Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Міне, әңгіме! 8392 22 пікір 13 Сәуір, 2018 сағат 02:06

Әселдің жеңісі - қазақ тілінің жеңісі!

Қазақ қызын аяусыз соққыға жыққан Перегуда ісі жайлы жазамыз. Кеше Алматыдағы Бостандық аудандық сотында қазақ қызын соққыға жыққан Ресей азаматшасы Диана Перегуданың ісі қаралып, шешім шықты.

Естеріңізде болса, «Abai.kz» ақпараттық порталы аяусыз соққыға жығылған – Әсел Назарбаева жайлы жазған болатын. Оқимын деген оқырман үшін мақаланың тақырыбы әм сілтемесі міне: «Қазақтар қазақша сөйлегені үшін...қазақ қызы соққыға жығылды».

Өзгелерге өктем сөйлеп үйреніп қалған, өйтпесе өттері ісініп, өлердей бұлқан-талқан болатын, империялық санадан арылмаған, арылуды армандамайтын, қайта аңсаған үстіне аңсай түсетін орыс шовинистерінің отаны -  Ресейдің басы бүтін резиденті – Диана дейтін долыгүл қазақ жерінде байбалам салып, бүлік шығарған еді. Диана – өзара ана тілдерінде, яғни қазақша сөйлескен сатушыларды сала-құлаш тілімен тілдеп, кемсіте сөйлеп, кекірейе күлген. Оларға араша түспек болған Әсел Назарбаеваға күш қолданып, қол жұмсаған. Аяусыз тепкінің астына алып, балағаттаған. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тілін, қазақ тілін – «непонятный язык» деп кемсіткен. Бұның барлығы сотта дәлелденді.

Жәбірленуші – Әсел Назарбаева. Қазақстан азаматшасы. Жауапкер – Диана Перегуда. Ресей азаматшасы. Істі жүргізіп отырған судья – Кван Елана Робертовна. Белгілі болғандай, сот процессінің ауаны бұзақылық болғанымен, мәселенің түбі қазақ тіліне келіп тіреледі. Сот ісі орыс тілінде өтті. Әлгі жауапкеріміз қазақ тілін білмейді екен.

Не керек, әйтеуір бүгін сот үкімі шықты. Диана Перегуда Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 293 бабы, 1-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. 2 жылға шартты түрде сотталды. Жауапкер Диана Перегуда жәбірленуші Әсел Назарбаеваға 1 миллион теңге көлемінде материалдық және моральдық шығын өтеп беретін болды.

Біз Әселдің қорғаушысы, белгілі заңгер Абзал Құспанды сөзге тарттық.

Абзал Құспан, заңгер:

-Кешкі 17:30-да аяқталған Соттың үкімі сағат 20:00-де оқылады деген еді. Кейін сағат 22:00-ге ауыстырылды. Сағат 22:30-да үкім оқылды. Перегудаға тағылған айып бойынша, ол кінәлі деп танылды.

Мынаны айта кетейін, Перегуданың жасаған қылмыстық іс-әрекеті – 2016 жылдың желтоқсан айында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жарияланған амнистияға сәйкес келгендіктен жазасы жеңілдетілді. Біз Перегуданың амнистияға ілігетінін әу баста-ақ, білдік. Бұл негізгі жаза бойынша шешім. Сондай-ақ, материалдық және моральдық шығын ретінде 1 миллион теңге өндірілді. Бізге маңыздысы ақша емес, Перегуданың кінәлі деп танылуы болатын. Тіпті, амнистия қолданылған жағдайдың өзінде қылмыстық іс  - «ақталмайтын негіздер» бойынша қысқартылады.

Ендігі мақсатымыз – алдымен Сот үкімін қолымызға алайық. Әрине, біз үкімге қанағаттанып отырмыз. Бірақ, кейін осы үкімге шағым келтіру, келтірмеу деген мәселе бар ғой.

Сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін, Диана Перегуданы Қазақстаннан депортациялау мәселесін қолға аламыз. Өйткені, ҚР территориясында қылмыс жасаған, тіпті бірнеше мәрте әкімшілік құқық бұзушылық жасаған шетел азаматтары депортацияланады. Заңда солай көрсетілген. Сондықтан, біз Диана Перегуданы депортациялау мәселесін міндеті түрде көтереміз.

(Әселді қолдап келгендер сағат түнгі 22:30-ға дейін тарқаған жоқ)

Әрине, Диана Перегудаға тағылған айып жеңіл деуіңіз мүмкін. Бұл – бұзақылық бойынша бап. Қоғамдық ортаны сыйламау, ерекше арсыздық жасау деп келеді... Аталған баптың, яғни 293-баптың 1-тармағы – орташа ауыр қылмыстар қатарына жатады. Бұл бойынша, амнистия қолданылмаған күннің өзінде, бас бостандығынан айыру жазасы қолданылмайтын еді. Біздің ондай мақсатымыз болған да жоқ. Ол өзі жас әйел. Кәмелет жасына толмаған баласы бар. Сосын, біздің мақсатымыз Дианадан ақша өндіріп алу емес. Олар бізге келіп, кешірім сұрап, келісімге келуге шақырып, ақша ұсынды.  Егер ақша өндіру керек болса, сол кезде-ақ, келісімге келіп, сотта кешірім берер ек.

Сосын, сотта Перегуданың қорғаушысы «мамбетка» деген сөз жайлы күлкілі аргумент айтты. «Мамбет деген балағат сөз емес, ол Мұхаммед пайғамбардың қысқартылған есімі» деп залда отырғандарды ду күлдірді. Сонда ол Әселді ұрып жатып Мамбет деп мақтаған екен, олардың ойынша.

Мамбет деген 3 түрлі мағынада қолданылады. Біріншісі – адам аты. Мұхаммед, Махамбет деген сияқты адам аттарының қысқаша атауы. Екіншісі – топономика. Яғни, жер-су атауларын атағанда қолданылады. Үшіншісі – адамды балағаттау, кемсіту мақсатында. Енді өзіңіз ойлап қараңыз, Перегуда әлгі жерде айқайға басып, долданып жатқанда Әселді кемсіту, балағаттау мақсатында айтқаны түсінікті ғой. Сосын мен оған контр-аргумент келтірдім. Ресей СІМ Консулдық қызметінде  арнайы шет елге шығатын Ресей азаматтарына  арналған кодекс бар. Онда жергілікті ұлттың ар-намысына тиетін сөздер мен әрекеттерді анық көрсетіп жазған.  Орталық Азия елдері - Қазақстан, Өзбекстан мен Қырғызстанға да келушілер үшін арнайы анықтама бар. Сонда, «Қазақстанда «мамбет» деген сөз балағат, адамның ар-намысына тиетін сөз. Орысша мағынада – «быдло» дегенді білдіреді» деп анық жазылған.

(Әсел Назарбаева мен азаматтық белсенді Құрал Медеуов)

Ол сот алдында кешірім сұраған жоқ. Судьядан уақыт сұрап, бізді оңаша шақырып, сөйлесті. Әрине, адвокаттарымен бірге. Істі бейбіт келісіммен шешуге тырысып-ақ, бақты. Бірақ, ол осы уақытқа дейін бірде-бір рет Әселге келіп, кешірім сұраған жоқ болатын. Оңаша келіп, кінәсін мойындап, кешірім сұрағаны, міне.

Тақырыпқа тұздық ретінде. Әсел Назарбаеваның соққыға жығылғаны, Ресей азаматшасының заңды белшесінен басып, қылмыс жасағаны жайлы «Abai.kz» ақпараттық порталы алғаш болып жазды. Ол мақаланы біраз әріптестеріміз көрішіп басыпты. Енді соның статистикасын жазайын.

«Abai.kz» АП. 05.04.2018. Кешкі 17:28-де жария болды. Оқылым саны – 15 393. Пікір саны – 67.

«Minber.kz» АС. 06.04.2018. Оқылым саны – 50. Пікір жоқ.

«Ақ Жайық» ГС. 06.04.2018. 09:33-те жарияланды. Оқылым саны – 830. Баспасөзге шолу.

«Алтын Орда» С. 06.04.2018.

«Аdyrna.kz» ФЭС. 05.04.2018. Оқылым саны – 5302.

«Қазақ Үні» ҰП. 06.04.2018. Оқылым саны – 3893. Пікір саны – 67.

«Mezgil.kz» С. 06.04.2018. Оқылым саны – 1562

«JAŃALYQ! НОВОСТЬ! 12+12KZ!» ВКонтакте парақшасы. Оқылым саны – 408. Пікір саны – 4.

«QAZAQ» You Tube каналы. 07.04.2018.  Көрілім саны – 86 307. Пікір саны – 1185. (Автор – Сабыржан Алдияр деп көрсетілген).

«Matritca.kz» ИП. 05.04.2018. 09:01. Оқылым саны – 14 416.

Қорытынды: Тағы өзге ақпараттық сайттар аталған мақаланы бөліскені рас. Әзірге бізге нақты белгілісі осы. Сөйтіп, ұзын-ырғасы бұл мақаланы 41 804 рет оқып, 86 307 рет көрген. 1323 пікір жазылды.

Нәтижесінде бүгінгі сотта белгілі болғандай, іс Әселдің пайдасына шешіліп, Диана Перегуданың кінәсі дәлелденді. Заңгер Абзал Құспанның айтқанындай, ендігі мәселе – Перегуданың елден депортациялануы болуы керек!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

22 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1972