Мұрат Айтхожиннің ғылыми мұрасы әлі де зерттеуді қажет етеді
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Мұрат Әбенұлы Айтхожиннің туғанына 80 жыл толды. Ғұлама ғалымның ғылыми, педагогтық әрі қоғамдық қызметі еліміздің тарихында алтын әріппен жазылды. Мұрат Әбенұлы Солтүстік Қазақстан өңірінде дүниеге келіп, арман қуып Алматы шаһарына келіп, талай түлектерді арман сапарына шығарып салған С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі Әл-Фараби атындағы) биология – топырақтану факультетін тәмамдайды. Алайда, еңбексүйгіштік, таланттылық, ізденімпаздық сынды тұла бойында тұнған қасиеттердің арқасында оқуын тереңдетіп, Мәскеу қаласындағы Ломоносов атындағы мемлекеттік университетінде де білім алды.
Танымал ғалымдар Белозерскийдің, Спириннің басшылығымен студенттік кезеңдерінен бастап-ақ нуклеин қышқылдары бойынша зерттеулерді бастауға мүмкіндік берді. «Рибонуклеоза ферментінің диамендермен ингиберленуі» деген тақырыпта жазылған курстық жұмысы 1961 жылы Ашхабад қаласында өткен Орта Азия және Қазақстан студенттерінің IV ғылыми конференциясында бірінші сыйлықты иеленді. «Рибосомалардың көрінбей деградациялануы» деген тақырыпта жазған диплом жұмысының нәтижелері «Биохимия» журналында жарияланды.
1966 жылы биология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін «Misgurnus tossitis вьюннің ерте эмбриогенезіндегі рибонуклеин қышқылдары» атты диссертациясын қорғады. Диссертациядағы маңызды факторлардың бірі – жануарлар клеткаларының цитоплазмасында рибонуклеопротеидтi белшектер – информосом түрiндегi ақпараттық рибонуклеин қышқылдарының өмір сүруінің жаңа формасының ашылуы еді.
1966 жылдан бастап Айтхожиннің қызметі Ұлттық Ғылым академиясымен тығыз байланысты болды. Республикамызда молекулалық биологияны дамытудағы қажырлы еңбегінің нәтижесі Ғылым академиясының жанындағы Ботаника институтында белок және нуклеин қышқылдары лабороториясының ашылуына түрткі болды, әрі лобороторияны өмірінің соңына дейін басқарды. Лабороторияда Мұрат Әбенұлының басшылығымен көптеген зерттеу жұмыстары жүргізілді. Солардың бірі – өсімдіктерде матрицалық рибонуклеин қышқылдарының өзінің өмір сүруі, рибонуклеопротеидтi құрылымның жұмыс істеу ерекшелігі еді. Бұл зерттеулердің нәтижелері халықаралық ғылыми журналдарда жарияланды. 1976 жылы «lшкi клеткалық бөлшектердiң жаңа класы - информосоманың ашылуы» атты жұмыстар циклі үшін ғалымға Мемлекеттік сыйлық берілді.
Мұрат Әбенұлы Айтхожиннің «Өсімдіктердегі азот пен белок биосинтезін сіңіруінің механизмдері» тақырыбында Бүкілодақтық симпозиумды ұйымдастырып, 1984 жылы Алматы қаласында өткізді. Симпозиумға әйгілі Нобель сыйлығының лауреаттары Л.Поллинг, Д.Ходжкин, т.б. ғалымдар қатысты. 1986 жылдан бастап Ұлттық Ғылым академиясына басшылық етіп, ғылыми-ұйымдастырушылық қызметінің арқасында академиялық ғылымды ғылыми-техникалық прогресстің қазіргі заманғы деңгейіне шығаруға жұмыстанды. М.Айтқожиннің басшылығымен академия қызметінің халықаралық байланысы нығая түсіп, жастарды басшы, ғылыми-ұйымдастыру қызметіне жоғарылату, ғылыми кадрлық резервтің қалыптасуына зор үлес қосты.
Ғалымның атқарған қызметтері ерекше бағаланып, мемлекеттік марапаттарды иеленді. Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 3 наурыздағы № 200 қаулысына сәйкес Петропавл қаласындағы В.И.Ленин атындағы № 1 орта мектеп – «Мұрат Айтқожин атындағы № 1 жалпы білім беретін инновациялық мектеп» деген жаңа атауға ие болды.
«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дейді дана қазақ. Мұрат Айтхожиннің ғылыми мұрасы әлі де зерттеуді қажет етеді. Ғалымның есімін есте қалдыру мақсатында ғылыми конференциялар ұйымдастырылып, арнайы фильмдер түсірілсе нұр үстіне нұр болар еді.
Әділбек Өмірзақов
Abai.kz