Сенбі, 23 Қараша 2024
Тарих 7847 8 пікір 22 Қаңтар, 2019 сағат 12:53

Астыртын ұйым ақиқаты

Бізде көптеген оқиғаларға, тіпті адам тағдырына да өз мақсат-мүддеміз емес, өзгелердің көзімен, қоғамдық құбылыстардың барлығын еш реңксіз, «ақ» пен «қараға» бөле саралайтын идеология тұрғысынан қараушылық ызғары әлі де сезіледі. Бұл жағдай, әсіресе, Екінші дүниежүзілік соғыс барысында тұтқынға түскен жерлестерімізге көзқарастан айқын байқалады.

1941 жылғы шілде айының орта кезінде Қызыл Армия бір миллионнан астам солдаттары мен офицерлерінен айырылды, олардың 724 мыңы тұтқынға түсті. Сол жылдың қараша айына қарай  неміс лагерлеріндегі қызыләскерлік тұтқындар саны 3,6 миллионға жетеді.

Олардың барлығы дерлік қара жұмыстарға, «легиондар» аталған түрлі әскери құрамалар қатарына тартылды. Ешкімнің де тектен-тек өлгісі келмеді. «Шығыс легиондары» құрамының саны шетел әдебиетінде әр түрлі көрсетіледі. Соғыс жылдары «Түркістан Ұлттық комитетінің» әскери бөлімін басқарған Баймырза Хаит «Түркістан XX ғасырда» деген еңбегінде: «Германия жағында 181 402 түркістандық соғысты» десе, неміс тарихшысы Иоахим Гофман «Шығыс легиондары» атты кітабында «неміс формасын киген кеңес түріктері саны 250 мыңдай болды» дейді. 1985 жылы Лондонда жарық көрген «Кеңес ұлттары стратегиялық болашақта» деген жинақта да осы мәлімет шындыққа баланады, бірақ легиондардағы қазақтардың жалпы саны көрсетілмейді. Бұлар – ашаршылық пен аурудан аман қалып, бір күнге болса да өмірін ұзартуға тырысқан, «алға қарай бір реті болар» деп болашаққа үміт артқандар еді.

Неміс лагерьлерінде тұтқындар ашық аспан астында ұсталды, тамақтары үсіген қырққабат пен қабығы аршылмаған картоптан тұрды. Кеңес өкіметінің тұтқынға түскен өз азаматтарынан біржолата бас тартып, әскери тұтқындардың құқықтарын анықтаған халықаралық Гаага (1889,1907) және Женева (1929) конвенцияларын мойындамауы олардың жағдайын қиындата түсті. «Свастика мен Қызыл Жұлдыз арасында» деген кітап авторы Патрик фон цур Мюлен соғыстың алғашқы қысында түркістандық тұтқындардың үштен екісі, ал Г.Гервардт «Гитлер мен Сталиннің арасында» (1982) деген кітабында олардың  80 пайызға жуығының ашаршылық пен аурудан өлгенін жазады. 1941 жылдың желтоқсан айында Польшаның түркітілдес халықтардың өкілдері шоғырланған Ченстохан концлагерінде 30 мың адамнан 2 мыңы ғана тірі қалады.

ТАМҰҚТАН ЖЕТКЕН ДАУЫСТАР

Неміс лагерьлеріндегі түркістандықтарға жалғыз ғана Мұстафа Шоқай (1890-1941) көмекке келеді. Ол, тұтқындарды өз мақсат-мүдделеріне орай пайдалануды көздеген неміс командованиесінің тапсырмасымен, қажетті мағлұматтарды (ұлты, мамандығы, білімі, жасы т.б) жинау үшін Польша жеріндегі концлагерьлерді аралайды. 1941 жылдың тамыз-қараша айларында Просткен, Сувалки, Пагеген, Дебиса, Деба, Ярослау, Лемберг, Эбенрод т.б лагерьлерде болып, түркістандық (ортаазиялық) тұтқындардың жағдайымен танысады. Осы кезде кеңес әскери құрылымдары басшыларының өрімдей қазақ, өзбек, қырғыз, түркімен, тәжік жастарын ажал аузына айдап салғанын өз көзімен көріп, естіп біледі. Олардың қандай жағдайда тұтқынға түскені жөнінде М.Шоқайдың Францияның Шығыс тілдері мен өркениеттері ұлттық институтының кітапханасынындағы жеке мұрағаттық қорында сан алуан құжаттар сақталған.Солардың бірі түркістандық тұтқындардан алған мағлұматтары негізінде жазылған «1941 жылғы Мұстафа Шоқайдың Германиядағы қызметі: әскери тұтқындармен – Түркістан тұрғындарымен байланыстары» деген құжат.

Соғыс жарияланған, кейін жалпы мобилизация бойынша майданға алынған түркістандықтардың оннан тоғызы (яғни 90 пайызы) винтовканы қалай ұстауды да білмейді. Көпшілігі орыс тілін меңгермеген, яғни команда тілінен марқұм М.Шоқайдың 1941 жылдың қазан айында Вели Каюмханға жолдаған хатында басқа да сұмдықтар жөнінде жазады. Дебиса лагеріне келген кезде ондағы 40 мың түркістандықтардан ауру мен аштықтан 25 мыңының  ғана қалғанын анықтайды. Олардың біразы тұтқынға жол азабынан, тамақтың жетіспеушілігінен арып-ашыған күйде түскен. Кеңес казармаларында, әскери мобилизация бойынша армияға алынып, майданға жіберілгенге дейін, түркістандықтарға тамақ берілмейді. Мұның себебі, түркістандықтар нағыз «қызыл әскер» ретінде есептелмейді.

Ен далада мал бағып өскен ауыл балаларына «направо», «налево» деген сөздерді үйретудің өзі қиынға соғады.

Мобилизация бойынша армияға алынғандар қатарында бастауыш және орта білім оқу орындарының оқушылары жиі ұшырасады. Армияға мектептен балаларды түгел сыныптарымен алып кетеді.

Қазақ, өзбек, қырғыз т.б түрік-мұсылман халықтарының өкілдері мылтықпен, оқ-дәрімен жұрттың ең соңында жабдықталды, көп жағдайда оларға аңшы мылтығы да жетпей жатты.

№106 Ақмола атты әскер дивизиясының көпшілігі қазақ болған. Соғыс өнеріне үйретілмеген, жөні түзу қару-жарақ та берілмеген бұлар Харьков түбіндегі қоршауда түгелге жуық қырғынға ұшырайды. Бұл дивизиядағы 3200 жауынгерге 3100 (неміс танктеріне қарсы!) қылыш беріліпті.

Орыс және басқа да славян халықтарынан шыққан офицерлер құрамында шовинистік пиғылдағы командирлер қазақ, өзбек, қырғыз жауынгерлерін ауыр да қиын операцияларға арнайы аттандырып отырады. Оның өлімге жұмсау екені алдын-ала белгілі еді. Мұнымен тынбай қылмыскерден құралған айып батальондары құрамына қазақ жастарының да қосып жіберілгені туралы фактілер ұшырасады. Бауыржан Момышұлының мұндай заңсыздықтарға қарсы тұруы осы жағдайларға байланысты еді («Жас қазақ», 2011, 24 маусым).

Майдан даласында жараланған қазақ жігіттеріне көмек көрсетілмеді. Ұрыс даласынан әкелінсе де, емдеу пунктіне қабылданбады, не болмаса басқаларынан кейін, ең соңында қабылданды («Егемен Қазақстан», 2010, 8 мамыр). Мұндай жағдайға назар аударған қазақ командирлері  (көпшілігі кіші шендегі) «ұлтшыл» атанып, аяғы трибуналға да жететін.

Қатты жараланып ұрыс даласында қалған жауынгерлердің тұтқынға түспейтін ешбір мүмкіндігі болмады. Мысалы, Атырау (Гурьев) тұрғыны Ғайпен Бейісов 1941 жылы Украинаның  Лоховица деген қаласының солтүстігінде өткен қырғын соғыста жараланып, 15-18 қыркүйекте ес-түссіз ұрыс болған жерде қалған, есін жиғаннан соң сол маңда қашып-пысып жүргенде немістерге тұтқынға түседі.

Мұндай жағдайлардан ар-ожданын бәрінен жоғары қоятын қазақ жауынгерлерінің тұтқынға қалай түскені жөнінде хабар алуға болады. Орыс генералдарының стратегиялық қателіктері, Кеңес Одағының соғысқа дайын еместігі, соғыс алдында елде кең көлемде орын алған саяси қуғын-сүргіндер – бұлардың барлығының 1941-42 жылдары үлкен апатқа, зор адам шығынына әкелгені бөлек әңгіме.

Мұстафа Шоқай мұрағатындағы құжаттарға қарағанда, қазақтардың 99 пайызы тұтқынға өз еріктерімен емес, мәжбүрлік жағдайда түскен, оларда немістерге өтейін деген ешбір идеологиялық мақсат болмаған. Қазақ тұтқындарының қолдарына түскен бір жапырақ қағазға, газет қиындысына өз қолдарымен араб, латын, орыс қаріптерінде М.Шоқайға жазып берген өтініштеріне құлақ асып көрелік:

*Бегімұлы Атығай, Әлжаппарұлы Мәжит: «Не жұмыс болса да қолымыздан келеді, 4 классты жәдидше оқығанбыp.Ең болмаса, тамағымызды асырайтын жерге жіберіңіз».

*Әміржанов Молдаш (Семей облысының Шұбартау ауданында 1919 ж.туған): «Байдың баласысың» деп оқуға алынбадым, жасырынып жүріп 8 жыл оқыдым. Сонымен бірге бұл кісі әкесінің 1928 жылы «бай-кулак» ретінде кәмпескеленіп, сотталғанын, кезінде «Құнанбайұлы Абаймен жолдас болғанын» жазыпты.

*Әбішұлы Бекбауыл (Алматы облысының Жаркент ауданында мұғалім болған): «Менің сізден сұрайтыным, маған бір жұмыс жағын қарастырсаңыз».

*Бердіұлы Жақсылық: «Қандай жұмыс болса да, мамандығым шофер. 11.IX.41».

*Ақбалаұлы Қамен. Сувалки лагері. 13.IX.41: «Мүмкін болғанынша тез жұмысқа орналастырсаңыз».

*Баймағанбетов Қайырден: «Мен өзім орысша, арабша, латынша жаза, оқи білемін. Ұлтым-қазақ. Орта мектепті бітіріп, мұғалім болып істедім.Жасым – 23-те. Қандай жұмыс болса да істеуге дайынмын».

*Ахметұлы Елеусін (Орал облысының Жәнібек ауданынан): «1916 жылы туғанмын. Арабша, латынша және орысша сауаттымын. 13.IX.41».

*Сұлтанұлы, Нұрбайұлы, Аңшыбайұлы: «Біздер, яғни өзіңіздің бауырлас қазақ балалары, жалынышты сөздерімізді айтып, өтініш етеміз. Осы қазақ арасынан жұмысқа адам алсаңыздар, бізді есіңізге аларсыз. 4 – группаданбыз. 14.IX.41»

*Бекарыстан баласы Әзберген: «Туысқаным, ағай, Мұсеке! Көке, мені алып кет».

*Қараев Сәрсенбай. Сувалки. 15.IX.41: «1916 жылы туғанмын, ұлтым – қазақ. Келес ауданынанмын. Армияға 1939 жылы алынғанмын. Мамандығым – темір ұстасы».

*Ихсанов Қабден,Төралиев Бияш: «Комбайншымыз, мал бағамыз, қара жұмыстың қандайы да қолымыздан келеді».

*Симанов Барат (1917 ж.Әулиеатада туған): «1940 жылдың қазан айының 173-атқыштар полкінде әскерде болдым. Бабам Исмаил қажы Түркістан шаһарында тұрады. Өзімнің мекенім: Город Джамбул, ул. Буденного, 2-й тупик, дом 15».

*Жанабеков Әмірбек (22 жаста): «Шымкент облысының Сайрам ауданынанмын. Бір қызмет іздестіремін.

*Есмұрзаев Сейіт (Қызылордадан): «Ініңізге көз қырын салыңыз».

Тамұқтан жеткен осы секілді өтініштер жаныңды тебірентіп, оларға деген бүгінгі ұрпақтың қатыгездігіне іштей күйінесің. Қайтадан сол адамдардың мұң-зарына құлақ салайық.

1917 жылы Петропавл қаласында туған Қасенов Қажығали өз өтінішінде Кеңес өкіметіне қарсы болғаны, екі рет сотталғаны, «Құлымбетов, Есқараевтардың жағында екені» туралы жазып, бір қызмет ұсынуды сұрайды.

М.Шоқаймен туыстас болып шыққан Әбсадықов есімді азамат: «Мен сіз туралы «Азамат соғысының тарихы» деген кітаптан оқығанмын. Мен Есқараев Сүлеймен мен Жүргенов Темірбектің жақын туысқанымын. Сол себепті, мүмкіндігіңіз болса, менімен жеке сөйлесуіңізді сұраймын. Мен сізді Қызылордада, яғни Сұлутөбеде туып-өскен деп естігенмін. Мен өзім Қармақшыданмын, көп уақыт Қызыордада тұрып, сонда оқыдым... Сіз –  ұлы есімдісіз және сізбен кездесуді үлкен бақыт деп есептеймін», - дейді.

Қызылорда облысы, Қазалы ауданының тұрғыны Ақшаұлы Деменбай (жасы 25-те): «Әкем бай болған, 29-жылы сотталған. Кәмпеске болып, содан қайда кеткені белгісіз. Өзім – мал маманымын. «Әкең бай болды» деп, 38 жылы 10 ай түрмеде ұстады. Армия қатарына 1940 жылы алындым», - деген мағлүматтар беріпті.

Арабұлы Макеш, «тұлдай жетім», әкесі 1928 жылы «кулак» ретінде сотталған, туған-туыстары 1930 жылғы көтеріліс кезінде қырылып қалған». «Соғысқа өз еркіммен аттандым, бірақ енді елге оралғым келмейді, мені өзіңізге бір қызметкер қылып алыңыз», - дегенді айтады.

Алматы облысының тұрғындары Жақсыбайұлы Мадияр, Тұрғамбайұлы Қалқа, Қожахметұлы Нұрмамбет, Сұлтанқұлы Әбдәлім, Созақбайұлы Зарлыхан (бесеуі де бір ауданнан) 1941 ж. 13 қыркүйекте М.Шоқаймен кездесу кезінде әкелерінің бірінің бай, бірінің болыс болып қуғын-сүргінге  ұшырағаны туралы айтып, «мына қиыншылықтан құтқаруды» сұрайды.

1941 ж. 13 тамызда Сувалки лагерінде жетімдігін айтып, жылап тұрып өтініш білдірген Әбділдаұлы Айнабай ешбір әскери дайындықсыз майданға аттандырылған. 1928 жылы әкесі тәркіленіп, айдалып кеткеннен бері кісі есігінде өскен. Айнабай «жоқ» деген сөзді жиі қолданады: «Әке – шеше тәрбиесінде болғаным жоқпын. Өкімет тәрбиесінде болғаным жоқ. Не коммунист, не комсомол тәрбиесінде болғаным жоқ. Не совет школында болғаным жоқ. Армияға биыл соғыс үстінде әкелді. Жасым 21-де. Күнім аға, жақсылығыңызды ұмытпаймын, өзіңізге адам керек болса, қолыңызға алыңыз. Жәрдеміңізді сұраймын».

Семей уезінде 1911 жылы туған Мұхаметжаноғлы Мұғаметмағзұмның «хаты» да араб қарпімен жазылыпты, себебі, жастайынан арабша оқыпты. Кейін «латынша», «орысша» оқып, мал технигі мамандығын алған. «Жат тап» ретінде қуғындалып, 1941 жылы наурыз айында шекара бекіту жұмысына алынғанын, содан тұтқынға түскенін мәлімдейді. Хат мәтініне қарағанда, онда айтылған жағдайлардың шынайылығына сенуге болады. «Менің үлкен әкем – Құдайберген қажы. Оның баласы Мұхамеджан бай болған, 1927 жылы өкіме кәмпескелеп, әкемнің 250 қойын, 175 жылқысын, 83 сиыр, 34 түйесін алып кетті, өзін он жылға түрмеге кесті. Бірақ қолға түспей, Аягөз деген жерде қашып жүріп өлді».

Қойын дәптердің парағына араб қарпімен жазылған мына бір құжат аумалы-төкпелі заманда ғұмыр кешкен, бірақ қиындықтарға қарамастан алға ұмтылған қайсар қазақ жастарының өмірінен белгі береді.

Өлім алдында тұрса да, рухын жоғалтпаған бұл жасты да тыңдап көрелік:

«Сәлем бердік. Нашарға жағдай туғызу мақсатында алыс жерден келген туысқан мұсылман баласы. Сізге жүрегімнің терең түкпірінен шыққан махаббатқа толы сырымды ұсынып, төмендегі жағдайымды еске алуыңызды өтінемін.

Мен Гурьев (Үйшік) облысынанмын, Қаңбақтыны жайлаушы Қосымбай болыстың туған  немересі Жалғасұлы Сембай боламын. Орта білімім бар. Мамандығым оқытушы, Гурьевтегі оқушылар курсын бітірдім (мұғалім болар – авторлар). Бірақ жасымнан газет-журнал жұмысына араласудамын. Бұл іс – өмірлік алға қойған мақсатым. Мұның қайнар бұлағы ( тіл бұлбұлы) – ақын-жазушылық жұмысы. 30-жылдан жазушылық талаппен қазақтың көркем әдебиетімен таныстым, 31-жылдан өз бетіммен қолыма қалам алып, түрлі жағдайға арнап  өлең, әңгіме жаза бастадым. Бірақ Қосымбай болыстың («бөрінің») тұқымы деп... менің шығармаларым керексіз пұлға айналып отырды.

Мектеп бітіргеннен кейін облыстық газетке жұмысқа кіріп, қазақтың көне фольклорын жинау жөніндегі комиссияға іліндім. Сонымен «Алаш заманындағы ақын-жазушылардың сойылын соғушы» деп облыстық газет алқасынан шығарды. Көп адамдармен бірге мені де қуды.

Сіздің есіміңіз біздің елде өшпес орын алды. Францияда дегенді естіп, елде жүргенде армандаушы едім. Сол тілегім орындалып, сізбен бүгін жолыққалы отырмын.

Мен бір түпсіз тұңғиыққа батқан қара тастай қайғылы ауыр халде тұрмын. Болашақ жас талантты өлім халінен алып қалуыңызды сұраймын. Сізді «дұрыс жазушы адам» деп ұғындырушы еді. Қызылорда қазақтары. «Жазушы – адам жанының инженері» деуші еді ғой. 4-жұмысшы тобы, 2-парақ. Жалғасұлы Сембай 19.X.41». (L,Archives de Moustapha Chokay Bey // INALCO (Paris) Bigliotheque.Carton 2. Dossier 1)

М.Шоқайдың жеке мұрағаттық қорындағы соғыс тұтқындарының «өтініш» қағаздары мұнымен шектелмейді. Олардың бәрін бірдей бұл жерде тізе беру мүмкін де емес, қажеті де бола қоймас. Бірақ олардың бәріне тән бір нәрсе бар: түркістандық тұтқындардың бірде бірі «мені Қызыл Армияға қарсы майданға жіберіңізші» деп сұранбаған, бәрі де бейбіт өмірге оралуды, жұмысқа орналасуды ойлаған.

Дегенмен, тұтқындардың барлығы да бір сарында сөйледі, «Кеңес өкіметін шексіз сүйді» деп жазсақ, шындыққа қиянат болар еді. М.Шоқайға тапсырған өтініштерінде олардың өміріне де әсер еткен күшпен ұжымдастыру, саяси қуғын-сүргін, әкелерін, не ағайын-туыстарын тәркілеу т.б сойқанды оқиғаларға байланысты іштерінде жатқан реніш табы сезіледі. Симанов Барат «халық колхозға қалай разы болсын» деп ашығын айтады. Байбосынов Көптілеу, қаражаты жетіспегендіктен, университетті тастап кеткен. Әбуев Хасен, соғыстың қарсаңында «түрмеге отырғызуға сот үкімі шығып» қашып шыққан, оның әкесі де «халық жауы» ретінде сотталған. Тіпті, Кеңес  өкіметінен онша жақсылық көре қоймаған бұлардың  өздері де қару ұстап оған қарсы шығайын деген ниет білдірмейді. Оларды алдарына қандай да бір саяси, идеологиялық мақсат қойып  немістер жағына шықты деп кінәлау – алды-артына қарамайтын шолақ белсенділер мен «урапатриоттардың» ісі. Ең қатты кеткен, «өкпесі – қара қазандай» дегендердің өздерінің мақсаты отбасы, ошақ қасынан аса қоймайды. Жаңағы М.Мұхаметжаноғлының «арманы» мынау: «Ендігі менің уайымым: 1) колхоз ажыраса, малымның қалдығын алатын кісім жоқ; 2) ел ішінде 4-5 коммунист-белсенді адам бар еді, солардың басына міне алмадым; 3) 63 жаста кәрі шешем, 14 жаста қарындасым ешбір көмексіз қалды. 1915 жылғы туған інім бар еді. Оны да фронтқа әкетті деп естідім. Осы жағдайлар маған өте ауыр тиіп тұр».

М.Шоқайдың өзі де түркістандық тұтқындардан әскер жасақтап, оларды немістер жағында майданға аттандыру жөнінде ауызға алмаған. Сувалки лагеріндегі түркістандық соғыс тұтқындары алдында жүрегі қан жылап тұрып сөйлеген сөзінде: «Менің ең басты мақсатым сіздерді біздің болашақ отанымыз – Түркістанды құруға қажетті мамандық алу үшін түрлі арнайы жұмыстарға орналастыру болып табылады», - дейді.

Кейін түркістандық тұтқындардың біразы немістер ұсынған жұмысқа орналасты, 1942 жылы тамыз айында құрылған «Түркістан легионы» атты құрамаға кірді...

Иә, осылайша өмір мен өлім арасындағы тайталас жүріп жатты. Ешкімнің де тектен-тек жарық дүниемен қоштасқысы келмеді. Жалаң қолмен неміске қарсы тұрмадың деп айыптау кеңес идеологиясына оңай ғой.

АСТЫРТЫН ҰЙЫМ АҚИҚАТЫ

Соғыс бітіп, тұтқында болған қазақ жігіттері елге асықты. Бірақ бәрі бірдей туған жеріне орала алмады, себебі, олар Сталиннің тұтқындарды жау санатында қарау жөніндегі әмірінен құлағдар болатын, елге аяғы жеткендерін соттап жатқанын да естігендер болды. Әсіресе, «Түркістан легионы» құрамасында, «Түркістан Ұлттық комитеті», «Түркістан Ұлттық Кеңесі» деген ұйымдарда мүше болғандарға аяушылық танытылмады. Ақын Мәжит Айтбаев 1945 жылы одақтастардың Дрезденді бомбалауы кезінде қаза тапты. Қалған ақын-жазушы Хамза Абдуллин («Сайран»), Мәулікеш Қайбалдин («Асан Қайғы»), Хакім Тыныбеков («Ғали Алтай») және т.б. (барлығы он тоғыз қазақ) РСФСР Қылмыстық Кодексінің 58-бабымен түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Олардың Қызыл Армияға қарсы ұрысқа қатыспағандығы, «Түркістан легионына» да  өз еріктерімен кірмегені ескерілмеді.

Осы жолдардың авторларының бірі 1978 жылдың қыркүйек айында Измирде (Түркия) аталмыш легионның мүшесі болған Атабек ( толық аты-жөнін ұмытыңқырап қалыппын, Атыраудың Доссоры жағынан болса керек – К.Е.) деген кісінің үйінде қонақта болғаны бар. Әңгіме барысында: «22 жасында өліп кету оңай ма?! Тұтқындарды қатарластарын тұрғызып қойып, бас тартқандарды көзімізше атып тастап жатты немістер»,-дегені бар. Құдайы шындығы!

Соғыс тұтқындары тағдырын шешерде олардың қал-қадерінше елі мен жеріне сатқындық әрекеттерге бармауға  тырысқанына, тіпті, антифашистік ұйымдарға қатысқандарына да көңіл аударылмады.

«Түркістан Ұлттық комитеіне» мүше болған қазақ жігіттерінің немістердің «өз халқының ұлтшылдық сезімін өрістету» жөніндегі тапсырмасын да қазақ тарихы  мен мәдениетін насихаттауға пайдаланғаны «құр ертегі» ретінде қабылданды. Мәжит Айтбаев Абылай туралы дастан жазды, Абай өлеңдерінің құрылысы мен көркемдік ерекшеліктері жөнінде зерттеу жүргізді; Х.Абдуллин туған жерге сағынышын жырға қосты, тозақта жүріп, грузиннің атақты «Жолбарыс тоңды жиһанкез» жыр дастанын қазақшаға аударды; Х.Тыныбеков қазақ тілінің тағдырына алаңдаушылық білдіріп баяндама жасады.

1944 жылдың 10 мамыр күні  Австрия астанасы Вена қаласында Вене опера және балет театрында Қази Қазыбековтің «Ұлы адамның арманы» атты Сырым Датұлының азаттық күресіне арналған екі актілі спектаклі қойылады. Сырым рөлінде әнші Мұхамбетқали Батыргереев ойнайды. Сахнаға Мәжит Жақсылықов  қояды да, музыкасын Вена консерваториясында оқып жүрген Ғалым Абсалямов (Әлім Алмат)  пен «Түркістан легионы» көркемөнер үйірмесінің жетекшісі болып жүрген Әйткеш Толғанбаев жазады.

«Түркістан легионында» фототілші болған Ғайпен Бейісовтің есінде бір эпизод ерекше сақталыпты: «Екі көзі бірдей жоқ қарияны бір жас қыз жетектеп келеді. Қарт тұрып:

Мұнар да мұнар, мұнар күн,

Сәулесіз меңіреу қара түн.

Қара түнді қақ жарып,

Қазақтан шығар енді кім...».

Ғ.Бейісов «Тамұқтан өткен тағдыр» (Алматы,2002) деген кітабында Қази Қазыбеков Харьков Әскери академиясын бітірген деп көрсетеді.

Ғайпеннің өзі «Бұлбұл үні» деген кітап жазады, ол орыс («Голос соловья»), неміс («Динахтигаль») тілдеріне аударылады. Осы кітабына енген  «Анаңның қамқорлығын ұмытпа» деген әңгімесінде: «Сен жігіт болып өстің, қан майданда жауыңмен алыстың, енді анаңның сүтін ақта! Анаң үшін, Отаның үшін, халқың үшін қызмет ет! Жауыңа қайырымсыз бол! Сенің аманлығыңды анаң тілеуде, оныц көзінен көл болып, теңіз суындай жастар ағуда. Кеше қан майданда, жауып тұрған қорғасын жаңбырдан аман қалдың, мүмкін анаңның  тілегі үшін аман қалған шығарсың. Сен оны ұмытпауға тиістісің!»,- деген жолдар бар.

Ғ.Бейісовке арқа сүйейін деп отырған себебіміз, осы кісінің айтуынша, «Түркістан Ұлттық комитетінің» ішінде құпия  ұйым жұмыс істеген көрінеді.

Автордың есте сақтау қабілетінің ғажаптылығына, оқиғалар мен фактілерді баяндау тазалығына күмән келтіруге болмайды.

Ғ.Бейісов Берлинде «Түркістан Ұлттық Комитетінде» істеп жүрген ақын-журналистер: Мәжит Айтбаев, Хамза Абдуллин, Хакім Тыныбеков,Үсен Қошалақов, Саттар Алмамбетов, Мәулікеш Қайбалдин т.б. қазақ жігіттерімен танысады. Мұнан бұрын 1941 жылдың желтоқсан айында лагерьде ол М.Шоқаймен кездескен еді. Бұл адамдардың біразы – кезінде М.Шоқай тізімін алып, жұмысқа ұсынғандар.

«Түркістан легионының»  насихат бөлігінде қызмет істеп жүрген қазақ жастарына Мәжит Айтбаев пен Х.Абдуллин ақыл-кеңес беріп, олардың болашақта қандай да бір пәлеге ұшырап қалмауын ескертіп отырады.Мына бір жағдай алыста жүріп, өз тағдыры үшін ғана пұшаймандыққа бой ұрмай, басқаларға да бауырмалдық көрсетудің көрінісі деуге болады. Ол – мына әңгіме. М.Шоқай Берлин ауруханасында қайтыс болғаннан кейін сондағы қазақтардың арасанда «билікке таласып, оны у беріп өлтірген Вели Каюмхан секілді» деген әңгіме тарап кетеді. Осының ақиқатын білуге келген Ғ.Бейісовке Мәжит Айтбаев  былай деп ақыл береді. «Бұл әңгіменің  шеті де, шегі де жоқ. Фото түгіл, жазылған жері де жоқ. Бұл әңгіме тек өз қара басыңның қадірін кетіреді. Ешкімді кінәлай, жазғыра алмайсың.Бұл әңгіменің  келешек ұрпаққа бір жаман жері бар. Ол жанбай да, қоймай да бықсып иістене беруі мүмкін... Бұл әңгіме,  өсек болғанымен, тату отырған қандас екі тума халықтың арасына от салатын әңгіме екенін кез келген түсіне бермейді... Бұл қан деген, кек деген қауіпті нәрселер. Осыдан сақтануға тиіспіз».

Ғайпеннің немістердің  қолына түскен бір өлеңі жөнінде де М.Айтбаев оған қатаң ескерту жасайды. «Сен бұл жазғанында немістердің тұтқындарға жасаған айуандығын тамаша суреттегенсің. Мұны оқыған немістер... маңдайыңнан сипай қоймас... Шындықты жазған екенсің, 1941 жылғы Сталиннің «менде тұтқын жоқ, тұтқынға түскен «халық жаулары» дегенін неге жазбайсың?», - деп ұрысып берді. Сонымен бірге «Кеңес – туған жеріміз. Ата-баба зау-затымыз жатқан жер... Қазір онда сенің жаныңа ет жақын санаған адамдарың тұрып жатыр», - дейді.

Сондықтан да болар, М.Айтбаев  Ғайпенге: «Сен ең көрікті, қолға түсе бермейтін кісінің бірісің. Сен легиондарды аралап, лекция оқып жүресің. Арасында керекті әңгімелерді байқатпай  қосып жіберуіңе мүмкіндігің бар, сонымен қымбаттысың», - деп, Отанға, туған елі мен жеріне деген сүйіспеншілікті бүркемелеп айтып жүрудің керектігін құлағына құяды. Дегенмен, алғашқы кезде Түркістан комитетіндегілердің жасырын ұйымы бар екендігі туралы М.Айтбаев оған сыр ашпайды. «Кейін білсем, ұйым 1942 жылы құрылған екен. Берлинде тұрған үйдің екінші қабатында «Түркістан комитеті», үщінщі қабатында «Еділ – Орал татарлары» комитеті орналасқан. Еділ – Орал комитетінде жасырын ұйымды Мұса Жалил басқарған да, ал Түркістан комитетіндегі жасырын ұйымды Мәжит Айтбаев басқарады. Мұса Жалил әшкереленгенде, Түркістан комитетін, оның бастығы Мәжит Айтбаевты айтпай кетеді», - деп жазады Ғ.Бейісов.

Ондай ұйымның болғандығын неміс құжаттары негізінде ізденіс жүргізген И.Гилязов та растайды. Ол «Идель-Урал»  легионы (Қазан, 2005) деген кітабында: «Германиядағы ұлттық қозғалысты іштей бүлдіру, шығыс халықтарының ұлттық әскери құрамаларына іріткі салу арқылы ұлттық комитеттердің антифашистікидеяларды басшылыққа алған бір бөлігі гитлерлік  режиммен астыртын күрес жолына түсті» (285-бет) деп көрсетеді.

Тағдырдың ащы дәмін бірге бөліскен туысқан екі халықтың ұлттық комиттерінің мүшелері бір-бірімен араласып-құраласып тұрған. Олардың астыртын ұйымдары арасында байланыс орнауына тағы бір себеп болған секілді.Мұса Жалил тобында ұлты татар екі қазақстандық болды. Олардың бірі 1917 жылы Петропавл қаласында туған Ахат Атнашев, екіншісі Ақтөбе қаласында туып-өскен Гайнан Құрмашев (1919 ж.т.) еді. 1939 жылы Г.Құрмашев  армияға Ақтөбе қаласынан аттанады. Радиобайланысшы болып жүріп, жау тылында қолға түскен  оның іс-әрекеттері «Еділ-Орал» легионындағы жалилдіктерімен шектелмеген, қазақтарды да қамтыған болуы керек.

Ғ.Бейісов бұл ұйымдардың  қандай бағыттарда жұмыс істегенін толық біле бермейді.

Тек оның мүшелерінің естеліктерінен ғана легионерлер арасында фашистерге қарсы үгіт-насихат жұмысын жүргізгені, Кеңес Одағына қарсы үндеулерге қатыспау, майданға аттандырған жағдайда өз елінің солдаттарына оқ атпау, мүмкіндікті пайдаланып, Қызыл Армия жағына өтіп кетуді көздегені мәлім.

Ғ.Бейісовтің (бүркеншік есімі – Б.Ғайып) сол кезеңде жарық көрген «Жауынгердің күнделік дәптері» деген кітабында «Ері өлсе ел жоқтайды, елі жоқ ерді кім жоқтайды» деп жазуы тағдыр тәлкегіне түскен қазақ жігіттерінің жалпы көңіл-күйін білдіретін еді. Оны Х.Абдуллин өзінің «Жолтай» деген поэмасына  эпиграф етіп алады.

Ғ.Бейісовтің насихат бөлімінде істеуі әр жерде болып тұруға мүмкіндік туғызады да, оны түркістандық жасырын ұйым өз іс-әрекеттеріне орай пайдаланып отырады.

1944 жылы шілде айы шамасында Ғ.Бейісов насихат басқармасынан Словакияға  барып қайту жөнінде тапсырма алады. Жолға шығардың алдында ол Сайранға (Хамза Абдуллинге) соғады да, осы жерде Арзыхан Жұмабаев деген адаммен ұшырасады. Бұл жөнінде Ғайпен: «Мен бұл кісіні көп біліңкіремеймін. Кездейсоқ кездестім деп түсіндім.

Сайранның әдейі сол кісінің шақыруымен  алып келгенін көп кейін білдім. Бұрын ол кісінің фашистерге қарсы жасырын ұйым басшыларының бірі екенін білмейтұғынмын», - деп жазады.

Жұмабаев сөз арасында: «Сіздің баратын полкіңіздің командирі Алимов па, Азимов па, былтыр комитетке (Түркістан комитеті – авторлар) келгенде танысып көргенім бар еді. Сол келгенде ұятты былай қойып, бір жерлесімді тапсырып едім. Өзі шынжау, ауыра беретін жігіт еді. Менен сәлем дей саларсың. Көңілді жүрсе, сол кісінің жерлесінің денсаулығы қалай ?», - деп сұрасаң жетіп жатыр... Тек көптің көзінше сұрамай-ақ қоярсың. Жолсапардан келген соң мені таба алмассың. Сайранды көріп жүресің ғой. Анадағы кісінің сәлемін айттым десең, Сайран маған жеткізеді ғой», - дейді.

Словакиядағы «Смертаки» атты селоға жеткеннен кейін Ғайпен ебін тауып, оңаша қалғанда Ғазизжан Азимовке Жұмабаевтың сәлемін жеткізеді.

Берлинге келген соң Жұмабаев тағы да «кездейсоқ» кездесе кетеді де, оған Ғайпен Азимовтың айтқан сәлемін жеткізеді: «Жерлесі – өзі аурудан шықпайтын жігіт. Жақында Братислава қаласына ауруханаға жатқызатын болып келіскен болдым. Күтіп жүрмін. Қай күні әкел деп хабар береді, сол күні апара саламын».

Осыдан соң Арзыхан «Сіздердің әңгімелеріңді біреу естіді ме?», - деп анықтап сұрайды.

Ал, Ғайпен: «Мен Жұмабаевтың неге былай сұрай беретінін ойыма да алған жоқпын. Тәжірибелі барлаушының мені байланысшы ретінде пайдаланып жүргенін көп кейін түсіндім. Мен Словакиядан келгесін бірнеше күн өткесін «Азимов өз полкін алып словак партизандарына өтіп кетіпті», - дегенді Сайраннан естідім.

«Сәлемнің» сырын Ғайпен осыдан кейін ғана түсінеді.

1945 жылдың қаңтар айында кешкемен Ғайпеннің үйіне Х.Абдуллин телефон соғады. «Бүгін түнгі сағат 1.30-да Фридрих штрассе кіндік темір жол вокзалынан табылатын бол. Менен еш нәрсе сұрап уақыт алма. Өзім де білмеймін не болып жатқанын. Шамасы уақыт таянған болар, жол жүретін болармыз. Біржолата шық, қайта оралмайтын бол. Сен мені дұрыс түсін, бұл жай хабарлама емес, бұйрық деп  түсін. Жоғарының бұйрығы», - дейді.

Ғайпен бұл кезде Берлиндегі Түркістан комитетіне жолсапармен келген, ал өзі Потсдамда ОКВ (Oberkommando der Wehrmacht) басқармасының насихат бөлімінде істейтін.

«Бұйрық» деп отырған себебі: Ғайпен бұл кезде Мәжит Айтбаев арқылы  арнайы жасырын ұйымға қабылданған болатын. «Ол да, Хамза да, - Отанын сүйген патриоттар» дейді Ғайпен.

Ғ.Бейісов жасырын ұйымға Словакияға барып келгеннен кейін қабылданған секілді. Себебі, сол кезден бастап «Арзыхан Жұмабаев әр түрлі себептерді пайдаланып, жиі кездесіп қалған болып жүрді. Кейде маған бұйыра тәртіп беретін-ді», - деп жазады Ғайпен. Өзін мүшелікке қабылдаған жасырын ұйымды Ғайпен мүшелерінің аздығына қарамастан, өзінің әлсіздігін есептеместен, бірқатар жұмыстың басын қайырып істеп тастағанды», - деп бағалайды.

Сонда Арзыхан Жұмабаев деген кім? Ғайпеннің Х.Абдуллиннен естуі бойынша: ол – кеңес барлаушысы, бұрын Қырғызстан Мемлекеттік  Қауіпсіздік Комитетінде жауапты қызметте болған. Ош қаласының қырғызы.

Ғайпенмен танысқан уақытында «Арбайт германшафт» институында жұмыс істеп жүрген.

Жұмабаевтың арнайы жіберілген Кеңес барлаушысы ма, әлде тұтқынға түскеннен кейін жасырын ұйым құрып, оған қазақ, қырғыздарды тартумен айналысып жүрген адам ба – ол жағын Ғайпен білмейді.

Қалай болғанда да, телефоннан түскен бұйрық бойынша 1945 жылы қаңтардың 5- інен 6-сына қараған түні Берлиннің «Фридрих Штрассе» темір жол вокзалынан он офицер Берлин-Братислава шапшаң пойызына мініп жолға шығады. Олар:Жұмабаев Арзыхан, Ақбергенов Жұмабек, Жүндібаев Ерғали, Әділов Мұхтар, Тұрысбеков Уахит, Шадыханов, Мүрсәлиев Айылшы, Қалдыбаев Ермек, Абдуллин Хамза, Бейісов Ғайпен.

Партизандарға қосылуға келе жатқан олар Германия жерінен өткенімен, Словакияда «СС»-тің қолына түседі. Жұмабаев бастаған 6 адам қашып шыққанымен, Ғ.Бейісов, Абдуллин Хамза, Мүрсәлиев Айылшы, Қалдыбаев Ермек қолға түседі.

Олар Берлинге әкелініп, Түркістан легионынан қашқан қылмыстылар ретінде төртеуі де ату жазасына кесіледі.

Қандай да бір себептермен  немістер үкімді бірден орындамай, оларды үш ай бойы Берлиндегі атақты Грюневальд түрмесінің өлім камерасында ұстайды. Наурыз айының аяғы, не сәуірдің бас кезі болса керек, түрмеге бомба түсіп, ақырында Ғайпен мен жолдастары аман қалады...

Үлкен қиыншылықтарымен елге оралғанымен, Гурьевте (қазіргі Атырау) қайтадан тұтқынға алынады. Немістердің қолына майдан даласында жараланып, ессіз қалуыма байланысты түстім... Мен Берлиндегі «Антифашист» ұйымының мүшесімін, жалғыз емеспін. Менімен бірге болған, гестапода ұсталып, атуға бұйырылған жолдастарым бар» деген сөздерін тергеуші хаттамаға да түсірмейді.

Ғайпен «Түркістан ұлттық комитетінің» ішінде «Антифашист» деген құпия ұйымның құрылғанын, оның бас ұйымдастырушысы Мәжит Айтбаев болғанын, ол ұйымның 1942 жылдан бастап Мұса Жалилмен байланыс орнатқанын, сол ұйымның басшылығымен он адамның Берлиннен Чехословакия  партизандарына өту үшін қашып шыққанын қайталап айтады. Бірақ оны ешкім тексермейді де, шындыққа да баламайды. Оны РСФСР қылмыстық кодексінің 58-1 «Б» бабымен 10 жыл бас бостандығынан айыруға үкім шығарылады.

Х.Абдулиннің де, Х.Тыныбеков, Ү.Қошалақовтың да ешқайсысының да сөзі қаперге ілінбейді, тергеушілер Сталиннің «тұтқын болған екенсің, халық жауысың» деген бір ғана қисынын басшылыққа алады.

Иә, жан берісіп, жан алысқан қанды майданда болмаған, тозақ отында күйіп-жанбағандар тұтқын болғандарды қайдан түсінсін?!

Қазақ, қырғыздардың жасырын ұйымы әшкереленіп, не болмаса 1945 жылы оның тұтқынға түскен азаматтары атылып кетсе, мүмкін, олардың есімі Мұса Жалил секілді, тарихта патриоттар ретінде қалар ма еді?! Бізде адамды тірі кезінде ұлықтауға онша бейім көрсетілмейді ғой. «Өзіме бір пәлесі тиіп кетер» деген «қырағылардың» көптігінен, не өз тарихына өзгенің көзімен қарауға әбден еті үйреніп кеткендіктен болар. Әйтеуір, қазақ қазақтың аяғынан шалуға, бір-бірінің жақсылығын көрмеуге бейім тұрады.

Мұса Жалил өз халқының ұлттық батырына айналды. «Түркістан Ұлттық комитеті» ұйымындағылардан тірі қалған қазақтар Кеңес өкіметі үшін «сатқынға» айналды. Осылайша шешімі жоқ тағдыр тәлкегіне түскен қанша қазақ азаматтары арманда кетті?

Осыдан бес-алты жыл бұрын ғана Ғ.Бейісов тынымсыз қажыр-қайратының арқасында ақталып шықты. ҚР Бас әскери прокурорының орынбасары А.М.Сұлтановтың анықтамасында: «Заключением  Главной военной прокураторы  от 20 апреля 2006 года в соответсвии с п. «в» 4 и ст 10 Закона Республики Казахстан «О реабилитации жертв политических репрессий от 14 апреля 1993 года Беисов Хайпен признан жертвой политических репресий и полностью реабилитирован»,- деп көрсетіліпті.

Бұл құжат Ғ.Бейісовтің сөзінде, біріншіден, ешқандай жалғандықтың жоқтығын, екіншіден тұтқынға түскен қазақтардың антифашистік ұйымының болғандығын білдіреді.

Олай болса бұл құжатқа негізге алынған материалдар күші осы ұйымға мүше болған Х.Абдуллин, Х.Тыныбековке және тағы басқаларға да таралуы керек. Жалпы алғанда Екінші дүниежүзілік соғыста тұтқынға түскен қазақстандықтардың ісі түгелімен қайта қаралып, тек тұтқын ретінде априорлық шешімге бағыт ұстамай, ізгілікті қадам жасалуы тиіс.

Сол зұлмат кезеңнен бері 70 жылға таман уақыт өтті, заман өзгерді, қазақтың өз тағдырын өзі шешуі керектігі жөнінде тәуелсіз ой-пікір қалыптаса бастады. Сталиндік жүйенің қатыгездіктерінен үзілді-кесілді арылу – демократиялық қоғам құрудың басты шарттарының бірі екендігі де аян. Осыны түсінген Ресей Федерациясы Украина, Белорусь секілді елдерде соғыс тұтқындарын ақтау жұмыстары кең көлемде жүріп жатыр.

Тек біздер ғана бұл бағытта бейжайлық танытып отырмыз.

Фин соғысына, фашистік Германиямен соғысқа қатысқандардың көбі мына дүниеде жоқ та сияқты. Оларға «ақтаудың» да, «даттаудың» да керегі бола қоймас. Бірақ, олар жөнінде жасалған адамгершілік іс-шаралар бүгінгі күнгі ұрпақтары, туыстары үшін керек, қазақ халқының тұтастығы үшін, болашақ үшін керек.

К.Л.Есмагамбетов

тарих ғылымдарының докторы, профессор,

А.Ахмет

тарих ғылымдарының докторы, доцент

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5401