Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Жаңалықтар 2300 0 пікір 22 Мамыр, 2011 сағат 07:31

Кәмшат Тасболат. Туған елінің топырағы бұйырды

Алаш қайраткері, жазушы, қазақ театрының негізін қалаушылардың бірі, тұңғыш ағарту министрі болған Смағұл Сәдуақасұлының сүйегінің күлі 77 жылдан соң туған елінде мұсылман әдет-ғұрыптарымен жер қойнауына тапсырылды. Жыл басында Мәскеудің Дон қабірстанынан Астанаға қайтарылған қоғам қайраткерінің сүйегінің күлі Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінде сақталған еді. Кеше Алаш қайраткерін ақтық сапарға шығарып салуға оның туған-туыстары, жақындары, Парламент депутаттары, қалалық әкімдік өкілдері, зиялы қауым мен жастар ұйымдары, саяси партия, қоғамдық бірлестік, т.б. мүшелері қатысты.

Естеріңізге сала кетсек, зиялы қауым өкілдері тарапынан бабамыздың сүйек күлін Қабанбай батырдың кесенесінің жанындағы ұлттық пантеонға немесе Жастар ауданындағы Кенесары батырдың сарбаздары жатқан зиратханаға жерлеу қажеттігі айтылған еді. Бірақ Смағұл Сәдуақасұлының сүйек күлі Астрахань тас жолындағы мұсылман зиратханасында жерленеді деп шешіліпті. Бұған қатысты алаштанушы ғалым Диқан Қамзабекұлы: «Қазір кейбір азаматтар «неге Смағұл сүйегі үлкен пантеонға қойылмады» дегендей сын айтып жатыр. Бұған басты себеп - пантеон әлі дайын емес. Сондықтан мұсылман ғұрпымен, ел дәстүрімен жер қойнауына тапсырылып жатыр. Мықты қайраткер қай жерде жатса, сол жер қадірлі емес пе?! Бұл елдің үлкен имандылық шарасы деп есептейміз» - дей келе: «Смағұл сүйегінің әкелінуі қоғамға үлкен сұрақ салды: жалпы, сендердің ұлттық қабірстандарың бар ма?! Бізде ұлттық қабірстан жоқ. Діни тұрғыдан алсақ, бұл таласты мәселеге әкеледі. Діндар азаматтар «ешқашан да бір кісіні бір кісіден төмендетуге болмайды» дейді. Хан да, қарапайым адам да Алла алдында пенде ғана. Бірақ зайырлы мемлекет ретінде айтсақ, біз ұрпаққа ұлттық тәлім-тәрбие беру үшін елге қызмет еткен мықты азаматтардың зиратын көрнекі етіп қойғанды дұрыс көретін жайымыз бар» - деп, ойын түйіндейді.

Мәжіліс депутаты Жарасбай Сүлейменов бұл шараның маңызына ерекше тоқтала келе: «Өкінішке қарай, Смағұл бабамыздың сүйегінің күлі 77 жылдан бері жер қойнауына тапсырылмай келді. Оған ешкімді кінәлауға болмас. Мәскеуде жүріп, мерт болып, сол елдің дәстүрімен, тәртібімен христиан зиратына қойылды. Тәуелсіз ел болған соң, мұның ары қарай да солай жалғасқаны дұрыс болмас еді. Мұсылман баласы әрі елге белгілі қайраткер болған соң, бабамыздың туған топырақта жанының мәңгілік тыныштық тапқаны дұрыс» - дейді.

Диқан Қамзабекұлының айтуынша, ендігі кезекте Кенесары хан мен Кейкі батырдың бас сүйектерін елге қайтару ісінде ұлт біртұтастығын көрсетумен қатар, оларды күтіп алудың елдік жоралғыларын қалыптастыра білу қажет.

«Айқын» газеті

0 пікір