Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Билік 6536 10 пікір 29 Наурыз, 2019 сағат 09:33

Димаш және қазақ мәдениетінің интегративтік моделі

Бүгінде әлемдік дәрежедегі алғашқы қазақ әншісі атанып жүрген Димаш Құдайбергеннің халықаралық деңгейге көтерілгеніне екі жылдан артық уақыт өтсе де, ол туралы ақын Оңайгүл Тұржанованың кітапшасынан басқа тереңнен қузаған тиянақты дүние, тіпті Қазақстан көлемінде музыкатанушылық мақала жазыла қойған жоқ. Эссеист жазушы Мақсат Тәж-Мұрат осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында «Димаш. Когда жаждут крика» атты кітап жазып бітірді. Біз оқырман назарына сол кітаптың қазақ тіліне аударылған «Жер әлемді шарлаған қазақ әні» дейтін тарауын ұсынуды жалғастырамыз. 

(Жалғасы. Басы мына сілтемелерде: «Бағы бармен таласпа»Теңіз түптен тебіренеді,Димаштың дауысы және әлемнің 47 еліндегі бейтаныс таныстар), Димаштың динамикалық консерватизмі, «Қыр баласы қол созады аспанға»...

Иә, Қазақстанға қош келдіңіз..

Димаштың жоғарыда біз шетін басып қана өткен динамикалық консерватизмі еліміздегі бүгінгі эстраданың жағдайына, кең көлемде алғанда мәдени кеңістігімізге қаншалықты әсер беріп отыр деген мәселе өз зерттеушісін күтіп тұр. Оған жекелеген тыңдаушылар болмаса, сарапшылар мен мамандар жеткілікті назар аудара қойған жоқ. Бұл өзі шынтуайтында, қолмен қойғандай түстеп айтып беруге келмейтін шетіндеу құбылыс та. Себебі, бүгінгі күні еліміздің музыка саласында, жоғарыда келтіргеніміздей, баршаны таңқалдырып үстемелете шығып жатқан талантты жаңа есімдерді Димашпен ғана байланыстырып айтуға дәлел жеткіліксіз. Айтты-айтпады, Димаштың өзі де оған дейін белгі бере бастаған Үрдістің — жаңару тенденциясының түйін салуы болуы мүмкін ғой, ал онымен жеделдес, тұстас, жалғас шыққан дүрмек сол толқындардың соқпа-соқпасы болмасына кім кепіл.

Осы орайда Аскар Ашен дейтін желі пайдаланушының: «Еліміздің музыка саласында таланттардың табан астында қаулап шыға келуі әсте кездейсоқ емес. Тіпті 1990-шы жылдардың өзінде балалардың үлкен бір бөлігі вокал, музыка, бейнелеу, би өнерімен жүйелі түрде айналысып жатқан-ды және түрлі сатыдағы конкурстар жиі өткізілетін», – деген пікірі шындыққа келеді. Димаш та осы лектен.

Оның әнші, музыкант ретіндегі алғашқы дайындық сатыларын қараңыз: Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебі жанындағы балалар студиясының фортепиано бөлімі, қалалық Оқушылар сарайы жанындағы балалар хоры, «Саз» балалар мектебі, А. Жұбанов атындағы музыкалық колледжінің классикалық вокал бөлімі, Қазақ Ұлттық өнер университетінің эстрада және джаз бөлімі. Алты жасында «Айналайын» ұлттық конкурсының фортепиано категориясы бойынша бірінші сыйлығының иегері, он жасында Байқоңырда өткен жас әншілер конкурсының лауреаты, осылай-осылай кете береді. Эстрадамыздағы қазіргі қадау-қадау талантты деп жүрген артистеріміздің дені үлкен сахнаға осындай саты-саты даярлық жүйесінен өтіп келгендер. Мысалы, операпоп стилінде айтатын Зарина Алтынбаева, Бауыржан Мусин, Жұлдыз Уәлихан, Сүндет Байғожин, Мақсат Мақұлбеков, тамаша вокалист поп-әншілер Сәкен Майғазиев, Сәкен Қалымов, Әлішер Кәрімов, Жігер Аупбаев, Ерген Сейтімбетов, синти-поп өкілі Ғалымжан Молданазар, Санда, Адеми (Динара Қайырова), Кентал, Динара Сұлтан, Динара Қайырова, джаз стиліндегі JCS, Motorolla топтары. Бұлар үлкен сахнаға шыққаннан кейін жоғарыдағы толқын тыншыды, саябырсыды, өйткені саналы регрессанс саясатымен әдейі жасалды ма, әлде дамудың логикалық қисыны солай болды ма, әйтеуір сатылап даярлау жүйесінің жұлынын үзіп, құрдымға тастағаннан соң эстраданы бұрын болмаған құрғақшылық жайлады. Сол басы бүтін шоу бизнестің қолына тиді, ал шоубиз заңдылығында жоғарыдағыдай жүйеден, мектептен өткен талантты алға жылжыту үшін мол қаржы, көп уақыт керек, оның үстіне мектеп, үлгі-өнеге көріп өскен, соған сай өз принциптері қалыптасқан бұл таланттар жылдам рейтингтер мен арзан танымалдылық үшін пиар-қулықтарға бара бермейді. Міне, осыдан келіп эстрадада бос қуыс пайда болды да, жұмыртқадан жүн қырыққан продюсерлер әлгі кеуек орынды бұрын ауыл-аймақ көлемінен аса алмай келген, мектеп көрмеген, кәсіби даярланбаған төмен деңгейлі «өлеңшілермен» толтырды. Әрине, соның өзінде де халық өз ішінен таланттар шығармай тұра алмады және ондай таланттар жалпы заманауи өнердің демократиялық сипатына орай эстраданың әртүрлі бағыт, әрқилы стилі бойынша арагідік болса да төбе көрсетті. Алайда осы екі арада жұлымыр пысықай шоу бизнес халыққа күніге уақыты өткен тамақ беру арқылы дегеніне жетті – көп ұзамай-ақ жұрттың суррогатқа бой үйретіп алғаны сонша, әншінің сахнаға не үшін шығатынын айырудан қалды.

Осылайша ең танымал қазақ рэпері мен битмейкері Стриптонит (Әділ Жәлелов), тағы бір талантты рэп айтушы Жан Калиб (Бахтияр Мамедов), М-Бэндте өнер көрсеткен Анатолий Цой, басқа да ошаң етіп бас көтергендер өз жерінен тыңдарман таба алмай, ақыры Мәскеуге кетуге мәжбүр болды. Енді бір бөлігі елде қалып, сенің жанды дауыста айтып тұрғаның да, фонограммамен ерін қимылдатқаның да бәрібір тоғышар тобырдың арасында белгісіздік күйін бастан кешіруге мәжбүр. Былайша айтқанда, олар өз өмірлерімен емес, сол өмірмен қосанжар басқа бір өмір сүріп жатқандай. Димаштың даңқы күннен күнге артып бара жатқан қазіргідей кезеңде халық арасында «Қазақстанның бүкіл шоу бизнесі жиналып бір Димаштың тырнағына тұрмайды» деп келетін пікірлер айтылып қалады. Сол сияқты ресейліктердің де саналы бір бөлігі Димаш Ресей эстрадасын қоқыстан, «пенсионерлерден» тазартып береді деп үміттеніп, «Выгнать всех «певцов» эстрады нашей, пусть Димаш поёт, это то, что необходимо людям с нормальной психикой и чувством прекрасного!» деген үкім шығарып жатыр.

Әлбетте, мұның барлығы да ниет. Димаш жалғыз өзі Қазақстандағы шоу бизнесті де жолға қоя алмайды, Ресейдегі жағдайды да жөндеп бере алмайды. Бұл жерде көп нәрсені халықтың өзі шешеді. Шынайы өнері билікке емес, елге керек. Белгілі шындық – «Бетеге кетеді, бел қалады». Десе де Димаштың өнері, оның айрықша стилі, әсіресе елден жалғыз атты жолаушыдай боп кетіп, аз уақытта әлемдік аренаға шығуы эстрадамызға, жалпы мәдени кеңістігімізге белгілі бір дәрежеде көтерілу, серпілу сезімін алып келгені анық.

Қазіргі тілмен айтқанда, Димаш – спойлер (тыныштықты бұзушы). Қытайлық Singer бізде тоқырауға ұшырай бастаған ән конкурстарын өткізу ісіне қайыра жан бітіргені, оның оң әсерімен 31-арнада қазақстандық Aim Singer, «Қазақстан» арнасында бөлек Silk Way Star, «Жұлдызды жекпе-жек» тәрізді ән сайыстары пайда болғанын айтуымыз керек. Әйелдер телесериалдарын тастап, еркектер газеттерін қоя тұрып, жанды дауыспен жүректің қылын қозғай айтылатын нағыз әнге мойын бұра бастады. Шынайы өнерге көптің сұранысы өз кезегінде суррогат емес, сапалы әнге іштей құмар, бірақ шоу бизнестің арзан заңдылығына амалсыз көніп жүрген бірқатар әншілерімізге ой түсірмей және осы орайда Димаш сынды әншіні түйсік деңгейінде болса да бағдар тұтқызбай тұра алмады. Мұнда әдеттегі әсерлене еліктеу де, сонымен қатар Димаштың үздік орындау мәнерін, артистизмін, адами қасиеттерін, өз аудиториясын, жалпы адамдарды құрметтей білуін қадір тұту, содан үйрену талабы да байқалады. Айналып келгенде Димаш эстрада әншілеріне біз «кумир» деп жүрген талант шындығында қандай болуы керек екендігін көзапара көрсетті. Жоғарыдағы қасиеттерге ие болсаң, дара шапқан дарабоз өзі сияқты әлемдік деңгейге қадам басуға болатынына сендірді. Ол үшін күніге тер төгіп еңбектену, тынымсыз іздену, өзіндік соны соқпақ қалыптастыру керек екендігін ұқтырды.

Әрине, дәл осындай түсініктен кейін сахнамызда талант жаңбырдан соңғы қозықұйрықтай қаптап кетті, ал әлгі жаңбырдың аты Димаш еді деуден аулақпыз, десе де, өз басым эстрадамызда соңғы кезде пайда болған Мархаба Сәби, Ербол Нариманұлы сияқты джаз, блюз стиліндегі орындаушыларды, белгілі бір дәрежеде Димаш әсерімен қалыптанған буынға жатқызар едім. Ресейлік ТНТ арнасы арқылы ТМД-ға танылып үлгерген Нәзима Жәнібекованың, «Славян базары — 2018» конкурсында бірінші орын алған Әміренің (Ернар Садырбаев), Украинаның «Дауыс» реалити шоуының жеңімпазы Данэлия Төлешованың шығармашылығына да Димаш өнегесі шапағатты әсерін тигізгенін жоққа шығаруға болмайды. Зарина Алтынбаеваның 2018 жылы жазда Жапонияның музыка фестивалінде бас жүлдені иеленуі, бізге жиен Кристиан Косовтың Singer-2019-ға қатысуы да осы қатарда. Сондай-ақ Димаш үлгісімен ұлттық музыкамызды әлемдік стандарттарға көшіріп трансляциялау стилі Made in KZ тобының, MEZZO квартетінің, TRISTAR триосының шығармашылық бетінен айқын аңғарылады. Димаш стилінде ән шырқау кейінгі толқын әншілердің арасында едәуір етек алып келеді (әрине, бұл жерде Майра Ілиясова орынды ескерткендей шамалы сақтық керек, себебі, Димаштың архимиксті — екінің бірі шығара алмайтын эксклюзив орындау, яғни оған дайындықсыз келген әнші дауыс шымылдығын зақымдап алуы мүмкін), осы орайда MEZZO Димаштың прозопопеялық үлгісін сәтті қолданып, TRISTAR да «Шаршаған аққулар махаббаты» композициясын Димаштың кавер-версиясы бойынша, бірақ өз нақыштарымен орындап жүргенін айту жөн. Димаш болам деп әуреленбе, дұрысы, Димаштай бол. Осы сөзді кейінгі жылдары «Қазақстан дауысы» жобасы айқындаған Мұратбек Хайролда, Бауыржан Ретбаев, Индира Еділбаева, Кена Доня, Досхан Жолниязов және тағы да басқа ондаған талантты жас әншілерге, періште дауыстарымен елді жалт қаратқан Луиза Нұрқуатова, Нұрмұхамед Жақып, Мұхаметқали Жүгінісов, Ардақ Аружан, Наргиз Жанұзақова секілді көкөрім әншілерге де бағыттар едік. Ең бастысы, әнде, музыкада өз бетіңді айқында, бала болып айтсаң да, дана болып айтсаң да ұлттық колоритті сақта. Мұрат Балтабаев дейтін ютубер жазғандай, Made in KZ вместе с Димашем творят прекрасный наш образ. В мире будет нас представлять по их образу — игривая нежность, ясная ритмичность и мелодичность степного сокола». Әлемнің назарын өзіңе тек осымен, яғни ешкімге ұқсамайтын өзіндік қолтаңбаңмен ғана аудара аласың.         Мәдениет министрі Арыстан Мұхамедиұлы өзінің бір сұхбатында айтқандай, Димаштан кейін шетелдік продюсерлердің «алтын шыққан жерді белден қаз» принципімен қазақ әншілеріне назар тіге бастағаны да тегін болмаса керек.

Ең бастысы, Авгейдің азбарын – танымал ән саласын, көпшілікке арналған эстрада сахнасын көктемгі «алтын күрек» желпіп қана қоймай, жақсылап тұрып қоқысын бір сыпырып өткендей әсер бар. Қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов бір әңгімесінде ілгеріде өзіміз айтқан ауыл-үй өлеңшілерінің «рухани атасы» Қыдыралы деген қуаяқты былайша суреттейтін: «Қыдыралы десе Қыдыралы, ауылдан ауылға қыдырып жүріп өлең айтып қу құлқын тамағын асырайтын бір шолақ ақын бар еді. Аулыңа Қыдыралы келіп кетсе, дүниеде ақыннан жексұрын адам болмайтын шығар деп ойлап қалатынсың. Сұраншақ, беймаза, әдепсіз. Не салған әнінде, не айтқан өлеңінде он тиындық өң болмайтын. Қашанда күштіні мақтап, әлсіздің иығынан түспей езгілей беретін...». Сондай өлеңшілер – скоморохтар өзіміз әлі күнге дейін түшкірсе, рас-ау, деп отырған Ресейде де дүмеп тұр екен, жуырда белгілі әнші Дима Билан солардың қатарында тұрып ән айтқанды ар көріп, сахнаға шығу бойынша цензура енгізу жөнінде ұсыныс тастады. Аты өшкір сол сөзді қайта тірілтпей-ақ қояйық, ең мықты цензура – мықты үлгі және сондай үлгі-өрнекке, яғни сапалы музыкаға деген халықтың ықыласы ғой. Қазақтың дәл қазіргі қалпындағы тойы жуырмаңда жоғала қоймас, ал той жоғалмағасын той әншілері де бола береді. Мәселе мықты өнерпаздарымызды ұлықтау арқылы өздерін қол жетпес «жұлдыз» санап жүрген әлгі «қыдыралыларды» жерге түсіруде. Сонда олардың өзі-ақ сапалы музыка, тәуір әнге бет бұра бастайды. Қай саланың болсын өкілінің ішінде әлдеқандай себептермен ашылмай кететін мүмкіндіктер болады, сол сияқты «өлеңшілердің» де көкірегінде бағы ашылмай, сәті түспей жүрген, айтылмаған, шырқалмаған жақсы әндер, не сондай әндердің ызың-белгілері жатуы мүмкін. Гәп сол жақсының сыртқа шығуына қолайлы жағдай жасай білуде. Бүгінде бірқатар жұрт той-бизнестің көрнекті өкілі санайтын Қайрат Нұртастың өз басым ұнатып тыңдайтын «Жүрегіңнен бір орын бер» дейтін әні бар. Сол ән ютубта тоғыз айда 27 миллион мәрте тыңдалған. Осы ән, меніңше, талантына дау жоқ, бірақ «елі қалай болғасын, бөркі солай болып» кеткен Қайраттың бүкіл той-шығармашылығының әредік бір жерінде, перформанс сәтінде шығып кеткен, кеуде сарайында қыстығып жатқан шынайы, талантты дүниелердің бір кесегі ме деймін. Дүниеге келмей қалған бейкүнә шақалақ тәрізді мұндай шынайы шығармашылық әншіні ар-ұят сынына салуы тиіс, бірақ ол үшін өнер саласында қолайлы жағдай, қажетті атмосфера жасалуы керек. Ән түзелуі үшін тыңдаушы түзелуі керек. Талант бар жерде тәрбие де болуы керек. Бағыт берілуі керек. Біздің эстрадада қазірдің өзінде Димаштың неоклассикасының әсерімен сондай бір ахуалдың тағаны тартылып та қалды. Сол жаңа классикалық стильдің, дұрысы, классикалық дерлік сау талғамның арқасында жүздеген, мыңдаған адам нағыз өнердің ұмытылуға айналған түпқазық миссиясы – биік өредегі әсемдік әлеміне қайтып оралып келіп жатыр. Бұл қатарды Димаш бастаған ат төбеліндей топтың күшімен молайту қиын. Іске аттың түгіндей эстрада орындаушылар түгел тартылуы керек. Егер әр талантты әншінің соңында 50-100 мың талғампаз тыңдаушы тұрады деп есептеп, осы сипырды әлгі дарындарымыздың жалпы санына көбейтсек, нағыз, тәуір музыканың қадіріне жететін тұтас армадаға ие болар едік. Екіншіден, бұл «ат түгі» үшін Ресейдегідей БАҚ-ты, радио-телевидениені, концерт алаңдарын басы бүтін монополияға айналдырмайтын, яғни вертикаль басқарылмайтын, Украинадағыдай еркін, эксперименттік ыңғайда көлбеу ыңғайластырылған ахуал жасалуы жөн. Музыкалық индустрияны осылайша іштей қайта құрудың арқасында Украинада бейресми түрде «укрпоп» деп аталып отырған жаңа эстрадалық бағыт пайда болып, ол шетелде, соның ішінде Батыста кәдімгідей кәделене бастады. Бүгінде қатарында MONATIK, Qvest Pistols,YUKO, Ната Жиженко, Женя Филатов, Юрий Бардаш сынды өзгеше бітімді орындаушылар бар «укрпоптың» негізгі «Океан Элꞌзы», «Бусмбокс», The Hardkiss үштігінің, бұдан да дәлірек айтсақ «Элꞌзаның» фронтмені Святослав Вакарчуктің күшімен қаланған. Бізде бұл міндет халықаралық деңгейдегі бірден-бір қазақ өнерпазы – Димаштың мойнына жауға салған жалғыздай артылып отыр. Иә, дәл осы әншінің ықпалымен біз қазір Украина жүзеге асырғандай интегративтік мәдениеттің қазақстандық моделін жасау қарсаңында тұрмыз, бұл – уақыт талабы, десе де ол істе бір комментатор (Мейрам Шотай) бейнелеп «ұлттың киімі» деп атаған Димаштың, ол талдап жасап отырған эксперименттік патенттелмеген саунд, әмбебап музыкалық тегтің алар орны бір төбе. Қазақ халқының болашағы қазақ тілінде болса, қазақ мәдениетінің болашағы оның интегративтік моделінің өміршеңдігінде. Ендеше жарғақ құлағы жастыққа тимей болашақтың осы тұғырының кесегін қалауға үлес қосып жүрген өнер иесін, айтыскер ақын күстәналап отырғандай, тек өзіне ғана қызмет ететін деу, білмей, байыбына бармай айтылған сөз. Димаш және оның өкшесін басып келе жатқан талантты шоғыр – «Димаш» тренді «онсыз да болмысы еуропаланып бара жатқан қазақты, қазақтың жастарын» жаман жаққа ілестірмейді, қайта әлем жасаған кәмелеттің тоқсан тоғыз кемшілігін танып, тоқсан тоғыз жетістігінен аулақ болуыдың ілкімді жолдарын іздестіреді. Қазақ жастары Димаш феноменіне ауаланып, бұзылып кетеді деп қорықпа, қорықсаң, өзің бір сынап барып әлденеге тоқтап қалған таза корейлік субмәдениеттің – кей-поптың ықпалындағы, 7-ден 20-ға дейінгі жастарымызды түгелге жуық соңына ертіп отырған «Найнти уандардан» қорыққын, Ринат жолдас! Осы орайда Kpop in KZ сайты қазақ жастары арасында жүргізген бір сауалнама қорытындысын назарыңызға ұсына кетейін: «Сіз корей тілін не үшін үйреніп жүрсіз?» деген сұраққа респонденттердің 15,4%-ы корей университетіне түсу үшін, 21%-ы корей сөздерін түсіну үшін, 20,9%-ы корей мәдениетін ұнататындығы үшін, 13,3%-ы корей әндері мен дорамаларын түсіну үшін, ал 29%-ы Кореяға барып тұру үшін деп жауап берген...

Димаш үлгі салып отырған интегративтік мәдениет моделінің прагматтық Батыстан бұрын рухани Шығыспен байланысы назар аударарлық. Бүкіл Орталық Азия бойынша халықаралық фан-қоғамдастығы бар жалғыз әншінің шығармашылығын модальдық Шығыс музыкасы шарбыдай шырмап жатыр. Мысалы, кейбір әндеріндегі Таяу Шығыс музыкасына тән мизрахи стилі. Сондай-ақ бірқыдыру сарапшылар Димаш өрнегін Fusion жанрының шығыс бұтағына жатқызады. Жалпы мамандардың айтуынша ортаазиялық өнерпаздар кеңестік орындау стандартының аясынан емін-еркін шығып кете алатын бірден-бір әншілер екен және сонымен бірге аймақ артистерінің кейінгі кезде Шығыс бойынша алдымен Азия құрлығына ден қоюы күшейіп келеді. Осы тұрғыдан келгенде Димаш ТМД азиялықтары ғана емес, жалпы күнбатыс шығыс елдері бойынша оңтүстік-шығыс Азияға бірінші болып терезе ашты деп нық сеніммен айтуға болады. Ол 2014 жылы Азия-Тынық мұхит хабар тарату одағы Ыстамбұлда өткізген ABU TV song фестивалінде он екі елден келген әншілердің арасында «Дайдидауды» және белгілі түрік әншісі Селда Багжан репертуарынан түріктің «Гези баглари» әнін орындап көзге түсті. 2014 жылы Ысық-Көл жағасында өткен «Мейкен Азия» (Кең-байтақ Азия») халықаралық конкурсында (отыздан аса азиялық елден әнші келді) топ жарған еді және сол алқалы шара кезінде гала-концертті жүргізіп тұрған қырғыз қызы: «Димашты бүкілғаламдық атақ-даңқ күтіп тұр!» - деп көлдің басын жаңғырықтырғаны бар-ды. Ауызына құдай салған екен, екі жыл аралатып Димаш айлапат Азияның қай жеріне барса да стадионды лық толтырып тыңдарман жинай алатын дәрежеге жетісті. Басқа емес, арқасын елге тірегендей шығыстық, азиялық модаль музыка стилімен ән шырқауының және азиялық чемпиондарға тән мінез-құлқының, төзімділігінің, ерік-жігерінің, шыныққандығының, тәрбиелілігінің арқасында да соншалық атақ-даңққа бөленіп отыр. Бір заманда Азияны Еуразиямен қосып толық қамтуды алғашқы глобалист пассионарлар – ұлы қаған Шыңғысхан мен жеті жұлдыздың әміршісі Әмір Темір мұрат тұтқан еді. Қажымұқан да кезінде «Қара Иван» деген ныспымен Азия чемпионы атанған, яғни оған «Жапонияның, Кореяның және Манчжурияның чемпионы» деген атақ берілген. Қажекең осында, Солтүстік Манчжурияның хан қаласы Харбинде 1913 жылы жапон джиу-джитсуінің хас шебері Саракики Жиндофудың омыртқасын омырып, бас терісін сыпырып алған. Қазақ чемпионы әлемнің ең үлкен құрлығына – Азияға араға жүз төрт жыл салып оралды және бұл жолы Димаш болып келіп музыкамен тәйкесінен түсірді. Сонымен бірге біздің Азия мәдениеті, Азия музыкасы жөніндегі түсінігімізді де айта қалғандай кеңейтті. Бұрын біз бұл құрлықтағы музыканы, эстраданы түріктің Тархан, иранның Гугуш, қырымлы татардың Джамала, қазанлы татардың Эльвира Гарифуллина, Дина Гарипова, әзербайжанның Сабина Бабаева, Элдар Қасымов, өзбектің Наргиз Закирова, Севара, чешеннің Шарип Умханов, дағыстанның Селим Алихаров, түркіменнің Анагөзел Гокинаева сияқты өнерпаздарымен ғана көзге елестететінбіз. Енді Димаштың арқасында дүниенің осы бөлігіне тиесілі Сем Адриан, Гүлден Ерген, Эмре Эджелен сынды әншілерді ашып отырмыз. Сол сияқты Қытайда Хан Хонг, Тан Джин, Коко Ли, Лаура Чанг, Ву Тонг, Тиа Рей, Джейсон Чжан, Хуа Чен тәріздес әншілер барын бұрын кім білген. Немесе Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде Со Хуянг, Марселито Помои, Шила Амсах, Тенгри, Азап Дивас, Тереза Карпио (Ду Ли Ша), Лаура Шенг, KZ Тандинган, «Лион» тобы құралыптас өзгеше бітімді артистер бар деп ойладық па?! Оны айтасыз, іргелес, қандас ШҰАР-да Арай, Жанат Әділхан дейтін тамаша әншілер барын енді біліп жатырмыз. Пугачёвалармен миымыз айналып қалған біздің талғам-танымымыз үшін бұл әйдік жаңалық болды және соның арқасында Азия жайындағы бұрынғы түсінігіміз түбегейлі өзгеріске ұшырады. Сөйтсек, Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азияда біз эстрада, фольклор, академиялық жанрлар деп мөр басып бөліп тастаған нәрселердің ара-жігі айқын білінбей жымдасып жатады екен де, соған сәйкес мұндағы көптеген эстрадалық орындаушылар үшін бірнеше вокалдық техниканы қатар қолдану немесе Марселито Помои секілді тенормен, баритонмен кезектестіріп шырқау, Со Хуянг құсап дауысын көкке шаншылтып айту әдеттегі жағдай көрінеді. Осы және өзге де себептерге және корейлік k-pop мәдениетінің, оның Psy (Пак Чэ Сан) сияқты көрнекті өкілдерінің арқасында азиялық музыка «корей толқыны» болып әлемге тарап, тіпті алға суырылып шыға бастаған (сарапшылар соның ішінде біздің Q-pop – qazaq pop стилін де осы корейлік кей-поп арнасындағы жаңа бағытқа жатқызады). Әлбетте, бұл мәселенің бір жағы ғана шығар, заманауи азиялық шоу-бизнестің әлемдік аренаға баспатөрелеп кіріп, оған өң бере бастауының корейлік поп-мәдениеттен басқа да түрткі себептері болуы мүмкін, соның ішінде қазір батыстық саунд жетер жеріне жетіп, енді даму қарқыны баяулай бастағанын, ал жас азиялық эстрада өнері керісінше кемеліне келіп, бойын бұла күш кернеп тұрғанын да ескеру жөн. Эстрада бойынша Азия Батыстың алдына түсе бастағанын Америкаға барған бір сапарында Димаш та айтқан-ды. Оны Димаш пен Данэлия қатысқан американдық The World's Best таланттар шоуы құрамының сексен пайызын азиялықтар құрағанынан да аңғардық. Иә, кезінде Пеле әлем жұртшылығына, соның ішінде ағылшындардың өздеріне де футболдың регби емес, үлкен өнер екендігін көрсетіп берді ғой, бірақ бұдан Англия – футболдың тарихи отаны деген ұғым жоғалып кеткен жоқ. Сол сияқты Батыста да музыкалық материал әлде де күшті, бірақ соны орындаудағы шеберлік таразысы азиялықтарға қарай ауа бастағаны анық. Әрбердесін Димаш та бүгінгі тұғырына алдымен сол батыстық хит әндерді алғашқы орындаушыларынан да асырып, тамаша кавер-нұсқалар жасау арқылы көтерілді ғой. Сол тұғырды жуырда galiya1928 дейтін комментатор былайша сипаттайды: «Корейская певица Со Хуянг на данный момент является лучшей певицей в мире, и Димашу, как азиатскому певцу, отводят место рядом с ней, называя её королевой, а его королём современного пения в мире».

Қалай болғанда да Азияға келіп, өзі үшін мүлде тосын музыкалық әсерлерді кезіктірген Димашты қазірдің өзінде Азия құрлығының ән королі деп атауға болады және қазақ әншісі өз өнерімен, бір қырғыз күйермені жазғандай, «Азияны дуйного танытты». Осы орайда қытайлық маман Фу Линнің бір пікірін келтіру жөн. Оның айтуынша, Димаштың ән салу техникасын «адам мүмкіндігінен тыс техника» деп мойындау керек және Батыста мұндай әлемдік сәнге айналатын бағыттарды әдетте Уитни Хьюстон, Мерайя Кэри, Бейонсе деңгейіндегі мегажұлдыздар жасайды, ал Азия құрлығында сондай бірінші болу бақыты Димашқа бұйырып тұр. Және де бұл жаңа музыкалық бағыт әлемдік өң алып кетуі әбден мүмкін.

Бірақ амбициясы аспан тіреген ақ адам осы шындықты мойындай ма десейші алдымен. «Өзім де бір Нострадимуспын ғой» деп қояйыншы, бұдан бірқатар уақыт бұрын бельгиялық атақты әнші Лара Фабианның шығармашылық жолын саралай келіп, әсіресе оны Америка жеті жыл бойы өз ән нарығына кіргізбей, ақыры Селин Диондардың дүмпуімен еліне – Еуропаға қайтарып жібергеніне, сол сияқты белгілі молдаван әншісі Дан Балан да мұхиттың арғы жағында бір жыл болып қайтып келгеніне қарап, Жаңа дүние біздің «азиялық» Димашқа да сондай бір тәсіл қолданып қалуы мүмкін-ау деп жорамалдаған едік, американдық Ranker порталы 2019 жылдың басында өткізген әлемнің үздік жүз әншісін анықтайтын онлайн дауыс беру басталған 16-қаңтар күні 35-орында тұрған Димаш ертесіне, бұл уақытта құлақтанып үлгерген Deaps-тардың іске қосылуымен 104 мыңнан аса лайк жинап, ішінде Меркьюри, Майкл Джексон, Уитни Хьюстон бар алғашқы үштіктің да алдына шықты. 18-қаңтарға қараған түні Димашқа берілген дауыс саны 113 мыңнан асқанда кенет лайктар мен дизлайктардың орнын ауыстырып жіберу арқылы қазақ әншісі 369-шы орынға сырғыды (Лара Фабиан 366-орында). Кейбір коммент иелерінің жазуынша, бұл – қолдан ұйымдастырып ұпай жинауды болдырмаудың амалы, яғни бір елден лайк басу саны күрт көбейіп кеткен жағдайда компьютерлік программа мұны автоматты түрде әділетсіз ойын деп танып, лайк пен дизлайктың орнын ауыстырады екен. Бұл жерде шынында да бір ғана елден – миллиардтық Қытайдан Димаш үшін берілген дауыстың өте көптігі компьютерлік жүйені іске қосқан тәрізді, бірақ жер шарының түкпір-түкпірінен дауыс берулер де болды ғой, компьютер ондайды есепке ала алмайтыны белгілі, бірақ осы жерде ұйымдастырушылар өздерінің программаланбаған ақыл-ойларын, қарапайым логикасын іске қосып, әлемнің Қытайдан да басқа ондаған елінен бір мезгілде берілген мыңдаған дауысты ұйымдастыру Димаш түгіл ЦРУ-дің өзінің қолынан келмейтінін есепке алса, кәне. Ең ғажабы, Ранкер өткізген дауыс беру бір әншіге бүкіл әлемнің бұлайша ынтасының құлауы бұрын эстрадатарихында болмағанын, мұндай жағдай жансыз компьютер былай тұрсын, ақыл-ойы кемел американдардың өзінің ойлау қалыбына сыймағанын көрсетті. Онымен қоймай, портал себебін айтпастан дәл Димашқа лайк басуды тоқтатып тастады. Димаштың бірқатар фанаттары жазғандай, ұяттан үш күн бұрын туған қолтығы сасық әлдеқандай бір сайттың ресми емес, балдыр-батпақ рейтингіне бола тонды отқа тастаудың қажеті де жоқ шығар, дегенмен, осының өзі Батыс пен Азия арасында көрінеу сауда соғысымен қосамжар көмес зертшіл ақыл және руханият жарысы да жүріп жатқанын, осы өреде АҚШ өз нарығына ағылшын саксондар мен афроамерикан орындаушылардан басқа, өзге нәсілден шыққан, әсіресе түбі ТМД-лық әншілерді өлсе де кіргізгісі келмейтінін тап-таза көрсетіп берді. Осы ыңғай The World's Best реалити шоуы кезінде де байқалды. Мәселен, аталмыш конкурста даусыз үміткер ретінде қарқынды промо жүргізілген филиппиндік үш баладан тұратын TNT.BOYS тобының вокал шеберлігін осы жастағы балалар үшін ортадан жоғары деп бағалауға болады, ал ондайлар әлемнің кез келген елінде, мысалы, ТМД елдерінде толып жатыр. Ал американдар таңданбасқа таңданатын халық екен. Олардың музыкалық талғам теңгейін осының өзі-ақ көрсетіп тұрған жоқ па?!

Уақыты келгенде қазақ әні Димаш арқылы әлемнің бұл бөлігін де бағындырады, иншалла. Оған еш күмән жоқ, себебі ол қазірдің өзінде иткөйлегіне сыймай тұр, екіншіден әншінің ең мықты фан-қоғамдастығының бірі сол елде орналасқан. Әзірге Димашымыз 7, 6 млрд. әлем халқының 4, 5 млрд. бөлігін құрап отырған Азияның ән падишасы және осының өзі қазақ үшін аз мерей емес. Бұл атақ Димашқа 2017 жылы Шанхайда өткен Top Chinese Music Awards сыйлығының «Азиядағы ең танымал әнші» номинациясы жүлдесін тапсыру арқылы ресми бекітілгенін айту жөн. Сыйлық Қытайдың ғана емес, бүкіл Азияның Грэмми сыйлығы деп саналады. Осының өзі Қытай мәдениет бойынша да Азия құрлығының орталығына айналғанын білдіреді және бұл ретте Димаштың Азияға, одан әрі дүние жүзіне танылуы дәл осы Қытай Халық Республикасы арқылы ғана мүмкін болғаны – шыққан күндей шындық. Күлесің бе, жылайсың ба, қалай еткенде де бұлтартпайтын ақиқат.

(Жалғасы бар)

Мақсат Тәж-Мұрат

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2063