Дуадақты не себепті арабтарға атуға рұқсат береміз?
Қазақстанда ерекше қорғалуы тиіс құстардың бірі – Дуадақ. Бұрын бұл құс біздің елде көп болған деседі. Алайда, 50-жылдардағы тың және тыңайған жерлерді игеру науқанының салдарынан олардың саны күрт азайған. Ал, бүгінде Дуадақ - Қорғалжын, Наурызым, Үстірт қорықтарында қорғалады. Алайда, сол құсты біздің елде араб шейхтарына атуға рұқсат берілген екен.
Нақтырақ айтсақ, 2016 жылдың 11-қазанында Қазақстан Республикасының №580 қаулысына сәйкес, елімізде 10-қазан мен 15-қараша аралығында сұңқар мен дуадақты аулауға рұқсат етілген. Ал, аталған қаулы Қазақстан Республикасының 2004 жылдың 9-шілдесіндегі “Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы” 15-ші Заңының бабы негізінде шыққан.
Сонымен, қазақ жеріндегі дуадақты атуға кімдер рұқсат алған:
1. Шейх Халиф Бин Заед Әл Нахаянға – Оңтүстік Қазақстандағы республикалық маңызы бар Арыс және Қаратау мемлекеттік қорығының аумағында 35 дуадаққа және Оңтүстік Қазақстан облысындағы қорықтар аумағында 49 дуадаққа;
2. Шейх Сурур Бин Мухаммеду әл Нахаянуға – Маңғыстау облысындағы республикалық маңызы бар Кендірлі – Қаясан мемлекеттік қорық аумағында 21 дуадақ атуға ;
3. Шейх Сеиф Бин Мухаммеду Әл Нахаянға (Бірікке Араб әмірліктері) Маңғыстау облысындағы республикалық маңызы бар Кендірлі-Қаясан мемлекеттік қорық аумағында 20 (жиырма) дуадаққа;
4. Шейх Джасем Бин Хамад Бин Халифа Әл Таниге (Катар) Жамбыл облысындағы республикалық маңызы бар Аңдасай мемлекеттік қорық аумағында 12 (он екі) дуадаққа және Алматы мен Жамбыл облыстарындағы республикалық маңызы бар Жусандала мемлекеттік қорық аумағында 37 (отыз жеті) дуадақ атуға рұқсат берілген.
Сөйтіп, арабтың бай бағландары қазақ даласында ерекше қорғалуы тиіс 174 дуадақты өлтірген. Тіпті, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдіктеріне осы іске қажетті көмек көрсету де тапсырылыпты.
Айтпақшы, осы Шейх Сурур Бин Мухаммеду әл Нахаяну былтыр Маңғыстау облысында бизнесті дамытуға 50 млн.доллар инвестиция салатынын мәлімдеген. Яғни ол - құрылыс, логистика, туризм және бизнес салаларын қаржыландыруға ниетті екенін білдірген. Сөйтіп, Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановпен бірқатар меморандумға қол қойылған. Осы тұста айта кету керек, 2014 жылы Маңғыстау маңындағы 2 600 000 га аумақты қамтитын Маңғыстау мемлекеттік зоологиялық қорықшасын ұйымдастырып, оны Біріккен Араб Әмірлігіне беру мәселесі қолға алынатыны мәлім болған. Және, ол бастама - дуадақтардың санын көбейту мақсатында жасалады делінген.
Алайда, шейхтардың мақсаты шынымен, қазақ жеріндегі дуадақ санын көбейту ме, әлде керісінше, өз қызықтары үшін қазақ даласының құнды байлығын тәрк ету ме? Олар осындай әрекеттері үшін Заң алдында жауап бере ме? Жауап берген күннің өзінде қазақ азаматы мен араб шейхының жазасы тең бе, әлде, араб көкелердің “бай қонақ” екені ескеріле ме? Жалпы, бұл әркетке жауапты Ауылшаруашылығы министрлігі не дейді?
Түйін
Биыл да Араб шейхтарының 276 дуадақты атуына рұқсат берілді деген бейресми ақпарат шықты. Ол рұқсатты берген кім? Және, сол “қонақжайлығы” үшін біздің шенділер қанша қаражат алады? Жалпы, бұл әрекетке тоқтам бола ма? Егер біз осындай Заңсыздықтарды тоқтатпасақ, онсызда жойылудың алдында тұрған киелі құстан біржола айырылып қаламыз. Бірақ, оған селт еткен шенді бар ма?
Нұрбике Бексұлтанқызы
Abai.kz