Жұма, 22 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 8927 25 пікір 25 Желтоқсан, 2018 сағат 12:29

Қазақты депортациялауға құмар соттың қауқары Перегудаға жетпей отыр

Кеше Алматы қаласындағы Бостандық ауданында сот процессі өтті. Қазақтар қазақша сөйлегені үшін қазақ қызы Әсел Назарбаеваны соққыға жыққан Ресей азаматы Диана Перегуданы елден аластау (депортациялау) мәселесі қаралды.

Анығын айтқанда, қаралған жоқ. Сот отырысы басталмай жатып аяқталды. Бүгін сол туралы жазамыз.

10-желтоқсан күні қабылданған шешім бар. Ол бойынша Алматы қаласындағы Бостандық аудандық сотының судьясы Мезгілбаева Г.Э Алматы қалалық Ішкі істер департаментінің арызы бойынша азаматтық іс материалдарымен танысып шыққан. Сөйтіп, ҚР Азаматтық процессуалдық кодекстің (АПК) 382, 268, 269 баптарына сүйене отырып, ҚР Заңнамаларын бұзғаны үшін Диана Перегуданы елден шығару ісін 24-желтоқсанға, яғни кешегі күнге, сағат 15:40-қа белгілеген.

Біздің білуімізше бұл ашық сот процессі болатын, оның үстіне азаматтық процесс. Сондықтан Диананы елден қуу мәселесі қаралатын бұл сотқа біз де қатысқанды жөн көрдік. Орбита 2 ықшамауданына (Бостандық аудандық сотына) бардық. Сотқа барған екі адамның бірі - Әсел Назарбаева, екіншісі - Нұргелді Әбдіғаниұлы (Abai.kz ақпараттық порталының шеф-редакторы, яғни осы жолдардың авторы).

Біздің көргеніміз...

Біз 15:35-те бардық. Есіктің тұсында жол сілтейтін ешкімді таппаған соң, сот ғимаратын араладық. Судья Мезгілбаеваның процессі қай залда өтіп жатқанын сондағы жұрттардан сұрастырдық.

Біз сот ғимаратынының ішінен Диана Перегуданың адвокатын жолықтырдық. Жанар Ысмағұлова (немесе Исмагулова) дейтін келіншек жанымыздан асығыс-үсігіс өтті де кетті.  Ал Диананың өзі түгілі көлеңкесі көрінбеді. Арыз беруші Алматы қалалық ІІД өкілдерін де көзіміз шалған жоқ.

Сөйтіп жүргенде есік телмірген екеуімізге Бостандық аудандық сотының қызметкері жолығып, сот отырысының аяқталғанын айтты.

Бізге түсіндіргені бойынша...

Жаңағы жігіт Диана Перегуданы елден депортациялау ісі бойынша өткен сот отырысының хатшысы - Ерніс Алмас Еркінұлы дейтін азамат екен. Соның айтуынша, сот отырысы кейінге шегерілген. Сотқа Диана Перегуданың адвокаты ғана қатысқан. Өзі келмеген. Ал біздің көзімізге көрінбеген Алматы қалалық ІІД өкілдері сотқа қатысыпты.

Бұл ашық сот процессі. Оған келіп қатысуға, сот отырысын тыңдауға болады. Ал Әсел Нзарбаеваның сот отырысына қатысу туралы үш рет берген өтінішінің не үшін ескерілмегені жайлы хатшы Алмас Еркінұлы мүлде білмейтін болып шықты.

«Келесі сот отырысы 26-жетоқсан күні сағат 11:00-де болады. Сот отырысына қатысу үшін 10 минут бұрын келіңіздер. Қалған сұрақтарыңызды жазбаша жолдаңыздар» деді Алмас Еркінұлы.

Кешегі соттың қорытындысы

Кешегі сот отырысы айналасы 5-10 минуттың ішінде, басталмай жатып аяқталды. Дәлірек айтсақ, кейінге шегерілді. Ал оған қатысуға барған Әсел екеуіміз сот залына кіріп те үлгермедік. Диана жоқ, ДВД-ны да көрген жоқпыз.

Сонда қалай?  Жауапкер, оның үстіне өзге елдің азаматы, қылмыс жасаған, онысын сот дәлелдеген, айыптаушы үкім шығарған азаматтың ісі қаралып жатса (жай іс емес, елден қуу туралы іс), оның сот отырысына қатыспауына бола ма?

Болады екен-мыс. Жаңағы Алмас Еркінұлы дейтін процесс хатшысы айтты. «Бұл қылмыстық іс емес, азаматтық іс» деді бізге.  Осымен тәмам. Келесі сот 26-желтоқсанда болады.

Енді Диана Перегуданың бұған дейінгі жасаған қылмысы туралы айтайық.

Естеріңізде болса биылғы жылдың 5-сәуірі күні Бостандық аудандық сотында қазақ тіліне қатысты сот процессі өткен. Ол сот отырысының егжей-тегжейі Abai.kz ақпараттық порталы жариялаған «Қазақтар қазақша сөйлегені үшін... қазақ қызы соққыға жығылған» атты мақалада баяндалған. Болған жайды қайта баяндап жатпайық, тынысып шығамын деген оқырман болса, сілтеме міне: https://abai.kz/post/68453

Әуелі сот процессінің негізгі фигуранттары жайлы: Жәбірленуші – Әсел Назарбаева. Ұлты қазақ, Қазақстанда туып-өскен. Қазір де Қазақстанда тұрады. Ал жауапкер – Диана Перегуда дейтін келіншек. Қолында ұстағаны Ресейдің қызыл паспорты. Иә, Ресей азаматы.

Нәпақасын, нанын қазақ жерінде тауып жүрген Перегуда Диана мен Әсел Назарбаева арасындағы жанжал неден басталған?

Өзгелерге өктем сөйлеп үйреніп қалған, өйтпесе өттері ісініп, өлердей бұлқан-талқан болатын, империялық санадан арылмаған, арылуды армандамайтын, қайта аңсаған үстіне аңсай түсетін орыс шовинистерінің отаны -  Ресейдің басы бүтін резиденті – Диана дейтін долыгүл қазақ жерінде байбалам салып, бүлік шығарған еді. Диана – өзара ана тілдерінде, яғни қазақша сөйлескен сатушыларды сала-құлаш тілімен тілдеп, кемсіте сөйлеп, кекірейе күлген. Оларға араша түспек болған Әсел Назарбаеваға күш қолданып, қол жұмсаған. Аяусыз тепкінің астына алып, балағаттаған. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тілін, қазақ тілін – «непонятный язык» деп кемсіткен. Бұның барлығы сотта дәлелденді.

Істі судья – Кван Елана Робертовна дейтін кісі жүргізген еді. Сот процессінің ауаны бұзақылық болғанымен, мәселенің түбі қазақ тіліне келіп тіреледі.

Ал белгілі заңгер Абзал Құспан Әсел мен қазақ тілінің мүддесін қорғап, ақыры біраз жыл бұлыңғырланып тұрған бұл істі аяғына шығарған болатын. Сотта Әсел жеңді. Әселмен бірге қазақ тілі жеңді. 13-сәуір күні Abai.kz ақпараттық порталында «Әселдің жеңісі – қазақ тілінің жеңісі!» атты мақала жария болды.

Сол күні оқылған сот үкімінің мазмұны былай: Диана Перегуда Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 293 бабы, 1-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. 2 жылға шартты түрде сотталды. Жауапкер Диана Перегуда жәбірленуші Әсел Назарбаеваға 1 миллион теңге көлемінде материалдық және моральдық шығын өтеп беретін болды.

Перегуданың жасаған қылмыстық іс-әрекеті – 2016 жылдың желтоқсан айында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жарияланған амнистияға сәйкес келгендіктен жазасы жеңілдетілді.

Сот үкімі бойынша кінәлі деп танылған Диана Перегуда өзіне міндеттелген материалдық және моральдық шығынды толықтай өтеп болды.

Кейін Әсел мен Абзал Алматы қалалық Ішкі істер департаментіне арыз жазып, Диана Перегуданы Қазақстаннан депортациялауды талап еткен.

Ол бойынша қалалық ІІД арыз беріп, кеше Диананы Қазақстаннан қуу ісі қаралуы керек еді. Кешегі соттың барысы қалай өрбігенін жоғарыда айттық.

 Перегуданы Қазақстаннан депортациялау ісін аяғына шығармай қоймаймыз

Абзал Құспан, заңгер:

- Маған дейін бұл іспен үш адвокат айналысқан. Ал біз ең бастысы 9 ай бойы дұрыс тергелмей, қайта-қайта қысқартылып, сотқа жетпей қалып жатқан іске кірісіп, сотқа жеткізіп, сотта айыптау үкімін шығартқыздық.

Шындығына келсек, Дианаға өзіміздің жергілікті қазақтар тарапынан нақты көмектер көрсетілді. Ол Диананы екі қазақ азаматының қорғағанын айтпай-ақ, қояйын, жарайды. Бірақ, бізге қарсы астыртын жұмыс жасап, Диананы қорғаған адамдар болды. Және ол адам биліктегі ықпалды адамдардың бірі болса керек, Алматы ІІД-не өте қатты сөзі жүрді. Ақырында біз Астанадағы ІІМ мен Бас Прокуратураның араласуынан кейін ғана бұл іс сотқа жетті.

Сотта да біраз қиындықтар болып, ақыры кінәлі деп танылды. Шартты жазаға кесілді. Одан моральдық және материалдық шығын ретінде 1 миллион теңге өтемақы өндірілген болатын. Оның өзін біз мәжбүрлі түрде орындаттық. Себебі, Диананың белгісіз көмекшілері, қолдаушылары оған джип (маркасын білмеймін) көлігін алып берген. Біз соны біліп, арестке қойғыздық. Содан кейін ғана Диана 1 миллион теңгені өтеп берді. Оның өзі бірнеше айға созылды. Әуелі өз еркімен төлеуге 1 ай уақыт берілді. Оны төлемеген соң, іс сот орындаушыларына түсті. Сот орындаушылары оның көлігіне арест қойды. Сөйтіп барып ол әлгі соманы өтеп берді.

Содан кейін, 1 ай турасында Алматы қалалық ІІД-не біз жазбаша арыз түсірдік. Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес, ҚР территориясында бір рет немесе екі не одан көп мәрте қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық әрекеттер жасаған шетел азаматтары ҚР территориясынан шығарылады. Бұл Диана бұған дейін де әкімшілік құқық бұзушылық жасағанын біз анықтадық. Одан бөлек, бізге қатысты, нақты қоғамға қауіпті қылмыстық іс жасап отыр. Қылмыстық істерді абайсызда және қасақана жасалған қылмыстық істер деп екіге бөлетін болсақ, бұл қасқана жасалған қылмыстық іс болып саналады. Бұзақылық қасақана әрі қоғамға қауіпті қылмыстық істер қатарына жатады. Сол себепті де, Алматы қалалық ІІД талап-аразы сөзсіз орындалуы тиіс.

Мысал ретінде айта кетейін, қазір өзім айналысып жатқан тағы бір іс, ол – баласы Қазақстанға келіп, «екі рет әкімшілік іс жасады» деп Қытайға қайтарылып жіберген ата-ананың ісі. Оның отбасы, кішкентай сәбиі осы жақта қалды. Ата-анасы зар жылап отыр. Жалғыз баласы екен. Сол жалғыз баласын Қытайға қайтарып жіберді.

Біз Қытайдан, Моңғолиядан, Өзбекстаннан келген ұлты қазақ азаматтарды ісі сотқа жетпей, қысқартылса да, әкімшілік құқық бұзды деп, депортациялап жатырмыз. Ал енді мына Ресей азаматы Диананы қылмысы сот арқылы дәлелденсе де, оны депортациялауға дәрменсіздік танытын отырмыз.

Біз осы уақытқа дейін қырығына шыдадық қой. Диана Перегуданы Қазақстаннан депортациялау ісін аяғына шығармай, Диананы елден шығармай қоймаймыз.

Өзге елдің азаматы қазақ тілін «непонятный язык», деп, ал адамдарын «мамбеты» деп кемсіткен...

Әсел Назарбаева, Диана соққыға жыққан қазақ қызы:

- Кешегі сотты өзіңіз көрдіңіз. Не масқара мынау? Өзге елдің азаматы, Қазақстанда бір емес бірнеше рет құқық бұзушылық істер жасаған. Оны және сот дәлелдеп, шартты жазаға болса да соттаған.

Енді сондай адамды Қазақстаннан депортациялауды неге сонша созып отырғанын түсінсем бұйырмасын.

Диана бұған дейін де біраз уақыт Ресейде, Кемер облысында тұрған. Өзі мемлекеттік тілін «непонятный язык», деп, ал адамдарын «мамбеты» деп менсінбейтін Қазақстанға соншалық тіс-тырнағымен жабысып, кеткісі келмеуінің жалғыз себебі болса керек. Ертең Ресейге барса, ол жақта Диана ешкім емес.

Екеуіміздің арамызда болған кезекті бір аппеляциялық сотта «здесь ущемляют мои права» деп жыларман болған еді. Ақыры оның құқы бұзылып, өзі «жәбір көріп» жүрсе, кетпей ме, Ресейге?!

Біз өзге елдің азаматы Қазақстанда бірнеше рет қылмыс жасаса да оны депортациялауға асықпаймыз...

Түйін. Диана Перегуда Ресей азаматы. Қазақстан Республикасының заңнамаларын бірнеше мәрте бұзған. Конституцияда анық жазылған ҚР Мемлекеттік тілі – қазақ тілін «непонятный язык» деп кемсітіп, оның заңды азаматтарын «мамбеты» деген. Одан қалса, ҚР Азаматын аяусыз тепкілеп, соққыға жыққан. Бұның барлығын сот растап, оған айыптау үкімін шығарған. Сөйтіп шартты түрде 2 жылға соттаған. Енді осындай адамды депортациялауға не кедергі?

Депортация – мемлекеттен тұрғаны мәжбүрлеп шығару деген сөз. Көбіне депортация басқа мемлекетке шыққан шетел азаматтарына немесе азаматтығы жоқ адамдарға қолданылады.

Диана өзге мемлекеттің адамы.

ҚР 2014 жылғы 3-шілдедегі № 226-V ҚРЗ Қылмыстық кодексінің «Жаза түрлері» деп аталатын 40-бабының 3 тармағында «Қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға негізгі жазамен қатар мынадай қосымша жазалар:

-шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегiнен тысқары жерге шығарып жiберу қолданылуы мүмкін», деп,

Ал «Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды ҚР шегінен тысқары жерге шығарып жіберу» деп аталатын 51-баптың 1-тармағында: «Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегiнен шығарып жіберу осы адамның Қазақстан Республикасының аумағына кіруіне бес жыл мерзімге тыйым салу белгілене отырып, мәжбүрлеу тәртібімен орындалады», 2-тармағында: «Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге шығарып жіберу жазаның қосымша түрі ретінде тағайындалуы мүмкін және жазаның негізгі түрі өтелгеннен кейін орындалады», деп тайға таңба басқандай анық жазылған.

Диана Перегуда өз жазасын өтеп болғанын жоғарыда айттық. Өзіне міндеттелген материалдық және моральдық өтемақыны да толық өтеп болды. Енді не кедергі?

Сөз соңында биыл Алматы әуежайында болған мына бір оқиғаны мысал еткенді жөн көрдік.

2018 жылдың 3-мамыры күні Алматы әуежайының шекаралық бақылау қызметі отбасымен бірге елге келген Жайнагүл Ғажапқызын «оралман куәлігі жарамсыз деп танылған» деген сылтаумен айналасы 3 сағаттың ішінде елден депортациялаған еді. Жайнагүлдің күйеуі Нұрсейіт Төлегенұлы ҚР Азаматы, олардың 2 жастағы ұлдары Ақжол Нұрсейітұлы ҚР Азаматы еді. Өзінде  Оралман куәлігі болған. Ол туралы Abai.kz ақпараттық порталы алғаш болып мәселе көтерген: https://abai.kz/post/69884

https://abai.kz/public/index.php/post/70645 

Сол кезде екіқабат Жайнагүлді жағдайына қарамай екі жасар ұлынан айырып, елден қуған ек. Немесе отбасы бала-шағасы үшін шекара бұзып келген Сайрагүлді де сүйрелей алып елден қумақ болдық. Ел болып, жұрт болып ақыры Сайрагүлге «Пана іздеуші тұлға» дейтін куәлікті әзер бердік. Сайрагүл нәмі қазақ бола тұра, Қазақстанның азаматтығын, азаматтық түгілі Босқын мәртебесін әлі күнге алған жоқ.

Сайрагүлдің де, Жайнагүлдің де ұлты қазақ. Қазақ қыздарын шетке қуғанға әлі жеткен біздің құзырлы органдар бөтен елдің азаматы, өзі қылмыскер Диана Перегуданы елден аластауға құлықсыздық танытып отырғаны қалай?

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

25 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5302