Кеңес өкіметінің әкімшіл-әміршіл әдеттерінен арылған жоқпыз
«Бюрократ ол кім?» -дегенде, бюрократтар азаматтардың мүддесіне нұқсан келтіріп, өз міндеттерін формалды түрде атқаратын қызмет адамы деп айта салуға болар еді. Бұл сұраққа ауқымды жауап іздеп, еліміздегі бюрократтарымызды зерттеп көрейікші. Жасыратыны жоқ, еліміздің мемлекеттік басқарудағы барлық құрылымдарында жайғасып алған бюрократтарымыз өздерін жайлы сезінеді. Бюрократтар жүрген жерде, жемқорлар да қатар жүретіні заңдылық. Сондықтан, қазіргі заманда көптеген демократиялық мемлекеттер құқықтық мемлекет болуға ұмтылуда. Үйткені, барлық мемлекеттердің эканомикалық-саяси дамуына жол бермейтін сол бюрокарттар мен жемқорлар екенің жаһан жұрты көнеден біледі. Жетпіс жылдан артық өмір сүрген Кеңес Одағын тоқырауға апарып құлатқан бюрократтар армиясы деп айтсам, артық айтқан болмаймын.
Кеңестік Үкіметінің басқарушысы болған И.В.Сталин бюрократиялық аппаратының үстемділігін өзі қалыптастырып жасаған екен. Яғни, мемлекеттік қызметте отырған адам, өзінен жоғарыда отырған барлық басшыларына бейілді (лоялды) болуы және бастығының айтқаның бұлжытпай орындауға міндетті еді. Осылай, біліктілігімен емес, бейілділігімен басшы болып келген адам барлық жұмыстарын өзінің орынбасарларына, көмекші-хатшыларына артып қою әдеттегі жәй болған. Бірте-бірте мұндай алгоритімдер айналып келіп «дәстүрге» ұласты. Бара-бара, КСРО-дағы алпауытты бюрократиялық аппарат өздерінің жұмыс процессін формализмге апарады. Бұл дегеніміз, Кеңестер Одағының барлық мекемелерінде, кәсіпорындар мен ұйымдарда қағаз бастылықпен айналысатын сансыз көлемде жасанды жұмыс орындары ашылады. Қаптаған шенеуніктер армиясы аппаратында бюрократияның тамыр жайып, салтанат құрғаны сонша, әкімшілік-әміршілік «әдеттер» бүгінгі күнге де келіп жетіп отыр.
Баяғы, Кеңестік Социалистік Республикалар Одағында барлық мемлекеттік іс қағаздар тек орыс тілінде жүргізілгенін барлығымыз білеміз. Өткен ғасырдын 90-шы жылдарының басында ыдыраған одақтан бөлініп, тәуелсіздігін алған барлық одақтас елдер өздерінің іс қағаздарын жүргізу жұмыстарын бірден өздерінің мемлекеттік тілдерінде алып кетіп жатты. Ал біздің мемлекетіміз өзінің тәуелсіздігін 1991 жылы жариялағанымен, еліміздің Кеңес Өкіметі номенклатурасы өз жұмыстарын ескіше жалғастыра берді. Ескі әдетпен жұмыс істейтін шенеуніктеріміз жүре-бара жұмыстарындағы тұрақтылықты ойлаған болар, еліміздегі ұлтаралық тұрақтылықты желеу қылып мемлекеттік қызметтегі іс қағаз жұмыстарын қос тілде жүргіземіз деді. Осылай, «бір оқпен екі қоянды алды» дегендей, ескі заманның жоғары лауазымды шенеуніктері өздерін және өздеріне деген лоялды шенеуніктер армиясын сақтап қалды. Егер еліміздің мемлекеттік басқаруда орын алған мұндай үрдіс жалғаса берсе, ескі қалыпта жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкерлеріміз елімізді жақсылыққа апармайды.
Мемлекетіміз жүргізіп отырған қазіргі қос тілділік саясатында, өздерін жайлы сезінетін азаматтарымыз, елімізде болған барлық сайлауларда билік партиясына әманда дауыс беретін тұрақты электорат болып қалыптасты. Жасыратыны жоқ, барлығымыз қазіргі қалыптасқан саяси тәртіпке мойынұсынатын конформистер болып алдық.
«Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қызмет етуіне уақыт керек», «Іс қағаздарының, ресми құжаттардың тілі бір жүйелікті қажет етеді, стильдік жағынан да әлі қалыптаспаған» деген сияқты, осы күнге дейін бізге айтылып жүрген сөздердің барлығы өтірік! Мемлекетіміз өзінің тәуелсіздігін алғанан бері, тілімізге қатысты барлық мәселелер тіл мамандарымен баяғыда реттеліп қойылған. Тек, Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі дегенді қалдырып, қос тілділікті Коституциямыздан алып тастауымыз керек.
Жанат Асанқали
Abai.kz