Қазақтың жолы – Қазақ жолы...
2019 жылғы 18 қаңтарда Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің қолдауымен Қазақстан Президенті Н. Ә. Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласындағы жетекші ойларды пайымдау аясында Мәскеу қаласындағы «Қазақ жолы» интеллектуалдық клубының «Қазақтың жолы – Қазақ жолы» тақырыбындағы дөңгелек үстел шарасы өтті, - деп хабарлайды Абай-ақпарат.
Дөңгелек үстел барысында Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақалалары әңгіме арқауына өзек болып, ондағы жетекші ойлар қазақ дүниетанымының басты ұғымдарының бірі – «жол» категориясы арқылы тарқатылды. «Жол» ұғымының этнолингвистикалық, тарихи, құқықтық, мәдени, шаруашылық және философиялық қырлары сөз болып, Қазақ елінің алдағы даму кезеңіне дүниетанымдық тұғырнама қалыптастыру жолдары пайымдалды.
Алқалы бас қосуға Қазақстанның Мәскеу қаласында білім алып жүрген докторанттары, магистранттары, қазақ студент жастары мен Елшілік қызметкерлері қатысты.
Дөңгелек үстелге Ресей Федерациясы Үкіметі жанындағы Заңнама және салыстырмалы құқықтану институтының докторанты, з.ғ.к. Қазыбек Дауталиев модераторлық етті. Бас қосуда бірнеше баяндама жасалып, еркін пікір алысуға жол ашылды.
«Қазақ дүниетанымындағы «жол» ұғымының мағыналық эволюциясы (қазақ халық ауыз әдебиеті мен көне жазба ескерткіштері мысалында) атты алғашқы баяндаманы М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің докторанты, филология ғылымдарының кандидаты Нұрлан Асқаров жасады. Баяндамада «Жол» ұғымының протоқазақ кезеңінен тартып ХХ ғасырдың басындағы Алаш Орда қозғалысы дәуіріне дейінгі аралықтағы мағыналық кеңею барысы әдеби мұралар арқылы таратылады. Төл рухани және тарихи тамырға жалғану ғана ұлттың жасампаздық қуаты мен шығармашылық қабілетін арттырып, саналық та, кеңістіктік те кеңеюіне жол ашатыны тұжырымдалды.
Мәскеу мемлекеттік университетінің докторанты, тарих ғылымдарының кандидаты Сәкен Нұрбековтің «Шелковый путь: дорога товаров, идеологии и политических интересов» атты баяндамасында Ұлы Жібек жолының пайда болуы мен даму барысы, ондағы қазақтардың орны мен ықпалы, халықаралық қатынастарды дамытуға қосқан үлесі жайлы нақты тарихи деректер негізінде пайымдама жасалды. Баяндамашы сөзін «Жол орнату арқылы сауда қарым-қатынасын дамыту, өркениет идеяларын тоғыстыру – қазақтардың көне заманнан келе жатқан тарихи миссиясы» деп қорытындылады.
РФ Үкіметі жанындағы ЗСҚИ докторанты, заң ғылымдарының кандидаты Қазыбек Дәуталиев «“Жол” философиясы һәм қазақ дүниетанымының Абсолютіне ізденіс» атты баяндамасында «жол» категориясын ұлттық философиялық дүниетаным ретінде қарастырып, оның дәстүрлі мәдениеттегі көріністері мен Абсолютіне ізденіс жасады. «Ата-баба аманаты» аталатын моральдық императив пен «ұят болады» культінің («chame culthe») этикалық сұрақтарын «Қазақ жолының» (яки қазақ дүниетанымының) іргеқалаушы философиялық мәселелері ретінде бөлек шығарып көрсетті. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында «ата-баба» ұғымының 15 рет қайталануы кездейсоқ емес, керісінше, бұл ұлттық дүниетанымдағы болмыс пен этика ұғымдарына мағына беруде жетекші категория һәм өнегелік ұстын (императив) бола алатындығын атап өтті.
К.А.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетінің докторанты, ветеринария ғылымдарының кандидаты Кемешов Жомарт «Қазақтың дәулеті – төрт түлік мал: ата кәсіптің тәжірибесі мен оны дамытудың жолдары» атты баяндамасында қазақ дүниетанымын қалыптастыруда төрт түлік малдың әсер-ықпалы мен оны бүгінгі қазақ қоғамы жағдайында дамыту жолдары сөз болды.
Ресей Сыртқы істер министрлігінің Дипломатия академиясының магистранты, Ресейде білім алып жатқан қазақ жастарының «Жас тұлпар» ұйымының жетекшісі Мұхтар Баймағұловтың баяндамасы «Қазақ жастарының жолы – «Елге қызмет» жобасы» тақырыбына арналды. Онда елдің ішінде және сыртында білім алып жүрген қазақ жастарының интеллектуалдық қуаты мен тәжірибесін Қазақстанның дамуына жұмылдыру мен тарту тетіктері ұсынылды.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша бірқатар ұсыныстар жасалды. Солардың үшеуіне тоқталмақпыз:
1) Назарбаев зияткерлік мектептері желісі негізінде қазақтар шоғырлана қоныстанған Ресей, Моңғолия, Қытай, Иран, Өзбекстан және Қырғызстан сияқты көрші елдерде, әсіресе күннен-күнге еуроазиялық ынтымақтастығымыз нығайып келе жатқан Ресей Фелерациясында (мәселен, Орынбор қаласында) «Н.Ә.Назарбаев атындағы Еуроазиялық интеллектуалдық мектеп-интернат» орта білім беру мекемесін ашу туралы;
2) мемлекеттің бес негізгі белгісі бойынша қазақ мемлекеттілігінің көне дәстүрін көрсететін «Балбал тас» (аумағы), «Шежіре» (халқы), «Қару-жарақ палатасы» (әскері), «Орда» (мемлекеттік билік) және «Теңге сарай» (салық-қаржы жүйесі) мұражайлар кешенін Астана қаласында ашу туралы;
3) қазақ халқының өткені мен бүгінін және келешегін бір арнаға тоғыстыратын «Қазақ жолы» дүниетанымдық жүйесін қалыптастыруды маңызды деп тану туралы.
Мәскеу, «Қазақ жолы» интеллектуалдық клубы
Abai.kz