"Алтын тақ" - қазақ хандығының көркем шежіресі
«Қазақ хандығы. Алтын тақ» атты көркем фильм жарық көрді. Фильм режиссері – Рүстем Әбдірашев. Қазақ хандығының құрылу кезеңі, әуелгі тақ таластық пен бақ таластық туралы толғайтын жобаның «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» атты алғашқы бастауы осыдан екі жыл бұрын көрсетілген. Бұл фильм Керей мен Жәнібек хандардың хандық құрып, ірге кеңейту, мемлекеттің босағасын бекемдеу барысын таспалаған еді. «Алтын тақ» - қазақ хандығының көркем шежіресі. Көрсетілімі енді басталған фильмнің шығармашылық ұжымымен жолығып, аз-кем сұхбаттасудың сәті түсті.
Рүстем Әбдірашов: «Біз шынында да мың өліп, мың тіліген елміз»
– Әуелі киноңыздың көрерменге жол тартқанымен құттықтаймын! Фильм көңіліңізден шықты ма?
– Шығармашылық адамы болғасын өз ісіңе ешқашан жүз пайыз көңілің толмайды. Кино – түсінбейтін өнер. Мінезіңнің арқасында, күш-жігердің арқасында алып шығасың. Көреременге сенің қандай жағдайда жасағаның, қандай қиындық көргенің қызық емес, онда олардың шаруасы жоқ. Көрермен өз билетін алып, өзі қалаған киносын көргісі келеді. Шынын айту керек, қазақ киносы соңғы жылдары даму үстінде. «Қзақ хандығы» бірінші маусымнан елдің назарында. Қазір кино бітіп жатқанмен, сериалдың жұмысы әлі жасалуда. Сериалдың өзінің де тынысы бөлек. Көбі түріктердің «Ер Тұғырыл» фильімін мысалға келтіріп жатады. Ашығын айтсақ, ол телеспектакль іспеттес дүние. Аздап киноның элементтері бар. Ал біздікін ауыз толтырып көп сериалы телевизонды кинофильм деп айтуға болады. Яғни, екі аяғынан тік тұрған үлкен жоба жасалды. Егеменді еліміздің арқасында, бірлігіміздің арқасында осындай дүниелер өмірге келді. Ақ түйенің қарны жарылған күн деп айтуға болады. Ұлттың әкелері болған Жәнібек пен Керей, шын мәнінде, елдің негізін қалаған биік хандар. Біз, расында да, мың өліп, мың тіріліген елміз. Әр дәуірдің аласапыран оқиғаларының бәрін ғылыми негіздерге сүйеніп, барынша шынайы беруге тырыстық.
– Түсірілім алаңында болған қызықты оқиға есіңізде ме?
– Тарихи фильмдер жасаған кезде, әдетте, туларды, байрақтарды түсірген кезде, олардың желдей желпіп, әдемі болып тұруы өте қиын. Кейде жел соқпай қалған кезде желдеткіш арқылы жасанды жолмен желбіретуге тура келеді. Қиналып жатамыз. Қаншама әскердің байрағының бәрін желбірету қиын. Ал осы фильмде, бір қызығы, біздің көтерген байрақтардың бәрі де күнмен таласа желбіреп, көзге шоқтай басылып тұрды. Осыған өзім таң қалдым. Түсірілім жоқта жай ғана қимылсыз тұрған байрақтардың түсірілім басталған сәтте желмен таласа желбірей жөнелгенін көріп шынында, ішім жылып, таңданысымды жасыра алмадым. Бұл да бір тылсымның бар екенінің дәлелі.
– Жыраулардың жырлары, жалпы сөз өнері сіздерге көп көмектескен секілді.
– Әкелеріміз тілдің тағдырын, ұлттың тағдырын ту етіп көтеріп өтті. Біз соны барынша жалғастыру үстіндеміз. Осы фильмді бастаған кезде Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин ағаларымыздың еңбектерін қайталап оқып шығуға тура келді. Біз жыршы-жыраулардың тағдырын зерттеу арқылы киноға көп материал таптық. Деректерді рухани тірілтуге көп көмек етті деп айта аламыз. Бізге ескі замандардан деректі фильмдер де, сапалы фотолар да қалған жоқ. Бірақ сол сөз өнерінің күші арқылы біз бұл фильмге көп тұздық таптық.
– Фильмнің аясында біршама ізденіске барғаныңыз білінеді.
– Рухани байлық реттелсе, қалған байлықтың бәрі орнына келеді. Егер адамның жаны кедей болса, ол ешқашан байымайды. Байлық-дәулет жұғысты болу үшін ол адам терең білімді болу керек. Әуезов: «Білім бақтың жібермейтін қазығы, білімсіз бақ әлдекімнің азығы» дейді. Біз білімді болашақтың дәуәріне қарай келе жатырмыз. Ұрпақ қайтадан жаңғыра түсуде. Әдет-ғұрып, дәстүр бәрі жаңарады, түлейді. Міне, наурыз да тойланып отыр. «Ұлыстың ұлы күні» деп жатады. Мен «Ұлы ұлыстың ұлы күні» деп айтар едім. «Ұлы ұлыс» деп отырғанымыз – Алтын Орда. Алтын Орданың тарихи атауы – Ұлы ұлыс.
Ерлан Төлеутай: «Бір беттік тарихтың шуағы»
– Қазақтың салқар тарихын бұл шағын сериалға сыйдыру қиынға түспеді ме?
– Жалпы бұл жоба 2015 жылы басталған. Фильм Елбасымыз Назарбаевтың Путиннің «қазақта шекара болмаған» деген сөзіне жауабы секілді болды. Қазақ фильміне Тұңғыш Президент өзі тапсырма берді. 2015 жылы түсірілімді бастап жібердік. Режиссеріміз – Рүстем Әбдірашев. Төрт жылға созылды. Өте ауыр, күрделі жоба болды. Мыңға жуық адам қатысты. Қаншама жаңа актерлердің тұсауы кесілді. Бірінші кезең «Алмас қылыш» деп аталғаны белгілі. Кино – жазушы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» кітабы бойынша түсірілді.
– «Тарихты жеңген жақ жазады» дегендей, қазақтың тарихын көбіне грек жазбалары мен парсы, орыс жазбаларынан оқимыз. Сіздер қандай тарихи деректерге сүйендіңіздер?
–Біздің бір кемшілігіміз – біздің жазба тарихымыз жоқ. «Оқуға сенген ұмытшақ, жазуға сенген жаңылшақ» деген Мәшһүр Жүсіптің сөзі бар. «Бабаларымыз жазбапты» дейді. Жадына түйген. Қазақтаң бүгінге жеткен аңыз-әңгімелерінің түбін қазсақ бәрі рас. Біз осы негізге сүйендік. Сосын Президент Назарбаевтың бір талабы болды. «Қиялдан ештеңе шығармаңдар, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» еңбегі алдарыңда тұр, соны темірқазық етіп түсіріңдер» деді. Есенберлин романын шынайы факттер негізіне сүйеніп жазған. Ғалымдар енді дәлелдеген деректер сол еңбекте өріп жүр. Негізі, Қазақ хандығы тарихы жайлы жазба деректер аз. Біздің сүйенгеніміз көбіне «Алмас қылыш», ал дерек көздері десек, Мұхаммед Хайдар Дулати және «Бабырнама» еңбектері. Мұхаммед Хайдар Дулати өзінің «Тарихи Рашиди» еңбегінде «Қазақ хандығы 1465 жылы құрылды, анығы Аллаға аян» дейді. Фильмге солай жазып қойдық. Дулати бұл кезеңнен сәл кейін өмір сүрсе де, хандық жайлы жақсы хабардар болған адам. Қасым хан жайлы жазғандары да керемет. Сосын Ақсақ Темірдің де кітабы бар. Біз осындай дерек көздеріне сүйендік. Таласбек Әсемқұловтың: «Қондыгердің бір-ақ беттік тарихы» деген тамаша еңбегі бар. Шынында, бір-ақ беттік тарих қой. Сол бір бет тарихтан біз 20 сериаль фильм түсірдік. Бірінші маусымы «Алмас қылыш», ал соңғы 10 сериалы фильмі осы «Алтын тақ» болып шықты. «Алтын тақтың» арнайы тапсырыс бойынша кино нұсқасын да шығардық.
– Түсірілім алаңында қандай қызықты жайттар болды?
– Біз 2015 жылы түсірілмге жазда шығуымыз керек еді. Ақшаның кеш бөлінуіне байланысты күзде шықтық. Ол кезде күн қысқарып кеткен болатын. Жазға тігілген киімдермен күзде әртістер рөлдерін ойнап шықты. Бәріміз қатты тоңдық. Үлкен далада жел азынап, біраз әлекке түскеніміз бар. Ал жазда қалың сауыт-саймандармен аптап ыстықта күнге күйген күндеріміз де болды. Кейде аттардың өзі ауыр жүк пен сауыттарды көтере алмай құлап жатты. Оңай емес, әрине. Адамдар өте жүдеп кетті. Сондай бір сәтте Керей ханның рөлінде ойнаған ағамыз «Мен талай ауыр еңбек істедім, бірақ дүниеде бұдан ауыр азап болады деп ойлаған жоқпын» деген болатын.
Қайрат Кемалов: "Керей хан – кинодағы алғашқы рөлім"
– Керей хан – тарихи тұлға. Суреті немесе шынайы бейнесі қалмаған тұлғаның кинодағы образын сомдау қиынға түспеді ме?
– Әрине, қиын болды. Керей ханның бейнесін көзімен көрген ешкім жоқ. Сол үшін оның образын жасау қай актерге болсын қиындық тудырады. Қиындықтан шығудың жолы – Керей ханның заманында қандай тарихи кезеңдер, оқиғалар болды, ел қамын ойлаған тарихи тұлға сондай оқиғалар ішінде қандай шешім қабылдауға тиісті дегенді көз алдымызға елестеттік. Екінші жағынан, шығармашылық қиял арқылы сол тұлғаның сырт бейнесі мен ішкі дүние танымы бірте-бірте елес бере бастады. Ең маңыздысы – режиссердің көмегі болды. Режиссер Рүстем Әбдірәштің қияланыдағы Керей ханды сомдауға тырыстық. Режиссер мен актердің ойы бір жерден шыққанда ғана фильм ойдағыдай болады деп ойлаймын.
– Ханға тән образды сомдау қашан да қиын. Рөлге қалай дайындалдыңыз?
– Өте жақсы сұрақ. Өзіне жүктелген жауапкершілікті сезінгеннен кейін, әр адамда толқу болады. Менде де солай болды. Керей хан – менің кинодағы тұңғыш образым. Осындай маңызды іске сенім білдіріп, мені үлкен сахнаға, биікке алып шыққан талантты режиссер Рүстем Әбдірәшқа алғысым шексіз. Жаңа бет-бейне, жаңа актерлерді шығаруда ол батылдыққа барды, ерлік жасады. Ал, фильмге дайындалу барысында осыған дейін көрген-білген, естіген, оқыған білімдеріме, режиссердің көмегіне сүйендім. Себебі, өзің айтып отырғандай ханның іс-әрекеті, жүріс-тұрысы өзгелерге мүлде ұқсамайды. Керей хан батыр, саясаткер, алысты болжайтын кемеңгер адам. Қасындағы Жанібек қолбасы. Керей мен Жәнібектің бірін-бірі толықтыруы, тізе қосып әрекет етуі сонау замандардағы Тоныкөк пен Күлтегінді еске салады.
– «Алтын тақ» фильмі тарихи шындыққа қаншалықты жақын?
– Фильмді түсіру барысында біз Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылышы» мен «Көшпенділерін» темірқазық етіп отырдық. Кейде эмоцияға барынша мән беріп, көркемдік тәсілдерге жүгінідк. Бірақ жоғарыда аталған екі тарихи романның желісінен көп ұзамадық. Бір айта кететінім, осы фильмдегі оқиғалар дәол осы кинодағыдай болған-болмағаны маңызды емес деп ойлаймын. Бұл – көркем фильм.
– Керей хан рөлін сомдау арқылы өз өміріңізге қандай тәжірибелер жинадыңыз?
– Мейлі кинода болсын, театрда болсын, әр ойнаған образыңды зерттейсің. Оның ішкі-сыртқы әлемімен танысасың. Осы арқылы актер адам ретінде өзіне тәжірибе жинақтайды. Актер жағымсыз кейіпкерді ойнағанда, кезінде анасынан пәк қалпында туған сәбиді осындай бұраң жолға, азғындық істеуге жетелеген қандай жол дегенді зерттейді. Себебі, анасынан туғанда ешкім қанішер болып тумайды ғой. Міне, осыларды зерттеу арқылы адам қандай кезде жаман жолға түседі дегенге көз жеткізесің.
Шұғыла Сапарғалиқызы: "Мүмкін жолым болған шығар"
‒ Сізді биші, өнер қайраткері ретінде жақсы білеміз. Бұрын киноға түскен бе едіңіз?
‒ «Жетімдер» деген фильмде қысқа ғана эпизодқа түскенмін. Ал, осыған дейін тарихи әрі маңызы жоғары фильмге түскен жоқпын. Бұл фильмнің тарихи орны бар, ел асыға күткен фильм ғой. Сол үшін осындай жақсы фильмге түскеніме қуанып та жүрмін.
‒ «Айым-Бикенің» рөліне қалай таңдалдыңыз?
‒ Мүмкін жолым болған шығар. Мен шетелде жүргенде режиссер мені іздепті. Келген соң хабарласып, кастингке қатыстым. Режиссердің таңдауы бойынша жұлдызым жанып, таңдалдым.
‒ Фильмге түсу барысында қандай қиындықтар болды?
‒ Қиыншылықтар болмады деп айта алмаймын. Әрбір жұмыста қиындықтар кездеседі ғой. Күннің суығы, ауа райының өзгерісі фильм түсірушілер тобына айтарлықтай кедергі болды. Бірақ оны ұмытып кеттік. Фильм түсіру тобының рухты, жігерлі іс-әрекеттері мен осы фильмді жақсы түсірсек деген ынтасы әрқандай қиындықтарды ұмыттырып жіберді. Әріптестеріме, режиссерге рахметімді айтамын.
Ниязбек Шайсұлтанов: "Тәжірибемен қоса көптеген дос таптым"
‒ Сіз сомдаған Шах-Мұхамедтің рөлі кейіпкердің шын мәніндегі харектеріне сәйкес деп ойлайсыз ба?
‒ Өте қиын сұрақ екен. Әрине, шын мәнінде сәйкес келе ме, жоқ па, оны ешкім білмейді. Тек қана кітаптардағы бейнесінен, киноға сай бейнесін ойлап табамыз. Сонымен қоса, фонтазиямызға сүйеніп, кинодағы сюжетке қарап, дәуірлік тұрғыдан ұқсатып, көркемдеп, көрермен сенетіндей етіп шығарамыз.
‒ Бұдан бұрын киноға түскен бе едіңіз?
‒ Кезінде Жасұлан Пошанов деген режиссер Шохан Уәлиханов туралы фильм түсірген. Мен сол фильмде біраз жұмыс істеп көргем.
‒ «Алтын тақ» фильмін түсіру барысында есіңізден кетпестей оқиғалар болды ма?
‒ Жарты жыл бойы осы фильмнің түсіріліміне қатыстық. Әр күні тәңертеңнен кеш батқанша қызық әрі мағыналы сәттерге кездесіп отырамыз. Сол үшін де осы фильмді түсіру алаңын өмір деп айтуға болады. Себебі, оның ішінде тарих, шындық, қызық пен қуаныш, салт-дәстүр сияқтылардың бәрі қамтылған. Осы фильмге түсу барысында тәжірибені айтпағанда, өзіме көптеген дос, аға-бауырлар таптым. Аға буын актерлерден осы мамандыққа қатысты білім жинадым.
«Қазақ әдебиеті» газетінің №12 санынан алынды. (22-28 наурыз)
Abai.kz