Текеліде жеті балдық жер сілкінісі болды
Сенбі күні түн ортасына таман Текелі, Талдықорған, Қапшағай және Алматы қаласы мен сол қалалар маңындағы аудандардың елді мекендеріндегі тұрғынддар жер ананың біразға созылған дірілін сезінді. Алғашында тым күшті болып байқалған дүмпу араға бірер минут салып барып тағы қайталанды. Дәл сол кезде жер сілкінісінің орталығына тым таяу тұрған Текелі мен Талдықорған қалаларындағы көп қабатты үйлердің тұрғындары дереу сыртқа ұмтылып, бірер сағат уақыттарын ашық аспан астында өткізіп, онан соң бір қабатты жер үйлерде туыстары барлар соларды паналап, көрер таңды көздерімен атырғандары да рас. Мұндайда елдің ішін қаңқу сөздің де тез кезіп кететіні айтпаса да түсінікті. Жексенбіні айтпағанда, дүйсенбі күні де Талдықорған төңірегіндегі елді мекендердің жұртшылығы елеңдеуден арылмады. Халықтың үрейін туғызатын әңгімелер де жедел тарап, жөнсіз алаңдаушылыққа негіз болғанын көзімізбен көріп, құлағымызбен естідік. Зілзаладан Талдықорған қаласында ешқандай төтенше жағдай орын алған жоқ. Ал Текелідегі қалыптасқан жағдайды өз көзімен көріп, жер сілкінісінің қаншалықты зиян келтіргенін және қауіпті екенін бағамдағысы келген облыс әкімі Серік Үмбетов дүйсенбі күні таңертеңгісін қасына төтенше жағдайлар жөніндегі қызмет салаларының басшыларын, Текелі қаласының әкімі мен БАҚ өкілдерін ертіп, кеншілер шаһарындағы бүлінген үйлер мен мемлекеттік нысандарды аралап көрді.
Бірінші кезекте осы қаладағы қарттар мен мүгедектердің интернат-үйіне ат басын бұрған әкімді зілзала болғаннан бері Алматыдан арнайы келіп зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатқан ҚР Білім және ғылым министрлігі сейсмология институтының директоры Таңатқан Абақанов бастаған мамандар қарсы алып, дәл қазіргі кезде алаңдауға еш негіз жоқтығын жеткізді. Интернат үйінде көзге бірден ұрып тұратындай бүліністер жоқ екен. 1991 жылы салынған ғимарат дәлізінің төбесіндегі жапсырма қаптамалардың шағын бөлігі құлап, төбенің тұтас плиталары мен қабырғалары арасындағы жіктердің сылақтары түсіп қалыпты. Бұдан соң қаланың тау жағындағы бөлігінде орналасқан Сатпаев көшесіндегі бірнеше үйдің зілзаладан айтарлықтай зардап шеккенін көзімізбен көрдік. 1959 жылы салынған, заманында қоғамдық монша болған екі қабатты ғимарат кейіннен қайта құрудан өткізіліп, он екі пәтерлік үйге айналдырылған екен. Осы және тағы бір он екі пәтерлік үй мен сегіз пәтерлік бірнеше үйдің қабырғалары жарылып, төбелерінің сылақтары құлапты. Осылардың арасында дәл қазіргі кезде тұруға аса қауіпті деп саналған бірнешеуінің тұрғындарын тез арада көшіріп, қонақүйлер мен жатақханаларға орналастару туралы қала әкіміне тапсырма берген Серік Әбікенұлы олардың барлығына қала ортасындағы коммуналдық меншікке алынған үйлерден пәтерлер берілетінін, ал бүлінген үйлердің мүмкіндігінше жөнделетінін айтып, алаңдамауға шақырды. Жалпы, қала бойынша аса үлкен дәрежеде бүлінген мекеме – №1 орта мектеп. Төрт жүзге жуық бала оқитын мектеп 1948 жылы салыныпты. Содан бері мезгіл-мезгіл түрлі дәрежедегі жөндеулерден өткізілгенімен, жасы алпыстан асқан ғимарат осы жолғы төтенше жағдайда қатты сыр беріп, корпустарының арасын қосатын тұстар бір қарыстай болып айырылып кетіпті. Ішінде тұрып, сырттағы ауланы көре аласың. Осы жерде аталған ғимараттың 1993 жылғы жер сілкінісі кезінде де бүлініп, оған жер сілкінісіне қарсы күшейту жұмыстарын жүргізу белгіленгенмен, орындалмағаны айтылды. Облыс басшысы өзінің бірінші орынбасары мен қала әкіміне мектепті толық зерттеуден өткізіп, қажет деп табылған жұмыстардың барлығын жаңа оқу жылына дейін аяқтауды тапсырды.
ҚР Білім және ғылым министрлігі сейсмология институтының директоры Таңатқан Абақановтың айтуына қарағанда, институт алдағы жеті-он жыл ішінде Алматы облысындағы жер сілкінісі болады деп анықталған ошақтардағы оқиғалардың тіркелу мүмкіндігін толық зерттеген. Ал таяу жылдарға анықтау жұмыстарының мүмкіндіктері жоқ көрінеді. Өйткені Алматы облысы бойынша жұмыс істейтін сейсмостансалардың саны аз және жабдықталуы тым нашар.
– Қаладағы ең үлкен зардап шеккен мектеп екі өзеннің ортасындағы аралда орналасқандықтан, оның астына судың жиналатыны айтпаса да түсінікті. Су өз кезегінде іргетас орналастырылған тасты, қиыршықты қабатты шайып отырады. Сондықтан білім ошағын зілзалаға қарсы күшейту шаралары туралы осыдан он-он бес жыл бұрын ескертілген еді. Сол орындалмады, соның зардабын бүгін тартып отырмыз. Сонымен бірге осыдан біраз бұрын былтыр Қытайды қайғыға батырған Сычуань провинциясында болып қайтқанымда, ондағы жер сілкінісінің себептері қатарында техногендік сипаттар барлығын естідік. Сондықтан болашақта біздегі тау шатқалдарында су электр стансаларын және тағы басқа да нысандар салуда сейсмология институтымен бірлесе жұмыс жүргізуді жолға қойған дұрыс. Ал Текелідегі жер сілкінісіне келер болсақ, сенбі күні түнгі сағат 11 сағат 17 минутта тіркелген зілзаланың қаладан сәл ғана қашықтықта болған орталық нүктесінде 7 балдық жер сілкінісі орын алғаны анықталып отыр. Екінші дүмпу араға 8 минут салып барып қайталанды. Мұның күші – 5 балл. Содан кейінгі алты сағат ішінде осы аймақтағы жер 21 рет сілкінді. Жексенбі күні тағы тоғыз дүмпу тіркелді. Ал бүгін ондай ештеңе тіркелмеді. Сондықтан алаңдайтындай ештеңе жоқ, – дейді академик-директор.
Серік Әбікенұлы анықталған жағдайларға байланысты тез арада нақты шаралар қолға алынатынын, арнайы штаб құрылып, зілзаладан зардап шегушілердің барлығын анықтап, оларға заң ауқымындағы көмектер көрсетілетінін жеткізді. Ешкімнің назардан тысқары қалмайтынын, арнайы комиссияның жұмысынан соң қалпына келтіру жұмыстарының жүргізілетінін айта келе, жұртшылықты табиғаттың өзі төтеннен әкелетін төтенше оқиғадан адам шығыны болмағанына тәубе айтып, тірлікті алаңсыз жалғастыра беруге шақырды.
Болат АБАҒАН Алматы облысы
«Айқын» газеті 16 маусым 2009 жыл