Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5592 0 пікір 3 Маусым, 2011 сағат 11:17

Қасым Аманжолов. Дариғаға (ақын күнделігінен)

Дариға Қасымқызы Аманжо­лова Алматыда 1946-жылы, ноя­брь­дің 4-нде, кешкі сағат 8.1/2-да туды.
***
Сағат кешкі 7-лердің шама­сында үйге қайтып келе жаттым. Азырақ қызулау едім. Үйіміз Алматының шығыс жақ шетінде, таудың нақ етегінде, бір кезде жазушылар Союзының дачасы, кейінірек қазақ драма театрының жатақ қанасы бол­ған үйлердің бірінде болатын. Орталықтан алыс, қараңғы, тар, лас көшені «Городская» деп атайтын. Сол көше, 69- үйде бір корпуста, бір бөлме (басқа түгі жоқ) үйде менің семьям тұрады. (Бұл жерде енді қанша тұрармыз, кім біледі).
Бұл тұңғұйық түпкірге мен ағам Ахметжанмен бірге 1938-жылы кеп орналасқам. Бір бөл­меде ол кісінің үй іші, екінші бөл­меде - менікі.
Мен Отан соғысына 1941-жылдың 4 ағусында кеттім де, 1945 жылдың 20-июнінде дема­лысқа келдім. Құсатай Сү­лейменов деген жақын інімнің ізденуі арқасында әскерден бо­садым. Жазушылар Союзы, оның бастығы Сәбит Мұқанов ме­нің әскерден босауыма, әде­биет жұ­мысына араласуыма жөн­ді кө­мек көрсете алған жоқ. Сәкең, әдетінше, құр сөзбен жа­рылқады. Жалғыз мені емес...

Дариға Қасымқызы Аманжо­лова Алматыда 1946-жылы, ноя­брь­дің 4-нде, кешкі сағат 8.1/2-да туды.
***
Сағат кешкі 7-лердің шама­сында үйге қайтып келе жаттым. Азырақ қызулау едім. Үйіміз Алматының шығыс жақ шетінде, таудың нақ етегінде, бір кезде жазушылар Союзының дачасы, кейінірек қазақ драма театрының жатақ қанасы бол­ған үйлердің бірінде болатын. Орталықтан алыс, қараңғы, тар, лас көшені «Городская» деп атайтын. Сол көше, 69- үйде бір корпуста, бір бөлме (басқа түгі жоқ) үйде менің семьям тұрады. (Бұл жерде енді қанша тұрармыз, кім біледі).
Бұл тұңғұйық түпкірге мен ағам Ахметжанмен бірге 1938-жылы кеп орналасқам. Бір бөл­меде ол кісінің үй іші, екінші бөл­меде - менікі.
Мен Отан соғысына 1941-жылдың 4 ағусында кеттім де, 1945 жылдың 20-июнінде дема­лысқа келдім. Құсатай Сү­лейменов деген жақын інімнің ізденуі арқасында әскерден бо­садым. Жазушылар Союзы, оның бастығы Сәбит Мұқанов ме­нің әскерден босауыма, әде­биет жұ­мысына араласуыма жөн­ді кө­мек көрсете алған жоқ. Сәкең, әдетінше, құр сөзбен жа­рылқады. Жалғыз мені емес...
1945-1946-жылдары мен қа­зақ ақындарының ішіндегі на­ғыз ақыны болып шықтым. Осылай деп жұрт та түсінді. Осылай деп ақындар да мойындады, өзім де солай деп ойладым. Бұл кез менің ақындық қуатымның нағыз қайнап жеткен кезі еді. Көп істер істегім келді. Ақын адамның борышын түсіне де білдім. Қара бас қамы емес, халықтың хамы, әдебиеттің дағдыры менің өз ісіме айналды.
Біраз жұмыстар істедім. Бірақ, тұрмыс қиыншылығын көп көрдім. Ең басты қиындық - квартира. Мен мына «жаһан­намамның» тү­бінде жатып, өмірмен араласуым өте қиынға соғып келеді. Қа­зақтың Қасымы деген атақты, талантты ақыны, үйінің жоқтығынан, кешкі уахыттарда қалаға беттеп баса алмайды, - бұзықтардан, ұры­лардан қорқады. Әскерден қайтқалы кино, театрға бару деген тиылды. Кеш­кі жиылыстарға да бара алмайды. Қасымның атағын естіп алыс­тан адамдар келсе, оларды мына «үйіне» шақыра алмай қысылады. Олар қайдан білсін, - Қасымның тұрмысы министрдің тұрмысынан кем емес деп ойлайтын шығар.
Мен квартира алам деп титық­тағаныма он жылдан асты. Бер­мейді, не қыласың. Қалалық Совет пен квартбюродағылар сенің ақындығыңды қайтсін, - арақ дү­кенінің сатушысы болсам, - онда, мүмкін, есептесер еді. 1946 жылы ең болмаса күрке салып алайын деп қолайлы жер сұрадым. 4 ай жүріп жауап алдым. Бір оңбаған «инженер» - саудагер жерді маған зират жақтан (!) ұсынды. Кімге айтарсың. Сондай сұмдардың соңына түсіп жүруге уақытым бар ма.
Жазушылар Союзының сорлы басшылары Сәбит, Снегин дегендер өздерінің құлқындарының құлы болып алған адамдар. «Құдай» бізге сондай бастықтарды береді ғой...
Құрысын!
Баламның өміріне көшейін.
Сол кешкі 7-лердің мезгілінде, үйге тақалғанда менің алдымнан әйелім Сәпен, інім Еркін, қарын­да­сым Таупан тап болды. Сәпенді тол­ғақ қысыпты.
Дереу милиция бөліміне барып, «жедел жәрдем» сұрадым. «Жедел жәрдемі» құрысын, табандаған бір сағат күттік. Әйелім көшеде босанып қала жаздады. Келді-ау әйтеуір. Босанатын үйге алып жүрдік. Бара сала босанды. «Қыз бала тапты» деп бір қазақ қызы қабар берді. Қуанып үйге қайттым. Бұл менің бұл әйелден көріп отырған тұңғыш балам. Сәпенмен 1946-жылдың 5-ғинуарында қосылғам. Бұрынғы Райхан деген әйелсымағыммен ай­рылысқам (1940-жылы). Онымен 5-6 ай ғана тұрдым. Одан бір бала туып еді. Көшеде бір рет көрсетіп те еді, ол бала мен соғыста жүр­генімде қаза болыпты...
«Мына қызымның атын Да­риға» қоямын деп Сәпенге хат жазып бердім. Хаттан басқа жөнді ештеме апарып бере де алмадым. Ақша таба алмадым. Тұрмыстың бар михнатын нақ сол кезде қайыса көтердім. Жаным қатты ауырды. Амал жоқ.
7 күн өткен соң әйелім мен баламды үйге алып келдім. Соңғы (қа­рызға алған) 75 сомды беріп, машина жалдадым.
Той жасау ма?! Жас босанған әйеліме тамақ тауып берудің өзі оңайлыққа түскен жоқ.
Қызыма Дариға деп атқойдым. Менің тойым сол болды.
Дариғам аман-есен ержетсе, - тойым да сол, қуанышым да сол.
Бала деген қалай өседі екен? Адамның ержету жолдары қандай болады екен? Дариғам қалай өсер екен? Осы сұрақтар мені осы бір күнделік дәптерге үңілуге мәжбүр етті.
***
Дариға туғанына 10 күн тол­ғанда мен оның көз алдында тұрып домбыра ойнадым. Ол кәдімгідей қара­ды. Бірдеме түсініп қарады ма, әлде тек әйтеуір көз тоқтата салды ма, білмеймін.
12-13 күн болғанда жылап жатқан бала домбыраның үнін ес­тігенде жұбана қалды. Мен бұған өзімше мән бердім. Тегі дом­быраның әдемі дыбысы сәби­дің де сезіміне тиеме деп ойлап қалдым. Барлық бала осылай жұбана алама, - онысын байқаған емеспін.
Дариға өте мазасыз болды. Оның себебі - біріншіден, туа сала өкпесіне суық тиіп ауырды, туа сала сулфидин ішті. Балалар кон­суль­тациясына апарамыз деп, ауыр­тып алдық; бір дәрігер суық үйде жалаңаш баланың салмағын өлшеймін деп, емдеудің орнына - ауру берді; Екіншіден: баланы ылғи қолға ұстап үйретсең, - шатақ болады екен. «Көтер де тұр» дейді. Бесігі не арбасы болмай-ақ келеді. Ақшасыз алатын жер жоқ.
Ақшаны жаман да таппаймын. Айына кейде 2000, кейде 3000 табам. Бірақ ет 70-100 сом, ұн 30-40 сом, сүт 10-15 сом, арақ 113-125 сом, шәй, - бұрыш, толып жатқан хоректер ақша шыдатпайды. Ақ­шаны үнемдеуге де салақ ақпыз.
1.1/2-2 айдай уахыт болғанда бала әлсін-әлсін аузын ашып, кө­зін жұматын болды: мұнысы күл­гені. Бұл кезде домбыра тыңдап жұбануға әбден төселіп алды.
3 айдан аса бере «а - а» дейтінді шығарды. Онысын біз «аға» дегені деп келеміз. «Аға» дегені емес қой, бірақ «а -а» дан барып аға деп кетуі де мүмкін.
4 айға толған кезде орап отыр­ғызып қоятын болдық. Домбыраға, ойнаған адамның қолына көз аудармай қарайтын болды. Кейде еміп жатқан емшегін тастай салып қарайды. Отырған балаға домбыраны беріп қоятын болдық. Сол қолымен домбыраның мойнына кәдімгідей жармасатын болды.
4.1/2-5 ай болғанда домбыраның мойнын кәдімгідей төрт саусағы мен бармағының арасына салып, ұстап, саусақтарын қозғалтатын болып алды. Оң қолымен домбы­раның ішегіне жармасады. «Дың» еткізіп үн шығарса, соған ынта аударады. Домбыра мұның ең керекті ойыншығы болып алды. Домбыра ойнасам, жұбанады, ұзақ уахыт тыңдап, қарап отырады, тіпті жыламайды.
Әлі жақсылап отыра алмайды.Бірақ еңбектегісі келгендей, ет­бетінен аударылып түсе береді. Бір нәрседен ұстап, тұрамын деп тырмысады. Киіміңе жарма­сып, «көтер» деп талпынады. Кө­­терсең, «құлап қалмайын» де­ген­дей, жағаңнан, иығыңнан, ша­шыңнан мықтап ұстап алады.
Оны-мұныны былдырлауын кү­шейтіп келеді.
Өзі топ-толық еді. Жақында тағы да өкпесіне суық тиіп, қатты ауырды. t +39,5 болды. Сасыңқырап қалдық. Дәрігер «қатты науқас, больницаға бер» деді. Бермедік. Толып жатқан дәрілер беріп, кеудесіне горчица таңып емдедік. Тәуір болды. Бірақ алғаш ауырғаннан бері қалмай келе жатқан жөтелі бар. Қақырығы бар. Жалғыз бөлме болған соң темекі тартпай да отыра алмайсың. Балаға өте қиын.
«Кімге тартқан» деген сұраққа әлі толық жауап берілген жоқ. Көзі, маңдайы, бет-бейнесі әкесіне, қасы, мұрны шешесіне тартқан сияқ­ты. Өзіндік дара бітімі де бар сияқты. Кенет шар етіп жылап оянатын әдеті бар. Кенет жұбана да қояды. Жылауын бірте-бірте азайтып келеді. Ұзақ уахыт жыламай ойнап, мәз болып отыра да біледі. Ой ойлаған адамша томсырайып та отыратыны бар...
Тегі, жаман адам болмас деймін.
***
7/IY 47.
Бұдан былай кейбір кездерін мұхият жазып отыруға тырысам.
***
8/IY 47
Бүгін үйде көк тиын жоқ. Азық де­ген­нен 1 килодай ұн, жарты бө­телке май, екі-үш қайнатым шәй ғана бар. Күні бойы Сәбитті іздеп қалжырадым. Сталин ту­ралы жазған поэмама шарт жа­саттырып, ақша бергізбек болып уағда бергеніне бес күн. Баяғы бір «күнде ертең». Поэманы жөндеуге де кірісе алмай қойдым. Сәбитті үйінен де, кеңседен де таппадым.
Сәпен науқас. Миы ауырады. Жаннат көшемен қарнын қам­пайтты да ұйқтап қалды. Мен қа­ра шәй ішіп отырмын. Жанымда Дариға. Ептеп қана жылайды. Қарны ашқан болуы керек. Сүт қай­да?! Шешесі жатыр.
Мен Дариғаны домбырамен ал­дандырып отырмын. Мен дың­қылдатам. Ол өзінше «басады», - саусақтарын тарбайтып, қозғап, дом­быраның ішегін басқан болады. Мен дыңылдатпасам - жылайды. Осымен жарты сағаттай отыр­дым...
Келер күн не дер екен? Көрелік оны да.
Міне, ғажап! Ойламаған жерден ағамның Алма деген баласы есік ашты. Қолында 200 сом ақша: ше­шесі Мәми беріп жіберіпті. Түнеу күні менен 2000 сом қарыз алып еді, соның есебіне бергені ғой. Бірақ дәл мына 200 сомы менің ондағы 2000 сомымнан маған құндырақ болды-ау. Уһ!!!
***
23/IY 47
Соңғы күндері Дариға «Мә­мә», «Әй, мәмәу» дейтінді шы­ғарды. Шешесін айтып жы­­лағанда осыны айтып оты­рады.
«Аға» дегенді ап-анық етіп айтатын болды. Ерте оянып алып, былдырлап сөй­леп жатады. Отыр­ғанда да былдырлап сөйлеп оты­рады. Ойыншыққа жармаса бастады. Қыз баланың бейнесі бар қуыр­шаққа қарап, өзінше «сөй­лей­ді».
Скрипка, домбыра тарт­ылса бар ынтасымен тың­дайды. Емшекті тастай сала тыңдайтын болды. Кейде дом­быраны ұйып тыңдап отырып, ұйықтап та қалады. Дом­бы­раны өзінше ойнамақ болып әуреленеді.*
*Қызыма арнап «Сталин» деген ұзақ поэма жазып едім, өте жақсы болып шықты.
***
16/Y-да ғаламат тасқын бол­ды. Қатты састық.
***
17/Y 47
Дариға, іші өтіп, ауыра бастады. Терлей береді.
***
19/Y 47
Іші қатты өтеді. Өзі жүдеп, жуасып қалды. Терлей береді.
***
20/Y 47
Іші әлі өтеді. Ыстығы жоқ. Бүгін дәрігерге апарамыз.

Күнделік осы жерден үзілген. Осы шағын ғана жазбалардан Қасымның болмыс-бітімі біршама аңғарылғандай болады. Ақынның жүрегін жылытқан жалғыз сәбиіне деген сәулелі махаббаты мен оның болашағына алаңы да, тағдыр тауқыметін бөліскен жарына деген аянышы мен құрметі де, қомағайлар мен құлқынның құлы болғандар салтанат құрған қоғамға жиреніші мен лағнеті де, өзінің талант құдіретіне деген сенім де көрініс береді. Ақын күнделігін оқып отырғанда халқымыздың тағы да бір дарабоз перзенті Бауыржан Момышұлының:
«Абай - гений.
Лермонтов - классик.
Некрасов - русский Жартыбай.
Аймауытов - қазахский Достоевский.
С.Сейфуллин, С.Мұқанов. У обоих самый примитивный марксизм.
Ғ.Мүсірепов - ювелир.
Ғ.Мұстафин - ?
М.Дулатов - основоположник қазахского романа, социал-демократ, утопист, поэт, патриот.
Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш,
Емеспін жемісі көп тамаша ағаш.
Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі,
Пайдалан шаруаңа жараса, Алаш!
Ә.Тәжібаевтың, Т.Жароковтың кейбір дүниелерін мен жиіркеніп оқимын... Ал ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ, Сырбай Мәуленов - ақын. Жаратылысы бөлек ақын.
С.Мұқановтың коммунист екеніне мен осы уақытқа дейін сенбеймін. Хоть вешай меня! Он - атқамінер периода военного коммунизма.
Ғ.Орманов - абсолютно неграмотный человек, хотя мнит себя поэтом-лириком. Я лично нисколько не тронут его лирикой. Слава богу, у нас есть растущие... Слава богу!!!
Бауыржан МОМЫШҰЛЫ.
21 май, 1968 жыл» (Ілияс Омаровқа жазған хаты) деген пікірі еске түседі. Хас таланттар, қазақтың жүрек жұтқан ұлдары көңіліндегі ой-пікірін кез-келген қоғамда бүкпесіз айта алған ғой. Олардың ұлылығы да осы емес пе!

«Орталық Қазақстан» газеті , «qasym.kz» cайты

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371