4 сағаттық белдеуде орналасқан. Маңғыстау, Атырау, БҚО жартылай 3-сағаттық белдеуде, Ақтөбе, Қызылорда, Қостанай 4 облысы толық 4-сағаттық белдеуде, ШҚО 6-сағаттық белдеуде, қалған облыстар  5-сағаттық белдеуде.

1930 жылы 30 қыркүйекте бұған дейін электр энергиясын үнемдеу үшін бар жоғы 3 айға енгізілген 1 сағат озық декреттік уақыт қолдану  қаулысын бүкіл Кеңес Одағы аумағында енгізу туралы Рыков пен Мирошников қол қойған №534 қаулысы бекіді.

Сөйтіп жоғарыдағы белдеулік уақытқа 1 сағат қосылған озық декреттік Уақыт енгізілді. Жалпы декреттік уақыт Әлем елдерінде соғыс кездерінен кейін қолданылып 3-4 жылдан кейін жойылып отырған.

1956 жылы Кеңес одағы аумағында, оның ішінде Қазақстан да бар, Уақыт белдеулерін реттеу туралы заң шықты. Административті басқару тиімділігі үшін Қазақстандағы 4 белдеуді екеу қылып біріктіріп,  төртінші және бесінші белдеу қылып,  оның шекарасы 67,5 меридианын бойлай орналасқан облыс шекаралары арқылы өтеді деп бекітілді. Оған 1 сағат озық декреттік уақыт қосылып бұл белдеулер бесінші және алтыншы сағаттық белдеу болып шыға келді.

Яғни Маңғыстау, Атырау, БҚО жартылай 3 сағат белдеуінде орналасқанмен бесінші сағат белдеуі уақытымен өмір сүріп өз белдеулігінен 1,5 -2 сағаттай озық декреттік уақытта қалды. Ол сол кездегі және ҚР Үкіметі №1749 қаулысында көрсетілген.

Хош. 1980 жылдан Кеңес Одағында өзге елге еліктеп «жазғы» уақыт енгізу қате шешімі қабылданды. Қате дейтінім өзге елдер «жазғы» уақытты белдеулік уақытқа ғана қосса, Кеңес одағында бұрыннан, Сталин заманынан бар декреттік қысы жазы «жазғы» уақытқа қосты, яғни жазда екі еселенген «жазғы» уақыт болды. Әрине өз белдеулігінен екі сағат озық кету қолайсыздық тудырды. Кейіннен Қазақстан егемендік алған жылдары да бұл жалғаса берді. Жезқазған, Семей облыстарын таратудан кейін  «ҚР аумағындағы  уақыт өлшемі  туралы» 23.11.2000 жылы №1749 ҚР қаулысы қабылданды .Ол қаулыда да бұрынғы декреттік уақыт қолдану туралы шешімдер солай қалды.

Бір облыстар «жазғы» уақытқа  ауыстырды, енді бірі солай қалсын деді. Жылда көктем мен күзде шатасу басталды. Ақыр аяғында екі көршілес облыстар арасында уақыт айырмасы екі сағат болып кеткен жағдайға жеттік.

Оны реттеу үшін ОҚО мен Қызылорда, Ақмола мен Қостанай облыстары арасында 67,5 меридианын бойлай орналасқан сағаттық белдеу шекарасын Ақтөбе мен Қызылорда, Ақтөбе мен Қостанай облыстары шекарасына ауыстырып орналастыру жөнінде ҚР Үкіметінің 2004 ж №775 қаулысы  шықты.

Дәл сол жылы ҚР Үкіметі «жазғы» уақыт қолдануға  наразылық, шатасу көбейгесін қаржы бөліп Денсаулық сақтау министрлігімен зерттеу жүргізді, әкімдіктерден сауалнама жиналды. Қызылорда облысы әкімдігінің 2004 жылғы ұсыныс хатында «Қызылорда облысы сағаттық белдеуі шекарасы Дүниежүзілік уақыт өлшемі жүйесіне (Гринвич) сәйкес қалдырылсын және «жазғы» «қысқы» уақытқа көшірілмесін» деген ұсыныс білдірген.Өте сауатты ұсыныс, алайда бұл ұсыныс неге екені белгісіз ол кезде ескерілмеді .

Сонымен ҚР Үкіметі «жазғы» уақытқа ауысу Адам денсаулығына зиян деп тауып 15.03.2005 жылғы №231 қаулысымен «жазғы» уақытқа ауысудан бас тарту туралы шешім қабылдады. Бірақ  №775 қаулының  күші толық жойылмай ауыстырылған сағаттық белдеу шекарасы 67,5 меридианы бойына қайтарылмай, өзгерген күйі қалып кетті. Сонымен Қостанай және Қызылорда облысы географиялық толық  UTC +4 сағаттық белдеуінде орналасқанмен UTC+5 белдеуі аумағында , оған 1 сағат декреттік уақыт тағы қосылып  UTC+6 белдеуінде, яғни өз сағаттық белдеуін 2 сағат озық, қысы жазы үнемі екі еселенген «жазғы» уақытта, Қытайдың Хами аумағы таңы атуымен тұруға мәжбүр болып шыға келді.

2005 жылы-ақ бұл халықпен барлық инстанцияларға жазылды. Мүмкін сол кезде бұндай өрескел қателік жібергенді мойындау қиын болды ма, әлде шынымен бұның не екенін ешкім түсінбеді ме, кейіннен ол заңдылық сияқты болып, ақыры бұны шешу үшін бақандай 13 жыл, бір мүшел уақыт кетіп отыр!

ҚР Парламенті депутаттарымен бұл мәселе 5 рет көтерілді. Жазылмаған инстанция қалмады. Ақыры облыс басшылығының ұйытқы болуымен тікелей Елбасына жеткізіліп шешілді. Бірақ тағы да Қостанай облысы қалып кетті! Оған себеп Қостанай облысы әкімшілігі халықпен бұл проблема соңғы 3 жылда көтерілген емес деп бас тартуында. Бірақ 2016 жылы Қостанай облысы тұрғыны Далер Исмагулов ҚР Премьер Министрі Б.Сағынтаевтың атына интернет Петиция ұйымдастырған, оған тұрғындар қол қойған болатын. Қостанайлық депутат В.Кликоленко Қызылорда облысы Парламент депутаттарымен бірге бұл мәселені көтерген болатын. 2018 жылы Парламент депутаты Б.Кесебаева Үкімет басшысына сауал жолдағанда Қостанай облысы тұрғындарынан да осындай өтініш түскенін атап өткен.

Қазір түрлі ақпарат құралдарынан бұл Қызылорда халқының денсаулығына, экономикалық көрсеткіштеріне оң септігін тигізеді деп жатқанда қостанайлықтардан  «Біз ше, біздің, балаларымыздың денсаулығы ше?» деген сұрақ қойылуы орынды. Өйткені Күн ортақ. Одан ауытқып өмір сүру әлемнің қай жерінде зерттелсе де зияны екені дәлелденеді.

Бұл мәселе неге қазір өзекті болып отыр? Қаншалықты зиянды?

Соңғы 3-4 жылдағы әлем ғылымындағы ашылған жаңалықтар адам өміріне Биологиялық ырғақтардың қаншалықты маңызын, одан ауытқу ең қауіпті созылмалы (хронический) аурулардың өршуіне, тіпті  мінез құлықтың өзгеруіне себеп екенін дәлелдеп отыр. 2017 жылғы Нобель сыйлығы Циркадтық ритмдер механизмін ашқан үш американдық ғалымға берілді. 2018 жылы 9 наурызда Еуропарламент «жазғы» уақыттан бас тарту жөнінде Резолюция қабылдап күзде Еурокомиссия одан Еуропа аумағында 2019 жылдан толық бас тарту жөнінде шешім қабылдады. Ресей де 2014 жылы сағаттық белдеулерді біріктіру мен декреттік «жазғы» уақыт қолданудан бас тартты.

Бізде де кейде осы уақытқа 13 жылда үйренісіп қалдық деген пікір айтылды, 88 жылғы декреттік уақытқа да үйренісіп қалдық делінеді.Эволюциямен 2 миллиардтан аса жыл қалыптасқан циркадтық ритмдерді бұзуға 100 жылда үйреністік десек біз әлемде Нобель сыйлығына лайық «жаңалық» ашқан болар едік. Біз ауруға ұшырауымыз, оған гендік бейімділік тудыруымыз мүмкін, бірақ үйренісе алмаймыз. Ол Адам биологиясына, физиологиясына, тіпті табиғаттың өзіне қайшы нәрсе.

2017 жылы Американың Калифорния штаты Беркли университеті профессоры невролог ғалым Метью Уолкердің «Біз неге ұйықтаймыз?» атты ғылыми кітабы жарық көрді. Онда әлемде жасалған 17 000 ғылыми зерттеулер нәтижесін келтіре отырып циркадтық ритмдердің бұзылуы неге соқтыратыны толық дәлелденген.

Ресей ғалымдары В.Анисимов, В.Ковальзон, С.Рапопорт, М.Бланк, В.Добронравов, В.Апрельев, шет елдік Ю.Ашшоф, М.Янг, Ш.Линде тағы басқа көптеген ғалымдардың зерттеу нәтижесі  уақыт белдеуін дұрыс қолданбау Онкология, ЖҚТ(инфаркт, инсульт), Диабет, Семіздік, Репродукциялық қабілеттілік (белсіздік, бедеулік), баланың дұрыс бітпеуі, түсік тастау, бүйрек жетіспеушілігі, ұйқы бұзылуы ауруларына, яғни ең қауіпті созылмалы ауруларды өршітетін, тіпті жаңа ауруларды тудыратынын көрсетіп отыр. Метью Уолкер "әлемді ұйқы бұзылу эпидемисы жайлады" деп әлем елдері Үкіметтерін бұған аса мән беруге шақырады.

Қазіргі таңда Циркадтық ритмді, оның механизмін, мелатонин түзілуін бұзу  тек қана ауру емес ол Интеллект, Есте сақтау, Иммунитет, Қартаюды тежеу, Еңбекке қабілеттік, Өмір сүру ұзақтығына бірден бір әсер ететін, тіпті жол көлік оқиғалары мен авиация мен медицинадағы қателіктерге соқтыртын фактор екені дәлелденіп отыр.

Циркадтық ритм бұзылуы , яғни күн мен түн ауысу уақытынан елеулі ауытқу десинхронозға, ол өз кезегінде созылмалы шаршау синдромына (синдром хронической усталости), ал ол өз кезегінде ерте мүгедектікке, ерте өлімге соқтыратынына әлемдегі ешқандай ғалым шүбә келтіре алмайды.

Белдеулік уақыттан озу, одан туындайтын десинхроноз (джетлаг) ең бірінші ұйқы бұзылуына соқтыратыны дәлелденген. Одан ең зардап шегетін кімдер? Қыстың күні миы әлі оянбаған, сабаққа мәжбүрлеп тұрғызылатын балалар, жасөспірімдер,  сосын егде кісілер...

Адамның ары қарай бар өміріндегі денсаулығы  бала кездегі оның иммунитеті қалыптасуымен көп байланысты.

АҚШ, Израиль, Европа елдері, Канада, Норвегия, Ресей  ғалымдарымен әлемнің  барлық елдеріндегі миллиардтаған халыққа зерттеу жасалған. Бір түнгі ұйқының бұзылуы адам ағзасындағы рак клеткаларын жоятын киллер клетканың деңгейін 70 % түсіреді! Үнемі бірнеше белдеуді кесіп ұшатын ұшқыштар мен стюардессалардың рак ауруына шалдығуы қаупі 12 жылда 80%-ға артады. Ал белдеу бойымен ұшатындарда ондай қауіп жоқ. Циркадтық ритмдер бұзылуынан басқа себеп жоқ деп отыр ғалымдар. Түнгі жарықтану (световое загрязнение), түнгі өмір  көп мегаполистерде ауылдық жерге қарағанда рак ауруы 1,5-2 есе көп. Израиль ғалымдары түнгі спутниктен түсірілген қалалардың түнгі жарықтануына әрбір рак ауруын тұрғылықты жері бойынша салғанда дөп келген.

Түнгі ауысым жұмысшыларында онкологияға  ұшырау қаупі 40 %. Сондықтан да Дүниежүзілік Денсаулық сақтау Ұйымымен(ВОЗ) түнгі ауысым жұмысы ішімдік пен темекімен қатар когнитивті фактор ретінде тіркелген. Күніне 1-2 сағат Ұйқы бұзылуынан Қан тамырлары калцилендірілуі қаупі 200-300% артады. Дәл осы жағдайда денсаулығы жақсы болу мүмкіндігі Нөльге тең.

Ұйқы бұзылуынан балалардың семіздікке шалдығу қаупі 45%-ға, тәттіге бейімділік 30-40%-ға артады. Одан бөлек ішімдік, есірткі, спайс пен транквилизаторларға бейімділік пайда болады. Еркекте де, әйелде де репродуктивтілік қабілеті бұзылуы 33% -дан 80% артады.

Яғни, жоғарыда аталған ғалымдар Уақытты оздыруды адам өлтіруші, жаппай қыру қаруын қолдану мен хайуандық экспериментке теңеуі бекер емес.

Экономикалық салдары да осал емес. Еуропа елдері СХУ салдарынан жылына 200 млрд еуро жоғалтатынын, Ресей Ішкі жалпы өнімнің(ВВП)  2% түсетінін есептеп шығарған. Әлемде диабет ауруын емдеуге 375 млрд , семіздік ауруын емдеуге 2 трлн қаржы жұмсалады.

Тымау, басқа да ауруларға егілетін екпе адам организмі циркадтық ритмдері бұзылған жағдайда әсері болмауы да мүмкін. Ал кейбір емдердің циркадтық ритмдер ескерілмей, уақытында берілмесе оның тіпті кері әсері болуы мүмкін. Ал уақытында деген ол сағат тілі емес, Күннің уақыт мезгілі.

Ресей ғалымдарының «жазғы» уақытқа ауысу кезінде, 2011-2014 жылдары үнемі «жазғы» декреттік уақытта және 2014 жылы одан  бас тартып белдеулік уақытқа көшуі кездегі зерттеуі соңғысынан кейін жасөспірімердің ағзасында оң өзгерістер 1 айдан кейін ақ басталғанын көрсеткен. Яғни "1 айда ағзада оң өзгеріс, ал 4-5 жылда нәтижесін толық білінеді" деген өзге елдер зерттеуімен сай болып отыр.

Әрине, бұл барлық аурудың, бар проблеманың  шешімі деген сөз емес. Алайда біз бұны шешпей Адам капиталы сапасын еш арттыра алмаймыз деген сөз.

Жалпы айтқанда белдеулік уақыттан 1 сағат ауытқудың өзінің адам өміріне қаншалықты қауіпті екеніне дәлел жеткілікті. «Бақыт болмап еді, бақытсыздық көмектесті» (не было счастья, да несчастье помоголо) деген бар. Қазақстан Республикасы Үкіметі Қызылорда облысы уақыт өлшемінің бір сағат белдеулік уақытқа жақындауының өзі қаншалықты оң өзгеріс әкелетінін түсініп Үкімет Уақыт белдеуін реттеуі тиіс деп санаймын. Біз неғұрлым осыны ерте түсінсек, соғұрлым миллиондаған халқымызды, тіпті болашақ ұрпағымызды аман сақтап қала аламыз.

Уақыт өлшемін оң шешу практикасының әлем елдерінде бірнеше түрі бар. Бірақ бәрінде де ол өз белдеулік уақытымен (Гринвичь) болады.

Біздің елімізге ең қолайлысы ол декреттік озық уақыттан бас тартып бірегей уақыт өлшемін енгізу. Ол үшін Астана өз белдеулік UTC+5 белдеуіне көшуі тиіс. Қалған облыстар өз режимін жұмыс, оқу уақытын бір, жарты сағат ерте, не кеш бастап реттейді. ШҚО 1 сағат ерте бастайды, Ақтөбе, Қостанай, Қызылорда облысы 1 сағат кеш бастайды. Батыс облыстар да өзіне қолайлы уақытты өздері таңдайды. Сол кезде біз де былтыр «Жүз жаңа есім» форумында Президентіміз  Н.А .Назарбаев айтқандай «Япония, Корея елдері сияқты жұмысты 7-8-де отырып» бастай аламыз және де пойыз, самолет уақытынан шатасу болмайды.  Бұл тәсілді Қытай, Япония, Корея елдері қолданып отыр. Индия, Иран, Австралия, Афганистан, Бирма мемлекеттері бір сағаттық емес жарты сағаттық (мысалы UTC+5,5) белдеулік уақыт қолданады..

Сөйтіп бұл проблема елімізде түбегейлі қолайлы шешіліп, нүкте қойылады.

Біз басымызға кеңестік кезеңнен бүрілген мәңгүрттік сүрісін алып тастауымыз қажет. Ол үшін ең бірінші саяси шешім қажет. Біз  облысымызда халықтан сауалнама, сұрау салып бұл проблемада обьективті ақпарат ала алмайтынымызды білдік. Оған себеп әр түрлі жастағы адамның ұйқы-сергектік режимі әртүрлі болуында. Бірақ бүгінгі бұл проблема керек емес, онда тұрған не бар, сағат тілін өзгерткеннен не өзгереді  деген жастың ертең егде тартып , жанұя құрып,  балалы болары сөзсіз. Және оң өзгерісті ертеңіне-ақ өзі сезіп біледі.

Қызылорда облысындағы бұл проблеманы кезінде дұрыс түсінбеген, мені есі ауысқан санағандар бұның қаншалықты зардапты екенін ертеңіне-ақ түсінгенін айтуда.

Бұл тек сағат тілі емес, бұл Ұлт денсаулығы, сауаттылығы, іскерлігі, қорытқанда Ұлт қауіпсіздігі проблемасы!  Оған дәлел жеткілікті, ол біздегі заңдар мен картада, әлем ғылымы зерттеуі мен практикасында тайға таңба басқандай тұр. Сондықтан Қазақстан Республикасында  ғалымдар, мамандар  бұл проблемада бей жай қалмай өз үнін қосуы, білдіруі тиіс деп санаймын және соған шақырамын!

Болат Нұрғожаев

Abai.kz

 

 

19 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1233
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2948
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 3296