Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Жаңалықтар 2270 0 пікір 11 Мамыр, 2011 сағат 03:05

Қуандық Шамахайұлы. Адамгершілік және тендер

(Сықақ әңгіме)

Менің үстімнен Дел Құлович шағым түсіріпті. Тендер комиссиясының төрағасы оны жерден жеті қоян тапқандай ұялы телефоныма өзі қоңырау шалып тұрып, ал, мен үшін бейнебір соғыс басталып кеткендей-ақ табан астында суыт жеткізді. Даусында табалаудың ба немесе «енді құрыдың ғой, бейшара» дегендей аяушылықтың ба, әйтеуір, біртүрлі өзгеше нышан бар. Тендерден өтпей қалғаннан банкротқа ұшырап қалмаспын. Дегенмен, айлап-жылдап тер төгіп, жасаған еңбегіңнің нәтижесін көрсең қандай ғанибет. Сонда да өлім емес қой, мәні-жайын білейін деп төрағаның есігін тарттым.

Төраға алақанын ысқылап жіберіп, тартпасынан жиырма беттік арызды суырып алып, мұрныма шейін тақап ұстата қойды. Мұқият қарап, оқып шықтым. Менің ұсынған жобама үш қайнаса сорпасы қосылмайтын бірдемелер жазылған. Жиырма беттен іліп алар бір дерек таппадым. Арыздың соңында «Мынаубай мырза - адамгершілігі төмен адам болғандықтан, оны тендерге қатыстырмауларыңызды сұраймын» делінген. Бірақ, адамгершілігі қалай «төмендегені», оны немен дәлелдеуге болатындығы жайында ләм-им демеген.

- Қызық екен, басеке! Мұның менің жобама не қатысы бар? Сонда, осындай түкке тұрмайтын шимай-шатпақ үшін мені тендерлік конкурсқа жібермейін деп отырсыз ба?

- Қатысы болғанда қандай? Шағымның аты шағым, арыздың артында білдей бір адам тұр. Оны түкке тұрмайды деп сөгудің өзі сіздің іскерлігіңізге көлеңке түсіретін, адамгершілігіңізге күмән тудыратын жағдай.

- Кешіріңіз, бұл конкурста менің жасаған жобамның қаншалықты негізділігі есепке алынуға тиіс қой. Жемқорлықтың дерегі болмаса, істі болып, түрмеге отырып келмесем, мұндай бос мылжыңның жобаға не қатысы бар?

- Қатысы болғанда қандай. Сіздің мінез-құлқыңыздың атқаратын рөлі айтарлықтай зор. Мен сізге жобаңызды қайтарып беремін. Мына арыз иесімен барып жолығасыз. Кешірім сұрап, мәмлеге келген соң шағымды бақылаудан алып тастауға болады. Содан кейін барып, жобаңызды қабылдай аламын.

Бір құшақ құжаттарымды құшақтап, фирмаға келген соң Дел Құловичті іздеуге кірістім. Оның басқаратын шағын мекемесінің мекенжайын тауып бардым. Жұмыстың қайнап жататын уақыты болған соң сәл қаймығып тұрдым да, тәуекелге басып, есікті ашып сәлем бере кірдім. Басымды көтеріп қарасам, көкемнің үстелі бос тұр. Кабинеттің келесі бұрышында тойған тоқтыдай қараторы, томпиған екі жас әйел шай ішіп отыр. Сасып қалдым. Мінездері ашық, жақсы жандар екен. Маған бәрін түсіндіріп жатыр. Алдарындағы жұмыс кестесін көрсетіп, «ол кісі бізді басқарумен қатар жастарға имандылық жайында тәрбие береді ғой. Сәл күтіп, бізбен бірге шай ішіңіз!» - десіп, бәйек болып қалды. Асығыс екенімді айтып зорға құтылдым да кең дәлізді бойлап көкемді іздеуімді жалғастырдым. Дел Құлович тұрмақ ұшқан шыбын да кездеспеді. Иен дәлізді бойлап безіп келе жатқанмын. Алдымдағы бір есік баяу ашылды да бұрынғы әріптесім Жайбасар Мылжыңбаевич шыға келді. «Жолы болатын жігіттің алдынан жеңгесі» емес тұп-тура Жәкемнің өзі ұшырасқаны осы екен. Кабинетіне енсем, таптырмайтын тазым Дел Құлович сонда отыр.

Кіре бере бастырмалатып айтып жатырмын. Жобаның қыруар күшпен жасалғанын, бәрінен бұрын қаланың дамуына үлкен қарқын беретінін, жалпы жастардың болашағы үшін менің адамгершілігіме оң баға беруін сұрап, жалынып-жалпайып жатырмын. Дәкең де түсінігі кең адам ғой. Арызын қайтарып алуға уәде берді. Тіпті дереу сол жерден төрағаға телефон соғып та үлгердік. Алайда, төраға тас-талқан болды. Оның айтуынша, бұл телефонмен шешіле салатын шаруа емес екен. Ол үшін алдымен Дәкең менің адамгершілігіме жағымды баға берген мінездеме даярлап, бұрынғы пікірінен бас тартатындығын жазбаша мәлімдейді. Оған заңгер, психолог, философ, дінтанушы, тарихшы, лингвист, медик сынды мамандардан тұратын он лауазым иесі басшылар қол қояды, қолды елтаңба бейнеленген әр мекеменің мөрімен растайды, ең соңында бәрінің заңды екенін нотариус куәландырады.

- Жарайды! Мен саған бұрынғы пікірімнен бас тартатындығым жайында жазып, «адамгершілігі жоғары» деген бағамды берген қағазды ертең сәрсенбінің сәтінде әкелемін. Сен бірақ маған тендерден бөлінетін соманың он пайызына тең келетін ақшаны қолма-қол әкеліп берген соң ғана оны аласың. Қалған қол қойдыру, анау-мынау өз проблемаң. Ал, тендерде жеңімпаз болатындығыңа кепілдікті төраға емес мен беремін, - деді, Дел Құлович.

Қисынға келмесе де келісуге мәжбүр болдым. Ертеңінде айтқанын екі етпей орындадым. Ол да уәдесінде тұрып, бір жапырақ қағазды қолыма ұстатты. Осылай сәтті басталған ісім енді қол қойдыруға келгенде алға жылжымай-ақ қойды. Әлгі қулардың әрбірінің қолын қойдыруым өзінше бір той-томалаққа айналды. Алдымен оларды кезек-кезегімен мейрамханаға апарамын, сосын, сауналатады, түн жамыла ақылы қызмет көрсететін көбелектермен көңіл көтереді. Ақша деген қалтамнан суша сырғып кетіп жатыр. Сөйтіп жүріп, ол шаруаны да бітірдім-ау, әйтеуір.

Ең соңында нотариусқа келгенде оның көзіне менің су жаңа көлігім ілікті де дереу қолқа салды. Тендер алсам бәрі бола жатар деген оймен көлікті сол жігіттің атына «оформить» ете салдым.

Осылайша, ит әуіремен жүріп, бір айдың қалай өткенін де білмей қалыппын. Сойдақталып қойылған қолдар мен былшитып басылған мөрлерге толы қағазды алып төрағаға жетсем ол:

- Тендердің уақыты біткен, конкурс баяғыда өтіп, жеңіп шыққан үміткерлер қаражаттарын алып қойған, - деп, қарап тұр.

«Абай-ақпарат»

0 пікір