Сенбі, 23 Қараша 2024
4599 10 пікір 7 Ақпан, 2019 сағат 16:41

Қ.Тоқаев: Жастарға өзін өзі танытуы мен өзін өзі дамыту үшін нақты мүмкіндіктер керек

Сенатта «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңды іске асыру және Жастар жылын өткізу аясында мемлекеттік органдардың, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың алдында тұрған міндеттерге арналған дөңгелек үстел отырысы болды.

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сөзінде Елбасымыз жария еткен Жастар жылының ең басты мақсаты - өскелең ұрпақтың барынша сапалы өмір сүруіне қажетті жағдай жасау, жастар – бұл мемлекетіміздің күш-қуатын еселейтін ең негізгі, мықты буын екенін атап өтті.

Халықаралық ахуал шиеленіскен кезеңде біздің мемлекетіміздің қауіпсіздігіне төнетін сын-қатерлер де арта түседі, осындай күрделі әлемдік ахуалда Қ.Тоқаев «елдігімізді сақтап қалу мен табысты дамудың бірден-бір жолы, ұлт болып ұйыса отырып, әрекет ету, Қазақстан халқының жарқын болашағын қамтамасыз ету тікелей өзіміздің іс-әрекетімізге байланысты», деп санайды.

Сенат Төрағасы осыған орай жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу аса маңызды міндет екенін атап өтті. Оның айтуынша, жастардың отаншылдық рухы жалаң ұраншылдық пен жоғары мансапқа емес, ең алдымен, терең білімге негізделуі тиіс.

«Келешек шынайы біліммен қаруланғандардың қолында екенін баршамыз жақсы білеміз. Инновациялық табысқа қол жеткізген және сол жетістіктерді өз халқының игілігі үшін пайдалана білген мемлекеттер ғана көш алдында болары анық. Ғылым мен жаңа технологияларға ден қойған мемлекеттердің жолы даңғыл болары сөзсіз. Қалғандары күнкөрістің қамын күйттеп, жолы болып жатса, дайын ғылыми өнімді тұтынушылардың қатарына қосылады», - деді Қ.Тоқаев.

Оның сөзінде Қазақстанда жалпыұлттық және жаһандық міндеттерді жүзеге асыруға қабілетті, шығармашылық ойлау әлеуеті жоғары, алдына биік мақсаттар қоя білетін жастар аз емес екені айтылды.

«Баршамыз аяқ басқан жаңа ғасырда біздің алдымызда терең ойлы, еңбекқор, сындарлы, төзімді, ұтқыр және жаңашылдыққа ұмтылған ұлттың жаңа бейнесін, демек, бәсекеге қабілетті ұлт иесін қалыптастыру міндеті тұр», - деді Сенат Төрағасы.

Қ.Тоқаев Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының маңызын атап өтті және онда жаһандық өркениеттің теңдессіз жетістіктерімен қоғамды таныстыратыны әрі халқымыздың рухани мұрасына адал болуға үндейтіні айтылды.

Жоғарғы Палатаның Төрағасы Мемлекет басшысының бастамасындағы жастар саясаты жөніндегі жаңа ауқымды жобаларды іске асыру мәселелеріне тоқталды. Жастарды жұмыспен қамту туралы айта келіп, Қ.Тоқаев жастардың жұмыссыздығын жоюдың басты мүмкіндіктері шағын және орта бизнес саласында екеніне назар аударды.

«Біздің жастарымыздың бойында кәсіпкерлік бастамаларды іске асыра білу қабілетін тәрбиелеу қажет. Қазақстанмен салыстырғанда экономикалық жағдайы анағұрлым қиын жағдайдағы көрші мемлекеттердің жастарының қаншалықты икемді, іскер екені, өз шағын бизнестерін жүргізуге бейімделгені байқалып отыр. Бұл елдерде жастар жаңа мамандықтарды игерген, өз туыстары мен өз мемлекетіне қолдау көрсету мақсатында өздігінен жұмыс тауып, шетелдерде де жұмыс істеуде», - деді Төраға.

Қ.Тоқаевтың пікірінше, жастар арасындағы кәсіпкерлікті дамыту бағытында туризм келешегі зор сала болуы тиіс. Ол осыған орай туризм саласы бойынша білікті мамандардың аздығын ескере отырып, еліміздің жоғары оқу орындарында туризм және қонақүй бизнесі факультеттерін кеңінен ашуды ұсынды.

Сенат Төрағасы жастарды парламенттің және жергілікті өкілетті органдардың жұмысына кеңінен тарту және белсенді жаңа буын өкілдерін қолдауға шақырды: «Алға қойған мақсаттарына қол жеткізіп, өзін-өзі дамытуға талпынған жастарға шынайы қолдау қажет. Қазақстандық жастар өз болашақтарына сеніммен қарауы тиіс, олар үшін Қазақстан мемлекеттік басқарудан бастап ғылым мен шығармашылыққа дейін сан алуан салаларда табысқа жетуге мол мүмкіндіктер беретін ел болуы тиіс».

Сенат Төрағасы мектептерде орын алған, қоғамның наразылығын тудырып отырған күш көрсету, қорқыту мен қорлық көрсету әрекеттеріне орай жастардың құқықтық және адамгершілік тәрбиесіне де тоқталды.

«Мектептерде орын алып отырған зорлық-зомбылық жағдайлары – бұл барлық мемлекеттік органдардың жұмысындағы кемшілік екенін мойындау қажет, - деді Қ.Тоқаев. - Бұл мәселеге көз жұмып қарауға болмайды. Осы түйткілдің шығу себептерін анықтап, мектептерді жайлаған қорқыныш пен үрейден түбегейлі құтылу үшін нақты шаралар қолдану қажет. Бұл мұғалімдердің, ата-аналар мен жастар ұйымдарының, барлық деңгейдегі әкімдердің және тұтас қоғамның алдындағы маңызды міндетке айналуы тиіс».

Сонымен қатар аса маңызды мәселе - жастардың дінге деген көзқарасы туралы да айтылды. «Еліміздегі әрбір жас азамат, өзінің діни сенімінен тыс мемлекетке, оның заңдары мен нышандарына құрметпен қарауы тиіс. Мектептердегі жүріс-тұрыс әдебі және киім кию үлгісі халықаралық тәжірибені, ең бастысы, халқымыздың ұлттық дәстүрлерін негізге алуы керек. Бүгінгі таңда діни сеніміне бола балаларды білім алу мүмкіндігінен айырып, олардың білім көздерінен қол үзуіне мәжбүр болған жағдайлар орын алып отыр», - деді Сенат Төрағасы. Ол осы күрделі мәселе жөнінде келісілген және орынды шешім табу үшін Парламент пен Үкіметті бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

Мәселені талқылауға қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Нұржан Әлтаев, бірқатар аймақтар әкімдіктерінің басшылары, жастар ұйымдарының көшбасшылары қатысты.

Дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша мемлекеттік жастар саясатын жетілдіруге бағытталған ұсыныстар қабылданды.

Шараға қатысушыларға жастар саясаты саласында жүзеге асқан бірқатар жобалардың нәтижелеріне арналған тақталар қойылған көрме ұйымдастырылды. Сенаторлар сонымен қатар отандық бренд өнімдері мен жас суретшілердің шығармаларымен танысты.

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394