Сенбі, 23 Қараша 2024
Өнер 5838 9 пікір 8 Сәуір, 2019 сағат 15:04

Димаш және ХХІ ғасырдың «жыртқыштары»

Бүгінде әлемдік дәрежедегі алғашқы қазақ әншісі атанып жүрген Димаш Құдайбергеннің халықаралық деңгейге көтерілгеніне екі жылдан артық уақыт өтсе де, ол туралы ақын Оңайгүл Тұржанованың кітапшасынан басқа тереңнен қузаған тиянақты дүние, тіпті Қазақстан көлемінде музыкатанушылық мақала жазыла қойған жоқ. Эссеист жазушы Мақсат Тәж-Мұрат осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында «Димаш. Когда жаждут крика» атты кітап жазып бітірді. Біз оқырман назарына сол кітаптың қазақ тіліне аударылған «Жер әлемді шарлаған қазақ әні» дейтін тарауын ұсынуды жалғастырамыз. 

(Жалғасы. Басы мына сілтемелерде: «Бағы бармен таласпа»Теңіз түптен тебіренеді,Димаштың дауысы және әлемнің 47 еліндегі бейтаныс таныстар), Димаштың динамикалық консерватизмі, «Қыр баласы қол созады аспанға», Димаш және қазақ мәдениетінің интегративтік моделі, Таудай талаптан – бармақтай бақ, Орынсыз сөз қан қыздырады...

Жоғарыда Димаш Чаншаға алдын ала жасалған «саяси жоба» бойынша шақырылмағанын көрсету барысында аңғартқанымыздай, оны алғаш әлем жұртшылығына таныстырған Singer реалити шоуын қайтсе де Еуровижн секілді саясатпен алағаттанған конкурстардың қатарына қоя алмаймыз. Жанры айтып тұрғандай, Сингер ең алдымен коммерциялық жоба және Қытайдан гөрі бүкіл Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азияны бағдар тұтатын, соның ішінде бастауын вестерндік Оңтүстік Кореядағы Im Singer – «Мен әншімін» конкурсынан алатын батыстық рәуіштегі жоба (бағдарламаның корейлік осы атын кейінірек Хунан ТВ өкімет талабымен Singer – «Әнші» деп өзгертті). Сондай-ақ жалпы халықаралық телеарна ретінде құрылған Hunan TV-дің тасасынан Батыстың «соқырішегі» Гонконг бизнесмендерінің «жүнді барақ» қолы көрініп тұрғандай, мысалы, Димаш қатысқан жобада бірінші орын орташа деңгейлі гонконгтік әнші қыз Сэнди Лэн берілді ғой. Конкурс басталмай тұрып-ақ Димашқа құрық салып үлгерген атжалман BG Talent қытай продюсерлік компаниясының менеджментіне және оның Димашпен тікелей жұмыс істейтін өкілі, Батыстың мегажұлдыздарымен ән айтып атағы шыққан Лаура Ченг болып отырғанына қарағанда, бұл компанияның да етігінің басы Батыс жақтағы трансұлттық компанияларға қисайып тұрғаны аңғарылады. Компания әншінің барлық мүддесі атынан, соның ішінде қаржылық мүддесі бойынша да уәкілдік етеді. Мысалы, BG 2018 жылы шыққан Dimash Bastau Live Alibaba аудиоальбомын iTunes онлайн алаңы бойынша сату ісін ұйымдастырды (біздің ақшаға шаққанда 999 теңге). Бұл – шоу бизнес, екі жаққа да пайдалы бизнес, яғни контракт Димашқа орнықтылықты, рейтингке ілігуді және одан әрі ТОП деңгейіне шығуға мүмкіндік береді (және солай болып та отыр), ал компания соның есебінен табыс табады және қырғын пайда табуы әбден мүмкін.

Димаш BG-мен бір мезгілде дерлік Азияның тарлан бизнесмені, қытайлық Ма Юньнің де (көпшілікке Джеки Ма деген атпен белгілі) назарына іліккен. Әлемдегі аса ірі Alibaba Group онлайн-ретейлерінің негізін салушы, жер шарының ең бай он адамының тізімінде тұрған Ма Димашпен алғашында Гонконгте, соңыра Бейжіңде және Шанхайда кездесіп, әңгімелесті. Соңғы кездесу әлемнің электрондық коммерция бойынша алпауыт компаниялары жыл сайын 11.11. Global Shopping Festival деген атпен ұйымдастыратын дәстүрлі науқандық жаппай сатылым 11-ші айдың 11-і күнгі әлемдік шопинг тәулігі аясында өтті, сонда Димаш ән салды. Бұл күні бір тәуілікте Alibaba онлайн-дүкендерінде бір жылдық сатылымнан 60 млрд юаньға көп тауар сатылды, мысалы, 2016 жылы осындай бір тәулікте өткізілген тауар сомасы 17,8 $ млрд-қа жеткен! Бүгінде ретейлердің веб-порталы арқылы мұнай танкеріне де тапсырыс беруге болады, десек те сауда-саттықтың бойын ширатып, қанын жүргізіп тұрған нағыз бестселлер – қытайдың Xiaomi және Huawei смартфондары, Haier тұрмыстық техникасы, Linshimuye жиһазы, Uniqlo бренділі киім-кешек, бір сөзбен айтқанда, негізгі сегментті – ауыл адамдарын, шағын қалалар тұрғындарын, сонымен бірге ірі экономикалық қалаларда тұратын орта тапты да бірдей қанағаттандыратын халық тұтынатын тауарлар. Қатары шұғыл көбейіп келе жатқан орта тап үшін Алибаба виртуалды моллдар құрған, олардың витрина-әйнектерін Nike, Adidas, Procter & Gamble, Ecco, Samsung, Philips қатарлы брендтік өнім шығарушылар пайдаланады. Әлемнің брендтік өнім өндірушілері Димашқа 2017 жылы, Singer ортаң белінен аса бере назар тіктеген. Ал бүгінде олардың қатары молайып, Димаш контракт шарттарына орай Филипс, Шарп, Мерседес Бенц техникаларынан, Қытайда сатылымы жағынан бірінші орынға шығып отырған Xiaomi мобиль телефондарынан бастап шанхайлық дизайнер Allen Xie-нің қолынан шыққан аппақ смокингке, одан әрі жастардың casuel стиліндегі киім-кешегіне дейінгі брендтік өнімдерді жарнамалайтын негізгі тұлғаға айналып отыр. Әнші сахнаға бүгін киіп шыққан киім ертесіне сауда үйлерінде сатылымда тұрады. Осы сегмент, яғни 15-35 жас арасындағы жастар қазірде дүкенге барып уақыт кетірмей, үйде, не жұмыс орнында отырып, интернет дүкендер арқылы сауда жасайды. Ендеше, Джеки Ма Димашқа назар салмай қалай тұрсын. Оның үстіне Alibaba Group – бір айдағы пайдаланушыларының саны 156 млн-ды құрайтын, Twitter мен Facebook-тің қытайлық буданы Sina Weibo микроблогингінің ірі пакет иеленушісі, ал Вейбодағы Dimash сайтына жазылушылар он миллион адамнан асып тұр, жалпы қаралым әлемдік рекорд қойды, 14 млрд-тан асты. Әрине, он миллион жазылушы 618 млн интернет пайдаланушыдан тұратын Қытайдың ішкі онлайн-нарығының бір ғана бөлігі, бірақ әлгі он миллионның сыртында және жетпіс-сексен миллиондай Димаш жанкүйері бар ғой, солардың дені Джеки Ма қарауындағы плейсмаркеттердің қызметін пайдаланатын үш жүз миллиондай адамның қатарына енетіні даусыз. Ал олардың сыртында, жер шарының түкпір-түкпірінде Димаштың тілеуқорлары күннен күнге өсіп келеді, бизнес алпауыттарына бұл жағдай Dimash брендингін монетизациялау бойынша қалайда ой салмай тұра алмайды, әсіресе соңғы кезде батыс бетке белсенді ене бастаған Alibaba-ға да: бүгінде әлемдік е-коммерц ісін екі алпауыт – американдық Amazon мен қытайлық Alibaba теңдей бөліп алған деп есептеледі, яғни Гринвич уақыт белдеуінен шығысқа қарайғы бүкіл аймақ Қытайдың айдаһарына, батысқа қарайғысы американ қолтырауынына тиесілі көрінеді. Сөйтсе де соңғы жылдары Ма империясы Amazon мен тағы бір американдық алпауыт eBay-ды Қытайдан ғана емес, Гринвичтің батысынан да тықсыра бастағандай. 2018 жылы Димаш Италияда дизайнер Jacob Arabo ұсынған люкс класты сағаттары және танымал италиялық Brunello Gucinelli бренді таныстырылған Jacohandco брендінің кешіне қатысты. Сол жылы АҚШ-та белгілі зергер Джейкобтың бренд-таныстырылымында да бой көрсетті. Жалпы Alibaba-ның Ресей нарығына енуі 2012 жылдан басталған. Ал қазір оның тауарды ұлттық төлем жүйесі арқылы поштамен жеткізетін Aliexpress жобасы Ресейде американдық Ozon мен eBay-ды басып озып, осы елдегі жұрт ең көп кіретін он сайттың қатарына еніп отыр. Интернет-дүкендер Димаштың суреті салынған жастар футболкаларын, худи, скиншот жейделерін, жастықтыс, диванкөпшік, мобилтелефон қаптарын сатуға қойған. Юрий Мильнер басқаратын DST тобы тәрізді ресейлік бизнесқұрылымдар Alibaba Group акцияларын иеленіп, енді Яндекс, Интернеттің орыс сегменті арқылы Ресейге кіндігінен байлануы ТМД кеңістігінде өз бизнестерін дамытуда – Достастық елдерінде электрондық коммерциямен айналысушыларға едәуір салықтық жеңілдіктер жасалған. Ендеше бұған дейін өзіміз келтірген «Димаш – Еуразиялық группа мен Қытай компанияларының бірлескен жобасы» деген пікірдің белгілі бір дәрежеде жаны бар. Осыдан бірқатар уақыт бұрын Маның ресейлік бизнес-мүдделестері Димашты әртүрлі ресейлік конкурстардың және БАҚ көмегімен ТМД-ның мәдени кеңістігіне еппен жылжытып әкелуі мүмкін деген жорамал жасаған едік, сірә, қателеспеген секілдіміз.

Ғажап емес пе, Димаш Ресейдегі ең стильді жұлдыздарды анықтайтын конкурс номинанттарының қатарына енгізілген, яғни ондағылар қазақ әншісін ресейлік өнерпаз ретінде қарастырады. Себебін сұрағандарға айтатындары: «Димаш Қытайды алып болды, енді Ресейді де бағындырады». 2019 жылдың басында жоғарыдағы конкурста онлайн дауыс беру қорытындысымен Димаш 93 пайыз дауыс жинап, Иван Ургант пен Константин Крюковты (2%), Федор Бондарчук пен Алексей Киселёвті (1%), Андрей Бурковскийді (0%) жолда қалдырды.

Сол сияқты бүгінде Қазақстанда ресейлік порталдағы аймақтық, яғни орысша ыңғайластыру түзімі арқылы Қытайға тауарға тапсырыс беріп алдыратын AliExpress қызметін пайдаланушылар қатары күрт өсіп отыр. Өте арзан, мысалы, сауда орталығында бес мың теңге тұратын майканы небәрі бес доллар төлеп алдыртасың, сәлемдемелер Қазпошта арқылы бір ай шамасында жетіп болады. Alibaba мен біздің ұлттық пошта операторының тікелей байланысы жөнінде нақты мәлімет болмағанымен, бұл екеуінің бизнес мүдделестігі дәлелдеуді керек етпейтін қағидат қой, осы орайда Димаштың 2017 жылы күзде Kazpost ұлттық компаниясының жарнамалық беті атануы, бұл ретте компанияның басқарма төрағасы Сәкен Сәрсеновтің ұлттық пошта операторы бұл қадамды мекеменің басты идеясы – қазақстандықтарға ең қысқа мерзімде ең сапалы қызмет көрсету ойымен байланыстыратынын мәлімдеуі бірқатар нәрсені аңғартқандай. Араға жыл салып осы мекеменің басшысы таяу болашақта елімізде «Димаш» брендімен интернет-дүкен ашылатынын, қазірдің өзінде осы атпен шай, киім шығаратын желі іске қосылғанын, алда әлгі дүкендерде Димаш шығармашылығына арналған кәдесый өнімдер сатуға қойылатынын хабарлады. Қазақстандық сувенирлер мен киім-кешек жағын білмейміз, ал 2018 жылғы тамызда DIDA Capital Parthers компаниясы жаңа Dimash шайының таныстырылымын өткізіп, бүгінде әлгі шай салынған сәлемдемелер әншінің әлемнің қиыр түкпірлеріндегі фанаттарына жол тартып жатыр. Қазақстандық е-коммерциямен айналысушылар арасында бүгінде жаңа тренд – электрондық сауданы жолға қойып, Алибаба секілді алпауыттардың көзіне түсу тренді қалыптасқан. Бизнестің ендігі болашағы бөлшек сауданың онлайн-нарығын, интернет-дүкендерді және интернет-аукцион нарығының басын қосып отырған Джеки Маның қытайлық Taobao.com порталы сияқты виртуалды сауда-саттық кеңістігімен байланысты болмақ, осыны басымыздағы бөркіміздей білейік. Бұдан да зорын айтсақ, Ұлы Жібек жолын да қалпына келтіру жобасы да ең алдымен Қытайыңның өзін ұршықтай ойнатып отырған әлемдік «тас қалаушылардың» мегатрендтік сауда айналымы мен халықаралық зияткерлік ынтымақтастық қалыптастыру жөніндегі жаһандық «үлкен ойынына» қажет таған, платформа. 2019 жылдың басында қытайлар үлгісін көрсеткен жаңа электрмобильдер сериялы шығарылымға қойылған кезде, сөйтіп жанармайлы автобизнесті ақ адамдардан ала алмаған Қытай дүниені автомобиль көлігінің жаңа буынымен орап, әлемді альтернативті қуат көздеріне көшуге мәжбүр еткенде болады қуырдақтың көкесі (американдық атақты Tesla тоққа 10 сағат қосулы тұрғанымен небәрі бес жүз шақырым жүгірмек, ал қытайлық ByTon екі батареямен екі сағатта қуаттанып болып, бір жүргенде тоғыз жүз шақырым қашықтықты алады. Жоғарыда айтқанымыздай, қоғамнан, әлеуметтен тыс өнер иесі болмайды, соның ішінде Димаш та халықаралық деңгейде мойындалып отырғандықтан жаһандық ауқымда жүріп жатқан нәрселердің көпшілігіне араласпай қала алмайды. Бүгінде әлемде мәдениетке масыл деп емес, жаңарулардың, жаңа жолдардың көзі, алға жылжудың, дамудың активі деп қарайтын соны көзқарас қалыптасуда. Яғни мәдениеттің адамзат дамуына қосар үлесіне алдымен экономикалық көзқараспен мән беріледі. Бұл көзқарас бойынша бұрынғы экономикалық центризмнің орнын енді мәдени центризм басып отыр, демек, мәдениет экономиканың дәстүрлерін алға апарады, бірақ ұжымдық әрекеттерді мәдени құндылықтармен шабыттандыра отырып еңбекке жаңа қарым-қатынас, жаңа сипат береді. Джек Ма негізінде рухани адам екен. Бұрынғы ағылшын тілінің маманы, музыканттар отбасында туып-өскен ол, онымен Димашпен бірге Гонконгте кездескен Алпамыс Шаримовтың айтуынша, «Қалай табысты болуға болады?» деген сұраққа «Мына өмірде үлкен жетістіктерге қол жеткізгің келсе қиял-ғажайып кітаптарды оқы. Осыдан он жыл бұрын бір фантастикалық кітапты шабыттана отырып оқып, сонда айтылғандардың өмірде жүзеге асатынына сеніп едім, соның арқасында, міне, осындай жағдайға жетіп отырмын» деп жауап беріпті. Маның айтып отырғаны – бір тарауы Әли баба мен қырық қарақшының бастан кешкендерінен тұратын өзіміздің «Мың бір түн» ғой («Мың да бір түн...» дейтін идиома атынан-ақ бұл шығарманың түркілер тарапынан жасалып-жетілдірілгені көрініп тұр). Amazon-ның негізін салушы, әлемдегі ең бай адам Джефф Безос бизнесті кітап саудасынан бастағаны сияқты Джеки Ма империясының бір бөлігі зияткерлікке, соның ішінде кино және бейнефильм өнімдерін шығаруға арналған.

Жалпы дүние жүзілік ортақ тренд – бұқаралық талғамды бағдар тұту, бірақ ендігі жерде бұлайша бағдарлану идеологиялық емес, коммерциялық сипат алады. Енді заманауи менеджмент бізге өнердің халыққа қажет екендігін және халық мәдени өнімдерге көбірек бет бұрған сайын өнер де табысқа кенеле беретінін айтып отыр. Міне, осы жерде шоу бизнес пен тұтынушылық саласындағы кәсіпкерлік жең ұшынан жалғасады, бұл тізімді Димаштың дауысы мен стиліне талдау жасау арқылы өздерін жарнамалайтын және клиент жинайтын вокал жаттықтырушылар мен әншінің болашақ өміріне сәуегейлік жасаушы жұлдызшылардан, экстрасенстерден бастап, үлкен бизнеске, кейде тіпті өте үлкен бизнеске – дүниені сұрап тұрған грандтарға дейін апарып тіреуге болар еді. Бұл жүйені ойлап тапқан Димаш емес, қиратып-сындырып яки түзейтін де ол емес. Әнші ретінде ол дүниені мәдениет арқылы бір тұтымға көшіру миссиясына жанама қызмет етуі мүмкін, бірақ принципсіздікке негізделген таза саясатқа араласқан емес және кейін өзгеріп кетпесе, араласа да қоймас. Қалай болғанда да біз білетін, біз көріп-сезініп отырған жібектей жұмсақ жүректі Димашты лас саясатқа араластыру бұл ретте оған «Қытай саясатының құрбаны» ретінде қарау миға сыймайтын, әрі күлкілі нәрсе: бұл жерде геосаясатпен, мәдени центризммен тұздықталған ірі бизнестің ғана үде-мүддесі болуы мүмкін, ал әншіні нәйіс саясатқа, оның ішінде экспансиялық саясатқа апарып телу қараңғы бөлмеден мысық іздеу ғана.

Біз Қытай мәселесінде бұл елмен қарым-қатынаста неден ұтыламыз дегеннен гөрі неден ұтамыз дегенді көбірек есепке алуымыз керек. Қытай экономикасының жылдық өсуі алты пайызды құрайды. Кейінгі кезде бұл өсу баяулай бастады, бірақ соның өзінде АҚШ-тағы экономикалық өсу қарқынынан екі есе артық. Қытайлар әлемдегі тұтынушылар саны 100 млн-нан асатын он екі мегаұлттың бірі, ал қазақтар тұтынушыларының саны 10-100 млн аралығындағы қырық сегіз макроұлттың қатарына кіреді. Ендеше Димаш арқылы Қытайды алғаның – әлемді алғаның. Сонымен бірге ҚХР – Қазақстанның сыртқы саудадағы басты серіктесі, яғни бұл елмен біздің елдің тауар айналымы жалпы сауда-саттығымыздың жиырма пайызын құрайды (2018 жылдың он айында ғана екі арада 16 млрд АҚШ доллары көлемінде сауда-саттық жасалған). Соның ішінде бұл тауар айналымының 75 пайызынан астамы ШҰАР-ға тиесілі. Ринатты Димашқа тиістің деп сынағандардың қатарында оған «үстіңдегі сиса көйлек қытайменен табылған, дастарқанда ішіп-жемің, ол да содан ағылған», не керек, ұнамаса неге киесің, неге жейсің дегендер болды. Ашынған адам не демейді, бірақ біз Ринаттың адресіне ондай сөздерді айтпаймыз, себебі кім болсын не ішіп-жесе де, нені тұтынса да өзінің несібесін пайдаланады. Осы тұрғыда тұрып қарасақ, Ринаттың кейбір жақтастарының қызды-қыздымен Димашты Қытайда баю үшін жүрсің деп кінәлауы тіптен орынсыз. Druppy Channel деген бір блогер осыдан бірқыдыру уақыт бұрын «У Димаша голосок, / Чистый в поле колосок. / Кстати, парень он не бедный, / Хоть и ходит без носок», - деп келетін тақпақ рәуішті әзіл жариялап еді. Біреудің қалтасын қараған жақсы емес, сонда да айтайық: иә, Димаш қазірдің өзінде ауқатты адамдардың біріне айналды, - ол бүгінде Құралай Анарбекова, Скриптонит және Жан Калибпен бірге отызға жетпей зор жетістікке ие болған қазақстандық табыскерлердің Forbes жасаған тізіміне кіріп отыр,- бірақ осының өзі әсте де оған кінә етіп тағатындай нәрсе емес. Сол орыстар бұрынырақта қазіргі «Ас болсынның» орнына «Хлеб да соль!» деген, анау «Едим да свой!» деп жауап берген екен.

Сол айтқандай, әнеу бір жылы Ыстамбұлда бір журналист басқа әңгіме құрып қалғандай гонорар жағын мошқай бергеннен кейін Димаш әдеттегі тапқырлығына салып: «Әрі ән салып рахаттанасың, әрі нәпақаңды айырасың, әншілік деген керемет нәрсе емес пе?!» деп мәдениетті жауап беріп құтылып еді. Осы сөз – сөз. Дүние тіршілігінде құдықтан су ішпей өтіп кетпе, бірақ несібеңді іш. Димаштың несібесі оның таланты мен өнері қанша тұруы керек болса, сонша тұрады. Ал қазіргі әлемдік эстрадада ол тәрізді күніге дерлік сахнаға шығып жүрген және әр әнін жанды дауыста жанын жеп айтып жүрген орындаушы аз, мейілінше аз. Танымал ән саласында наныңды адалдан жеудің бірден-бір өлшемі де осы. Осы орайда сынампаздарға айтарымыз, ақыры артистің қалтасын айналдырып, тиын-тебенін тексергілерің келіп бара жатса, онда фонограммамен, ерін жыбырлатып, не секеңдеп сахнаның сәнін кетіріп, халықтың есебінен байып жүрген, бірақ сол халықты көк тиынға да алмайтын жалған атты әртістерді сынаңдар.

Иә, Димаштың алдынан бүгінде концертпен емес, жарнамамен, музыкалық альбомдармен және мобил телефондар рингтонымен табыс табатын әлемдік супержұлдыздардың даңғыл жолы ашылып тұр. Өзінің нағыз бәсекеге қабілетті зар күйінде тұрғанын, осы сәтті пайдалана білу қажет те екендігін әншінің өзі де, айнала-аумағы да сезінетін болуы керек. Оның әр айтқан сөзі корпоративтік есімге, брендке, «а» деп ауыз ашқаны миллионға айналатын күн де келер. Жоғарыдағы Dimash брендтік шайын шығаруға «ДимашАли» продюсерлік компаниясының бизнес-серіктес ретінде қатысуы, жалпы Dimash атының патенттелуі осы жағдайды жіті түйсінуді көрсеткендей. Қаржылық ахуалы түзелген күннің өзінде де әнші тек әнін, музыкасын ғана ойлайтындай, өзге нәрсеге алаңдамайтындай деңгейге жеткенше осылай бола бермек. Бұл – өмір заңы, әлемдік тәжірибе, оны қабылдап, шыдау керек. Солай болса-дағы Димаш қазірдің өзінде жаңа шығып келе жатқан жас таланттардың дауысын, қабілетін ересек өмірдің улы кеселдерінен қорғау үшін дарынды әнші балаларды қамқорлап, соларды өсіріп-тәрбиелеуге қаржы жұмсай бастады, мысалы, Лондонда жалпы Еуропада жеке концертін берген алғашқы қазақ артисі билет сатудан түскен ақшаны Данэлия Төлешованың «Балалар Евровидениесі – 2018» байқауына қатысуына шығатын шығындарды көтеруіне жұмсау, қалғанын жас таланттарды қолдау қорына аудару жөнінде тілек білдірді. Осының өзі біздің қоғамымыз үшін өте қажет және тәуір үлгі: дәулетті адамдар жоқ-жітікке тіреу болып, байларға өрнек берумен бірге, егер халқы бақытын тапсын десе, байлыққа әдемі іс арқылы, өнер-кәсіпті үйрену арқылы жетудің жолдарын көрсетуі керек. Жұрт сонда табан ақы, маңдай термен тапқан несібе мен ұрлықы жолмен келген байлықтың зор айырмасын, соның ішінде бір ғана ән үшін мыңдаған тонна музыка кенін қорытып, байытуға тура келетін «жеті нота» сиқыршысының тауқыметті еңбегін түсінбек. «Мал — арыстанның аузында» деген. Сараң болма, бірақ адал еңбекпен, қиыншылықпен тапқан тиын-тебеніңнің қадіріне жет. Дені дұрыс адам идеалистіктен аулақ болуы жөн, яғни ақшаның болмағанынан болғаны жақсы деп түсінуі керек. Қолданбалы сипаттағы осы сөз артист кәсібіне әбден қатысты. Себебі өз қоңын өзі көтеретіндей жағдайға жету шығармашылық адамына заказға, әсіресе мейманасы тасыған байларға тәуелділіктен, перманентті түрде той қудалап кетуден сақтайды, әйтпесе материалдық жағдайы шешілмеген өнер иесі күнделікті тамақ табудың әлегінен өзі алға қойған биік мақсаттарды тәрк етіп алуы мүмкін. Қу құлқын, күнкөріс үшін талантын зая кетіруден өткен қасірет жоқ шығар бұл дүниеде. Моцарт сарай музыканты болып жүргенде өзіне король тарапынан бөлінетін сомаға көңілі қаншалықты толатынын білгісі кеп ынта қойған үкімет сұрағына: «Ол сома менің осыған дейін бітіргенім үшін тым көп, ал алда бітіретінім үшін тым аз», - деп жауап берген екен дейді. Алайда, таза кәсіби өнер өкілінің бұл классикалық ойлау жүйесі дәстүрлі қоғамдардағы ауызша өнер иелерінің «баға мен бағалылық», өнер құндылығы жайлы ұғымына үйлеспеген, себебі дәстүрлі қоғам үшін тәңірден берілген сый – өнер бір адамның игілігі емес, тұтас қоғамның берекесі, сол себепті Моцарт сияқты өзінің талантына барабар баға белгілеу дәстүрлі орындаушының миына кіріп те шықпаған. Шынай талант иесінің бүкіл еңбегі, қабілет-қарымы, талант ауқымы жұртшылық белгілеген сыйақы – байрақпен ғана өлшенген, оның өзін ол жоғарыдан берілген көптің берекесі, әрі матигілік шын өнердің жолын кеседі деп түсініп, алғанын сол заматта-ақ айналасындағыларға үлестіріп беріп, өзі жүген ұстап қалатын. Яғни, ол заманда өнерпаз — малды дүниеге деп жиятындардың антиподы, материалдық дүниеге байланбайтын көшпенділіктің символы болатын. Осыдан келіп бұрын өнер иелері ешқашан бай болмаған, ішер ас, киер киімге жарымаған, тіпті Қызыл сияқты ардақты таланттар елдің кендірін кескен құтсыз жылдары аштық ауыртпалығынан көз жұмған. Біздіңше, қоғамымыздың елеулі бір бөлігі осы тарихи инерция себебінен өнерпаздарды жарқыратып киім киіп, сән-салтанатты үйге кіргендері үшін айыптауға бейім тұрады. Осы пікірді Димашқа байланысты кінәраттаулар жөнінде де айтуға болар еді. Бірақ ХХІ ғасырда ХІХ ғасырдың ұғымымен өмір сүруге болмайды, дәстүрдің озығын алмай, тозығын алу өмір жолына көлденең түсетінін, өнерді тежейтінін, өсірмейтінін түсінуіміз керек.

Біздің қазақтың тарихында Димаш сияқты әлемдік деңгейге көтерілген және оны қысқа уақытта бағындырған өнер иесі бұрын болмаған ғой, тіпті десе мұндай дәрежедегі вокал да болмаған, осыдан келіп көпшіліктің әншінің болашағына алаңдауы бір есептен заңды да. Қазақты қойып, осы мәселеде бас қатырып, тіпті бал ашып, жұлдыз жорамал жасап жатқан басқа халық өкілдері де бар. Айтуларынша, Хворостовский, Анна Герман сықылды Ресей сахнасының жұлдыздары өздерінің рух формуласының кіндігінен ауытқып кеткендіктен де өмірмен ерте қоштасқан, яғни материалдық игілікті алға шығарып алған-мыс. Сол сияқты Басков та опера вокалынан «попсаға» көшкеннен кейін басқа қалыпқа ауысқан. Димаштың Жан формуласында да рухани ретро-Плутонға Шолпан жұлдызы жақындап келіп, салдарынан материалдық байланыс күшейіп тұр екен, сол себепті Димаштың жүре-бара шыққан биігінен түсіп қалу қаупі бар, деп уайым жейді Рада жұлдызшы. Әрине, біздің ғасырымызда шарлатан балшы, дүмше жауырын қараушыларға сенудің өзі күлкілі нәрсе, бұл жерде, әлбетте заманауи астролог өзі жақсы білетін шоу-бизнес тәжірибесінен тән алып, күнделікті естіген-оқығанынан кесте төгіп отырғаны даусыз. Иә, айтса-айтқандай, бүгінде эстрада сахнасы «шоу» деп аталатын бизнес және таза деп айтуға келмейтін бизнес. Ол сені өзіне еріксіз баурап алады, молданың жұмаққа айналғаны сияқты еліктіреді, соның толмайтын оқпанын толтырам деп жүріп шашылып бітесің. Олай болмаған күннің өзінде шоубиз нағыз музыкаға, шын өнерге тұсау салмай тұра алмайды. Әсіресе Димаш сияқты таланты күшті тұлғаларды белгілі бір шеңберде ұстап, шектегісі келеді. Бірақ атасы мен әжесін арқаланып өскен барша балалар сияқты Димаштың да табыстан басы айналып, бұзылып кетпейтініне, алар биігіне алқынбай жететініне Тамара Гвердцители сияқты шоубиздің былығынан тысқары тұратынына сеніміміз күшті. Атақ пен даңқ оған алдымен өнердің құндылығы банк билетінің желігімен емес, өнерді бағалай білетіндердің санымен өлшенетінін түйсіндіреді, соған сәйкес жауапкершілік сезімін арттырады деп білейік.

Бір телехабарда айтылғандай, солай дейік, солай боларына сенейік.

Қалай болғанда да Димаштың Қытайда жүруінің түп себебі ақшада дүниеқоңыздықта емес, басқа нәрседе және ол себеп тамырын материалдық игіліктен де тереңірек салған. Осы тұрғыдан келгенде әнші өнеріне тәнті бірқатар желі пайдаланушылардың Димаш Құдайбергенді ұлттық игілік деп жариялау туралы ұсынысы өзіне ой көзімен қарауды керек етеді. Иә, жоғарыдағы ұлтшыл-патриоттар талап етіп отырғандай, ол алда-жалда елге қайтатын болса және ендігәрі елден кетпеуі тиіс болса, онда әнші шынында да бір кездегі Пеле сияқты мемлекет басшысы тарапынан елдің ұлттық игілігі деп ресми жариялануы тиіс. Бірақ бұл жердегі елеулі бір айырмашылық, Бразилия президенті үлкен спортта қабылданған тәртіпті ескере отырып, яғни футболшыны еуропалық клубтар трансферлік тәсілмен алып кетпеуі үшін әлгіндей қадамға барған ғой. Ал музыка қайтсе де спортпен ауыл-үй қатар қона алмайды. Дәлірегі, музыка да ұлттық игілік, бірақ онда шек-шекара, шектеу болмауы тиіс. Музыка – көпке бірдей ұғымды тіл, осынысымен ол әлемдегі миллиондаған адамдардың ойын, жүрегін, сезімін олар музыканы тыңдап отырған бір-ақ сәтте тоғыстырады. Осыдан келіп көптеген қазақстандықтар Димаштың Қытайда болуына аздап қызғанышпен қарайтындарын, бірақ ол әлемге тәңірінің мейірімі мен сүйіспеншілігін әкелуі себепті бұған түсіністікпен қарайтындарын жазып отыр. Сонан соң, Чайковскийдің бір сөзін парафразамен сәл өзгертіп пайдаланар болсақ, әнші талантына табынушылар қазақ музыкасының Димаш болып әлемді шарлап жүргенін, соның ішінде ол иіні түскен қазақтың да еңсесін бір көтеріп тастағанын түсінетіні аңғарылады. Олай болса Димашты Элвис Пресли, Лили Иванова, не венгрлік суға жүзуші Катинка Хоски сияқты өз елінің ұлттық бренді деп тануға болар, бірақ Димаш бір елдің – қазақтың ғана маңдайына сыймайды. Ай – ортақ, Күн – ортақ, жақсы – ортақ. Дүние жүзінде Димаш сияқты тамаша әнші аз емес, сөйтсе де болашақ Димашқа тиесілі, өйткені ол танымалдықтың жалына ерте де емес, кеш те емес, дәл, дер шағында, яғни адамзаттың тілегіне сай қол артып отыр. «Димаш» феноменінің сыры да осында. «Дарын халықтың қанасынан жаралады» дегенді көп айтамыз. Ал оның жаралған, туған сәтін көрген адам некен-саяқ. Димаш болса жиырмадан енді асқан жасында тұтас бір халықтың намысы болып жарылып, алқалы топтың алдында найзағай отындай жарқ етті. Таланттың тап осылай намысты сәтте төбеден түскендей болуы ілуде біреу. Димашпен дәл Қытайда осындай жағдай болды және басқа емес, дәл қытай жұрты Димаштың өнер есігін қазақ намысын арқалаған бүкіләлемдік талант ретінде ерекше жағдайда ашуына, өзгелерге ұқсамайтын ерекше өнерпаз болып қалыптасуына бүкіл мүмкіндікті жасады. Мұндайда атбегілер «күйіне әбден түсірді дер еді. Кейбір желі пайдаланушылар кейінгі Singer байқауларының Димаш қатысқан 2017 жылғы нұсқадан сонағұрлым солғын екенін байқап, «сірә, қытайлар Сингерді Димашқа арнап ашқан болуы керек» деп әзілге шаптырады. Әзіл, бірақ түбі – шындық: Сингер Димаштың бағын ашты, одан әрі әнші Қытайда қалып, кәсіби тұрғыдан айтарлықтай өсті. Осыдан кейін Жайберген Болатов секілді көзі қарақты авторлардың: «Енді кімге сенеміз, кімге үміт артамыз?» дей келіп, «Өзімізден оқ бойы ілгері тұрған, Димашты әлемге танытқан Қытай халқы мен өнердің не екенін шынайы бағалай білетін Еуропа жұртшылығына ғана сенеміз — ащы болса да, шындық осы» деген пікіріне еріксіз қол қоясың. Денис Тен уақиғасынан соң осыған жуық пікірлерді басқалар да айта бастады. Мысалы, Eraly Aben: «Димаш Қытайда ғана салыстырмалы қауіпсіздікте болады», - десе, Канададан жазып тұратын Violina Bershadsky есімді 83 жасар ютубер: «Когда Димаш в Китае, я спокойнее...» деп ағынан жарылады. Ажал деген Алланың аты ғой, бірақ көп тілегі — көл: ел болып, компания болып жабылып артистің қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмайды, әнші қауіпсіз елде ғана қауіпсіз. Осы жағынан кедгенде Димаштың айдарынан жел есіп тұрған нағыз жұлдызды шағында Қытайда болғаны дұрыс.

(Жалғасы бар)

Мақсат Тәж-Мұрат

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5443