Сенбі, 23 Қараша 2024
3265 1 пікір 23 Ақпан, 2019 сағат 13:32

Алматы облысы әкімі есеп берді. Не айтылды, не айтылмай қалды?..

Жуырда Алматы облысының әкімі Амандық  Баталов облыс жұртшылығының алдында жылдық есеп беру жиынын өткізді.

Әкімнің есептік жиыны облыс орталығы Талдықорған қаласындағы Б. Римова атындағы драма театрында өтті. Жиынға ҚР Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Жайсаң Ахметов, Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева, «Бәйтерек» ҰБХ басқарма төрағасы Айдар Арифханов қатысты.

Жиында залдағы қатысушылардан ауызша және жазбаша қойылған, сонымен қатар облыс әкімдігінің zhetysu.gov.kz сайтына жолданған жалпы саны 60-қа жуық сұрақ түсті. Сауалдардың мазмұны негізінен қаланы газандыру және көгілдір отынға қосуда әлеуметтік әлжуаз топтарға жеңілдік қарастыру, ауыз сумен қамту, аулаларды абаттандыру, орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу, тұрғын үй алу, жол жөндеу сияқты маңызды мәселелерге қатысты болды.

Талдықорған қаласының тұрғыны Темірлан Өзенбаев Талдықорғандағы жылыту қазандықтарын табиғи газға қашан қосылатыны туралы сұрады. Газға қосылса біріншіден төлемі арзан болар еді, екіншіден экологиялық мәселеге ыңғайлы болар еді деді.

«Өте дұрыс көтеріліп отырған мәселе. Қанша жерден фильтр қойсақ та, қатты отын пайдаланудан шыққан түтін экологияға кері әсерін тигізеді, шығарындылары да көп болады. Бір қазандықты газға қосуға 900 млн. теңгенің шамасында қаржы қажет екен, бірақ одан шығатын жылу қуаты 22-ден 50 Гкал-ға жететін болады. Сондықтан алдағы уақытта қаладағы 5 қазандықты түгелдей газға қосамыз», - деді облыс басшысы.

Текелілік Мира Бочарникова Текелі қаласында ауыр металдар қалдығы жатқан орынның экологиялық зияны туралы мәселе көтерілді. Облыс әкімі бұл проблеманы шешуге биылғы жылы республикадан қаржы бөлініп, басталатынын айтты.

Мәселен, Панфилов ауданының тұрғыны Ерлан Оспанов Пенжім ауылындағы аурухана 200 жылдан бері жекеменшіктегі ғимаратты жалға алып отырғанын айтып, сол мекемеге лайықтап ғимарат салып беруді сұрады. Сол сияқты Қарасай ауданының тұрғындары өздері тұрып жатқан көп қабатты үйлердің орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылмағаны, сол үшін қазандық салып беруді өтінді. Облыс әкімі аталған мәселелер бойынша өз орынбасарларын тұрғызды, олардың айтуынша екі мәселе де биылғы жылдың жоспарына енгізілген, құжаттары дайындалуда.

Талдықорған қаласының маңындағы Мерекелік саяжайының тұрғыны Бақытгүл Рахымбаева саяжайдың электрмен қамтылу мәселесінің шешілгеніне рахмет айтып, ондағы тұрғындарды ауыз су проблемасы қинап отырғанын жеткізді. Сонымен қатар ұрлықтың көбейгенін және ұры ұсталған күнде босатылып жіберілетінін де атап өтті. Бұл мәселе бойынша қала әкімі ауыз су жүргізудің жобалық-сметалық құжаттары дайын екенін, тек республикалық бюджеттен қаржы бөлінуіне байланысты жасалатынын айтты.

Облыс басшысы ауыз су жүйесінің құрылысын бастауға бюджеттен 100 млн. теңге қарастыратынын және қала әкімдігіне құрылыс жұмыстарын биыл бастауды тапсырды. Саяжайда ұрлық жасағаны дәлелденген азаматтардың жазаға тартылуын жеке өзі бақылауға алатынын айтып, Полиция басшылығына олар туралы барлық мәліметті алдына алып келуді тапсырды.

Тұрғын үй алу, әлеуметтік көмек қажеттілігі жайлы айтқан көп балалы аналарға жәрдемдесу шараларын қарастыру, қамқорлық жасауға кәсіпкерлерді тарту туралы тапсырмалар берілді.

Райымбек ауданының тұрғыны, жас маман Медет Байжұма облыс басшылығының жұмысына аудан тұрғындарының атынан ризашылығын жеткізіп, әрбір аудандағы жастар орталықтарына бөлінетін 10 гектар жерді игеріп, ауыл шаруашылығына үлес қосу жастар үшін үлкен қуаныш екенін айтты.

Талдықорған қаласындағы Ғ. Орманов көшесі, 48 үйдің ауласын абаттандыру туралы сауалға байланысты қала әкімі Д. Шалтабаевқа биылғы жоспарланып отырған аулалардың қатарына аталған үйді қосымша кіргізу туралы тапсырма берілді.

Сонымен қатар сауалдарда сөз қозғалған Балқаш көлінің жағалауын дамыту, қаладағы көркем гимнастикаға арналған залдарды кеңейтіп, жаттықтырушы штаттарын қосу, Шарын шатқалын туристік нысан ретінде дамыту және басқа да мәселелерге қолдау жасалатыны айтылды.

Жиын соңында облыс әкімі Амандық Баталов есепті кездеуге қатысқан, өзекті мәселелер туралы сауалдар қойған тұрғындарға алғыс білдіріп, бүгінгі күні проблемаларды шешуге Мемлекет басшысы тарапынан барлық жағдайлар жасалып отырғанын айтты. Ең бастысы, әр мәселеге терең үңіліп, жауапкершілікпен және адамгершілік тұрғыдан қарау керектігін жеткізді. Сондай-ақ көтерілген мәселелердің барлығы да назарға алынып, олардың кезең-кезеңімен шешу қастырылатын болады.

Abai.kz

 

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364