Сенбі, 23 Қараша 2024
Бір сауал 8226 5 пікір 10 Қаңтар, 2019 сағат 15:57

Малайзияның жоғалған ұшағы Қазақстанда болуы мүмкін

Бес жыл бұрын, 2014 жылы 8 наурыз бортында 227 жолаушысы мен 12 экипаж мүшесі бар Malaysia Airlines ұлттық компаниясының Boeing 777 ұшағы MH370 рейсімен Куала-Лумпурден Пекинге ұшып шыққан соң көп ұзамай ізім-ғайым жоғалып кеткен болатын.

Нақты еш мәлімет таба алмаған Малайзия билігі ұшақта болған адамдардың бәрі қаза тапты деген қорытынды шығаруға мәжбүр болды. Бұл оқиға әлемдік авиация тарихында ең үлкен жұмбақтардың бірі болып қалған еді. Сол кезде жоғалған ұшаққа қатысыты тексеру жүргізетін арнаулы комиссия құрылып, жұмыс істеуге кіріскен. Алайда 19 адамнан құралған комиссия араға төрт жыл салып, 2018 жылы 30 шілдеде ұшақтың қалай жоғалғанын анықтай алмағанын мәлімдеді.

Бұл мәселеде сарапшылар пікірі екіге жарылып отыр. Бір тобы ұшақ апатқа ұшырап, бортындағы барлық жолаушы қаза болды десе. Тағы бір тобы ұшақты әлде кім қасақана өз бағытынан бұрып жіберуі мүмкін деген пікірде. Соңғы пікірді жоғарда аталған комиссия мүшелері де қолдайды. Олардың ойынша, ұшақтың апатқа ұшырауына үшінші тараптың қатысы бар болуы әбден мүмкін.

Бұндай болжам жасауға себеп жоқ емес. Ұшақ іздестіріле бастағанда жолаушылардың арасында ұрланған төлқұжаттармен билет алған адамдардың бар екені белгілі болған. Көп ұзамай бұл екі адамның Иран азаматтары екені анықталды. Малайзия премьер-министрі Наджиб Разақ лайнерді террористер айдап әкетті деген қорытынды жасады. Оның айтуынша, ұшақ бағытынан айнығаннан кейін әуеде жеті сағат қалықтаған. Кейін Куала-Лумпурде тұратын ирандық азамат ұшаққа жалған құжатпен мінген жолаушылардың бірімен таныс екенін айтқан. Оның сөзінше, танысы Бейжің арқылы Амстердамға бармақшы екен. Ұрланған төлқұжаттарды екі ирандық Еуропаға бару үшін әлдекімнен сатып алған. Жоғалған ұшақ бортында ұрланған төлқұжаттармен билет алған жолаушылардың болуы туралы ақпарат бұл оқиғаны әуе апаты емес, жоспарланған террорлық акт болуы мүмкін деген ойға жетелеп отыр.

Бұған қоса жоғалған ұшақтың байланыс жүйесінің қолмен ажыратылғаны белгілі болған. Малайзия көлік министрі Хисамуддин Хусейнге сілтеме жасаған Sun Star ұшақтың әуеге көтерілген уақытынан 40 минуттан соң бортта әлдекімнің ACARS (әуе байланысының адрестік-есептік жүйесі) жүйесін сөндіргенін хабарлады. Ал 14 минуттан соң радарларға белгі беретін құрылғы ажыратылған.

Жақында шетелдік ақпарат құралдары MH370 ұшағының тағдыры туралы тың болжам ұсынды. Англияның «күнделік почта газетінің» жазуынша, әуеге көтерілген ұшақ солтүстік бағытқа бет алып, Қазақстан аумағына жетуі мүмкін екен. Inmarsat жасанды жер серігі қызметкерлерінің есептеуінше, ұшақтың Үнді мұхитына құлау мүмкіндігі жоғары. Бірақ бұл 100% сенімді тұжырым емес. Ұшақ басқа бағытқа бет алуы да мүмкін.

Зерттеушілер ұшақ жоғалған сәттегі нүктесінен (орнынан) не оңтүстікке, не солтүсікке қарай ұшуы мүмкін деп отыр. Осы болжамдар негізінде зерттеушілер ұшақтың ең соңғы белгілі позициясынан екі бағытқа доға сызған. Егер оңтүсікке бет алса онда ол Үнді мұхитының бір жеріне құлады деген сөз. Ал солтүстікке қарай ұшса Қазақстан мен Түркіменстан шекарасынан бастап Тайландтың солтүстігіне дейінгі жерлердің бірінде болады. Бұнда ұшақтың оңтүстікке ұшу мүмкіндігі әлдеқайда жоғары. Алайда екінші мүмкіндікті де жоққа шығаруға болмайды.

Шетелдік сарапшылар егер ұшақ шынымен солтүстікке бет алған болса ішіндегі жолаушылар әлі күнге аман болуы мүмкін деп есептейді. Себебі, солтүстікке қарай ұшып апатқа ұшыраған болса, құрлыққа құлайтыны сөзсіз. Онда осы күнге дейін ұшақ қалдықтары табылар еді. Демек, 239 жолаушыны арқалаған әуекемесі аман болуы да мүмкін.

«Ұшақ ол жерде емес » деген кітаптың авторы Джефф Уайс: «Егер ұшақ солтүстікке қарай кетсе, онда барымталаушылар ұшақты шетекері аймақтардың біріне қондырған болуы мүмкін. Тіпті, ондағы жолаушылар әлі аман болуы мүмкін. Ал егер ұшақ оңтүстік бағытқа кеткен болса, онда тек алып мұхиттың құшағына құлады»,- дейді.

Англия ақпарат құралдарының жазуынша, ұшақ алғаш жоғалғанда Малайзия Премьер-министрі Наджиб Разак Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан осы ел аумағынан ұшақты іздеуге рұқсат беруін сұрамақ болған. Алайда бұл мүмкіндікке сәл қарап, аяқсыз қалдырған. Себебі, ол кезде құтқарушылар басты назарды тек Үнді мұхитына аударған.

Ол кезде ұшақтың солтүстікке бет алу мүмкіндігін жоққа шығарудың басты себебі, егер ұшақ солтүстікке қарай ұшса көптеген мемлекеттің әскери радарына түсер еді деп санаған. Ешбір ел жоғалған ұшақты көрдім-білдім демегендіктен, көптеген сарапшылар ұшақ мұхитқа құлады деген түйінге тоқталғандай болған. Бұл жерде тағы бір түйткіл, солтүстікке бет алған ұшақты үн-түнсіз отырған елдердің бірі атып түсіруі мүмкін екенін де жоққа шығармау керек.

Жоғалған ұшаққа қатысыты тексеру жүргізетін арнаулы комиссияны басқарған Кок Су Чонның айтуынша, егер қандай да бір ұшақ қалдықтары табылса ғана апат себептерін анықтауға болады. Арада бес жылға жуық уақыт өтсе де жоғалған ұшақтан ешқандай белгі табылмағандықтан іздеу жұмыстары әлі де жалғасатын болады.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

 

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5404