Бексұлтан Нұржекеұлы. Бір әріптен адасқан тарих
Әңгіме Шыңғыс хан жайында. Тарихты адастырған әрібіміз – «ң».
Осекең – Оспанхан ағамыз – бұл әріпке сөз басында келетін бір сөз тауып берген, ол – Ңөң, айсберг. Шыңғыс хан тарихы да тап сол ңөңге ұқсайды: бетінде – бір өтірік, астарында адам адасатын айла-шарғы. Шыңғыс хан жайындағы бүкіл тарихты бүлдіріп жүрген «ң» әрібі ең әуелі «моңғол» сөзінде болып, одан «моғол» сөзі пайда болған ба әлде керісінше ме? Содан барып «Шыңғыс хан моңғол ма, моғол ма?» деген сұрақ туындайды.
Моңғол қай тілде сөйлейді, моғол қай тілде сөйлеген? Ал Шыңғыс хан мен оның ұрпақтары қай тілде сөйлеген? Оған дәлел, куә бар ма? Бар болса, кәне?
Шыңғыс хан моңғол болса да, моғол болса да, туып-өскен жерін тарих дәл, дәлелмен айтты ма?
Кәзіргі «моңғол» деп жүрген халықты бұрын қазақ «ойрат» деген. Ойратқа шорос, хошоуыт, дүрбіт, торғауыт тайпалары жатады. Қазақ оларды «қара қалмақ» деп атаған. Ал халха тайпасын «құба қалмақ» атаған. Сонда бүкіл моңғолдың жалпы аты – қазақ үшін тек қалмақ.
Қазақ пен қалмақ 250 жылдан астам соғысыпты. Бірақ қазақ қара қалмақты да, құба қалмақты да ешқашан моңғол да, моғол да демеген.
Енді куәге тарихи деректерді тартайық.
Бірінші куә – Плано Карпини. Кітәбінің аты – «История монгалов». Біз бұл кітәптің 1993 – жылы Алматыда «Ғылым» баспасынан шыққан нұсқасын негізге аламыз.
Тарихтан белгілі, Шыңғыс хан 1227 – жылы қайтыс болған. Ал италиандық Карпини ол құрған мемлекетке 1245 – жылы жазғытұрым келіп, 1246 – жылы күздің соңында қайтады. Бұл кез – елді Шыңғыс ханның ұрпағы Күйік хан басқарғалы жатқан кез. Шыңғыс хан өлгелі бар-жоғы 18 (он сегіз) жыл болған.
Ол әуелі Шыңғыс ханның немересі Бату ханның ұлы Сартақтың ауылына келеді. «Бату» сөзі қазақтың «қату», «ұту», «басу» секілді сөздерінің жасалу жолына ұқсас жасалып, батыл деген мағына береді. Ал Сартақ – «сары» және «тақ» сөздерінен құралған қос түбірлі түрік сөзі, үндестік заңына сәйкес ортадағы «ы» дыбысы айтылмайды, кәзір де қазақтар «сарғалдақ», «сартөбе», «саржайлау» деп, ортадағы «ы» дыбысын қалдырып сөйлейді, қалдырып жазады.
Карпини кітәбінің аталуындағы «моңғал» сөзі түпнұсқада да солай ма әлде аудармашы өзгерткен сөз бе, оны мен білмеймін.
Бату ордасы Итил өзенінің бойында екені айтылады. Оның қазақшасы – Еділ. Ол – ежелден түрік сөзі, «ағыл-тегіл», «мол» сөзімен тектес.
Ал Карпини келе жатқан ұлы қағанның мекені найман мен ұйғырдың шегарасында. Еділ мен осы екі араға оның билігі жүріп тұрған. Демек бұл өлкенің шегарасын белгілеген адам – Шыңғыс хан. Ол – қаған Күйік пен Бату ханның атасы. Ол шегара бұл күнде біраз тарылды, алайда негізі Қазақстан Республикасында сақталып қалды.
«Шыңғыс» сөзінің төркіні моңғол тілінде анықталмайды. Ал оның қазақ тілінде «Шыңқұз» екенін, әрі шыңдай бійік, әрі құздай терең деген мағына беретін сөз екенін 1776 – жылы жазылған «Түп-тұқыйаннан өзіме шейін» атты кітәбінде Қазыбек бек Тауасарұлы жазса (1993 – Алматы, 85 – бет), екі жүз жылдан кейін оны Сәкен Сейфуллин де жазады.
«Қазақ тарихынан қысқаша мағлұмат» деген еңбегінде Сәкен Сейфуллин: «1206 – жылы өзіне Шыңғыс хан деген ат алған. Шыңғыс ханның тума аты – Темушын (Теміршың) екен...
1206 – жылы Теміршың ру бастықтарын шақырып құрған үлкен жыйылысында (құрылтайында) жиылып отырған топқа шығып сөз сөйлеп: «Теміршың хан енді кішкене хан емес, бұл енді ұлы, биік хан болды. Көктегі тәңірдің әмірі бойынша, мұның есімі енді «Шың-құзхан» болсын!» – деп жар салған Қоңырат руынан Меңлеке баласы «Тәңірі бұты» атанған Көкше деген бақсы Шыңғыс (шың-құз) әскерінің бастығы болған. (Алматы, 2007, «Қазығұрт» баспасы, 7 – том, 13, 14 – бет ).
Мұны айтқанда Қоңырат Көкше бақсы, әрине, моңғолша емес, түрік тілінде сөйлеген. Себебі Қоңырат – қазақ тайпасы. Моңғол тілінде «шың» да, «құз» да – «оргил» (361, 195 – бет). Бұл деректі мен 1977 – жылы Улаан баатар қаласынан шыққан «Қазақша – моңғолша сөздіктен» алып отырмын. Алда да сөйтем.
Және бір басы ашық нәрсе: Қоңыраттар ешқашан моңғол моңғол болғалы моңғол жерінде тұрған емес. Ал сондықтан Қоңырат Меңлекенің моңғол жеріндегі Шыңғыс ханға қалай әке болып жүргенін (Есугей өлген соң Өлең соған тиген) елестетудің өзі мүмкін емес.
Күйік билеген жерде қалалардың жоқ екенін айта келіп, тек Каракарон деген ғана қаласы бар, бірақ біз оны көрмедік, жарты күндік жерден жанынан өтіп, императордың Сыр – Орда аталатын басты сарайына келдік дейді Карпини (22 – бет).«Каракарон» деп отырғаны, әрине, Қарақорым. «Қара» деген – моңғолша «хар» (177 – бет), қорым – сага (190 – бет). Демек бұл қала моңғолдікі емес. Өйткені «қара» да, «қорым» да қазақтың сөзі: қара – түсті білдіреді, қорым – тау беткейіндегі бір-бірімен бірікпеген ұсақ тастың жиынтығы.
Шыңғыс та, оның ұрпақтары да моңғол болса, неге орталық қаласының атын моңғолша қоймай, қазақша атаған деген сұрақ өз-өзінен тумай ма?
«Сыр – Орда» деп отырғаны, әрине, Сары – Орда. Өйткені Карпинидің осы кітәбін қытайшадан аударған Тілеуберді Әбенайұлы «Сары – Орда» деп дұрыс аударған (Плано Карпини «Моңғал тарихы», Алматы, «Шапағат – нұр» баспасы, 2013 – жыл, 20 – бет).«Сары» дегенді моңғолдар «шар» (265 –бет ), «орданы» «орд» дейді екен (235 – бет). Демек бұл да моңғолдың сөзі емес, қазақтікі.
Осы Сыр – Орда тұрған елде шошқа деген мүлде жоқ дейді Карпини (24 – бет). Қазақ шошқаны күні бүгінге дейін бақпайды.
Еділ мен Сары – Орда арасындағы елді Карпини «татары» деп атайды. Үйлерінде құлпы болмайды дейді (31 – бет). Және оларда нан жоқ деп жазады. Үлкенді сыйлау бұл елде басты салт, үлкенді сыйламағанды жазалайды дейді (32 – бет). Қыз да, әйел де атқа мінетінін айтады. Үйге табалдырықты басып кірген адамды өлім жазасына кеседі дейді.
Бәрі – қазаққа тән әдет.
Бұл ара бір кезде «монгал» аталған, онда төрт халық тұрған, біріншісі – иеке монгал, йағни ұлы монгал; екіншісі – су – монгал, олар өзін «татар» деп атайды, «татар» аталатыны су бойында тұрады, үшіншісі – меркіт аталады, төртіншісі – мекрит немесе су – татар дейді (33 – бет). «Керейіт» дегенді Карпини «мекрит» деп отырған болу керек.
«Иеке» деп отырғаны – көне түрік сөзі, «үлкен» деген мағына береді, кәзіргі кезде үлкен кісілердің атына құрмет ретінде қосылып айтылады: Тұрғанды Тұр-еке, Нұрланды Нұр-еке дейміз, т.с.с. Ал ол кездегі «су» мен кәзіргі «судың» айырмасы жоқ, Карпинидің «водяные монгалы» дегені – оған дәлел. «Су» дегенді моңғолдар «ус» (278 – бет) дейді. Суды көне түріктер де «ус» деген. Шыңғыс хан иеке моңғал екен. «Олар өзін «тартар» деп атаған», – дегенді де айтады Карпини.
«Татар» дегенді «тартар» деушілер тарихта бар. Сөздің құрылымы мен тегі жағынан бұл екі сөз де түрік сөзі. Тартар, ұрсар, құртар, татар, сатар, жатар деген сөздердің құрылымы – бір. «Тартар» деген тартып алуды білдірсе, «татар» деген дәм татуды аңғартады. Дәл мағынасы бүгінгі күнде көмескіленген.
Император, йағни Күйік қаған салған қала Омыл, йағни Еміл атаныпты (34 – бет). Бұл да көне түрік сөзінен тұратын сөз, «ему» сөзімен төркіндес. Күйік хан «бүкіл татарды өзіне құл қылып алды» дейді Карпини (34 – бет).
Әскери терміндерді Карпини түпнұсқада қалай жазғаны белгісіз, аудармада онбасы, жүзбасы, мыңбасы және түменбасы деп орысша берілген. «Түменді» «тьма» депті. «Тым көп» деген мағына беретін бұл сөз – орыс тілінде бүгінге дейін «тьма».
«Татары являются владыкой над жителями», – дейді Карпини (50 – бет). Оның жазуына қарасақ, мұндағы жердің қожасы – татарлар, ал монғалдар – олардың басшысы. Демек татар мен монғал – біртектес халық.
«Татарлардың ойы, қолдарынан келсе, жер жүзін бағындырып алу», – дейді Карпини (52 – бет ). Біресе «татар» деп, біресе «моңғал» деп жүргеніміздің түбі бір-ақ халық екені осыдан-ақ көрініп тұрған жоқ па?
Күйік ханның Батудан жоғары екенін айта келіп, «на их языке именующейся Кан, Куйук», – дейді (53 – бет). «Кан» дегені, әрине, «хан», бұл арадағы үтір – аудармашының немесе баспаның қатасы. «Хан Күйік» қой, бірі – лауазымы, бірі – аты. Бұл екеуі де әлі күнге дейін қазақтың сөзі. Демек ол тіл – түрік тілі, оның ішінде кәзіргі қазақтың бұрынғы тілі. Күйікке тіл қатқысы келгендер: «Күйік!» – деп атын атамай, «Хан!» – деп лауазымын қоса сөйлеген ғой.
«Рус жерінің көбін татарлар қырды», – дейді Карпини (59 – бет). Демек орыстарды билеген кәзіргі моңғолдар емес, монғал мен татарлар. Олар билеген жерде төрт үлкен өзен бары айтылады: Днепр, Дон, Волга, Яик. «Днепр» сөзінің төркіні «нөпір» сөзі болар деп ойлаймын, ағысы қатты болса керек, ал «Дон» деп отырғаны – Дөң, түрік сөзі (қазақ). «Волга» дегені, сірә, аудармашының сөзі, ол кезде ол өзен Еділ (Итил) аталған. Ал «Яик» дегені – Жайық. Төрт өзеннің бірде-бірі кәзіргі моңғол халқының тілінде аталмаған.
«Бату очень милостив к своим людям», – дейді (63 –бет).
«Кангит жеріне келдік», – деп (63 – бет), Янкинт, Бархин, Орнас атты мекендерді атайды (64 – бет) «Кангит» қаңлы болса, Янкинт – Жанкент, Бархин – Баршын, Орнас – Орнас болар. Бәрі де ежелгі қазақ сөздері.
Карпинидің жазғандарын мұқыят қарап отырсаң, ол кәзіргі Моңғол халық республикасының жеріне жетпей, Сары – Ордадан қайтқан. Жер-су атауларының бәрі көне қазақ тілінде. Бұл не сонда? Біздің қателік пе, тарихтың қателігі ме? Әлде Шыңғыс хан өлгелі бергі он сегіз жыл ішінде бүкіл моңғол тез арада түріктеніп кеткен бе?
Карпини Күйікті ұлы қаған сайлау рәсіміне қатысады. Оны қаған сайлайтын күні қатты бұршақ жауып, сайлау келесі күнге қалдырылады.
Осы арада аудармашының тіл білмеушілігі шындықты қалай бүлдіретініне көз жеткізетін бір мысал бар. Орыс тілінде: «более 160 человек утонуло там же при дворе», – десе (32 – бет), Тілеуберді Әбенайұлы аударған қазақшада: «160 шақты адам түгелдей бұршақ суына малшынды», –делінген (17 – бет). «Утонуло – суға батып кетті» дегенді білдіреді. Суға батып кету мен суға малшынудың» арасы жер мен көктей емес пе?
Карпинидің біз үшін өте бір тың дерегі мынау болар.
Күйік ұлы хан, йағни қаған сайланғаннан кейінгі жағдайды жаза отырып былай дейді: «…там на одной прекрасной равнине, возле некоего ручья между горами, был приготовлен другой шатер, называемый у них Золотой Ордой» (67 – бет). Бұл, әрине, Алтын Орда дегені. Ал «Алтын Орда» қазақтың сөзі ме, моңғолдікі ме?
Алтынды моңғолдар – «алт» (25 – бет), орданы – «орд» десе (235 – бет), онда неге «АлтОрд» деп жазбайды Карпини? Ал аудармашының атау сөзді өз аталуында жазбай, «Золотая Орда» деп орыс тілінде жазуының өзі – әділетсіздік. Атау сөз (жалқы есім) аударылмай, өз аталуынша «Алтын Орда» деп жазылуы керек-ті.
Қазақта «Бір жоқты бір жоқ табады» деген сөз бар. Біз үнемі Алтын Орда аты аталса, оны Еділ бойынан іздейміз ғой, ал Карпини оның Қарақорым қасында екенін жазып отырған жоқ па? Демек Бату Алтын Орданың Еділ бойындағы билеушісі болғаны ғой? Ал Алтын Орданың басты иесі – Қарақорымдағы Күйік.
Енді Шыңғыс хан қазасынан соң 26 жылдан кейін, йағни 1253 – жылы шығыс еліне сапар шеккен Гильом Рубруктың «Путешествие в восточные страны» атты кітәбіне көз салып көрейік (Бұл да Карпинидің кітәбімен бірге басылған. Алматы, «Ғылым» баспасы, 1993ж.).
Карпини Күйік хан тұсында келсе, Рубрук Мөңке хан билеп тұрған кезде келеді. Ол да алдымен Сартаққа соғып, сонан соң Бату ордасына барады. Ол бірақ татарды «татар» дегенмен, монгалды «моал» деп жазады. Бұл, әрине, «моңғол» деген сөз емес, алайда үндестік заңы бойынша сөйлейтін түріктің де таза сөзі емес, өйткені үндестік заңымен сөйлейтін елде екі дауысты дыбыс түбір сөзде қатарлас келмейді. Сондықтан «моал» сөзінде ортадағы «о» мен «а» – ның арасында тағы бір дыбыс бар болады, оны Рубрук, сірә, айта алмаған. Ал ол айта алмаған дыбыс «ғ» болуы мүмкін. Сонда «моғал», «моғол» дегенді Рубрук «моал» деп отырған болуы мүмкін.
«Моал немесе татарлар» (80 – бет) деп, Рубрук оларды теңестіріп жазады. Екеуінің ол үшін айырмасы жоқ.
Олардың негізгі сусыны қымыз (кумыс) екенін жазады (82 – бет). Оны моңғолдар «ашыту айраг» немесе «ашту айраг» дейді екен (жоғарыда айтқан сөздік, 204 – бет). Өзінің негізгі сусынын өзге тілде айтатын болғаны ма моңғолдың? Оны Рубрук «кобылое молоко» деп анық жазған. «Кара – космос т.е. черный кумыс», – дейді ол (84 – бет). Оны сыйлы адамдарға арнап әзірлейді екен. Сартақ, Күйік, Мөңке – бәрі моңғол болса, негізгі сусындарына қазақтың «қымыз» деген сөзін пайдаланғандары қалай? Және олар сүттен «гриут» жасайды екен (84 – бет). Онысы, әрине, құрт. Қазақ сөзі. Ал моңғолдар оны «ааруул» дейді екен (199 – бет). Сусынын да, тамағын да қазақша атайтын бұл моңғол сонда қандай халық?
Ол жерде «согур» (85 – бет) аталатын саршұнақ көп дейді Рубрук. «Согуры», әрине, суыр . Оны моңғолдар «тарбага» дейді (279 – бет). Бұған қарағанда, моңғолдар моал да, татар да емес. Өйткені олардың тілі де, сөзі де басқа.
Ол арадан «аркал» (85 – бет) деп аталатын аң көргенін жазады. Онысы – арқар. Арқарды моңғолдар «аргаль» (31 – бет) дейді.
Сүттен «аира» жасайтынын жазады. Айранды моңғолдар «сараг» дейді (20 –бет). Ұқсамайды.
Христиандар қымыз ішпейтінін айта келіп, командар ішінде «капчайт» атты ел бар екенін айтады (94 – бет). Тілі келмей ме әлде дұрыс естімей ме, «қыпшақ» дегенді солай жазыпты. Ал менің білуімше, қыпшақтар ешқашан моңғолға жатпаған.
Ол ел балықтың бір түрін «чебак» (95 –бет) дейді екен. «Шабақ» дегенді моңғолдар «уылдырық» дейтін көрінеді (343 – бет). «Хан» дегенді «хаан» (343 – бет), мергенді – «мэргэн» (218 – бет), батырды – «баатор» (57 – бет) дейді екен.
Сартақ жанында оның Қатай деген қызметкері: «Оны христиан демеңдер, ол – моал», – депті. Ол «моал» деп атауды ұнатады екен (98 – бет).
Оның естуінше, ерте кезде Моал халқының ішінен Чингис деген кәсіпкер шығыпты.
«Моалдар бұрынғы атты жойып, өз татар-моалын жоғарлатқысы келеді», – дейді Рубрук (104 – бет). Бұған қарағанда, моалдың өзі татарлардың арасынан шыққаны айқын көрініп тұрған жоқ па?
Батудың алдына кіргенде Рубрук өзінің жүрексінгенін жазады. «Двор на их языке называется «ордой», что значить середина», –депті (104 – бет). «Орда» сөзінің тегі «орта» сөзінен дегені орынды шығар деп ойлаймын. Ондай мағына моңғол тілінде жоқ.
Мөңке дегенді Монгу дейді. Батудан Мөңкеге дейін төрт ай жол жүріп жетеді. Сол араның бәрі моалдар мен татарлардың билігінде екенін айтады. Жолда Кангле жерінен өтеді. Қаңлы да моалдарға қараған ел екен. Этил және Ягак өзендерін айтады (Еділ мен Жайық). Бұл жерден Гундар шыққанын, ұлы Булгарияның да моалдарға қарайтынын сөз етеді (107 – бет). Гундардың Венгір жерінде Панноние аталатын мекен тапқанын жазады (108 – бет). Оны Геродот та жазған.
Бату мен Мөңке билеген елден «кулан» деп аталатын есектің түрін көргенін де жазады (109 – бет). Құланды моңғолдар «хулан» дейді екен (196 – бет). Талас қаласын дәл жазады, одан бір айлық жол жүретін жерде Болат деген қала бар екенін де айтады (110 – бет). Онда қара қытайлар тұрады дейді. Талас пен Болаттың қазақ сөзі екеніне ешкім таласа қоймас.
Іледен (атын атамады) өткен соң, парсыша сөйлейтін саррациндар тұратын Эквиус атты шағын қалаға келгенін жазады. «Экви» – «екі», «ус» –«су» деген сөз, ал қала Екісу немесе кәзірше көркемдеп айтсақ, Қосөзен деген атау болар деп шамалаймын. Өйткені Талдықорған қаласынан он сегіз шақырым батысында Қаратал мен Көксу өзендері бір-біріне қосылған жерде көне қаланың орны бар, «Екісу» қаласы сол арада болған-ау деп шамалаймын. Ол қала туралы кезінде Бартольд те, Тынышпаев та жазған. Одан кейін Кайлак (110 – бет) атты қалаға келгенін айтады. Бұл қаланы тарихшылар Қойлық деп жүр. Мен оны Қайылық болар деп болжаймын. Өйткені қазақ Қойлық, Жылқылық деп қалаға ат қоймаса керек, қой мен жылқысы жоқ жер бар ма? Дешті қыпшақ жерінде бұрын Үйсін, Құн мемлекетімен қатар Қаңлы деген де мемлекет өмір сүрген. Ол мемлекетке қараған Қайы атты тайпа болған. Сол Қаңлының 50 мың қайысын кезінде Есенбұға Анадолы түріктеріне бастап барған. Әйгілі Ертұғырыл батыр осы Қайыдан шыққан. Арқадағы Торғай жері де Торы Қыпшақ пен Қаңлының Қайлы тайпасының қосылған жұрты. Алматы обылысындағы Шелек ауылының маңындағы Торғай да Торы мен Қайының мекені. Соған қарағанда, Қойлық деп жүргеніміз де Қайылық болу керек. Ол қала кәзіргі Алакөл ауданына қарайды.
Рубруктың «югур» дегені – ұйғыр. Ол да моалдар мен татарларға қосылған ел. Мөңке хан солардың жазуын қолданады. «Моалы и татары принадлежат к их сектам», – дейді Рубрук (113 – бет). Мұнысы – олар да мұсылман дегені. Ұйғырлардың түбі түріктер екенін анық жазады (115 –бет).
Қытайларды да, тибеттерді де өзіне қаратып алған кәзіргі моңғолдар емес, моалдар екенін де анық жазады (116 – бет).
«Хан» деген лауазым, меніңше, қалмақта (моңғолда) болмаған. Кан хан, йағный Күйік хан өлгенде, онымен бірге үлкен ұлы және 300 татар өлтіріліпті (114 – бет). Ол моңғол болса, неге онымен бірге моңғолдарды емес, татарларды жерлеген?
Қымыздың бұл да «қаракосмос» деген түрін айта келіп, «бал, т.е. напиток из меда» дейді (124 – бет). «Бал» қазақ сөзі екеніне ешкім дау айта қоймас. Мөңке төрт тарам сусын ағатын тетіктің бірінен «қаракосмос» деген қымызды, бір тарамынан «бал» атты сусынды ағыздырып қойса, ол қалайша моңғол болады? «Бал»дегенді моңғолдар да «бал» дейді екен (52 – бет).
Мөңкенің бірінші әйелі – Койата-Катен депті (129 – бет) «Катен» дегені, қазақша – қатын, моңғолша – хатан (181 – бет). Ал «Қойата» дегендегі «қойы» – «қой», «атасы» – «ата». Моңғолша «қой – хонь» (185 – бет), «ата – ааб» (35 – бет).
Қарақорымда «базар» бар дейді (140 –бет). Базарды моңғолдар – «зах зээл» дейді екен. (49 – бет) Және екі «мечет» бар дейді (146 – бет), оның қазақшасы – мешіт екені даусыз. Моңғолдар оны «сум хийд» дейді (219 –бет).
Мөңке хан Рубрукты қабылдағанда былай депті: «Мы, моалы, –сказал он,–верим, что существует только единый Бог» (154 – бет).
Шыңғыс ханның да, Бату мен Күйіктің, Мөңкенің моал екеніне, меніңше, дау жоқ. Мәселе тек сол моалдың кәзіргі қай халық екенінде ғана: моңғол ма, қазақ па?.
Болат қаласы мұнда да айтылады «У нас» – бізде Болат деген қала бар, – деп Мөңке анықтап айтады (155 – бет). Онда қару-жарақ жасалады екен.
Хан қабылдайтын адамдарды оттың ортасынан өткізеді екен, ол – қазақтың көне ырымы. От – тазалаушы.
Ол халықтың көктемде жаңа қымыз ішу рәсімі барын, оны олардың үлкен мейрам етіп өткізетінін жазады. Айтуына қарағанда, ол – біздің қымызмұрындық мерекеміз (150 – бет). Олар көкте бір құдай болса, жерде бір Шыңғыс хан бар деп есептейді екен. Оны құдайдың ұлы деп бағалапты. (159 – бет).
Мөңке хан өзінің француз кәрөлі Людовикке жазған хатында: «Біз, Моалдар, Наймандар, Меркіттер, Мустелемендар боламыз», – дейді (160 –бет). Осы арадағы соңғы үтірге мен сенімсіздікпен қараймын. Өйткені «мустелеманами» дегені «мұсылмандармыз» дегені ғой. Себебі «мустелемандар» деген халық о заманда да, бұ заманда да болған емес. Ал кәрөлге хат жазылып жатқан тұста, моал, найман, керей, меркіт – бәрі де мұсылман болған. «Қаламмен жазылғанды қайламен бұза алмайсың». Ал бір замандарда кәзіргі моңғолдар мұсылман болды дегенді өз басым естіген де, оқыған да емеспін.
Моалдардың билеуші халық екенін Рубруктың мына сөзі де аңғартады: кәрөлге хат моал тілінде жазылады (113 – бет) және хан сарайына баратын бір есік жайында «оған моалдан басқалар кіре алмайды», – дейді (114 – бет).
Мерзімі біткен соң, Рубрук Қарақорымнан Еділ бойындағы Сарайға, йағни Бату ордасына қайта оралады. Екі ара – бір мемлекеттің жері. Тілі де бірдей, жейтін тамағы, салт-дәстүрі, тұрмысы – бәрі бірдей. Тілі моалша немесе татарша, бірақ кәзіргі моңғолша емес.
Қарап отырсақ, Карпини мен Рубруктың ара-тұра жазып кеткен атау сөзінің бәрі кәзіргі қазақ тілімен бірдей. Олар өз мемлекетін сол тілде басқарады. Сонда қалай, Шыңғыс хан да, Бату да, Күйік те, Мөңке де – бәрі қазақ тілін меңгерген моңғолдар болғаны ма?
Енді осы монгал мен моалдың қай арада нақты мекен еткенін анықтап көрейік. Ол үшін тағы Карпини мен Рубруктың жазғандарына жүгінейік.
Карпини жүріп өткен жолын Рубруктен гөрі сараң айтады және біресе шегініп, біресе ілгерілеп, әр кезде әр жолын еске алып отырады. Алайда екеуінің де бір тау арасынан шыққан күшті жел туралы жазғандарына қарап, екеуінің де бір жолмен жүргенін байқаймыз. Ол желдің қай арада екенін Рубрук өте дәл жазады. «Мы выехали из вышеупомянутого города Кайлака в праздники святого Андрея, и там поблизости, в трех лье, – дей келіп, – в этой долине почти беспрестанно дует столь сильный ветер, что люди проезжают с великим опасением, как бы ветер не унес их в море», – дейді (117 – бет). Қайылықтың да, Ебі желінің де, Карпини «теңіз» деп отырғаны ежелгі Көкше теңізінің шығыс жақ шеті Алакөлдің де Жетісу жерінде екеніне қай тарихшы, қай географ дау айта алады?
Ертеректе, Карпинидің жазуынша, наймандар мен қарақытайлар мол қол жинап монгалдарды шауыпты. Екі таудың ортасындағы аңғарда соғысады, «в некую долину, сжатую между двух гор, через которую проезжали мы, отправляясь к их императору», – дейді (34 – бет). Сол ұрыста монгалдардың жеңгенін жазады.
Оның бұл айтып отырған жері, әрине, Жоңғар Алатауы мен Іле Алатауының арасы. Демек Карпини жазып отырған «монгалдар» осы арада өмір сүрген қазақтардың ата-бабасы.
Қайылық қаласында болғанын айта келіп, Карпини: «... в этой земле живут Орду, старший над Бату. Мало того он древнее всех князей татарских, там имеется так же орда, или двор его отца, в котором живет управляющая им одна из его жен», – дейді (64 – бет)
Бұл айтып отырғаны, сөз жоқ, Шыңғыс ханның ордасы.
«Олардың (моалдардың – Б. Н.) алғаш тұрған жері және Шыңғыс ханның сарайы болған мекен Онанкеруле деп аталады», – дейді Рубрук (101 – бет). Мұнысы – Өнән мен Керулен (Керөлең) өзендерін қосарлап айтқаны. Моңғолша Онон немесе Онын және Керулен сөзінің мағынасы жоқ. Түрікше немесе қазақша ол сөз Өнән және Кері Өлең. Ө+нән десек, «нән» сөзінің төркінін түсінеміз, «дария», «үлкен су» деген мағына береді. Керулен деген – Кері және өлең сөздерінің қосындысы, кері аққан өзен деген мағына береді. Ал енді осы жер қайда?
Қайылық қаласында Рубрукты моалдар он екі күн кідіртеді. Бату жіберген жолбасшыны күтеді. Және сол арада оларды үйіне қондырған жам (ям, бекетші) тағы кідіртпек болады. «Когда же мы были еще на 5 дней пути от него (Мөңкенің мекеніне дейін – Б.Н.), тот ям, у которого мы провели ночь, хотел было наставить нас по какой-то обходной дороге, так что нам надлежало бы страдать еще более 15 дней. И как я узнал, ему хотелось делать это для того, чтобы мы проехали через Ононкеруле, т.е. через их собственную землю, в который находиться двор Чингис – хана» (119 – бет).
Міне, көрдіңіз бе, Карпинидің «двор его отца» дегені Шыңғыс ханның сарайы болып шықты. Рубрук екеуінің сөзі бір жерден тоғысты.
Сонда Шыңғыс ханның өз сарайы Қайылық қаласының маңында болса, онда кәзіргі моңғолдың елі қайда, жері қайда? Және Онон да, Керулен де осы арада, Шыңғыс ханның ордасы тұрған жерде деп Карпини мен Рубрук ап-анық жазып отыр ғой.
Қарақорым деген жер олардың алғашқы мекендеген жері болғандықтан, олар өз ханын сол маңайға апарып сайлайтын дәстүрі бар дегенді айтады Рубрук(101 – бет). Ал алғашқы Қарақорымның қай арада екенін әркім әр қилы болжайды. Алайда атамекен болған Қарақорымды қасиеттеп, Шыңғыс хан ұрпақтары салған кейінгі Қарақорым қалашығының орнын орыс ғалымы Ядринцев анықтаған. Ал Рубрук айтып отырған жер – одан бұрынғы атамекені. Кәзіргі Кербұлақ ауданын жайлайтын жалайырлардың айтуынша, бұл күнде Матай аталатын тау бұрын Қарақорым аталған. Ол Бесшатыр обаларының солтүстік желкесінде, Алтынемел тауының батысында, Іле бойында.
Шыңғыс ханның атамекенін анықтау үшін, басы ашық бір жағдайға көңіл аударған жөн. Карпини де, Рубрук те кәзіргі моңғол жеріне бармаған, оған жетпей, бірі Қарақорым маңынан, екіншісі Қарақорымның өзінен оралған. Олар тіпті ұйғыр мен ойрат жеріне де аяқ баспаған, тек кәзіргі Жетісудың шетіне жетіп тоқтаған. Ұйғырлар туралы айта келіп, Рубрук: «Каракорум стоит как бы на их территории», – дейді (114 – бет).
Ал енді онша қиналмай-ақ картаға қарай қойыңыз: Моңғолия ұйғырлардың ар жағында ма, бер жағында ма? Шығысында ма, батысында ма?
Бұл – тіпті дауға жатпайтын ақиқат.
Бату ханнан шығып, олардың меншікті жеріне барғанын Карпини анық жазады: «к императору Куйюку, в их собственную землю», – дейді (63 – бет). Дәлел деген – осы. Күйіктің өз жері – Жетісу.
Рубрук ұйғырлардың Шыңғыс ханға көрші ел екенін, ол ұйғырға қызын бергенін (114 – бет) айта келіп, олардың ар жағында тибеттер тұрады, одан арыда лонга мен солонголар, одан ары мук деп аталатын адамдар, одан арыда Ұлы Катайлар тұрады дейді (115 – бет).
Ал кәзіргі МХР – ың шығысында, йағный ар жағында қай ел бар? Ел жоқ.
Бәрі қолмен қойғандай: Шыңғыс ханның, йағни моалдардың мекені шығысында ұйғырмен шектеседі, ол – бүгінгі Жетісу.
Осының өзі-ақ Шыңғыс ханның, кәзіргі Моңғол халық республикасының жерінде туып-өспегенін дәлелдеп тұрған жоқ па?
Шыңғыс хан жайында ең көлемді, ең тыянақты «Түгел тарих» («Жәмих ат – тауарих») атты кітәп жазған Рашид әд – Дінге құлақ сап көрейікші. Ол бұл кітәбінде Шыңғыс хан иелігіндегі елдердің түгелдей түрік болғанын ашық жазады және оларды жалайырдан бастап, бәріне сыйпаттама береді, «с древнейших времен и до наших дней называли и называют тюрками, обитали в степных пространствах, в горах и лесах области Дешт – и Кипчака, русов, черкасов, башкирцев, Таласа и Сайрама, Ибира и Сибира, Булгара и реки Анкара в пределах областей, которые известны под названием Туркестана и Уйгурстана; по рекам и горам в областях народа наймана, как, например, Кок – Ирдыш [ Синий Ирдыш], Ирдыш [гора], Каракорум, горы Алтая, река Орган, в области киргизов и Кэм – джиуматов, в местностях с многочисленными летовками и зимовками, известных под именем Могулистан [т.е. страна монголов. А. С.] и принадлежащих (астын сызған – біз) народу кераит, как – то [по рекам и озерам] Онон, Кэлурэн, Талан – Балджиус, Буркан – Калдун, Кукна – наур, Буир – наур, Каркао, Куийн, Эргунэ – кун, Калаир, Селенга, Баргуджин – Токум, Калааджин – энэт и Уткух, Кои смежно с Китайской стеной. [Все народности] по настоящее время сидят и сидели [на всех этих местах] по [искони] обусловленному [древними обычаям] постановлению» («Рашид ад – Дин «Сборник летописей», том І, книга первая, Москва – Ленинград, 1952, стр. 74 – бет).
Мұндағы айтылған Түріктерді, Түркістанды, Дешті Қыпшақты, Моголстанды мойындамасақ, онда нені мойындаймыз?
Байқадыңыз ба, кәзіргі Моңғолстандағы осы Бұрқан дейтін Хэнтэйді де, Хөдөө Арал дейтін Баян Улаанды да, Ауругты да, Теңіз дегені осы деп жүрген Байкөлді (Байкалды) да атамайды. Моңғолдардың жармасатыны тек Онон мен Керулен, ал оның Моңғолстанда емес, Моғолстанда екенін жоғарыда айтылды.
Бұрын да, кәзір де түрік деп аталатын елдің шығыс жақ шегарасы Анкара өзенінің аймағымен шектелетінін Рәшид әд – Дін «реки Анкара в пределах областей» деп ап-анық айтып отыр. Оған кәзіргі Моңғол Халық Республикасының жер-суы кірмейді.
Рәшид әд – Дін тізбелеп жазған Шыңғыс хан билігіндегі бір жер «Таман – Балджиус» деп аталыпты. Оның қазақша аудармасы – Балжус.
Кітап парсы тілінде арап қәрпімен жазылған. Онда «ж» мен «х» ұқсас жазылады: «ج» мен «خ». Сондай-ақ «с» мен «ш» да ұқсас жазылады: «س» және «ﺵ». Бұл әріптердің бәрін, меніңше, аудармашылар сондықтан ауыстырып оқыған. Сол себепті «Балқаш» сөзі «Балжус» болып кеткен. Ал «Таман» дегені Балқаш төңірегі, маңайы дегенді білдірсе керек. «Ары таман отыршы!» деп жатамыз ғой. Ал «Каркао» дегенін «Қарқара» емес деп кім айтады? «Каладжин» дегені «Қалжат» дегенді еске түсіреді.
Жоғарыда Рәшид әд –Діннен келтірілген сөздәйекке қарайықшы. «Могулистан» дегенді кітәбтің редакторы «т.е. страна монголов» деп түсінік беріп тұр. Ал Могулистан неге «моңғол елі» болу керек? Зорлық, әдейі бұрмалау деген – осы.
Шыңғыс ханның көзі тірісінде өз адамы жазып отырған «Шыңғыс қағанның қузауырына» жүгінейік.
Әуелі Шыңғыс ханды керей ханы Оң хан шабады.
«Шыңғыс қаған... ертесі түс ауа қосын Қарқара, Жете, Ілеті жерлерінде дамылдап азықтанды. Ас үстінде Алшынтайдың жылқышылары Шегетей мен Әдір жетті. Олар Мәу – Өндір тауынан жылқы жайып жүріп көрдік. Құлаған – Бұрқаннан шаң көтерілді. Жау таяп қалды. Жылқыны қуып жеткенімізше осы болды, –деді.
Шыңғыс қаған жаудың шаңы көріне дереу қарсы аттанды» («Құпия шежіренің құпиясы» кітәбінен. «Шыңғыс қағанның қузауыры», Алматы, 2010. 510 – бет. Қытайшадан аударған – Тілеуберді Әбенайұлы).
Бұл дерек – бұлтаратпайтын дерек. Мұнда айтылған Қарқарамыз – әлі Қарқара, кәзіргі Алматы обылысы Кеген ауданының жерінде. Жетеміз –«Зафарнамда» жазылған сол Жете, оның екінші аты – Моғол. Ол – бұрынғы Моғолстан, кәзіргі Жетісу. Ал Ілетіні Іле бойы демегенде, не дейміз? Ол сөз Сілеті, Өлеңті, Бұғыты, Дардалты, Шідерті дейтін қазақ жерлері секілді аталған. «Құлаған – Бұрқаны» Бұрқанның құламасы емес пе?
Бұл жердің бәрі – Карпини Шыңғыс ханның өз жері деп айтқан екі таудың Жоңғар мен Іле – Алатауының ортасындағы жерлер.
Шыңғыс ханнан Оң хан жеңіліп, ақырында қаңғып қашып жүргенінде, найман күзетшілері оны танымай өлтіріп кетеді.
Оң ханды Шыңғыс жеңген соң, оны енді найманнаның Таян ханы шабады. Ол Шыңғысты татарлар деп менсінбейді.
«Сол шақта қаған Таман – Қыр деген жерде аңшылық құрып жүрген. Түрген – Сөгеті деген жерде сайат қызығына батып жатқанда, Алғышшы – Тезгі – Қоридың елшісі Ұғынам осы сәлемді жеткізеді. Суыт хабардан соң қаған сол жерде бас қосып кеңес құрды...
Сөйтіп олар аңшылықты доғарып, Абжаға – Көде – Керден аттанып шықты. Қарқара өзеніне жетіп, Орныға деген өлкенің Келтегей – қада деген жеріне қонып, ат-жасағын санаққа алды» (сонда «Шыңғыс қағанның қузауыры», 519 – бет).
Бұл соғыс өткен жер де баяғы Карпини айтқан екі таудың – бұрынғы Арқас, кейінгі Бұрқан, кәзіргі Жоңғар Алатауы мен бұрынғы Өндір, кәзіргі Іле Алатауының ортасындағы аңғарда өткені беп-белгілі болып отыр.
Түрген мен Сөгеті әлі сол орнында сол атауымен сақталып жетті. Қарқара да сол орнында, сол атауында, үшеуі де Алматы – Нарынқол тасжолының бойында. Бұрқан ғана Іленің сол жақ бетінде. Бір Түрген соның қасында, екінші Түрген Іленің сол жағында.
Ғалымдар, аудармашылар қаншама алдауға тырысса да, жер-судың атын түгелдей бұрмалап, жасырып қала алмапты. Шыңғыс ханның кәзіргі Жетісу өлкесінде өсіп-өнгені өтірік емес екен. Рәшид әд – Діннің «Могулистан» деп отырғаны – осы ара. Онон мен Кэлурэні де Өнән мен Керөлең, Кука науры – Көкнор – Жасылкөл, (Жәркент жақта), Каркаосы – Қарқара (Кеген жақта).
Рәшид әд – Діннің айтқанындай, «Смежно с китайской стеной», йағни қытай қорғанына дейін жалғасып жатқан түрік халқы – татарлар қайда?» – деген сұрақтан кәзір қытай да, орыс та қорқады, жауап бере алмай титықтайды, олар түгіл, ол сұрақтан өзіміз де қорқамыз, өйткені өзді-өзіміз арпалысып жүргенде, бәрінен айрылып қалғанбыз. Оған ата-бабамыз да кінәлі, бәріміз кінәліміз. Бірақ біз соның бәрінен сабақ ала алмаған сормаңдаймыз. Ашшы тарихтың ашшы шындығы тек сонда. Ынтымақ күшті ме, алауыздық па – оны өмір көрсетеді әлі. Біздің бүкіл тағдырымыз Абайдың мына екі жол өлеңіне сыйып кетеді:
Өздеріңді түзелер дей алмаймын,
Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың.
Алайда құдай қолдап, 1991 – жылы өз ырқымыз өз қолымызға қайта тиді. Мемлекетіміз бейбіт, тыныш өмір сүріп жатыр. Сол бейбіт заманды білімді, озық ойлы, мәдениетті, тарихы мен тілін шексіз дамытқан ұрпақ болуға арнап жүрміз бе? Әлі шөре-шөре, өсек-аяңды айналшақтап, меніңше, шалқар айдынға шыға алмай жүрміз.
Шыңғыс ханның көзі тірісінде жазылған «Көк дәптерді» осы күні тарихшылар қазақша және моңғолша «Моңғолдың құпия шежіресі» атап жүр, ал орыстар «Сокровенное сказание монголов» дейтін болды, бұрын «Тайная история монголов» және «Секретная история монголов» дейтін. Мұның ешқайсысы да шығарманың өз аты емес. Ол шығармада құпия дейтіндей құпия да жоқ. Оның өз аты – «Шыңғыс қағанның құзауыры». Бұл – шежіре. Ал шежіреде қандай құпия болады? Мұны қытайша түпнұсқадан Тілеуберді Әбенайұлы оқыды. Пиғылы дұрыс аудармашы – тарихи шығарманың өз атын жасырып, оған мүлдем басқаша атау бере ме? Ал моңғолдар, орыстар мен қытайлар ол шығарманың өз аты «Шыңғыс қағанатының құзаулары» екенін неге жасырған? Өйткені Шыңғыс ханның түрік, оның ішінде жалайыр тайпасынан екенін, йағни қазақтың бір тайпасынан тарайтынын біле тұра әлдебір арам оймен әдейі өзгерткен.
Бәлкім, Тілеуберді қате оқып отырған шығар? Жоқ, оның оқығаны дұрыс. Өйткені 1973 – жылы Москвадан шыққан «Алтан тобчи» кітәбінің алғысөзінде Н. П. Шастина «Сокровенное сказание монголов» кітәбі туралы: «Первоначально же название памятника было «Родословие Чингис – хана» (Чингис хаган – у худжаур), – деп жазады (23 –бет). Міне шындықты жасырудың бастапқы жолы осыдан басталған. Кітәптің өз атын жасыру – Шыңғыс ханның түрік екенін жасыру. Өйткені «Шыңғыс қағанның құзауыры» деген сөз – «Шыңғыс қағанның түп-тұқыйаны» деген көне түрік сөзі. Мәселені тереңнен қозғап отырған кісіге: «Әй, сен нені қузап отырсың?!» – деген қазақтарды біз естідік.
Шындап келгенде, мұнда бұрмаланып отырған тек қана кітәптің аты емес. Аты қазақ тілінде қойылған соң, бүкіл кітәп қазақ тілінде жазылды деген сөз, йағни түрік тілінде жазылған. Міне құпияның құпиясы осында. Бұл – тарихқа жасалған жай қыянат қана емес, кешірімсіз қылмыс.
Бұл – ХХ – ғасырдың бізді аямай алдаған сұмдығы, саясаттың сайқал өтірігі.Тарихты да, халықты да қолдан өзгертіп, қолмен жасаған саясаттың аса зымыян жемісі. Соның салдарынан біз өз ата-бабамыздан адасып, қытай мен орыс оқымыстылары бұрмалап, жер-судың, тау мен орманның, адамдардың моңғолданған аттарына алданып, зор қыянаттың құрбаны болғамыз.
Карпини мен Рубруктың айтқандарын 26 жасында, 1252 – жылы Мөңке ханның ордасына келген Атамәлік Жөбени де (Еуропалықтар Жовейни дейді) «Әлем әміршісінің тарихы» атты кітәбінде ырастайды. Мөңке 1251 – жылы хан сайланғанда, Атамәлік оның ордасына келесі жылы келеді.
Бұл кітәпті қытай тілінен Тілеуберді Әбенайұлы аударды, әлі кітәп болып шыққан жоқ.
Бұл кітәп Шыңғыс ханның мұсылман болғандығын мына сөйлемнен-ақ дәлелдейді:
«Отырарда Қайыр хан 450 мұсылманның жанын алды»
Базарға жіберген 450 адамы мұсылман да, тек Шыңғыс ханның өзі мұсылман емес дегенге адам сене ме?
«Түркістанда Мәуеренахарда болдым. Сонда... Шыңғыс хан әулетінің ата-қонысы бар», – депті ол.
«Татарлардың төл мекеніне келсек, олардың өсіп-өнген жері бір ұлы аңғар болатын. Татар өлкесінің бас-аяғы жеті-сегіз айлық жол».
«Аңғар» деп отырғаны Карпини айтқан екі таудың арасы ғой.
«Оның шығысы Қытайға тіреледі, батысы ұйғырға ұласады, солтүстігінде қырғыз бен солаңғай, ал оңтүстігінде таңғыт пен түбіт», – дейді жоғарыда айтқанын анықтай түсіп.
Картаға қарайықшы, Қытай кәзіргі Моңғол Халық республикасының шығысында ма, Қазақстанның шығысында ма?
«Зұлқарнайын да Шыңғыс ханға шәкірт болғандай еді», – деп бағалайды Атамәлік Жөбеней.
Осының бәрі ойдан шығарылған өтірік пе әлде бұрмалаушы тарихшылардікі өтірік пе?
Ал енді қазақ деректеріне кезек берейік. Ең алдымен 1776 – жылы хатқа түскен қазақтың Ата шежіресіне қарайық. Оны жазып қалдырған – Қазыбек бек Тауасарұлының атасы Матай ақсақал. Бұрын Қарақорым атанған, одан кейін осы кісінің атымен Матай тауы аталып кеткен жер кәзір Алматы обылысының Кербұлақ ауданына қарайды.
Қазыбек бек Тауасарұлының айтуынша, Шыңғыс ханның шын аты – Теміршың. Қазыбек бек оны қысқаша Темір дей салады. Ал кәзіргі аталып жүрген Темучин деген ат қазақша да, моңғолша да, түрікше де мағына бермейді. Демек бұрмаланған. «Темір де жалайыр (Мерке) тайпасынан шыққан. Оның аталары жалайырдан – Орақты, оның ішінде Андастан таралған», – дейді Қазыбек бек («Түп-тұқыйаннан өзіме шейін», Алматы, 1993, 95 – бет). Карпини де, Рубрук та «бұл арада бұрын Шыңғыс хан ордасы болған» деп отырған жер бұл күнде Алматы обылысына қарайды. Ақсу маңында Баянжүрек аталатын жер бар. Қазыбек бек: «Байанжүрек атақты Шыңғыс хан – Темірдің бабасы Діннің екі баласы Байан, Жүректің атынан қалған», –дейді (сонда, 188 – бет). Бұған қандай дау айтуға болады?
Карпини мен Рубрукке сенбеген адам, әрине, Қазыбек бекке де сене қоймайды.
Бірақ ғылымда адамды сендіретін берік бір қағида бар: өтірікті қаншама жасырсаң да, бір жері бәрібір ашылып қалады. Өтірікті өтірікпен бүркей берген соң, оның да үйлеспейтін жерін іздеген адам түбінде бір табады.
Қазыбек бектен кейін араға екі ғасыр салып Сәкен Сейфуллин былай дейді: «Бәйбішеден туған кенже ұлы Төлеге берген үлесі Шыңғыстың өзінің туған жері және соған жалғас күншығыстағы аймақтар болды (қара шаңырақ). Одан күнбатысқа қарай жалғасқан жерлер Ағатайдың үлесіне тиді...
Шыңғыс өлген соң ұлы хан Ағатай болады. Ағатай үлесіндегі күнбатысқа қарай жалғас жерлер – Шағатай үлесіне. Ал одан күнбатысқа қарай жалғасқан (ең күнбатыс жақ шеттегі) Қара теңіз Россияға шейінгі жерлер Жошы үлесіне тиді. Шыңғыстың төрт ұлына тиген осы үлестердің бәрінде де түрік рулары болған. Бұ күнде құралып, қазақ атанып отырған түрік-моңғол рулары Жошы үлесі мен Шағатай үлесінде болған. Содан бірсыпыра уақыттан соң Шағатай үлесіндегі түрік-моңғол рулары Жошы үлесіне көшкен. Бұл рулар Шағатай үлесінен Жошы үлесіне көшкеннен кейін, құрылып, кәзіргі қазақ атанып отырған түрік-моңғол рулары: Жалайыр, Қаңлы, Алшын, Қыпшақ, Қоңырат, Маңғыт, Үйсін, Арғын, Найман, Керей, тағы басқалары Жошының үлесінде болған. Сонымен кәзіргі қазақ атанып құрылған түрік-моңғол рулары ол кезде Қырымнан Еділ-Жайық, Күншығыс Сібірге, Қаратау – Алатауға шейін жайылған Жошы ханның үлесінде болған. Жошы Шыңғыстан бұрын өлген. Жошыға тиісті үлеске Жошының бес ұлы ие болған: Ежен, Батый, Береке, Шайбақ, Тоқай – Темір. Батыйдың ордасы Алтын Орда болып аталған» (С. Сейфуллин, Алматы, 2007, 7 – том, 15 – бет).
Енді осыған ойлана қарап көрейікші.
Шыңғыстың кенже ұлы Төленің үлесіне Шыңғыс ханның өз жұрты және содан күншығысқа қарай жатқан жерлер тиіпті. «Моңғолдың құпия шежіресінде» де дәл осылай айтылған.
Егер Шыңғыс хан, моңғол, орыс және қытай ғалымдары айтып жүргендей, Хэнтэй тауынан басталатын Онон және Хэрлэн бойында туса, онда оның күншығысында ешқандай да ел жоқ, тек мұхит бар. Нанбасаңыз, картаға қараңыз. Сонда қалай болғаны? Шыңғыс ханның ол арада туғаны өтірік пе, бұл жерді Төлеге бергені өтірік пе? Үш ұлына үлкен үлес беріп, ең кенже ұлына Шыңғыстың ештеңе бермеуі, әрине, мүмкін емес. Демек Шыңғыс ханның Хэнтэй тауының маңында да, Онон мен Хэрлэннің бойында да тууы мүмкін емес. Ол Карпини мен Рубрук 1245 және 1253 – жылы көрген Қайылық қаласының төңірегінде, ашып айтқанда, Бұрқан тауы мен Түрген тоғайдың күнбатысындағы Шұбар мен Аралтөбе маңында, одан да дәлірек айтқанда, Шыңғыс сай аталатын жерде туған. Ал Төленің үлесіне сол ара және ұйғыр жері, ойраттар, бүгінгі моңғолдардың жері – бәрі қараған.
Сәкен «түрік-моңғол» тайпалары деп жазады, ал өзі бірде-бір моңғол тайпасын атамайды. Біз білетін олардың шорос, торғауыт, дүрбіт, хошауыт, халха деген тайпалары кәзір МХР құрамында. Демек Жошы үлесінде кәзіргі моңғол тайпалары болмаған, оның бәрі Төлеге қараған.
Нақтылап айтқанда, кейбір ғалымдар айтып жүргендей, Бұрқан дегеніміз Хэнтэй, Керулен дегеніміз Хэрлэн емес, Онан да Өнән емес. Ол арада Шыңғыс хан туып өспеген, тек кенже ұлына үлес қылып берген жерлер. Осындай тарыдай шындық таудай тарихтың шын бетін ашады.
Сәкеннің жазуында тағы бір көңіл аударатын жай бар, ол – Шыңғыс хан балаларының аты. Біз біресе Үгедей, біресе Үкетай, Өкетай, Окатай деп қырық құбылтып жазып жүрген баласының атын ол Ағатай дейді. Көне түрік тілінде ол Акатай деп аталуы мүмкін. Ертеде түріктер ағаны «ака», ініні «үке» деген. Ұйғыр халқы кәзір де солай сөйлейді. Қазақ та: «Сені әке, үке дегеннен басқа жазығым не?» – деп таусылады.
Жолда туған Жошының шын аты Жолшы болса, одан кейінгі ұлдың атын не Акатай, не Үкетай қою қазақы қыйсынға келеді. Одан кейінгі ұлды Шақатай деп атау да түрік халқының әдетіне жатады. «Шақа» деген – бала. Шақатай сөзі Балақай сөзіне ұялас. «Бала-шаға» деп жүргеніміз «бала-шақа» сөзінің үндестік заңына сәйкес өзгерген түрі. Төле де түрік сөзі. Бәлкім, «төл» әлде «төлеу» деген мағына беретін болса керек.
Сонда бүкіл баласының атын түрікше қойған Шыңғыс хан қазаққа сатылған моңғол болғаны ма, қалай? Әлде ол кезде моңғолдар да қазақша сөйлеп, кейін тәуелсіздік алған соң, қайтадан өз тілінде сөйлеп кеткен бе?
1946 – жылы қайтыс болған шежіреші ақын Қазанғап Байболов деген кісі кезінде «Еңсегей бойлы ер Есім» атты тарихи дастан шығарған. Сонда Есім ханның арғы бабасы Шыңғыс хан жайына да тоқтала кеткен.
«Темушин өсе келе өзінің ақылымен, ерлігімен жұрт көзіне түсті. Тоғыз ұл оны күндеп көре алмайтын болды. Бір күні абасы айтыпты: «Сенің мыналармен абаң бір болса да, атаң басқа еді. Бір күні болмаса, бір күні зорлық қылады. Осылар есейіп өз беттерімен кеткенше Іленің басына барып садақ атып күн көр. Іленің беті құстың жүні басса, сенің тірі екеніңді білемін», – дейді. (Қазанғап Байболов «Төле би», Алматы, 1991. 19, 20 – бет).
Өнәннің Іле екеніне бұл да дәлел емес пе?
Қазақтың ақылды – білімді ақыны Мағжанның «Түркістан» деген өлеңіне қарайықшы.
Тумайды адамзатта Шыңғыстай ер,
Данышпан, тұңғиық ой, болат жігер.
Шыңғыстай арыстанның құр аты да
Адамның жүрегіне жігер берер (Шығармалары, Алматы, 1989 ж.175 – бет).
Мағжан бұл өлеңінде Шыңғыс ханды Түркістанның түлегі деп мақтан тұтып отыр. Бұған қарағанда, Шыңғыстың түрік екенін білушілер бізден бұрын да болған. Тек бір өкініштісі, Қазыбек бектің, Сәкеннің, Қазанғаптың, Мағжанның бұл айтқандарын оқыған кезде қазақтар өз қазағының айтқанына иланбайтын, өз қазағын менсінбейтін ауруға әлдеқашан ұшырап қойған болатын. Ол аурудан, сірә, әлі ұзақ емделетін шығармыз.
Күдіктенудің, сенбеудің, мойындау мен мойындамаудың – бәрінің шеті мен шегі болады. Жарайды, Алтын Орданы құрған Шыңғыс ханның ұрпақтары түрік моғолдары емес, түрік татарлары да емес, түрікше білмейтін, моңғолша сөйлейтін-ақ ел болсын. Еділ бойын, Қырымды, бүкіл Дешті – Қыпшақ даласын бірнеше ғасыр солар биледі. Орыс жері де солардың қол астында болды. Егер олар кәзіргі моңғолдың арғы ата-бабасы болса, неге олардың мемлекетті басқару тілі түрік тілі болды?
Махмұт Қашғари бабамыз «Түрік сөздігін » Шыңғыс хан дүниеге келмей тұрып бір ғасыр бұрын жасағаны әлем ғылымына аян. Сол сөздікте мынадай түрік сөздері бар: қаптан, орысшасы – кафтан (түрікше мағынасы: тәннің сыртқы қабы, йағни сырт киім), ыштан, орысшасы – штан (мағынасы ішкиім, тәннің ішкі киімі), үтік (киімнің қыртысын жазатын құрал), орысшасы – утюг; йоғұрт (ұйыған құрт, ұйыған айран болғанда, ұйыған құрт неге болмасын?), орысшасы – йогурт, жир (малдың шикі майы), орысшасы да «жир». Қазақта арық адамды «шір бітпеген қу екенсің» дейтін сөз бар. Тауар (малды айырбас сауда жасау), орысшасы – товар. Бұл сөздер орыс лексиконына кәзіргі моңғолдар арқылы сіңді деуге кімнің аузы барады? Оларда бұл сөздердің айтылуы мүлдем басқаша. Бұл сөздер, сөз жоқ, Алтын Орда билеушілері арқылы орыс тіліне енген сөздер. Махмұт Қашғаридың «Түрік сөздігіне» енбей қалған да талай сөзіміздің төбесі кейбір орыс сөздерінен қылтиып тұратыны өтірік пе? Мәселен, рет – ряд, арқан – аркан, қарауыл – караул, қорған – курган, шалбар – шаровар, теңге – деньги, қақпан – капкан (бұл сөз «қапқан» деген түрік түбірін дұрыс сақтаған), тым көп – тьма, мүк – мох, дада – дядя, ұра – ура, барыс – барс, боран – буран, жасауыл – есаул, жасақ – ясак, биік – пик, көпек (ұсақ) – копеек, бүкір – бугор, жам, жамшы – ямщик, бекет – пикет, ал (қызыл) – алый, бөрене – бревно, ілбіс – ирбис, таңба – тамга, тұман – туман, тәңірі – тенгри, ошақ – очаг, керіш – керч, кесек – кусок, тұлып – тулуп, табын – табун, құрық – укрюк, жарық – яркий, дала – даль, сопақ – сопка, жар – яр, түздік – туземец; қожа, қожайын – хозяйн, томаға – томагавка, тобыр – табор, құйрық (қойдікі) – курдюк, жырақ – овраг, сырға – серга, талыстай – толстый, қый-тезек – кизяк, қазақ – казак, төбе кійім – тюбейтейка, кетпен – кетмен, атқа – атака, босаяқ – босяк, шопан – чабан, батыр – богатырь, бүркіт – беркут, қарбыз – арбуз, жұрт – юрт (а), керуен – караван, жұму – зажмуриться, тік – ткать, тігінші – ткачиха, базар – базар, марал – марал, жарлық – ярлык, дарын – дар, мама – мама, бақша – бакча; қырат, қыр (бет) – хребет, қосақ – косяк, кірпіш – кирпич, доға – дуга, құмай – гамаюн, т.с.с. Мұның бәрі «татаро – монгольское игоның» жемісі емегенде, не? Ол, шын мәнінде, «иго» емес, игілік болған: орыс кінәздіктерін біріктіріп, мемлекеттік жүйеге келтірген – Алтын Орда.
Моғолстанның, Алтын Орданың мемлекеттік тілі түрік тілі болғанын кім жалған дей алады? Арап жиһангезі Ибн Баттутта да оған XIV – ғасырда «Дешті Қыпшаққа саяхат» атты шығармасында куә болмап па еді?
Еділ бойын мекен еткен Бату (Батый), Берке (Береке), Сартақ, Қырым мен Сарайды орда еткен Өзбек хан, әз Жәнібек хан, Ноғай хан, қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібек те, Қасым хан, Хақназар хан, Шығай, Тәуекел, Есім, Жәңгір, Тәуке хан – бәрі Шыңғыс ханның ұрпақтары, бәрі түрік тілінде, оның ішінде қазақ нұсқасында сөйлеп өтсе, қай дәлелмен оларды моңғол еді дейміз? Қазақ елін билеген ханның бәрі – Шыңғыс ұрпақтары. Шыңғыс моңғол болса, оның ұрпақтары неге Моңғолияны билемеген? Неге бәрі қазақ жеріне «көшіп» кеткен?
Бұрқан – Қалдұнның қайда екенін білместен, оның орнын анықтап алмай тұрып, Шыңғыс ханды әдейі басқа халықтың баласы ету – қазақты мазақтау. Білімсіз, өз тарихын өзі білмейтін надан халық деп менсінбеу.
Тіпті қисынсыз мына өтірікке зер салыңыздаршы.
Өлеңді өз жұртына әкеле жатқан меркіт жігіті Бұрқан арқылы өз ауылына келе жатқанда, кенет жолдан оған Есугей бауырларымен жабылып, Өлеңді тартып алады.
Ал енді картаға қарайық. Меркіт жігіті Өлеңді қай жақтан өз жұртына қарай әкеле жатады? Шығыс жағы – мұхит. Ол жақтан әкеле де жатпайды, ол жаққа апара да жатпайды, ол жақта ел жоқ, тек мұхит бар. Батыстан әкеле жатыр дейін десең, онда оны қайда апара жатады? Мұхитқа ма? Меркіттің жері Хэнтэйдің батысында. Бірі ғана емес, бәрі үйлеспейді. «Өтіріктің құйрығы – бір-ақ тұтам» екені көрініп тұр.
Алайда сол көрініп тұрғанды көре алмайтындай бізге не көрінді?
Қазақтың Ата шежіресін жазып қалдырған Қазыбек бек Тауасарұлына жүгінейік.
«Рас, Шыңғыс ханда моңғолдар да болды, – дейді ол. – Олар бар-жоғы төрт жарым мың ғана адам еді. Одан басқа отыз екі мың татарлар бар-ды. Татарлар да түрікше сөйлейтін жұрт болатын».
«…Егер тауарихтың жүзіне тура қарар болсақ, Шыңғыс қазақ жеріндегі билікке таласқандарға ғана қатты келді. Ол Арғынның, Үйсіннің, Қыпшақтың қылшығын қисайтқан жоқ. Қайта олардың жауынгерлігіне құлдық асып отырды» («Түп-тұқыйаннан өзіме шейін», Алматы, 1993, 97 – бет).
«Шыңғыстың жермен жексен еткен қалалары қара қытайлар билеп отырған Ұш, Ақтөбе, Тараз, Отырар, Бақын (Баршын деген сөз қате жазылған-ау, сірә? – Б. Н.) сықылды қалалар болатын» (сонда, сол бетте). «Моңғол жерін билеген Дулаттар сол арғы Дулы тұқымынан келеді. Моғол деген атау да Абыл ұрпағына берілген екен. Ал Мұхамед Хайдар Дулати сол соңғы Дулат ұрпағынан» (сонда, 42 – бет).
Бұған қарасақ, Шыңғыс хан заманында моғол да, моңғол да болған екен. Бұған не айтамыз?
Моғолдың түрік екенін, Абыл ұрпағы болатынын Қазыбек бек жазып қана қоймай, оның берілген атау екенін де анық айтыпты. Демек ол ұру да, тайпа да, халық та емес, белгілі бір жұртқа берілген атау ғана.
Тағы бір сәт Сәкен Сейфулиннің жазғанына да жүгіне кетейік.
«Жошының жаңа аталған бес үлкен ұлынан басқа да ұлдары болған. Сол кіші ұлдарының белгілі біреуі Моғол есімді болған. Моғолдың немересі Ноғай деген көшпелі түрік руларының атақты мықты ханы болған (сонда, 15 – бет).
«Елдің аты сол елді билеген атақты бидің, атақты ханның атымен аталып кететін ескіліктен келе жатқан, әсіресе түрік руларында ескіден келе жатқан әдет» (сонда, 16 – бет).
Бұған бірдеңені алып-қосудың, меніңше, қажеті шамалы. Мәселе «моғол» сөзінің төркіні түрік тілінде екенінде.
«Моңғолдың құпия шежіресі» деген кітәп 1979 – жылы алғаш рет Моңғолияда қазақшаланды, Өлгий қаласында басылды. Оған Дамдансүрэн деген ғалымның 1940 – жылы 1– қазанда жазылған мақаласы алғысөз ретінде берілді. Аударған – Базылхан Бұқайұлы (1978 – жылы 15 – көкекте).
Карпини мен Рубрук Шыңғыс ханның атамекені Онанкеруле десе, «Құпия шежіре» Онон мен Хэрлэн өзендерін атайды. Хэрлэнді зорлап Керуленге айналдырып жүрген – кейінгілер. Бұл күнде ол картада да Керулен деп жазылған. Бұл, сөз жоқ, Шыңғыс ханды зорлап моңғол қылудың алғашқы қамы.
Бір қызығы, Ононның да, Хэрлэн мен Керуленнің де моңғолша мағынасы жоқ екен. Оның себебі, меніңше, бұл екі сөз де Төле басқарған түріктермен бірге барған сөз. Түрікшіден түрленіп, жат жерде адам танымастай өзгеріп кеткен сөздер. Өнәнге (Ілеге) құймай, теріс аққан Қаратал өзеннің басы Белжайлаудан басталатын Теріс – аққан өзені болу керек. «Кері» мен «теріс» сөзінің бір-бірімен мағыналас сөз екенін бүкіл қазақ біледі деп ойлаймын. Алматы обылысы Қарасай ауданындағы Қасқасу өзені Қасқа өлең деген атаудан өзгере-өзгере осы күні Қаскелең боп кеткенін де білетін жұрт баршылық. Жердің тарихы – ел мен тілдің тарихы екенін бұл да еске салады. Жердің атауы кімдікі болса, жердің иесі де сол. Сондықтан басқыншылар басып алған елінің жер-су атын құлшына өзгертетініне тарих куә. Ал Шыңғыс хан заманындағы Жетісудың жер-су аттары бізге аман жетуі сол замандағы тайпа мен ру адамдарының әлі күнге сол арада қозғалмай отыруынан.
Алғысөз жазған Дамдансүрэн: «Шыңғыс хан туып-өскен жердегі Бұрқан тауы –мынау, Кері өлең – анау, Көде Арал – осы», – деп ешбір жер-суды дәл атамайды. Тек «Хэрлэннің Хөдөө аралы кәзіргі Байан Улаан екені даусыз». «Хөдөө Аралдың Долоон Болдоогі кәзіргі Долоод. Хэрлэннің Ауругі – қазіргі Аврага» деген үш пікір-ұсыныс айтады (22 – бет). Нақтылап атаған да, дәлелдеп көрсеткен де ештемесі жоқ, тек жорамал ғана. Ал тарих тек жорамалмен жасалмайды ғой.
Алдында тағы бір олжасын, кейін ұстаған балығын тартып алған соң, Теміршың інісі Қасар екеуі басқа шешеден туған ағасын өлтіреді ғой, сонан соң руластары сол үшін Теміршыңды жазалауға Бұрқанға келеді. Олар қорғанады. Ақырында Теміршың атқа мініп қашады. Соны «Моңғолдың құпия шежіресі» былай жазады: «Қасар Тэмужінді білдірмей ну орманға қашырып жіберді. Тайчиудтер оны біліп қойып қуады, бірақ асқар шыңның нуына сүңгіп кеткендіктен, адасып қалады да, орманды ту сыртынан қоршайды» (79 – үзік, 36 – бет). Ешқандай жердің аты аталмайды. «Асқар шыңға» қашады, белгісіз «орманды» қоршайды».
Осы шығарманың орыс тілінде «Сокровенное сказание монголов» деген атпен 1990 – жылы Улан – Удэде шыққан нұсқасын оқып қарайық. «Темужин пустился в лес. Тайчиудцы бросились за ними в погоню, но он уже успел прибраться в густую чащу на вершине Тэргуне . Не умея туда проникнуть, Тайчиудцы окружили этот бор и стали его сторожить» (27 – бет).
Енді көне қытай тілі мен жазуын жетік білетін Тілеуберді Әбенайұлының қытайшадан аударған нұсқасын оқып көрейік.
«Темежан асып-сасып атқа мінді де, орманға кіре жөнелді. Тайжігіттер көріп қалып, Түрген тауына дейін қуды. Темежан нуға сүңгіп кеткендіктен, Тайжігіттер кейіндей берді де, сырттай қоршауға алды» (79 – үзік, 156 – бет). «Құпия шежіренің» құпиясы», Алматы, 2013, «Шапағат–нұр» баспасы).
Салыстырып отырған үш тілде де Бұрқан аты дұрыс жазылған.
Үш аударма да қытай тіліндегі түпнұсқадан аударылған. Сонда қалай, біреу оқығанды екінші біреу оқымай кете ме? Меніңше, жердің аты әдейі аударылмаған. Себебі біреу-ақ: ондай жер Моңғолияда жоқ. Ал орысша «Тэргуне» мен қазақша «Түргеннің» мағынасы – бірдей: «тез» деген мағынаны береді. Қытай тілін екі аудармашы да мағыналық жағынан дұрыс аударған, алайда Тэргуне деген жер Моңғолияда да, Қазақстанда да жоқ, тек Түрген бар. Ол Алматы обылысындағы Жәркент қаласының батысында жатқан Үсек өзені бойындағы ұзын тоғай әлі күнге дейін Түргентоғай аталады. Басы Бұрқан таудың шығыс жақ тұсынан басталып, аяғы Жәркент қаласының батыс жақ тұсынан тоқталады. 1856 – жылы Құлжаға бара жатқан сапарында Шоқан Уәлиханов осы арамен өтіп, Бұрқанға аялдап, Түргентоғайда жоғалған түйелерін Түргенкент маңайынан тауып, Үсек өзенінің төменгі жағы әлі де Түрген аталатынын жазып кеткен (Ч. Ч. Валиханов «Собрание сочинении в пяти томах», том ІІ, Алматы, 1962, «Западный край Китайский империи и город Кульджа» Дневник поездки в Кульджу). «Турген – это быстрый», – деп жазады Шоқан. Біреуді іле-шала тез қуғанда, оны қазақ «түре қуды» дейді.
Бұрқаннан қашқан адам оның қасындағы Түргентоғайға тығылмағанда, Іленің сол жақ бетіндегі Түргенге тығылмайды ғой? Әлгі Карпини жазған екі таудың арасы да осы ара ғой, оның үстіне. Біріне бірі дәл келіп тұр.
Өнән де, Кері өлең де ешбір тарихи деректе Бұрқан тауының өзінен басталмайды, тек Бұрқан тауы Өнән өзенінің бас жағында екені ғана айтылады. Оның үстіне, Рәшид әд –Діннің Шыңғыс хан өмірін зерттеуге арнаған «Жамиғ –ат тауарих» атты зерттеуінің орысшасында Бұрқан жерінен ағатын өзендерді былай сыйпаттайды: «...в центре – Келурен, с востока – Онон» (том ІІ, книга вторая, Москва –Ленинград, Издательство Академии наук СССР, 1952, стр. 234).
Мен Кербұлақ пен Панфилов ауданының жер-суын біраз білетін адаммын, сол арада туып өскенмін. Дәл Рәшид әд – Діннің жазғанын көзіммен де, көңіліммен де көре алам. Кері өлең, йағни Терісаққан суы Қаратал өзенінің басы саналады, өйткені ең ұзын саласы – сол. Ол Белжайлаудың Үйгентас деген белінен басталып, әуелі Көксуға, сонан соң Қараталға құяды. Басталар жері әйгілі Орбұлақ шайқасы өткен жерден он шақты шақырым шығыста. Қорғастан Белжайлауға дейінгі барлық су Ілеге қарай ағып, Ілеге құяды да, тек осы су теріс ағады. Жәңгір хан бейітінің батыс жанынан өтеді, екі таудың ортасынан ағады. Рәшид әд –Діннің, меніңше, «в центре – Келурен» деп отырғаны сондықтан. Шыңғыс хан заманында Қорғастан Көксуға дейін созылған ұзын тау түгелімен Бұрқан аталған. Солай екені сол кездегі жазбалардан көрініп тұр.
Шыңғыс ханға қатысты деректерде айтылатын Онон өзені кәзіргі Іле дейді Тілеуберді Әбенайұлы. Мен оған қосылам. Өйткені Онон өзенін моңғолдардың өзі Онын дейді екен. Шыңғыс хан заманынан бір ғасыр бұрын Махмұт Қашқари бабамыз Ілені Іле деген, ал үлкен, қасиетті суды бабаларымыз «дария», «дайра», «үлкен су», «нән өзен» деп дәріптеген. Ілені де «Өнән» деп, нән өзен деген шығар деп ойлаймын. Және тоғыз күн Түргентоғайға тығылған Теміршыңды ұстап алған Тәйжігіттер оны Өнән өзенінің бойымен алып бара жатқанда, ол қашып шығып Құмырға өзенінің қасында Бүркей – Ірге деген жерде отырған өз отбасына қосылады. Құмырға өзені шығыстан батысқа қарай біраз ағып барып Өнәнге қарай бұрылады деп жазады деректер.
Белжайлаудың күнгей жағындағы таудан ағатын Қарақол суына таудың шығыс жақ етегінен бір су қосылады, ол Желке аталатын жайлаудың шығысынан көлденең ағып келіп, әлгі Қарақолға құйылады да, ары қарай Көктерек өзені аталып, Ілеге қарай ағады.
Мен осы судың аты қате аударылған ба деп ойлаймын, дұрысы Құмырға емес, Қабырға болу керек, өйткені тау етегін қабырғалап ағады. Және Бүркей– Ірге деген – қазақ сөзі; желден, суықтан бүркеулі, ық ірге жер деген мағына берсе керек. Сол судың шығысындағы жазықтың арғы бетінде күні бүгін де Іргетау аталатын көктеу бар. Меніңше, Бүркей – Іргеміз – сол. Теміршың осы Іргетауда отырғанда, көктемде меркіттер келіп Бөртені тартып әкетеді. Ал Теміршыңның өзі Китің жазығын кесіп өтіп, Баркөрнеу тауының іргесі арқылы Түргентоғайға, одан әрі Бұрқанға қашып кетеді. Қуғыннан аман қалған соң, Бұрқанға басын иіп, тоғыз мәрте тәу етеді. Жер ыңғайы, бір-бірімен жақындығы – бәрі деректерде жазылғандармен дәлме-дәл келеді. Жарайды, бұған да күдіктенейік. Ал картаға қарайықшы, Моңғолиядағы Онон өзені оңтүстіктен солтүстікке қарай ағып жатыр және Бұрқанның бас жағынан емес, дәл өзінен басталып жатыр. Ал Рәшид әд – Дін оны шығыстан ағады деп ап-анық жазып отыр. Бұл сәйкессіздік бізді неге ойлантпайды?
Әлгі айтқан Қарақол суы, Бичуриннің жазуы бойынша, Шыңғыс ханның бабасы Қайдуға жайлау болған жер, ол оны «Черная вода» деп аударады. Ал, тіл заңы бойынша, атау сөз болып тұрған жалқы есім ешбір тілге мағыналық жағынан аударылмауы керек. Бичуриннің бұл айтып отырған «Черная водасы» – біз айтып отырған Қарақол, Қарасу дегенді білдіретін көне түрік сөзі.
Алан – Хауаның шата туған балалары бізден артылып барады деп көре алмаған жалайырлар оның тұқымынан тараған сегіз баланы өлтіріп, тек нағашысының қолындағы Қайду ғана аман қалады. Нағашысы оны отын арасына тығып аман алып қалады. Кейін жалайырлардың ақсақалдары ол қатыгездікті айыптап, кінәлілерді Қайдуға біржола құл қылып береді. («История монголов» кітәбі. Н. Бичурин (о. Иакинф) «История первых четырех ханов из дома Чингисова», Москва, 2011).
Бичуриннің бұл дерегіне қарағанда, Шыңғыс ханның бабалары жалайырлармен жақын, қоныстас отырған. Ал жалайырлардың ежелден Жетісу, йағни Жете немесе Моғол жерін мекендегенін XIV – ғасырда Моғолстанды он шақты рет шапқан Ақсақ Темір жорығын жазып қалдырған екі бірдей «Зафар-нама» шығармасы жер-су аттарын дәл атап тұрып дәлелдемеді ме? Ол «Зафар-наманың» бірін Мұхамед Қайдар Дулати бабамыз өзінің «Тарихи Рашиди» атты әйгілі шығармасында түп дерек ретінде пайдаланған ғой. Шыңғыс хан әулетінің жалайырлармен мекендес екенін Бичуриннің бұл дәлелдеуінің өзі тарих үшін үлкен жетістік емес пе?
«Все их юрты простираются от пределов страны уйгуров до границ Хитая и Джурдженэ в тех областях, которые ныне называют Могулистан», дейді Рашидәд – Дін («Сборник летописей», том 1, книга первая, Москва – Ленинград, 1952. 92 – бет).
Моғолстанның Моңғолстан емесін, ол Жетісудың көне атауы екенін бұл күнде тарихшылар ғана емес, М. Қ. Дулатидың «Тарихи Рашиди» шығармасын оқыған барша жұрт білетін шығар деп ойлаймын.
Басқа жұрт бір темір теңге тауып алса, бүкіл тарихына жаңа көзқараспен қарайды. Ал біз жер-суымызды тауып жатсақ та өзді-өзімізбен айтысып-тартысып, бірімізді біріміз құптамағанды батырлық санап, елдің мүдесінен бұрын ру мен тайпаның мүдесін жоғары қойып, бір-бірімізбен бет жыртысамыз да жатамыз.
Орысша, қазақша деректің бәріне қараңыз, Онон өзенін бойлап барып Оң хан мен Шыңғыс хан Ульджа деген жерде татарларды жеңеді. Сол маңайда Құс шаты, Нараты шаты деген жерлер бар екені айтылады. Ал енді картаға қараңыз, Нараты жотасы Қытайдағы Іленің бас жағында тұр. Өнәннің Іле екеніне осының өзі-ақ дәлел емес пе? Әлде қате картадан кеткен бе? Нараты Іленің басында тұрса, онда Ульджи, Ұлжа деп түрлендіре жазып жүргеніміз Құлжа болып шықпай ма?
Мұның бәрі тарихи дәлелге жатпаса, онда бізге тарихқа дәлел емес, ешкімді, ешнәрсені мойындамайтын тоңмойындық қана керек болғаны ма?
Осыншама озбыр өтірікке төзіп келе жатқаны үшін, біздің тарихшыларға тек таң қаламын. Өзгенің бұрмалап жазған өтірігін талғамай, толғамай жұтып жатқанымызға қарап, өтірікке қарсы арамыздан біреу ауыз аша қалса, оған өзіміздің не тап беріп, не бас салып жатқанымызды көріп, соншама сорлы халық болып қалғанымызға жылағым келеді! Оқымағаннан, білмегеннен қаншама есеміз кетіп жатыр?!
Дамдансүрэннің мына дәлеліне сенеміз: «Хэрлэннің Хөдөө аралы кәзіргі Байан Улаан екені даусыз». Осы да дәлел ме? Неге ол даусыз? Байан Улаан дегені – тау. Ал «ходоо» – моңғол тілінде «қыр» (205 – бет). Сонда Хөдөө аралымыз «Қыр арал» болмай ма? Тау мен қырдың айырмасы жер мен көктей емес пе?
Бұл сөзді Тілеуберді Көде Арал деп аударды. Десе дегендей, Кербұлақ ауданындағы Аралтөбенің ауданы сол араның адамдарының есебі бойынша, 70 – 80 гектар жер. Үстінде тек көде өседі. Ол көдені біреулер «садақкөде», тағы біреулер «қылтанақ», кейбіреулер «ақселеу» деседі.
Менің ойымша, Арқас тауы мен Алтынемел тауының ортасындағы Аралтөбенің ескі аты Хөдөө де емес, Көде де емес, «Көту арал» болған болу керек. «Көту» сөзі Махмұт Қашқари бабамыздың «Түрік сөздігінде» (ХІ – ғасыр, Шыңғыс ханнан бір ғасыр бұрын) «төбе» деп көрсетілген. Солай болса, бұл төбе әу бастан-ақ Аралтөбе атанған. Қытайдың пішік жазуындағы бұл сөзді, Тілеубердінің айтуынша, «Көту» деп те оқуға болатын көрінеді.
«Моңғолдың құпия шежіресінде» Шыңғыс ханның дүниеге келген жері жаңағы Аралтөбенің жанындағы Жубур деген жер деп жазылған (44 – бет), ал Тілеуберді оны «Шұбар» деп оқыған («Құпия шежіренің» құпиясы», Алматы, 2013, 488 – бет ).
Шұбар деген ауыл кәзір де сол Аралтөбенің батысында 10 шақырымдай жерде тұр.
Алтынемелдің шығыс жақ бетінде Құрсай, сонан соң Шыңғыссай деген шалғынды, бұлақты сай бар. Әлгі Шұбар мен Аралтөбенің оңтүстік бетінде, Қарақорым – Матайдың солтүстік желкесінде. Қарап отырсаңыз, осы мен айтып отырған жер-су мен тау-тастың бәрі бір маңайда, бір төңіректе, бір-бірінен алыс емес, бір-бірімен қарайлас жерде.
Жамұқа мен Шыңғыс хан (екеуі де Алан – Хауадан тарайды – Б. Н.) алғаш рет Зерен Қапшағайда, екінші рет Күйтең деген жерде соғысады, Қапшағайды аудармашылар атау сөз ретінде аудармай жазуы керек еді, әдейі ме әлде білмей ме, қыспақ жер екенін білдіретін сөзбен бере салған. Ал Күйтеңді кәзір ел Кійтің деп жүр. Бұл Кійтіңнің сол Шыңғыс хан заманындағы Күйтең екеніне мен мына себепті сенімдімін. Шыңғыс ханға Жамұқаға қарсы көмекке келген Керейдің басшысы Оң хан оған Отқия арқылы Күйтеңге шықса, Шыңғыс ханның өзі Күйтеңге Көренлік деген жерден шығады. Ол жерлердің аты бүгінде сәл өзгешелеу, бірақ баяғы түбірін сақтап айтылады. Отқыя – Қызылқыя, Көренлік – Баркөрнеу. Баркөрнеуден де, Қызылқиядан да Китің жазығына шығатын жол бар, Китің – екеуінің де оңтүстігінде. Оның үстіне, Қызылқыядан шыққан керейлер шеп құрып жатқан жер бүгінде Керейсай аталады.
Осыншама бір-бірімен бір өңірде байланысып жатқан жерлер «Моңғолдың құпия шежіресінде» де, «Сокровенное сказание монголовта» да, тағы басқа деректерде де орындары неге дәлме-дәл кәзіргі орнымен сай келеді? Өйткені бұл ара, шынында да, Шыңғыс хан өмір сүрген, туып өскен ара. Бичуриннің жазуынша, сол заманда Шыңғыс ханның сегіз бірдей бабасын бауыздаған жалайырлар да әлі күнге дейін сол орындарында отыр. Шұбар, Аралтөбе өңірінде тұрып жатқан жалайырлардың көбі кәзір де Андастар.
Осының бәріне мұрын шүйіріп қарауға бола ма? Бұған мән бермесек, оны есепке алмасақ, онда «тарихтың мақсаты – шындыққа жету» деп жалған даурығудың не қажеті бар?
Жарайды, бір қазақтың айтқанына екінші қазақ сенбей-ақ қоялық. Өз көзімен көрген, өз құлағымен естіген шетелдік Карпини мен Рубруктың, Атамәліктің, Рәшид әд – Діннің жазғандарына қазақтың айтқаны да дәл келетінін мойындау керек емес пе?
Ал енді татар да, моал, монгал немесе моғолдар – бәрінің тегі түрік болса, онда неге моалдар татарларды жақтырмайды?
«Моалдар, – дейді Рубрук, – өздерін «татар» деп атағанды жақтырмайды» (100 – бет ). Өйткені бұрын олардың өзі татар болған, кәзір моал – олардың билеушісі. Сондықтан моалдар татар деген атты құртып, моал деген атты жоғарлатқысы келеді дейді (101 –бет).
Мұның да жауабы Рәшид әд – Дінде тұр.
Қабыл хан билеген заманда татарлар мен моңғолдар тату-тәтті тұрып жатыпты. Бәрі қыйат пен нируннан тараған туыстар бір-бірімен бауырласып өмір сүріп жатады. Қабыл ханның әйелі қоңырат тайпасынан екен. Соның Сайым – тегін деген бауыры ауырып, оны татар бақсы емдейді. Алайда Сайын – тегін өліп қалып, оны бақсы дұрыс емдемей өлтірді деген әңгіме шығып, бауырлас елдің арасына осыдан араздық кіреді. Ол бірте-бірте өршіп, үлкен жаулыққа ұласады (сонда, 104 – бет).
Ал енді осы моғол немесе «моңғол» сөзінің мағынасы не? Және ол қай тілде пайда болған сөз?
Бұған түсінікті Рәшид әд – Дін ғана береді.
«В настоящее время у монгольских племен так установлено, что те, которые появились от этих ветвей, чаще всего состоят между собой в родстве, и монгол – дарлекины – суть они слово же монгол сперва звучало (букв. было) мунгол, то-есть, «бессильный» и «простосердечный. По монгольский «Киян» значить «большой поток», текущий с гор в низину, бурный, быстрый и сильный. Так как Кияны были отважный, храбрый и крайне мужественный; что это слово положили их именем. «Кият – множественные число от Киян; тех и этого рода, которые ближе к его началу, называли в древности кият» («Сборник летописей», том 1, книга первая, М. – Л. 1952. 154 – бет).
Көп адасудың басы осы сөздердің айтылуы мен жазылуынан басталған сыяқты.
«Қыйан» мен «Қыйатта» тұрған түсінбестік жоқ. Сөздің мұндай жекеше және көпше түрі қазақ шежіресінде бұрыннан бар. Мысалы, керей, оның көпше түрі – керейіт; дулы, көпше түрі – дулат.
Ал Рәшид әд – Дінді аударған Хетагуров ежелден бір-бірімен туыс халықтың бірі «монгол – дарлекин» деп аталған, ал оның бастапқы аталуы «мунгол» дейді.
Аудармашы Хетагуров парсы тілін білгенмен, түрік тілін білмеген болу керек. Сондықтан оның «монголы – дарлекины» дегенін түсіну мүмкін емес.
Тарихқа жүгінсек, ертеде түрік халқын жау шауып, екі отбасы ғана аман қалады, оларды Қыйан мен Нүкүз деп атайды. Төрт жүз жылдай тау ішінде тығылып, көбейіп, ақырында олар ашыққа шығады. Қыйандардан Шыңғыс ханның ата – бабалары тарайды, ал Нүкіс, Нөкіс аталатын аталар Түлкібас ауданында әлі де бар, негізінен олар – қарақалпақ ішіне тараған ұру. «Ақтабан шұбырынды» зобалаңы кезінде қарақалпақтар қазақтармен бірге қалмаққа қарсы 35 жыл бойы соғысты. Тек Әбілқайырдың дұрыс саясат жасамауынан жат болып кетті.
2016 – жылы Рәшид әд – Діннің «Тарихтар жинағын» Зәріпбай Оразбай деген азамат парсы тілінен тікелей тәржімеледі. Ол: «Рәшид әд – Дінде моңғол деген сөз жоқ», – дейді, «мұғұл» деп аударды. Демек аудармашы Хетагуров «ң» әрібін қосқан. Алайда парсы тілінде «ң» дыбысы мен әрібі де жоқ екен. Бір әріптен адасудың сыры бұда да жатуы мүмкін.
«Байырғы замандардан қазіргі уақытқа дейін қоңырат, қоралас, икирас, елжиған, уранқай, келінғұт деген атпен белгілі және (осыларға ұқсас) басқа да тайпалар мұғұл – дүрліккен деп аталады», – деп аударыпты Зәріпбай (Рашид ад – Дин «Тарихтар жинағы», Шымкент, 2001. 1 – том, 173 – бет).
Сондай-ақ мұнда мұғұлдар ішінде ерекше болып табылатын нируун қауымы бар екені айтылады.
«Дарлекин» дегені «дүрліккен» екені енді түсінікті. Жаудан үріккен, қашқан ел дүрлікпегенде кәйтсін? Дүрліккен – түрік сөзі. Демек қыйандар да, мұғұлдар да, нүкістер де – бәрі түріктер. Бұған дау айту – деректі, тарихты сыйламау.
Бұл кітәпте: «Мұғұл (тайпасы) түркі қауымдастығының бір бұтағы болып табылады», – деп ап-анық жазылған (сонда, 178 – бет).
2 – томының түсініктемесінде Зәріпбай Хетагуровтың Онан дегенді Онон деп бұрмалап аударғанын жазады (сонда, 2 – том, 23 – бет). Бұрмалаулар бір әріптен де басталғаны осыдан да белгілі. «Онан» сөзі қазақша Өнәнге жақын ғой, оны Онон деп алыстатқан.
«Жас күнінде Шыңғыс ханды меркіттер тұтқынға алған», – деген дерек оның оларға өшпенділігін түсіндіре түседі (сонда, 2 – том, 68 – бет).
Зәріпбай былай аударады: «Асылында, «мұғұл» сөзі алғашында «мұң ұл» деп аталған, яғни «мұңлы», «бейшара» әрі «ақкөңіл», «ақжарқын», «кішіпейіл» деген мағынаны аңғартады (сонда, 2 – том, 143 – бет).
«Моңғол», «монгал», «моал», «моғол», «мұғұл», «мұңғұл», тағы басқаларының бәрі осы «мұң ұл» сөзінен әр себеппен бұрмалана өзгерген сөздер екені, меніңше, енді дау тудырмаса керек. «Мұң ұл» дегенді қазақ-түріктер үндестік заңының ықпалымен сан түрлі құбылтып айта беруі – табиғи құбылыс. Ертеде «ұл» дегенді қазақтар «оғлан», «ұлан», «ұғылы», «оғылы» деп айта берген. Сондықтан «мұң ұл» дегенді «мұң ұғыл», «мұң (лы, ды) оғлан; «мұң (лы, ды) ұлан» немесе «мұң оғлан» деп ауызекі айтыла-айтыла келіп, сан құбылып кетуі – заңды. Ең басты нәрсе бұл сөздің бәрінің де төркіні түрік тілі екенінде.
Түйіткілдің түбі Осекең айтқан «ң» дыбысы мен әрібінен тарайды. Қазақ тіліне тән үндестік заңы бәрімізді бір әріптен адастырып жүр деп ойлаймын. Өйткені «ң» мен «ғ» дыбысы қатар келгенде, екі түрлі аталатын сөздер қазақ тілінде біршама. Мысалы, «шаңырақ – шаңғырақ», «саңырық –саңғырық», «құман – құмған», «Қоймаңырақ – Қоймаңғырақ» (жердің аты), тағы сол сыйақты.
Қысқасы, бұл сөздің түп атасы – «мұңұл». Оған ең жақыны – мұң ұғұл. «Моғол» да осы мағынаны беретін сөз болуы керек, «жуас», «момын», «маужыр» адам деген мағынаға жуық сөз.
Менің апам атамды «Мәугіл» деп атағанын ылғи айтып келем. Осы сөздің де астары «моғол» сөзімен туыстас секілді.
Осының бәрін таразыға салып ой түйсек, бізді адастырып жүрген сөздің ең алғашқы аталуы «мұңұғыл» немесе «мұңлыұғыл» деген тұжырымға сайады.
Шыңғыс ханның Төле атты ұлы кәзіргі моңғол жерін билегендіктен, бұл сөз сол билеуші түріктермен бірге «моңғол» түрінде соларға жеткен. Алайда ол арада да «моңғол» аталған түріктер, йағный Шыңғыс хан жұрты болған. Бүкіл дерек осы тұжырымға әкеледі.
Бұдан шығатын қорытынды қандай? Біреу-ақ: тарих бұрмаланған.
Шыңғыс хан тарихы әдейі бұрмаланған ба әлде қателескендіктен өзгерген бе? Меніңше, әдейі.
Біресе «моғол», біресе «моңғол» деп жазып жүрген халықтың о баста татар атты түрік қауымдастығына кіретін халық екенін қытай, орыс, моңғол тарихшылары білген. Біле тұра бұрмалаған. Өйткені Рәшид әд – Діннің кітәбінде бұл жағдай айдан анық жазылған. «Раздел третий. Относительно тех тюркских племен, которых в настоящее врмея называют монголами», – дейді ол («Сборник летописей», том 1, книга первая, 1952. 92 – бет).
Тағы бірде Рәшид: «большую часть тюрков теперь называют монголами», – дейді (сонда, 77 – бет). Өйткені олар енді татарлардан мықты бола бастаған.
Бұдан шығатын қорытынды біреу-ақ: «моғол» да, «моңғол» да – бәрі түріктер. Бұған дейін олардың бәрі «татар» аталған. Оның да дәлелі деректерде тұр. Тағы Рәшид әд – Дінге жүгінейік.
«Подобно тому, как перед этим татары стали победителями, то и тех (других) стали называть татарами» (сонда, 77 – бет).
Кім күшті болса, кім жеңсе, қауымдастық та соның атымен аталған. Осы басы ашық тұрған нәрсені орыс ғалымы Рәшид әд – Діннің кітәбіне жазған алғысөзінде оп-оңай бұрмалай салады:
«... можно утверждать с большой долей вероятности, относительно ряда племен – татар, кереитов, найманов, жалаиров, сулдузов, барласов, меркитов, ойратов что в ХІІІ – веке они были монголоязычными, а не тюркоязычными» (сонда, 29 – бет).
ХІІІ – ғасырда, йағни Күйік пен Мөңке билеп тұрған кезде Еуропадан Карпини мен Рубрук келгенде, «монгалдар» мен «моалдардың» кәзіргі моңғол тілінде емес, кәдімгі түрік тілінде сөйлегенін біз жоғарыда дәлелдеп шықтық деп ойлаймын. Тек ойраттар жөнінде жеке пікір айтуға тиіспіз. Ол – кәзіргі Моңғол халық республикасы құрамына кірген, бұрын қазақтар «қалмақ» атаған мемлекет құрамында болған үлкен тайпалар одағы. Ал қалмақ немесе кәзіргі моңғол тілі ешқашан түрік тіліне жатпаған. Ол ерекшелікті Рәшид әд – Дін де анық жазады: «Несмотря то что их язык монгольский, он (все же) имеет небольшую разницу от языка других монгольских племен» (сонда, 118 – бет).
Бұл дерек біраз нәрсенің бетін ашады.
Ойраттардың Шыңғыс хан жаулап алған ел екені бүкіл тарихтан белгілі. Жауланған ел жаулаған елдің тілін үйренгені өз басымыздан белгілі. Орыстарға екі ғасырдан астам бодан болған қазақтар тәуелсіздік алғанымызға отыз жылға таяп қалса да әлі орысша сөйлеп, мемлекетімізді орысша басқарып келе жатқан жоқпыз ба? Ойраттар да сөйткен. Олар өйткені Шыңғыс хан мемлекетінің құрамына кірген. «Моңғол» сөзі солар арқылы бүгінгі моңғолдарға да барған екен ғой деуге болады.
Ойланайықшы, осы алдау кімге және не үшін керек болды? Аш адам айуаннан жаман. Ақыл-естен айырылып, мәңгүрт болады, тегін, тарихын тез ұмытады.
1921, 1922 – жылы, 1931, 1932 – жылы қазақ қатты ашаршылыққа ұшырады. Біреулер: «Кеңес өкіметі аштыққа әдейі ұшыратты», – дейді. Ол рас болса, оның нәтижесі – геноцид, қасақана қыру. Біреулер: «Кеңес басшылығының қателігінен қырылдық», – дейді. Екеуінің де нәтижесі –біреу: қисапсыз қырылдық. Калхоздастыру кезіндегі ашаршылықта 3,5 ( үш жарым) миллионнан астам қазақ қырылды деп жүр тарихшылар. Ол сан – халқымыздың жартысынан көп. Бәлкім, үштен екісі шығар.
Менің Ешмұхамбет атам: «Отызыншы жылдың ашаршылығында мен жеті баламнан, үлкен інім Бекмұқа сегіз баласынан, қалғандары төрт-бес баласынан айырылды», – деп аһылап отыратын. Сол балалар әлгі тарихшылардың ресіми есебінде бар ма? Менің жанымды қыйнайтын – осы сұрақ. Өйтіп есепке ілінбей қырылып қалған қазақ баласы қаншама? Міне шыбындай қырылудың шындығы осында.
Қазақ баласы ас таба алмай қырылып жатқанда, кеңес өкіметі Риддерге Орталық Ресейден жұмысшылар әкеліп жатқаны туралы құжатты мен оқығам. Ол туралы «Көшпенді шаруалар қайдан шықты?» деген мақала да жазғам. «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» деген – сол. Бізді кеңес өкіметі соншалық жазалайтындай не істедік?
Бас көтерген ағаларымыз түгелдей «халық жауы» болды, түгелдей атылды. «Сталиннің жазығы жоқ, бір-бірімізді көрсетіп жатқан өзіміз», – деп, айналып келгенде, өзімізді-өзіміз кінәледік. Арыз жазсаң болды, алып кететін, атып тастайтын заңды кінәлемедік. Ақ пен қараны ажырата алмадық. Аштықтың, атудың нәтижесінде, ақ пен қараны ажырата алмайтындай жағдайға жеттік.
Әлихансыз, Халелсіз, Ахаң мен Жақаңсыз, Мағжан мен Шәкәрімсіз, Мұстафасыз, Ырысқұлов пен Жандосовсыз, Сәкен, Ілияс, Бейімбет пен Санжарсыз, Нәзір мен Смағұлсыз, Ілекеров пен Жүргеновсіз, тағы-тағыларсыз мыйын ойып алған қуыс бас құсап қалдық. Соны пайдаланып, өкімет айдаған жағына апарды, жетектеген жағына жүргізді. Мәңгүрт болып бара жатқанымызды Айтматов еске салып еді, оның өзін жазалап жібере жаздадық. Сондай-сондайдың салдарынан өз халқымыздың тарихын өзге халықтың тарихшысынан сұрайтын хәлге жеттік.
Халықтар достығын ұран қылып басқарған «ұлы Сталин» бізді бұл хәлге неге жеткізді?
Анық шындығын, әрине, Сталиннің өзі ғана біледі. Біз тек жорамалдаймыз.
Бірінші жорамал:
Шыңғыс хан және оның ұрпақтары Ресейді де, Грузияны да, басқаларын да күшпен басып алды. Сталин соның кегін қайтарды. Өйткені ол Шыңғыстың қазақ тайпасынан шыққан адам екенін анық білді. Оған профессор И. П. Петрушевскийдің Рәшид әд – Діннің «Жамиғ – ат тауарих» кітәбінің орысшасына жазған алғысөзінен көз жеткіземіз. Шыңғыс хан жайындағы тарихты Сталиннің өзі қадағалаған (1 – том, 1 – кітәп, 74 – бет).
Шыңғыс ханды моңғол деп көрсету Сталиннің саясатына тійімді болды. Өйткені ол моңғол болса, қазақты аштықтан қырудың кек алуға еш қатысы жоқ болып көрінетін еді. Егер бұл солай болмаса, Валерий Михайловтың «Великий джут» атты екі мәрте басылған кітәбін қарайықшы, жер-жерден орыстардың өзі қазақтардың аштықтан қырылып жатқанын хабарлап Мәскеуге, Алматыға, кеңес өкіметінің сондағы көсемдеріне жан-жақтан жеделхаттар жіберіп жатқан. Бірақ өкімет көрмегенсіп, білмегенсіп, олар «откочевники», йағный «көшпенді шаруалар», өліп жатқан жоқ, ары-бері көшіп жүр деп отыра берген. Әдейілік деген осы емес пе?
Екінші жорамал:
Орыс пен қазақтың, грузин мен қазақтың арасына кек қайтару ісі кері әсер етіп жүрмесін, ұлт араздығы өршімесін деп, Шыңғыстың қазақ екенін кеңес өкіметі әдейі жасыруы мүмкін.
Үшінші жорамал:
Қазақ секілді қораш халықтың орыс, грузин, қытай тәрізді ұлы мемлекеттерді жеңіп кетуін намыс санағандықтан, тарихты әдейі бұрмалау орын алған.
Төртінші жорамал:
Шыңғыс хан мен оның ұрпақтары құрған Алтын Ордаға қараған біраз жер кәзір Ресей қарамағына өтіп кетсе, Төле мен Құбылайға қараған біраз жер кәзіргі МХР мен Қытай мемлекетінің қарамағына қарап кетті. Соның бәрі ойда жоқ сайасатқа түрткі болмас үшін, бұл елдің бәрі Шыңғыс ханды қазақ тайпасынан шыққан адам деп тануды аса тійімсіз шындық санайды.
Бәрін бір мақалада қотара айту мүмкін емес. Қалай болғанда да, тарихи деректі қасақана бұрмалау мәдениетке де, ізгі нійетке де жата қоймайды.
«Мен жастарға сенемін!» – деген ғой Мағжан. Жатқа жалтақтамайтын, шындықтан тайсалмайтын ұл-қызымыз тарих тізгінін болашақта өз қолына алар.
Солар бәрін өз орнына қояр.
Abai.kz