Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Жаңалықтар 2295 0 пікір 11 Мамыр, 2011 сағат 11:54

Ашық хат: Қазақстандағы барлық діни ұйымдардың жетекшілеріне

Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының муфтийі  шейх Әбсаттар Дербісәлі қажыға

Қазақстандағы барлық өзге иланымдағы діни ұйымдардың жетекшілеріне

Қазақстандағы барлық саяси партиялардың, қоғамдық және мемлекеттік емес ұйымдардың басшылары мен мүшелеріне

Қазақстандағы барлық жергілікті билік органдарына

Қазақстан халқына

АШЫҚ ХАТ

 

Қадірлі діни қызметшілер, қоғам қайраткерлері, халайық! Алдымен Сіздердің назарларыңызды мына жәйтке тағы бір аударуға рұқсат етіңіздер.

Қазақ елі отаршыл патша өкіметінің озбырлығы салдарынан жоғалтқан мемлекеттілігін 1917 жылғы қазан төңкерісі нәтижесінде, кеңестік тұрпатта жаңғыртты. Кеңестік Қазақ Республикасы жұртты жаппай сауаттандырып, экономикасы мен мәдениетін дамытты, ақыры, Кеңестер Одағын құраған одақтас республикалардың бірі ретінде, 1991 жылы мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізді. Алайда мұның бәрі сол жетістіктердің тасасында қалған халық қайғысын ұмытуға желеу бола алмайды.

Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының муфтийі  шейх Әбсаттар Дербісәлі қажыға

Қазақстандағы барлық өзге иланымдағы діни ұйымдардың жетекшілеріне

Қазақстандағы барлық саяси партиялардың, қоғамдық және мемлекеттік емес ұйымдардың басшылары мен мүшелеріне

Қазақстандағы барлық жергілікті билік органдарына

Қазақстан халқына

АШЫҚ ХАТ

 

Қадірлі діни қызметшілер, қоғам қайраткерлері, халайық! Алдымен Сіздердің назарларыңызды мына жәйтке тағы бір аударуға рұқсат етіңіздер.

Қазақ елі отаршыл патша өкіметінің озбырлығы салдарынан жоғалтқан мемлекеттілігін 1917 жылғы қазан төңкерісі нәтижесінде, кеңестік тұрпатта жаңғыртты. Кеңестік Қазақ Республикасы жұртты жаппай сауаттандырып, экономикасы мен мәдениетін дамытты, ақыры, Кеңестер Одағын құраған одақтас республикалардың бірі ретінде, 1991 жылы мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізді. Алайда мұның бәрі сол жетістіктердің тасасында қалған халық қайғысын ұмытуға желеу бола алмайды.

Сталинизм дәуірлеген кезеңде сан-мың жан жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған болатын: жеке басқа табыну әшкереленгеннен бері 340 мыңнан астам азамат ақталды. Тек Үлкен террор жылдары 120 мыңдай адам репрессияланып, оның 25 мыңдайы атылып кеткен еді. Осы сорақылықтарды айыптап еске алу кезінде, большевизм тұсында елімізде орын алған басқа бір мемлекеттік қылмыс оның тасасында қалып қалып жүр. Кеңес өкіметі тұсында көшпенді қазақ халқы үш дүркін жасанды ашаршылықты бастан кешіп, бұрын-соңды болмаған ұлттық апатқа ұрынған болатын: 1917-19, 1921-23, 1931-33 жж. жалпы адам шығыны 4 млн., ықтимал табиғи өсімді есептегенде 10 млн. жаннан асты. Қазақ халқы өз елінде ұлттық азшылыққа айналып, өткен ғасырдың елуінші жылдары барлық тұрғындардың үштен біріне де жетпей қалды.

Ұлттық сананың кембағалдануына апарып соққан мұндай азалы кезеңдерді өскелең ұрпақ білуге тиіс. Қасіретті өткенімізді  ұмытпау және оны болашақ ұрпақ зердесіне құйып отыру - біздің адами, тарихи парызымыз.  «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы 2008 жылы - жасанды ашаршылықтың аяқталғанына 75 жыл толуына орай: «Қазақстандағы 30-жж. ашаршылық: ауқымы, себептері, салдары», 2009 жылы - «Әділет» қоғамының ұйымдасқанына 20 жыл толуына орай: «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы: тоталитарлық тарихтан - демократиялық болашаққа» атты  арнайы республикалық, 2010 жылы - «Сталинизм: репрессияланған Қазақстан» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар өткізді. Солардың бәрінде тарихтың көмескі беттерін зерттеуді жалғастырып, жер-жердегі өлкетану мұражайларынан сталинизм келеңсіздіктерін әшкерелейтін бұрыштар ашу, жазықсыз жазаланғандар мен ашаршылық құрбандары көмілген орындарды анықтап, бастарына белгі қою ісін жалғастыра беру керектігі айтылып, тиісті қарарлар мен үндеулер қабылданды.

Сол үндеулерде  репрессияланғандарды ұлықтау істерімен қатар, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні (31 мамыр) қарсаңындағы жұмада әр жыл сайын жасанды ашаршылықта көз жұмған боздақтар рухына мешіттер мен шіркеулерде, өзге де ғибадатханаларда, аштық құрбандарына қойылған белгілер басында аруақтарға дұға бағыштап,  оқу орындарында, мекемелер мен ұйымдарда арнайы жиындар өткізуді дәстүрге айналдыру қажеттігі тұжырымдалған еді. Осыны енді сөзден іске айналдыратын кез келді деп санаған «Әділет» қоғамы өткен жылы өздеріңізге нақты ұсыныстар білдірген болатын. Соған байланысты, Қазақстан мұсылмандарының дінбасы Әбсаттар қажы бас болып, еліміздегі барлық мешіттерде былтырғы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңындағы жұмада - 28 мамырда - жұма намазының  уағызы осы қасіретті тақырыпқа арналды. Сол күні Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Ахмет Байтұрсынов мұражайы алаңында митинг өтіп, Қарағайлы бақтағы ашаршылық құрбандарына ескерткіш тұрғызылатын орынға қойылған тас белгіге гүл шоқтары қойылды.

Былтыр нақты бастау алған осы сауапты іс елімізде жыл сайын 31 мамырда атап өтілетін Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңындағы жұмада - бұл күн үстімііздегі жылы 27 мамырға сәйкес келеді - биыл да жалғасын тауып, ашаршылық құрбандары рухына дұға бағыштау дәстүрге айналса құба-құп болар еді. Өлі разы болмай - тірі байымайды деген дана халқымыз!

Құрметті Қазақстан мұсылмандарының дінбасы шейх Әбсаттар қажы! Өткен жылы еліміздегі барлық мешіттер ашаршылық апатын еске ұстауды уағыздайтын жұма намазын арнаған игілікті шаруа биылғы 27 мамырда жалғасын тапса және әр жылғы мамырдың соңғы жұмасында міндетті түрде аштық құрбандарына дұға бағыштау Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу ауқымында өткізілетін дағдылы іс-шараға айналса, солай болуына өзіңіз тікелей қамқорлық көрсетсеңіз деген өтінішіміз бар.

Құрметті христиан діні тармақтары (православие, католик, т.б.) ұйымдарының діни қызметшілері! Осындай өтінішті Сіздерге де арнап айтамыз. Бұл - барша халқымызды ұлы мұрат жолында біріктіруді көздейтін, иманға негізделген әділ де сауапты шара.

Құрметті саяси партиялардың, қоғамдық және мемлекеттік емес ұйымдардың басшылары мен мүшелері! Мемлекет қызметшілері! Қадірлі қауым! Құжаттарымызда көптен айтылғанмен, жұртшылықтан нақты қолдау таппай, тек былтыр ғана тұңғыш рет  көп болып қолға алу әрекеті жасалған   игілікті бастамамыздың Сіздердің тараптарыңыздан кең қолдау табатынына біз сенеміз!

Барлық қалалар мен елді мекендердегі азалы орындарға  Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңындағы жұмада - 27 мамырда - гүл шоқтарын қойып арнайы жиындар өткізуге, жасанды ашаршылықтардан шейіт болған боздақтар рухына бас июге шақырамыз!

Құрметпен,

Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының мүшелері атынан:

Сәкен Сейфуллин - «Әділет» қоғамының төрағасы, Бейбіт Қойшыбаев -төрағаның бірінші орынбасары, Айдос Сарым - төрағаның орынбасары, Сәуле Айтмамбетова, Нәзира Жақауова, Ажар Жандосова - төралқа мүшелері, Саят Жансүгіров, Нәдір Әзірбаев, Әли Жандосов, Геннадий Земель, Марат Нұрпейісов, Төлеген Жүкеев - басқарма мүшелері, Тоқтар Бейісқұлов, Қызғалдақ Жұбанова, Райхан Жұмабаева, Азалия Ахметова, Венера Қуанышбаева - ақсақалдар алқасының мүшелері.

0 пікір