Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 5062 4 пікір 3 Сәуір, 2019 сағат 13:56

Астана теміржол вокзалы Нұр-Сұлтан деп өзгертілді

Бүгін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қаулысымен Астана теміржол вокзалы Нұр-Сұлтан деп өзгертілді. Премьер министр Асқар Мамин қол қойған бұл құжатта “қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі” деп көрсетілген.

Ал, жуырда Қазақстанның уақытша сайланған Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласының атауын және облыс орталықтарындағы негізгі көшелерді Nur-Sultan деп атау туралы бастама көтерген болатын. Нәтижесінде, Елорданың атауы бір сәтте Nur-Sultan болып өзгертілді. Ал, бірқатар қалаларда Абай, Төле би, Сәтбаев сынды тұлғалардың аты алынып, орнына экс-президенттің есімі берілетін болған-ды. Артынша халық наразылығы себебімен бұл көшелердің аты өзгермейтін болды.

Естеріңізде болса, осыдан бес жыл бұрын “Astana Croup”-тың сол кездегі иесі Нұрлан Смағұлов Президентке жаңадан салынып жатқан EXPO нысанын Нұр-Плаза деп атау туралы ұсыныс айтқан еді. “Осы сендер жағынуды қайдан үйренесіңдер?” деген Президент сауалына Смағұлов “өмір үйретті” деп жауап берген болатын.

Иә, өмірдің үйретер сабағы көп. Алайда, шенділер өмірден жағынуды ғана үйренетін секілді.

Қош, сонымен, айбарымыз боп тұрған Астана да экс-президенттің есімімен аталды. Шын мәнінде, біздің елде Н.Назарбаевтың атындағы нысандар жеткілікті. Бір ғана елорданың өзінде - Нұр-Астана мешіті, Нұрсұлтан Назарбаев зияткерлік мектебі, НұрОтан партиясының бас ғимараты, Нұр-Әлем павильоны, Нұрлы жол вокзалы, енді міне бұл тізімді Нұр-Сұлтан темір жол вокзалы толықтырды. Ал, былтыр ғана Алматыда Фурмановтың атымен аталған ең даңғыл көше Нұрсұлтан Назарбаев көшесі деп аталған болатын. Ал, бізге беймәлім қалалар мен облыс орталықтарындағы нұрлы атаулар қаншама?

Жалпы, осы әрекеттерге қатысты сан сауалдар туындайды. Біріншіден, бұл нысандарды және қала атауын өзгертуге қаражат қайдан алынады? Осындай әрекеттер кейінгі ұрпаққа не береді? Егер мұның барлығы елдің қаржысына жасалса, одан халық қандай пайда көреді? Президент Н.Назарбаев осындай әрекеттерге мүдделі ме? Және, шенділердің осы “еңбектерінің” өтеуі не болады? Оны кім бағалайды?

Жуырда өзбек Президенті Шавкат Мирзиеев Бұхара облысына жасаған жұмыс сапарында жергілікті шенеуніктермен кездесті. Сол кездесуінде мақтаудан тау тұрғызатын шенділерге: “Қол соғып қолпаштау мен мадақ айтуды тоқтату керек. Оның орнына әр үймен, әр адаммен мақсатты түрде жұмыс істеу қажет. Жұмыс әр көшеге, әр адамның жеке өміріне әсер етуі тиіс” деп арнайы мәлімдеме жасады.

Мұндай сөздерді Н.Назарбаев та бірнеше рет айтқан болатын. Бірақ, өздері айтқандай өмірден жағынуды жақсылап үйренген біздің шенділер әзірге нәтиже шығарар емес.

Түйін.

Шенділердің осындай бастамалары кейде халықтың көңілін басқа жаққа бұрып, елді бір дүрліктіру үшін жасалатындай көрінеді. Алайда, билікке деген талабы күн сайын күшейіп келе жатқан халыққа бұл да өтпейтін әдіс. Сондықтан, шенділер әрнәрсеге алаңдамай, нақты жұмыс істесе дейміз. Және, әр  тарихи тұлғаның шынайы бағасын кейінгі ұрпақ пен тарих қана беретінін де ескеру қажет-ақ.

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377