Сәрсенбі, 13 Қараша 2024
Анық 8365 8 пікір 1 Сәуір, 2019 сағат 13:13

Саясат жастарды ермексаз етіп илеуді тоқтату керек

Саясат - үлкен ойын. Ал, оның ойыншылары мақсатына жету үшін ештеңеден тайынбайды. Оларға тіпті санасы қалыптаспаған жасөспірімдерді ермексаз сияқты илеу түк емес. Себебі жастарды қай бағытқа бұрсаңыз да икемді. Біздің елде де экс-Президенттің бастамасымен 2019 жыл – жастар жылы деп жарияланды. Ал, оның шын мәнінде түпкі мақсаты қандай?

Жыл басында Елордадағы  “Нұр-Әлем” павильонында аталған бастаманың салтанатты ашылуы болды. Әр саланың үздіктерін жинаған шараға Н.Назарбаевтың өзі қатысып, жастарға ақыл-кеңесін айтты. Ал, жастар Президенттің ел үшін атқарған еңбектерін жіпке тізіп, бірінен соң бірі мақтауларын жаудырды. Екі сағаттан астам уақыт болған бұл жиын тек қана Президентті мақтаған шенеуніктердің басқосуынан еш айырмашылығы болмады.

Ал, ашылу салтанаты бітпестен әлеуметтік желіде жастар жылының логотипі бір демде таралды. Жай таралған жоқ, логотипке қоса тағы да Президентті мақтап жазған посттар көбейді. Кейіннен оның өзі арнайы тапсырма арқылы таралғаны белгілі болды. Яғни, колледж, университет студенттеріне жастар жылының белгісін әлеуметтік желідегі негізгі бетке қоюды міндеттеген.

;feature=youtu.be&fbclid=IwAR3hbMZxgWU1XhITMQXhWrpA51QofXcMXLzYgSqP3DiLCIvas26uqDCN0zg

Сонымен қатар, 22-наурыз күні Астанада Азаттық тілшілерінің жұмысына белгісіз бір топ адам кедергі жасады. Басым көпшілігі жастар. Олардың кейбірі өздерін студент, кейбірі "Астананың белсенді жастары" деп таныстырған. Олар полицейлердің адамдарды ұстағанын камераға түсірткізбеуге тырысып, камераның бетін газетпен көлегейлеген. Тіпті кейбірі тілшілерден "негативті" көрсетпеуді сұраған. Арасындағы бір жасөспірім өздеріне әкімдіктің тапсырма бергенін айтып қалды. Сонда ол жастардың ата-анасы мен ұстаздары қайда? Олар неге жастарды әкімшіліктің айтағына елітіп қояды? Ал, жастарды сол “еңбекке баулыған” әкімшілік Заң алдында жауапқа тартыла ма?

(Cурет Азаттық радиосынан)

20-наурыз күні Қазақстанның уақытша сайланған Президенті Қ.Тоқаев Қазақстан Халқына салтанатты түрде ант берді. Ол ант беру рәсімінде тұңғыш Президентке құрмет көрсету мақсатында Астана қаласының атауын Nur-Sultan деп атау туралы бастама көтерді. Оны Парламент депутаттары бірауыздан қолдады. Сөйтіп, әп-сәтте қаланың атын өзгерту туралы жарлыққа қол қойылды. Сол ақ екен жер-жерде Астананы Nur-Sultan деп өзгертуді қолдайтын концерттер бірінен-соң бірі өтіп жатты. Ал, оның бел ортасында тағы да “Қазақстан Нұрсұлтан” деп айғайлаған жастар жүр. Бірақ олар осындай бос науқанның тек біреулердің жылы орнын сақтау үшін ғана керек екенін білмейді. Білсе де, білмеген болып белсенділік танытады. Өйтпесе, баға қойылмайды, оқудан шығады дегендей. Айтпақшы, сол жастар да мәжбүрлі түрде барғанын әлеуметтік желіге салып, артынша жылдам өшірді. Ең  өкініштісі, осындай  жасанды қойылымның бәрі де жастарға белсенділік һәм патриоттық деп түсіндіріледі.

Айтпақшы, біздегі бас партияның ізбасары ретінде қалыптасып келе жатқан “Жас Отан” жастар қанаты дейтін ұйым бар. Әр облыста филиалдары, қалалық-аудандық деңгейдегі бөлімдері жұмыс істейді. Олардың нақты жастар мәселесін қаншалықты шешіп жатқаны белгісіз, әйтеуір әлгіндей флешмобтар мен нұрлы шаралардың басы-қасында осы ұйым өкілдері жүреді. Жуырда осы ұйымның төрағасы Мәди Ахмет елорданың атауын өзгертуге  қатысты жастардың атынан сөйлеп, бірауыздан қолдайтынын жеткізіпті. Әрине, Жас Отандықтардың бұл мәселеде қарсы пікір айта алуы мүмкін емес. Демек, бұл ұйым да жастарды біріктіргенімен олардың өзіндік пікірі мен тәуелсіз көзқарасы болмайтынын айқындап тұр.

Жалпы, биыл жастар жылына арналған іс шараларды өткізу үшін мемлекет қазынасынан 100 млрд. теңге бөлінетіні айтылды. Іс-шаралар дегені флешмобтар мен әлгіндей жиындар болса, оған сонша қаржы шығындап не керек?

Түйін.

Қытай көсемі Мао Цзедунның оң-солын танымаған жастарды өзінің саяси мақсатына қалай пайдаланғаны туралы тарихтан белгілі... Бізде де  жыл басынан бері қандай саяси оқиға болса да соның басты қолдаушылары ретінде жастар жүргенін байқаймыз. Тарих қайталатынын және алда сайлау келе жатқанын ескерсек біз жалаулатып жүрген жастар жылы да біреулердің жай ғана саяси ұпай жинауы үшін болып шықпай ма? Қазір жастарды ұйыстыратын ұлттық идеология жоқ.  Солай екен деп оларды әркім осылай өз мақсатына пайдалана бермек пе?.

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1231
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2945
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 3290