Жұма, 22 Қараша 2024
Әдебиет 8960 4 пікір 26 Желтоқсан, 2018 сағат 10:34

Ел сыншысы - Көдек ақын

Мен Көдек ақын жайлы әңгімелерді кішкене күнімнен әкемнен естіп өстім. Естіп өстім дегенімнің өзі әкейдің ара-тұра шай үстінде айтқан әңгімелері мен үзік-үзік шумақтар ғана еді. Ақиқатында, ол кездерде Көдек шығармалары еркін дәріптелмейтін. Тек есімде қалғаны әкем марқұмның ақынның шумақтарын  төгіп-төгіп жіберіп «Қайран Көкең!».. деп ойға шомып қалатыны еді. Кейін есейгенде әкем құралпылас кісілерден Көдек туралы естіп қалып жүрдім, Бірақ, ақынды терең түсініп, зерттей жөнеледім десем артық болар. Мән бере қоймағанымның себебін қазір ойласам, Көдек ақынның болмысы біз тәрбиеленген жүйеден тым алшақ екен.

Көдек ақын

"Түлкінің қызылдығы басының соры" дегендей Көдек шығармашылығының көнелігі, қазақы түпнұсқа болмыстан тұратыны - оның жырларының насихатталмауының басты себебі болса керек. Көдек сынды қазақы ақындық міндетке адал болған қаншама ақындардың шығармалары түгелдей жойылып, там-тұм тамтығы ғана осы заманға жетті. Ал Көдек Байшығанұлының шығармаларының толыққа жуық сақталып бізге жетуі үлкен олжа.

"Мен едім ақын Көдек Сүмбедегі,

Бар шығар Құдаяның бір дегені.

Белгілі алыстағы дұшпаннанда

Дос жаман аңдып жүрген іргедегі.

Ұсталып кейбіреулер кетіп жатыр,

Кебенек киген адам бір келеді.

Қаңғырып өрмен қырға қашқын болдық,

Кісідей түсі кеткен түрмедегі.

Санасам бір ай он күн болған екен,

Бері өтіп шекарадан "шу!"дегелі.

Жарамды мал пұлымды қалмақ алды,

Оның да келер ме екен бір кезегі.

Бүлдіргі бүлінгеннен алма деген,

Айтқаны бұрынғының шын келеді.

Тоқыған көл жүзіндей дүние тұр,

Ел болып қай уақытта гүлденеді"  - деп басталатын  "Ел аралау"  дастанында ақын өзі айтып өткендей, "шу" деп шекарадан өтіп кетпегенде, мұралары бүгінгі заманға осы қалпында жетер ме еді, жетпес пе еді?! Әрине жетпей қалған әндері, жырлары, дастандары да бар деп естиміз. Он беске тарта әндері болған деген дерек бар. Соның үшеуін, төртеуін талмай іздеп зертеп, Тілеулес Құрманғалиев  көпшілікке таратып жүр.

Қызыл өкіметтің құрығынан қашып өрге барғанымен ол жерде де жағдай бірден мәз бола кетпесе керек.

" ...Суырша жердіп қазы кіріп алып,

Келісіп тұрған кезі сұрдың енді.

Үйді су алмасын деп жауын жауса,

Есікті еңіс жақтан жырдық енді.

От жағып ортасына көріп едік,

Кірді де көзге түтін құрыдық енді.

Бұнымен дәурен сүріп болмайды деп,

Құлжаға меш іздеуге жүрдік енді.

Мешті әкеп гүрілдетіп жаққаннан соң,

Азырақ көңіл шіркін тындың енді, - деп суреттегенінен онда барған елдің жағдайын анық көруге болады.

...Қапалық осы жерден келді басқа,

Ойласам тұрмысымды бір күні енді.

Ерулік жөні келсе сұрайын деп,

Аралап қайтайын деп бір құры елді.

Нәсіпке не ілінсе көретұғын,

Жолы деп жанбағыстың тұрдым енді.

Ұранды аты шыққан жақсыларды,

Аралап қайтайын деп бір-бір енді.

Қасыма Әлімбайды ертіп алып,

Атыма тәуекел деп міндім енді..." - деп әруақты ақын ол жақтағы Албан мен Қызайдың арасына барған соң да ақындық міндетінен жазбай, қазақы жүйемен ел аралап өлең айтуын жалғастырады.

Бұл жақа ақын Көдек қашып келіп,

Аралап елі жұртын көргелі жүр.

Мампаң мен ақалақшы зәңгілерін,

Қабаттап бір өлеңге тергелі жүр.

Бас тартпай турасынан қоя берсем,

Сөзімнің шығар еді кермегі бір, - деп жырлағанынан-ақ ақынның тек ерулік сұрап, жанбағыстың қамымен ел араламағанын, ақиқатын айтып, ел сыншысы бола білгенін көреміз.

Шындығын айту керек, Көдек шығармалары бізге сол қытай жеріндегі қазақтардың жинақтап төте жазумен бастырған кітабымен жетті. Ол кітаптың жинақталуына Нұрмұқан аға сынды жақсылар  мұрындық болған деп естиміз. Әрине ондай ұлағатты іс атқарған ағайынға айтар алғыс шексіз.

Бұл жерде Көдек Байшығанұлының ақындығы қытай жерінде қалыптасты ма деген ой тумауы керек. Басына қуғын түсіп тағдыры аласапыранға айналған ақын көкірек, қытай жеріндегі тұрғын елдің арасына кіргеннен соң еркін көсіліп, өз мұңын ғана емес ел мұңын суреттеп, өзінің де сол сорлаған елдің бірі екенін  ұғына жырлап төгілгенде, шығармашылық жолының келесі жаңа белесіне шарықтай көтеріле түскенін ұғына білуіміз керек.

Байқап қарасақ Кеңес өкіметіне Көдек ақынның өлеңдері ғана емсе, өзгермейтін қазақы болмысы, қазақы қасиетті жүйеге сай қалыптасқан ақындық көзқарасы ұнамаған екен. Көкеңнің "он алтыда" солдатқа алынып, одан қашып келгені туралы да дастаны бар.

1916 жылдағы Ұлтазаттық көтерілісті, одан кейінгі жылдардағы болған оқиғаларды, қалмақтан мал-жанды даулап барған Тұрлықожа Жансеркеұлының  Қытай әкімшілігімен келіссөз жүргізген дипломатиялық сәтін былай деп жеткізе жырлайды.

Он жетiншi жылыңа,

Келдiм жаңа аяңдап.

Ендiгi сөзге, құлақ сал,

Сөйлесiн Көдек баяндап.

Тұрлықожа жол шектi,

«Елiмдi жиып алам – деп.

Үрiккен жұртты қайтарып,

Қонысына салам», – деп.

 

Құлжа деген шәрiде,

Қытайдың басшы амбалы,

Жыңжушыға жолығып,

Қолына алды тамғаны.

Жергiлiктi ұлықтың,

Болмау үшiн жанжалы.

 

«Босқын елден таланған,

Мал-мүлiктi бер, — дедi.

Қашқын да болса халық қой,

Оған көңiл бөл», — дедi.

 

Сүйдiн деген қалада,

«Ерлiгiмдi көр» дедi.

Сабап Төрге қалмақты,

Айтқанына көндiрдi.

Аударып алып бөрте атты,

Жанына хауiп төндiрдi.

 

Үсейiнбай қашқарлық,

Ыңғайында ол жүрдi.

Мың амбы, сiбе қалыс боп,

Сөзiне сонда сендiрдi.

Сексен түйе, сегiз ат

Ел шығынын өндiрдi.

 

Қас, Күнес, Текес, Жырғалаң

Ердiң iсiн ел бiлдi.

Бәрiн түгел аралап,

Ақылға елдi көндiрдi.

Қалжат, Қорғас, Нарынқол

Шегарадан өткiзiп,

Жерiне елдi қондырды.

 

Айтып айтпай не керек,

Ақылы асып жөн бiлдi.

Опасы жоқ сұм ажал,

Есiл ердiң қапыда,

Оң сапарын сол қылды.

 

Бармақ тiстеп, сан ұрып,

Қалың Албан шулапты.

«Ажал неден болды» деп,

Шаңдатыпты тулақты.

 

Қауып қайдан демеңiз,

Қалмақ деген қу халық.

Қапысын тауып кетiптi,

Үзеңгiге у жағып.

Адастырды аңғалдық,

Құр амалсыз шуладық.

 

Үш күн салып араға,

Сүмбенiң өтiп суынан,

Сол удан ер сұлапты.

Жеткенiнде жұма күн,

Жансеркенiң жанына,

Ат жалын құшып құлапты.

Осындай жолды жүріп өткен, ішкі жан дүниесі ақиқат қазақ жүйесіне құрылған көне ұлағатты аңсап, қазақтың басына мызғымас бақ-дәулеттің орнауын, елдің іресінің бүтіндігін, болмыстың заңдылыққа сай тұрақтылығын армандаған ақынның "жасасын" деген ұранға еріп өзгермеуі әрине жаңа үкіметке ұнамасы айқын. Басында "патша қысымынан құтылдық, теңдік алдық"  дегенге  иланғанымен,  Кеңес үкіметінің түпкі бағытын аңғарған ақын жүрек жалғандыққа бара алмайды.

"Бұл сәбет "жаса" деді жасатады,

Жақсыларды қудалап тас атады,

Отыз қойлы орташа аман болсаң,

Сағанда құйрық бауыр асатады", - деген сияқты шумақтар ел аузында сақталған. Біздің қаттар  бұндай шумақтарды бір кезде сыбырлап қана айтатын еді.

Ұлттық болмысқа сатқындық жасамай, ақырына дейін ақындық миссияға адал болып өткені Көдек ақынның шоқтығын асқақтата түсіп тұр. Қашанда елге арқа сүйеген ақын арғы бетке өткен соң да "қашып келдім екен" деп бұғып қалмай әділетті жақтап, ақиқатты айтып өтеді. Сол қашып барғанына "бір ай он күн" өткен соң-ақ ел аралап өлең айтқан ақынның тек жанбағыс күйттемей ел басшыларын сынауы, барды бардай жоқты жоқтай айтуы нағыз ақынға ғана тән мінез.

"Байбатша, Үсен саған айтарым бар,

Ойың жоқ елге үлгі берсем деген.

Ұрлық, зорлық кәсіптің бәрі сенде,

Жағдайын ел ішінің көрсең деп ем.

 

Еліңді төрт жыл өтті сұрағалы,

Таусылып кедей кепшік жүр амалы.

Бозымға бұта ғұрлы пана болмай,

Бір түмен ақыреттен жылады әні.

Әуезхан, Жақыпберді шырағым-ай

Самудың байлауында құлағаны.

Жаралы жауды аяған болар деген,

Түсіріп сені қолға сынағаны.

Жасаңбай, Әбдірақпан, Үсенменен,

Қытайдың пәресіне құлағаны.

Ор қазсаң кеңірек қаз деген сөз бар,

Ақырың ертең түбің сұралады",  - деп ашына бетке айтып жырлауы оған дәлел.

Көдек мұрасының елге оралуы қарсаңында бұл жақтағы ел де қарап қалмай, ағайын туыс бас болып ұйымшылдықпен қарсы алды. Нарынқол ауданындағы ақынның туған жері Сүмбе селолық округіндегі  Қызылшекара орта мектебінің аты Көдек Байшығанұлының атына берілді. Сол жиын-той кезінде қолына тисе керек, әкем үйге Көдектің  төте жазуымен басылып шыққан кітабын әкелді.

Әкем Айтбай Әбдіраймұлы төте жазуға да, крилицағада жетік,  орыс тілінде  ауыз екі таза сөйлейтін кісі еді.  Қазақтың көне қиса-дастандарын жатқа соғып, ертегі етіп бізге айтып беріп отырар еді жарықтық.

Әкем кітапты әкелді де, "Көкеңнің өлеңдері"- деп дауыстап оқи бастады. Қандай әсер алғанымда анық есімде жоқ, жастау, аңғырттау шақ... өлең баурады ма, әлде бір тылсым күштің әсері ме,  төте жазу оқи алмайтын болғандықтан, әкеме дауыстап оқытып жеке дәптерге  біраз өлеңдерін түсіріп алдым.  Ол қол жазбам әлі сақтаулы, кейін Көдекті ұғынып, зерделей бастаған кезімде компьютерге  түсіріп қайталап оқып, бір талайын жаттап айтып жүрдім.

Есейіп, қолға домбыра ұстап жергілікті жерде өнер ортасына  араласа бастағанымда, Көдектің ешкімге ұқсамайтын өлең-жырлары қазақы қасиет пен Албан елінің басынан өткен тарихқа қанығуыма басты бағдаршы болды десем артық айтпаған болар едім.

Көдектің шығармашылығы мені көнеге жетелеп, жыр дастандардың сырына үңілуге үйретті. Аудандық, облыстық  ақындар айтысына түсіп, жүлделі орындарға ие болған кездерде де, қазақы заңдылықпен Көдек ақынның әруағына сыйынып жүретінмін.

Әкем «иғай»  деп бастап  бір әуендер айтып жүретін, өзі қазақы қара өлеңге жүйрік еді.  Сол әуендерінің ішінде біреуіне салып, "Иғайға басады екен өрдегі Албан" деп Көдектің өлеңін тербетіп отыратын. Мен ол мақамға ерекше ден қойып жүрдім, үйреніп, өзімше құбылтып реті келген жерде домбыраға қосылып "Көдек ақын былай деген екен "деп айтып қалып  та жүретінмін.

Бір күні сол  мақамды Тегістікте бір қарияның аузынан естіп қалдым да, "бұл қайдан келген әуен" деп  сұрадым.  (Өкінішке орай ол қарияның атын ұмытып қалыппын. Ұрпақтары сол Тегістік ауылында күні бүгінге дейін тұрады. Індетіп дерегін табу қиын да емес).

"Бұл ақын Көдектің әуені» деп  бұрын үлкендер  айтып жүретін әуен ғой" деді.

Иә, Көдек өлеңін  бәрін дерлік әуенмен айтқан екен ғой деген ой сап ете қалды.  Ішкі жан дүниемде бір тербеліс ойнап өткендей болып, арқа басым шымырлай жөнеліп барып басылды. Бәлкім әруақтың қолдағаны  деген осы шығар.  Содан бастап Көдек шығармаларына ден қойып қыр-сырына үңіле бастадым. Өкініштісі сол, аңызға айналған ақын туралы төгілтіп дерек айтатын кісілер өмірден озып кеткенде қимылдаған екенмін. Жүрген жерімде Көдек туралы білетін кісілер болса әңгімелесіп жүрдім, алайда тұщымды дерек тым аз.  Тек әкем ол кісіні сол "қаш-қаштың"  кезінде 7-8 жасында көргенін айтты. Әкемнің әкесі менің туған атам Әбдірайым Көкеңмен замандас екен. Көдек ел аралап жүріп  біздің ауылға түсіпті. Біздің ауыл ол кезде қытай жеріне  қашып барып шошала-қос тігіп отыр екен. «Ақын келді» деп  мал дегеннен қалған жалғыз ешкіні сойып қонақ етіпті. Ол оқиға туралы Көдек ақын өзінің «Ел аралау» деген дастанында:

«Тігулі үйден үмітім үзілгенде, 

Шошайған араладым қостың бәрін», - деп өлең айтып өтеді.

Сол дастанындағы:

«Үсен мен Әбділдаға жолықпадым,

Әдетін мұндағы елдің білдім енді.

Албанның үрікпеген түрі мынау,

Заманға не болғанын кім біледі.

Өзімде ат шапандай айыбым тұр,

Бұл жаққа пұл жина деп кім жіберді.

Мұнда кеп тышқақ лақ сойып жемей,

Өлеңді сол себепті қылдым енді.

Ақын деп ешкі сойып қонақ етті, 

Қашқын ел тұрғын елден нұрлы келді» деген сөзі де осыған куә .

"Көдек өлең айтар алдында  бір сүт пісірімге жуық уақыт көмейінен ыңылдап отырады екен, ол кезде "өлең шақырып отыр" деп ешкім мазаламайды екен, сосын барып өлеңді төгеді екен.  Шарықтап жырлағанда есіктен төрге, төрден есікке  отырған бойы жылжып барып келіп отырады екен. « Ау» деп бастағанда көмейі үлкейіп  кетеді  екен», - деп айтушы еді әкем марқұм.

Осы тектес әңгімені кейін  жолықтырған көне көз қарттардан  да көп естідім. Әнші Тілеулес Құрманғалиевтың ән қорындағы Көдектің «Қыздарау иғай» деген әннің қайырмасы:

«Тал мойнын талай қыздың талдырғалы,

Көкеңнің қолында тұр балдырғаны» - деп келеді.

Қыдырып келген, төркіндеп келген немесе тойына туыстарын шақыра келген – қыз-келіншектер түскен үйге ақынды арнайы қолқалап шақырып есіктен төрге жылжып салатын ән-жырларын, өнерін тамашалатады екен. Көдек ақын ән сала отырып жылжығанда қыздар төрден есікке, есіктен төрге  жеткенше қарап мойындары талады екен , "Тал мойынын талай қыздың талдырғалы" деп ақын сол сәтті әніне қосқан дейді аңыз.

Шын мәнінде Көдек тарихи тұлға, аңызға айналған кісі.

Менің түйгенім Көдек күйреуік, сарынға тым салынбай, жалған мадақ жасанды ұранға да елпілдеп ермей, болған жай, өткен оқиға, өзгерген заман туралы қаз қалпында айтып « Ақын ел сыншысы» деген  көне қазақы ақындық өнерге соңғы демі қалғанша адал бола алған ақын.

Жеке басын сөз қылып, өз мұңын күйттемей  қазақы жүйеге тән ақындық тұғырды аласартпай өткеніне бүгінгі «Рухани жаңғырту тұрғысында» назар аударылса  ақиқаттың ұшы көрінген болар еді.

Көдекті қазақтың қасиетті  көне жүйесімен  зерттеген адам, елдің кім екенін, елдік жүйенің не екенін, ол жүйеде ақынның орны қалай болғанын білген болар еді.

Қазақы жүйе қолды болған  кеңестің жаңа заманы кезеңінде Ілияс Жансүгіровтің «Көке мына жаңа заманды мақтап бір өлең шығарыңызшы» - деген хатына «мен жаңа заманның өлеңшілері сияқты жаза алмаймын ғой» деп кесімді жауап беріп хат жазыпты деген әңгіме бар.

Қазақта  "Ұялмаған өлеңші болады» деген мәтел бар екенін білеміз. Егер өлеңші деген кім, ақын деген кім  жырау ше,  қай биіктікте, міндеттері қалай болған?" деген сұрақтарға жауап іздеген  болсақ  ақиқатқа жақынырақ келген болар ма едік...

 "Байқұрман Қосқұлақтың мампаңы  екен,

Үйіне қонақ қылды ертіп барып.

"Келіпті Ел сыншысы Көдек"- деді

Хабарлап Қаражонды жыйып алып", -  деп жырлайды  Көкең  "Ел аралау" деген өлеңінде

Байқұрман  мампаң бекерге елді жиып «Ел сыншысы» демесе керек...

Көкеңнің көзін көрген қарттарды біз көріп үлгермедік.  Ел аузындағы дерек тым аз. Алайда жан-жақты үңілген адамға ақынның артына тастаған мұрасы аз дерек емес. Жете зерделеген адамға, қолды болған, үзіліп елеске айналған қазақы болмыстың түп нұсқасы Көдекте қылаң беріп тұр.

Біз Көдек шығармашылығын зерттеген кезде  тұлғаның жеке басын ғана емес, қазақы болмысты зерттесек абзал болмақ. Себебі "Ел сыншысын" елден бөліп қарау мүмкін емес.

Сансырап екі келіп, есі кетіп

Орысқа қараған  ел мұңлы келді

Ұйытқылы байдың бәрі тозып кетті

Үзілмей келе жатқан шынжыр еді

Солардан айырылған соң қайран елім

Кетті ғой тоз-тоз болып жүнжіп енді

Ел болмай осы бойдан кетер ме екен

Қолына тимей тізгін,шылбыр енді

 Түтіні тұман болған қайран Албан

Кейінгі не болады тірлігі енді, - деген  бір шумағының өзі ақиқат заңдылыққа құрылған қазақы қасиетті жүйенің болғанын, сол жүйеден айырылған соң не болғанын бейнелеп көрсетіп-ақ тұр.  Тек қана Албан емес, қазақтың болмысы шатқаяқтап тұрғаны жасырын емес. "Оны білетін бала қайда" демекші, бүгінгі өз болмысы өзіне жат космополит ұрпақ не деп не қоярын уақыт көрсетеді.

Біз пақырдың қолынан келгені Нұрлан Әбдібеков бас болып, Аман Мәнжуев демеушілік жасап Марат Жайнақов ұйымдастыруға ат салысып жинақтап Қазақстанда бастырған «Қайтейін жалған дүние» атты жыр жинағының көпшілікке тарауына араласып, насихат жүргізген болдық.  Азды көпті шығармаларын мақамға салып ел арасында таратып айтып жүрміз. Актер Дархан Дайырбеков "Сәбит Оразбаевтан үйрендім" деп бір мақам айтып жүр. Көдектің "Албан тарихы " дастанын сол мақамға салған екен үйлесіп ақ кетіпті. Сәбит Оразбаев "бұл мақамды мен Жетісу ақынынан үйрендім" деген болатын дейді Дархан.

Бар әл, жоқ жаймен Ақын Көдекке еліктеп ән жыр қалыптап жүрген де жағдайымыз бар. Қызды- қыздымен:

"Жігітке үйде жатқан атақ қайда,

Ел кезіп дәмін таттым түрлі жерден.

Сатылап жұрт алдында сөйлеп кетсем,

Сөзімді талай адам үлгі көрген.

Көдектің көне жолын жалғасын деп,

Албанға мен сияқты ұлды берген", - деп салдық бір кезі келген жерде. Бұл шумақты айтқан кезімдегі ой, өзімді мадақтау емес. Осы болмашы шумақты тыңдаған кездегі елдің көңіл күй аңғары еді. Ол қошеметке толы көңіл-күйден шығарған қорытындым, атаққұмар, мансапқорлықтан ада, Көдектер ұстаған қасиетті жолмен жүріп, ел сыншысы бола білетін ақын туылар болса ел қашанда тыңдауға, ұғынуға, сынына құлақ асуға дайын екен. Біздікі енді "ит жоқта шошқа үреді қораға, би жоқта құл жүреді жорағаның" кері болса болар, болашақта Мұқағали армандаған нағыз ақын бәлкім сол көне сүрлеумен жүретін шығар.

Қазақ елі "Рухани жаңғыруға" ден қойған кезеңде кемімізді түгендеп, кетігімізді бүтіндеу үшін көнеден бізге жеткені сонау Сары-Шуаштан бастап, Көдек , Шалтабай, Албан-Асандар қалыптастырған, кешегі Шарғын, Қасен, Оразалылар жалғастырған ұлы жолды жаңғыртып жалғайтын ұрпақтар өсіп ұлтына, еліне қызмет жасаса руханиятқа қосылған мол үлес болар еді. Ол үшін жүйелі жұмыстар атқару кезектегі мәселелердің алдыңғысы болуы керек.

"Көдек Байшығанұлының екінші кітабы басылуға дайын", – деп Нұрлан аға Әбдібеков сүйіншілегелі де бірталай уақыт болды. Көдек Байшығанүлының әндерін жырлап, зерттеп, зерделеп жүрген біздің замандастарымыз да баршылық. Ол топтың басында Тілеулес Құрманғалиев, Рамазан Стамғазиевтар тұр.

Ал өз басым ақынның 125 жылдығына орай алғаш кітабы басылып М. Әуезов атындағы драма театрда аталып өтілген кезде Көкеңнің «Бесік жыры» өлеңінен үзінді алып композитор Қанат Ибрагимовқа арнайы тапсырыс беріп ақылдаса отырып әнін жазғанбыз.  Заманауи өңдеп, орындап жүрміз. Эфирге дайын.  Сәті түссе шырқалар күні алыс емес деп ойлаймын. Бұл дегеніміз Көдек Байшығанұлының шығармасы көне мен жаңаның жалғауы бола алатынының дәлелі. Ақын Мұқағали ақын Көдектің жиені екенін ескерсек «жігіттің жақсы болмағы нағашыдан» деген мәтелдің тегін айтылмағанын көреміз. Болмысынан қасиет қашпаған Райымбектей әулие-батыр шыққан жердің  ұрпағының, яғни ақ иық Мұқағалидың тектілігі мен талантына кесір тигізбей нағашы жұрты ретінде ақпаратын еселей білген атаның болмысына мың алғыс.

Ал енді биылғы жылдың жетістігі - облыс орталығында өткен « Бәйтеректі ордам - бас ордам» атты жыршы-жыраулар конкурсына ақын Көдек Байшығанұлының «Ел аралау» дастанын алып барып жүлделі  орынды иелендім. Галла концертке арнайы қатыстырып дастаннан үзінді орындатты, көпшілік жылы қолпаштап қабылдады. Көдек дастаны қарттардың ауызымен жеткен мақаммен Жетісу сахнасында тұңғыш орындалды. "Көдек менің - Пірім" десем деп болады. Иә, Пірім деп айтыпта жүрмін. Әруағы тіктеле берсін! Қолдай берсін!

Аталаспыз, ұрпағының бірімін, "Мен өзім айт елімін Сүмбедегі" деп жырлаған ақынмен жерлеспін де. Менде сол ақын Көдек Байшығанұлы туған Сүмбе ауылының тумасымын. Әруақты ақынның пір биіктігімен, қолдауын көтере алатын қасиетке ие ұрпақ болсақ әлі талай Көдек көтерілген белестермен табысармыз. Тәңірі жолды оңдап, Әруақ қолдап Көдек ақынның әруағы тіктелген үстіне тіктеліп тұғыры биіктей берсін.

Биыл ақынның туғанына 130-жыл. Көнеден сөзі жеткен, қасиетті  ҚАЗАҚ жүйесіндегі ақындық миссияға аяғына дейін адал бола білген, мына заманда қадау-қадау болсада  жоқтаушысы бар, артында ұрпағы қалған Көдек Байшығанұлы бақытты ақын.

Серік Сүйіндік

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5302