Жұма, 22 Қараша 2024
Біздің шенеунік 6877 13 пікір 27 Наурыз, 2019 сағат 16:42

Бәріне оң-солын ойлатпайтын жағымпаздық кінәлі...

20 наурызда ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін ел есінде мәңгі сақтау үшін Елорданың атауын Нұрсұлтан қаласы деп өзгеретуді және облыстық қалалардың басты көшелеріне Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беруді ұсынған болатын.

Жаңа Президенттің бұл бастамалары билік тарапынан тез қолдау тауып, айналасы екі-үш күнде нақты шешім шығарып үлгерді. Тіпті шенділер наурыз мерекесіне де демалмай жұмыс істеп, Конституциялық Кеңестің растауымен Ата Заңға да өзгеріс енгізді. Сөйтіп, осы аптадан бастап астанамыз Нұр-Сұлтан қаласы атанды.

Мемлекет басшысының «облыстық қалалардың басты көшелеріне Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілсін» деген ұсынысын жергілікті биліктің жерге түсірмей қағып алғаны сонша, ұсыныс айтылған күні-ақ қандай көшелердің атын ауыстыратындарын жариялай бастады. Масқарасы сол, жоғарыға жағымпазданамыз деп жүріп көздері қарайған жергілікті шенділер Абай, Төле би, Әбілқайыр хан, Сәтпаев атындағы көшелерді ұлы тұлғалардан «тартып алды».

Тоқаевтың ұсынысына үн қосқан бірқатар облыс, қала Елбасының есімі берілетін орталық көшелердің тізімін жариялады дедік. Қалалық мәслихат депутаттары қолдап, Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін бермекші болған көшелер тізімі мынадай:

Шымкенттегі - Астана көшесі, Тараздағы - Төле би даңғылы, Қызылордадағы - Жібек жолы көшесі, Петропавлдағы - Мир көшесі, Өскемен, Талдықорған және Павлодардағы - Тәуелсіздік даңғылы, Ақтөбедегі - Әбілқайыр хан даңғылының жарты бөлігі, Оралдағы - Достық даңғылы, Қостанайдағы - Абай даңғылы, Атыраудағы - Сәтпаев көшесі, Қарағандыдағы - Бейбітшілік бульвары мен Нарманбет Төлепов көшесі, Көкшетудағы - Горький көшесі.

Бұл тізімге қарап отырсақ, көше атауларының көбі көнерген Петропавл мен Көкшетаудың жеңіл құтылғанын байқаймыз. Онсыз да атын ауыстыруды күтіп тұрған Мир, Горький көшелерін Елбасының есімімен атамақшы. Бұлардан бөлек, Шымкент, Орал, Қызылорда, Өскемен, Талдықорған және Павлодар қалалары да жақсы жол тапты. Соңғы үшеуі қасиетті тәуелсіздік атын өзгертті демесеңіз, өзгелері жай ғана «құрттың атын малта қойып» құтылып кетті.

Бұл жерде қара басып, тура жолдан жаңылған Тараз, Ақтөбе, Атырау мен Қостанай болды. Бұл қалалардың басшылары қызды-қыздымен ұлт тарихындағы ұлы тұлғалардың атындағы даңғылдарға ауыз салды. Бүгін Абай мен Төле биді ұлықтай алмай отырған осындай басшылардың ертең Елбасының атына берген көшелерін қайта қызғанып жүрмесіне кім кепіл?!

Абырой болғанда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастикалық комиссия ұлылар атындағы көшелердің атауын ауыстыруды қолдамады. Аталған комиссия жергілікті мәслихаттардың шешімдерін қайта қарап, Атырау, Ақтөбе, Қостанай, Жамбыл облыстарының әкімшілік орталықтарындағы қайта атау үшін ұсынылған көшелерді өзге объектілер мен көшелерді анықтай отырып, қайта қарауды ұсынды.

Бірақ, Республикалық ономастикалық комиссияның мұндай шешім шығаруына халықтың қарсылығы себеп болғаны сөзсіз. Егер көпшілік әлеуметтік желіде жаппай наразылық білдірмегенде, ономастикалық комиссия да саясаттың сұрапыл доңғалағына қарсы тұра алмас еді. Әйтпесе, елдегі үлкен саяси толқынға сай жергілікті әкімдіктер мен мәслихат депутаттары дайындаған шешімге қарсы шығатын комиссия мүшелерінің басы екеу дейсіз бе...

Өздерінің не істеп, не қойғанын анық білмейтін, өзінен бір саты жоғары орын шаш ал десе бас алуға дайын тұратын жергілікті басшылар жоғарыға есеп беру үшін не істемейді? "Орталық көшені Елбасының атымен атаңдар" дегенді тура мағнасында түсініп, тарихи тұлғалардың атына жармасқан жағымпаздарға не деуге болады?!

20 наурыз күні Жамбыл облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХХХIII сессиясында Тараз қаласындағы Төле би даңғылына ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілді. Мұндай ұсыныс Тараз қаласы әкімдігі мен мәслихатының бірлескен шешімі негізінде жолданған.

Төле би даңғылының ұзындығы – 6 шақырым. Көше бойында тұңғыш Президент саябағы, «Мәңгілік ел» монументі, Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақ, орталық «Достық» алаңы, облыстық қазақ драма театры, орталық мешіт және тағы басқа бірқатар маңызды нысандар орналасқан.

Дәл сол күні Қостанай облыстық әкімдігінің қаулысы мен жергілікті мәслихат депутаттарының ұсынысына сай Абай даңғылы Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы болып өзгертілді. Тәуелсіздік алғалы отыз жыл болса да әлі қазақылана алмай отырған Қостанайда атын ауыстыруды қажет ететін көне көшелер жетіп артылады. Солай бола тұра торғайлық шенділер басқа-басқа Ұлы Абай атындағы көшеге көз қадаған.

Абай даңғылының ұзындығы – 10 шақырым. Даңғыл бойында Ш.Қабылбаев атындағы ІІМ академиясы, А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ ғимараты, қалалық мешіт және көптеген сауда-бизнес орталықтары бар.

Ал Ақтөбе қалалық мәслихат депуттаттары Әбілқайыр хан даңғылының Әлия Молдағұлова даңғылынан Бөкенбай батыр көшесіне дейінгі аралығына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев есімін бермекші болды. Егер халық наразылық білдірмегенде, 1997 жылға дейін Ленин даңғылы деп аталған бұл көшеге ендігі Назарбаевтың аты берілер еді. Заман ауысқан сайын аты ауысып отыратындай бұл көшенің не жазығы бар екенін кім білсін?!

Әбілқайыр хан даңғылының ұзындығы - 5,5 шақырым. Аталған даңғыл бойында облыс әкімшілігінің ғимараты, Казтелеком кеңсесі, Орталық саябақ, Ақтөбе орталық мешіті, «Нұрдәулет» сауда орталығы, Ақтөбе қонақ үйі, оқушылар Сарайы, «Қоныс» спорт сарайы, «Жұлдыз» кинотеатры, орталық стадион, «Мәдениет» сауда үйі орналасқан.

Президент ұсынысына үн қосқан Атырау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ақылбек Рысқалиев Сәтпаев даңғылына Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беруді ұсынған. Қалалық мәслихатының сессиясында депутаттар бұл ұсынысты бірауыздан қолдап, шешім шығарған.

Қаныш Сәтпаев атындағы даңғыл. Ұзындығы — 2 шақырым. Көше бойында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы, Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясы, ТШО кеңсесі мен бірнеше қаржылық құрылым және әлеуметтік-мәдени нысандар орналасқан.

Ұлы Абай айтқандай «Өзінде ой жоқ» болған соң біздің елдегі көп басшы тек бұйырық орындаумен ғана айналысып жүр. Жергілікті жағдайға қарауды, тарих пен болашаққа көз тастауды білмейтін шенділер үнемі осылай от басып жүреді. Асығыс шығарған шешімдері не халықтың наразылығына, не өзінен үлкен бастықтың сынына ұшырап жататыны сондықтан. Бұның бәріне оң-солын ойлатпайтын жағымпаздық кінәлі...

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1453
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3216
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5257