Жұма, 11 Қазан 2024
Дабыл 14423 69 пікір 3 Мамыр, 2018 сағат 20:07

Масқара! Алматы әуежайы. Шекаралық бақылау қызметі жүкті әйелді кері қайтарды

Бүгін редакциямызға Қытайдан Қазақстанға біржола көшіп келіп, Қазақстан азаматтығын алған Нұрсейіт есімді азамат хабарласып, басындағы ауыр жағдайдың жай-жапсарын түсіндірді.

Нұрсейіт  Төлегенұлы (суретте) 1986 жылы ҚХР, ШҰАР, Мори ауданында дүниеге келген. Қазақстан Республикасының азаматы. Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Тасқарасу ауылы, Жанысбаев көшесі 10-үйде тұрады.

Әйелі Жайнагүл Ғажапқызы - Қытай Республикасының азаматы. Екеуінің отасқандарына 2,5 жыл болған.  Бір жарым жаста ұлдары бар. Жас жұбайлар Египет Ислам Республикасында, Мысыр қаласында білім алған.

(Жайнагүлдің 02.05.2018 жылы 03:20-да Алматы әуежайына ұшып келгендігін растайтын ұшақ билеті)

Бүгін, 2018 жылдың 3-мамыры күні, таңғы сағат 03:00 ( таңғы үштен өткенде) шамасында олар Мысырдан Алматы әуежайына ұшып келеді. Нұрсейіттің өзі, әйелі және баласы үшеуі. Сөйтіп, шекаралық бақылаудан өтіп жатқан тұста Жайнагүлдің Қазақстанда жүріп-тұруға арналған Ықтиярхатының жарамсыз екені анықталған. Сол себепті, Нұрсейіт пен 1,5 жасар ұлы Қазақстанда қалып, Жайнагүлді кедендік бақылау қызметі келген бетімен Мысырға қайтарып жіберіпті.

Нұрсейіт Төлегенұлы:

- Мысырдағы әл-Ақса университетінде оқуымызды аяқтап келген бетіміз осы еді. Бүгін таңғы 03:00 шамасында Алматы әуежайына келіп қондық. Жұбайым Жайнагүл Қазақстан азаматтығын алып үлгермеген. Ол - Қытай азаматшасы. Ықтиярхаты бар. Ықтиярхаттың жарамдылық мерзімі 2021 жылы аяқталады. Ықтиярхатты Көкшетау жақтан алған едік.

Содан шекаралық бақылаудан өткен кезде мені мен ұлымды өткізді де, әйелімді кері қайтару керек деді.  Ықтиярхаттың жарамсыз екені анықталды. Бізге солай деп айтты. Қазақстан аумағында 183 күннен астам уақыт болмағандықтан, Ықтиярхат автоматты түрде жарамсыз деп танылған деді. Сөйтіп, әйелімді сол жерден Мысырға қайтарып жіберді. Тіпті, әуежайда 1 тәулік те тұрғызған жоқ. Мысырға ұшатын ұшаққа отырғызып жіберді.

Сөйтсек, Ықтиярхатпен жүрген адам 6 ай сайын Қазақстанға кіріп тұруы керек екен. 6 айдан асып кетсе, Ықтиярхаттың күші жойылады екен.

Әйелім өзі жолсоқты болып, қатты ауырып келген еді. Шекаралық бақылаудан өтетін кезде, түрін тексеру үшін камераға қарап тұрады ғой. Сол жерде құлап қалды, тіпті. Содан әуежайдың жедел дәрігерлік көмек көрсету қызметіне жүгіндік. Олар бастан-аяқ тексерді. Шынымен де Жайнагүлдің денсаулығы нашарлап кеткенін сол жердегі дәрігерлердің өзі айтты. Кедендегілер оған да қараған жоқ. Оның үстіне әйелімнің аяғы ауыр еді. Мына ұлым болса 1,5 жаста ғана.

(Ұлы Ақжол Нұрсейітұлы)

Мен сол жердегілерден сонша жалынып сұрадым. Ең құрығанда кешке дейін күте тұрыңдаршы дедім. Осы жақтағы аға-бауырларымнан мән-жайды білейін дедім. Оған да қараған жоқ. Құдды қылмыскер секілді, әуежайдан қайтадан Мысырға қайтарып жіберді. Мысыр әуежайына жеткен соң әйелімді Қытайға ұшырып жібереді. Ал Қытайға барған соң, оның қамалып кететіні белгілі. Көмектесіңіздерші, енді не істейін? Бұлай болмайды ғой. Біз оқуымызды аяқтап келдік. Енді әйелім де Ықтиярхаты аяқталғанша азаматтық алып үлгерсе, осы жердегі үйімізде тұрсақ деп келдік қой. Сонда адамның жағдайына қарамай ма кеден қызметкерлері? Жүкті әйел. Өзі ауырып келген. Бір жарым жасар балам ол шырылдап жылап тұр. Ал сақшылар әлгі жерде бізді екіге айырып әкетті.

Біз мәселенің мән-жайын сұрап, Алматы қалаласындағы Көші-қон қызметіне (Қарасай мен Байтұрсынов көшелерінің қиылысында орналасқан) бардық. Бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат беріп, болған оқиғаның жай-жапсарын түсіндіру үшін арнайы рұқсат керек екен. Ол рұқсатты Салтанат Әзірбек ханымға хабарласып қана алуға болады екен тағы. Дегенмен, Көші-қон қызметі басқармасы бастағының орынбасары Ермек Қанағатов мырза кейбір мәселелерді түсіндіріп берді.

«Қазақстан Республикасының Көші-қон туралы заңының 49-бабына сәйкес, Ықтиярхат иесі 183 күннен, яғни 6 айдан астам уақыт ішінде Қазақстан аумағында болмаса, онда Ықтиярхат автоматты түрде жарамсыз болып табылады. Сіздердің жағдайда, әйеліңіз Қытай азаматшасы екен, яғни Қытайға барып, визаға қайта өтініш жібереді. Тіпті, Ықтиярхатты қайта қалпына келтіруге де болады. Ол үшін тұрғылықты тіркелген жерінен өтініш жолдауы керек. Біз Көші-қон қызметіміз. Ал жаңағы мәселеде, Жайнагүлді не себепті бірден Мысырға қайтарып жібергенін білмеймін. Ол шекаралық қызметтің жұмысы. Солардан сұрау керек», - дейді Ермек мырза.

Ауыт Мұқибек:

- Иә, бұл мәселені жаңа ғана естідім. Мен Көші-қон қызметі полициясы қызметкерлерін сауатсыз деп жүрсем, шекара қызметкерлері одан екі есе сауатсыз екен ғой. Алдағы жерде оларды да Ішкі істер министрлігінің үш академиясынан кезекке тұрғызып оқыту керек!

Енді Жайнагүлдің жағдайына келсек, оның Ықтиярхатының мерзімі 2021 жылға дейін екен. Айыбы – шетелде Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұруға рұқсат алған және тұрақты тұруға рұқсат берілген күннен бастап ретімен келетін кез келген он екі айлық кезең шегінде күнтізбелік бір жүз сексен үш күннен артық тұрғандығы көрінеді. Мұндай жағдайға ұшыраған азаматтардың Ықтиярхаты автоматты түрде жойылады деген сөз ешбір заңда жоқ.

Тек, «Халықтың көші-қоны туралы» Заңның 49-бабы бойынша, Көшіп келушілерге Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға арналған рұқсатты беруден бас тарту не оның күшін жою үшін негiз болуы мүмкін. «Мүмкін» дейтін себебіміз, Ықтиярхатпен Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде 183 күннен артық тұрған азамат қылмыстық емес, әкімшілік құқық бұзушылық бойынша жауапқа тартылады. Оның өзінде, азамат бірінші мәрте құқық бұзса, аталған 49-баптың 5) тармағына (Қазақстан Республикасының шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы заңнамасын бірнеше рет бұзған;) сай, оған Көші-қон полициясы тарапынан ескерту беріліп, ары кеткенде айыппұл төлетіп қана жазаласа болады.

Демек, Жайнагүлді Қазақстан аумағынан тыс жерде 183 күннен артық тұрғаны үшін кеденнен кері қайтару – сауатсыздық! Ең құрығанда, шекарашылардың Көші-қон полициясына хабарласып, сұрауына әбден болады ғой! Сондықтан, қандасымызды ары-бері заңсыз сабылтқан шекара қызметкерлері сот алдында жауап беруі, жол шығыны мен моральдық төлем төлеуі, БАҚ бетінде кешірім сұрауы, керек болса, қызметтен кетуі керек!

Түйін. Сонымен, Жайнагүл Ғажапқызының Ықтиярхатының мерзімі 2021 жылға дейін жарамды болып шықты. Алайда Қазақстан аумағынан тыс жерде 183 күннен артық уақыт жүргені үшін Алматы әуежайы Жайнагүлді елден депортациялап отыр. Жайнагүл қазір Мысырға қайтарылды. Ол жақтағы жергілікті билік Жайнагүлді Қытайға депортациялайтыны тағы түсінікті. Қытайда Жайнагүлді не жағдай күтіп тұрғаны екі бастан белгілі. Ал мұнда көзі бозарып күйеуі қалды. Шырылдап жылап 1,5 жастағы ұлы қалды.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

69 пікір