Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Өнер 5904 20 пікір 5 Сәуір, 2019 сағат 09:13

Орынсыз сөз қан қыздырады

Бүгінде әлемдік дәрежедегі алғашқы қазақ әншісі атанып жүрген Димаш Құдайбергеннің халықаралық деңгейге көтерілгеніне екі жылдан артық уақыт өтсе де, ол туралы ақын Оңайгүл Тұржанованың кітапшасынан басқа тереңнен қузаған тиянақты дүние, тіпті Қазақстан көлемінде музыкатанушылық мақала жазыла қойған жоқ. Эссеист жазушы Мақсат Тәж-Мұрат осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында «Димаш. Когда жаждут крика» атты кітап жазып бітірді. Біз оқырман назарына сол кітаптың қазақ тіліне аударылған «Жер әлемді шарлаған қазақ әні» дейтін тарауын ұсынуды жалғастырамыз. 

(Жалғасы. Басы мына сілтемелерде: «Бағы бармен таласпа»Теңіз түптен тебіренеді,Димаштың дауысы және әлемнің 47 еліндегі бейтаныс таныстар), Димаштың динамикалық консерватизмі, «Қыр баласы қол созады аспанға», Димаш және қазақ мәдениетінің интегративтік моделі, Таудай талаптан – бармақтай бақ...

«Қисын қайда?» деген сұраққа «басты шешен» өзінің «Димаш – үлкен қару» тезисімен жауап берген болады. Яғни ол «Қытай біздің баланы бізге қарсы пайдаланатынын», қалың қытай Димашты қалқан етіп жаппай қазақша үйреніп, сол арқылы жыланбауырлап жылжи отырып қазақ жеріне кіріп алатынын сонау 2013 жылы, «Саз әлемі» конкурсында жюри болып отырғанда-ақ «бал ашып» білген екен, солай болғандықтан да «Саз әлемінде» жүргенде «оны бір адам сол жаққа сүйремеген» екен. Осы жерде оның өзінде жоқ логикаға салсақ, Ринат, оған қоса Бағым мен Сұлтана сол кезде-ақ уақиғалардың енді төрт жылдан кейін дәл сондай ыңғайда өрбитінін, яғни Димашты Қытай өздеріне алып кететінін асқан «нострадамустықпен» сезіп, әдейі жоғары балл бермей қойған екен де, сол арқылы әлгі жюриге астыртын кіріп алып, Димашты жақтау арқылы «қытайлық» саясат жүргізгісі келген» алматылық Шаһизада Байбатшаева, «Ақтауда жүріп, Қытайдың ақшасына әдейі қазақша үйреніп алған» тағы бір жюри мүшесі Игорь жолын кесіп, жымысқы ойларын жүзеге асыртпай тастаған болып шығады. Неткен сұңғылалық десейші!? Мынадан кейін айтысмэннің «шыңғырып» шындық айтқан дауысына салып, «Оу, қазағым, қытайлық жансыз Димашқа мұздан ескерткіш тұрғызғанша, Ринат, Бағым, Сұлтана үшеуіне Көктөбеден қола мүсін салмайсыңдар ма?!» деп «шыңғырғың» келіп кетеді екен.

Хош, Қытай Димаштай жойқын талантты пайдаланып, қазаққа қарсы үлкен саяси жоба әзірлеп жатыр екен дейік. Жуырда осыған жақын ойды желі пайдаланушы бір американ да жазыпты. Айтуынша, енді Димаш Путиннің «құпия қаруы» екен, яғни оның тасасынан Кремльдің құлағы үрпиіп көрініп тұрулы. Себебі, Қазақстан Ресейдің одақтасы. Және жоғарыдағы Ранкердің қылығын ескерсек, АҚШ-тың біраз адамы осыдан кеп «екібеткей стандарттағы», яғни Ринаттар айтатындай біресе Қытайдың, енді бірде американдар айтатындай Ресейдің неоимпериялық саясатына «қызмет етуші» Димаштан сақтанатындай сыңай танытады. Бес жасынан өлеңнің соңында жүрген жап-жас жігітті сонда МҚМ мен ФСБ ірі калибрлі ықпал агенті дәрежесіне жеткізіп қай уақытта даярлап үлгерді екен десейші. Осы қисынсыз қисынға салсақ, Қытай кезінде Витасқа да саясатпен табынған яки өздеріне Лубянка даярлап жіберген суперагентті дер кезінде танып қалып, өтірік баурап, орыстардың өздеріне қарсы қарғаша қып салған болып шығады. Сингер жобасына 2013 жылы қатысқан малай қызы Шила Амсахты Малайзияға, 2018 жылы өнер көрсеткен брит-поп жұлдызы Джесси Джейді Ұлыбританияға, 2019 жылы қатысқан Кристиан Косовтай баланы Болгарияға, ал Полина Гагаринаны Ресейге қарсы өз оңтайына алып, әлгі елдердің құпия «операцияларын» болдырмай тастап отыр екен да. Осылардың, оған қоса «Димаш» арнаулы жобасының арқасында Қытай экономикалық жағынан айтарлықтай өсіп, керісінше Ресей мен Қазақстанның экономикасы тұралап отыр екен. Осыны көріп отырған ЦРУ қайтеді, әрине, Ранкер сияқты жалдаптары арқылы Димашты тұқыртып, АҚШ-қа әнімен кіргізбеудің бүкіл шарасын алып отыр екен да. Ғажап жаңалық, тек осы қарадүрсін қисынды-қисынсыз ойлау жүйесінде оны көпе-көрінеу жоққа шығаратын, Лара Фабианға, Дан Баландарға байланысты бір кәкір болмаса. Жарайды, американ алигаторы орыстың аюынан, қытайдың айдаһарынан сескеніп Димаштай таланттың өздеріндегі өрісін тарылтты екен дейік, бірақ өздерімен нәсілдес, өркениеттес, яғни бір «евроамерикандық цивилизацияға» жататын бельгиялық Лараның (мейлі, оны Франция жіберсін дейік), Румын Данның (ойбай-ау, оның әкесі Молдованың қауіпсіздігіне жауап береді ғой) АҚШ-та тұмсығын тасқа тигізіп, сахна бермей қоюына жол болсын. Сол сияқты Қытайда он миллионның үстіне шығып отырған Димаштың фан-қоғамдастығын диар деген атпен ұйымдастырып, оларды әнші барған жер шарының түкпір-түкпіріне жіберіп, соның ішінде Бейжіңнен Лондонға дейін 19 сағат ұшуын қамтамасыз ету үшін Қытай өкіметі қаншама мемлекеттік органды жұмылдырып, қаншама квазимемлекеттік ұйым құруы керек екендігін ойлап көрдіңіздер ме, шешендер?! Қазақтың домбырасын үйренуді мектептердегі музыка сабағы бағдарламасына өкіметтің пәтімен енгізуге болар, бірақ сан мыңдаған жастардың қолына домбыраны ұстатып қойып жарлық шашумен өздеріне мүлдем бейтаныс бұл музыкалық аспапты үйренуге тып етіп отырғызады деп ойлау миға қаншалықты сыйымды?! Миллиондаған диарсты, оның сыртындағы еркін фандарды, олардан басқа миллиондаған Димаш өнеріне ілтипат білдірушілерді қосқанда осыншама халықты бір әншінің төңірегіне жұмған жұдырықтай топтастыру үшін қомақты қаржы, қуатты әкімшілік ресурстарды айтпағанда, көпті аударып әкететін күшті, өте күшті идеология қажет. Ал ондай идеологияны өмірінің қай саласы болсын әртараптанып, соның ішінде нарық әсерімен демократияланып үлгерген елде ұлы жуңгоның тасшайнар «товагищтерінің» өзі талдап жасап және жүзеге асырып бере алмас еді. Ендеше Қытай өзінің тісін жасырып, тілін көрсеткен жымысқы саясатына қаршадай Димашты пайдаланып отыр деген сөзді естігенде не жыларыңды, не күлеріңді білмейсің.

Жоқ, Димаш төңірегіндегі бүгінгідей дау-дабыра жер шары халықтарының қазақ әншісіне сүйіспеншілігі дейтін шынайы да алғаусыз идеологиялық дүмпумен өздігінен жүріп жатыр. Себебі, фандардың Димашқа деген махаббаты шексіз және ол сыртқа шықпай, ақтарылмай тұра алмайды. Себебі, өнер мен саясатты бір-біріне қатыстырмайтын, өнерді бірінші орынға қоятын елдер бар, Қытай соның біреуі, бірақ бұл жағынан айырым ерекшелігі де бар ел. Тарихы бес мың жылға кететін бұл мемлекеттің билік бұйдасын ұстап отырғандар руханиятын кәделейтін, соған сай рухы биік халық қана жай қай жағынан келсе де алдырмайтынын жақсы біледі, яғни бұл төбе топ сол дәстүр бойынша тәрбиеленіп, үйретіледі. Соның ішінде музыкаға ерекше мән беріледі: Қытай билігі мен элитасы ұстанатын Кун Фу Цзы доктринасы бойынша музыка, саз өнері мемлекеттік құрылыстың маңызды бір саласы болып саналады. Соған сай Қытайда балаға мектеп жасынан музыкалық тәрбие беру жолға қойылған, ол бойынша әрбір оқушы мектептен музыкалық минимум білім алып шығуға, яғни сольфеджиодан, нотадан сауат ашуға міндетті, және бір ескерерлігі, бұл елде баланы музыкаға күрделі классикалық шығармалар арқылы емес, баланың қабылдауына жеңіл фильм саундтректері, анимациялық музыка көмегімен бастықтырады (ал бізде әлі кеңес тұсындағыдай «урок пения – урок балдения»). Сөйтіп мәдениет әсте-әсте ел өмірінің қай саласының да, соның ішінде саясаттың да негізіне, тағанына айналады. Бірақ не нәрседен де пайда көретін бес мың жылдық өркениет сауда-саттықты, мәдениетті және саясатты тоғыстырып, бірге жүргізіп отырады. Қытай жетістіктерімен қатар өз проблемалары да бар, қуаныш-сүйінішімен қайғы-мұңы қоса қабат жүретін өзіміз сияқты «нормальный» ел, әлемнің көптеген елдеріндегідей онда да халыққа баспана жетіспейді, – Бейжіңнің өзінде ғана төрт миллиондай адам үйсіз-күйсіз қаңғыбас өмір кешуде, – қала мен ауылдағы табыс мөлшерінің едәуір айырмашылығынан әлеуметтік теңсіздік күшейген, ел ұлттық апат дерлік жемқорлықтан арыла алмай келеді, жағдай осылай болып тұрғанда шенеуніктерінің жалпы азиялықтарға тән грандоманиямен ауаланып кететіні де бар, мысалы, қарайған ақша жұмсап әлемдегі ең ұзын Гонконг – Чжухай – Макао теңіз көпірін салу жай халықтың орынды ашу-ызасын туғызды. Солай болса-дағы Шанхайдағы 101 қабаттық SWFC (Shanghai World Financial Centre) ғимараты, Бейжіңдегі Олимпиядалық ойындарға арнап салынған «Су текше», «Құс ұясы» секілді футуристік ғимараттар, Қытайдың атақты магниттік левитациялық пойыздары және жуырда жұртшылық назарына ұсынылған әлемдегі ең үздік Byton электркар үлгісі бес мың жылдық өркениет осыншама уақыт бойы халықтың ішкі дәт-қуатының пәрменділігімен, адам айтқысыз еңбекқорлығымен ғана емес, белгілі бір дәрежеде өнерді саясаттандыру, саясатқа эстетикалық өң беру арқылы да сақталып тұруы мүмкін-ау дегізерлік. Қазірде біз соңғы жылдардағы Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық қарым-қатынас екі елдің арасына мәдени көпір болып та тартылды дегендіол қажет еткеннен де жиі айтып-жазатын болдық, осы орайда бұл іске Димаштың үлесін де қоса кетуді ұмытпаймыз. Объективті түрде солайы сола, дегенмен қазақ халқының ғана емес, өзге халықтардың да талап-тілегін білдермесе Димаш бүгінгі Димаш болмас еді. Ол жалпы алғанда бүкіл адамзаттың көрінеу және көмес арман-аңсарының, мақсат-мұратының мәйегі, бірақ нақты алғанда әнші өз өнері арқылы алдымен көрші қонған екі халықтың – қазақтың және ханзудың мәдени интеграциясының өрісін кеңейте бастағанын ескеру жөн. Бұл үдеріс іштей тілдік және әліпбилік айырмашылықтардан, мәдени аралас-құраластығының аздығынан ақпараттық периферияда қалған екі халықты жақындастыруды көздесе, кең көлемде алғанда екі халықты да әлемнің бұрын таңсық болып келген күре мәдени жолына түсіруге бағдарланған. Бүгінде әлемде нәсілдік, конфессиялық айқындамаларкейін сырғып, адам бірін-бірі басқа белгі-қасиеттер бойынша бағалайтын болды. Димаш өз өнерімен және жеке басының сапалық қасиеттерімен, осы дүниежүзілік трендті бедерлей көрсетіп отыр, бұл ретте, оның өнері топтастыра бастаған әлемнің саналы, көзі қарақты бөлігі әншіні peacemaker (әлемдік бітістіруші) атай бастағаны тегін болмаса керек. Ең қызығы, қытайлар да әншінің әлемдік турнесін «Ди Династия» деп атады, – ханзудың тарихи кезеңдерімен ұқсастырудан шыққан бұл тіркестің мәні «Димаштың әмірлік ету уақыты келді» дегенді білдіреді. Ханзу халқына тән осынау романтикалық ауан, мессиялық көңіл-күйдің табын белгілі «Бір белдеу – бір жол» жобасы аясында жүргізіліп жатқан «Экономикалық Жібек жолы» жосығынан да аңғаруға болар еді. Бүгінде ҚХР-де мәдениетке қатысты нәрсенің бәрі бұрын болмаған белсенділікке ие, соның ішінде мәдени мұраның күллісі қалпына келтіріліп жатыр. Ұлы Жібек жолының бойындағы мәдени мұраны сақтауға қойып, зерттеп, жаңғырту, одан әрі туризмге пайдалану ісі де осы қатарға кіреді. Бұл іске ҚХР жағы саяси мақсат беріп отыр, яғни сол арқылы өздерінің жымысқы экспансиялық саясатын жүргізуде деп келетін ойжорулар айтылудайын айтылып жүр, бірақ соның көпшілігі Қытаймен бәсекелес Батыс саяси «жұлдызшыларының» қолдарынан шығып жатқанын ескеруіміз керек. Осы орайда жоба сауда-саттық жағынан да, мәдени жағынан да халықаралық ұйымдардың белсене қатысуымен қолға алынып жатқаны назардан қақас қала береді. «Жібек жолының» Қытай, Қазақстан және Қырғызстан аралығындағы Тянь-Шань дәлізі ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени мұра репрезентативтік тізіміне енгізілген. Жобаны негізгі жүзеге асырушылардың бірі – ИКОМОС-тың Халықаралық сақтауға қою орталығы. Чаньань – Тянь-Шань дәлізі бойында орналасқан отыз үш тарихи-мәдени ескерткіштің 22-сі Қытайдың, 8-і Қазақстанның және 3-і Қырғызстанның аумағында. Демек, 2018 жылғы желтоқсанда Шанхайда Димаштың «Жібек Жолының мәдени елшісі» атануы Қытай жағының ғана шешімімен емес, БҰҰ жанындағы беделді халықаралық ұйымдардың құптауымен қабылданған шешім деу жөн. Кез келген нәрседен саясат іздей берсек күлкіге қаламыз, ағайын.

«Жібек жолы» сияқты Қытай үшін мәдени маңызы айрықша жобалардың батыс бетке тартылуының өзіндік астары да жоқ емес. Мұның өзі ҚХР идеологиясы елдің шығысынан – Оңтүстік Кореядан, Жапониядан, соларды көпір етіп отырған АҚШ-тың «жүнді барақ» қолы арқылы келіп жатқан мәдени экспансиядан кәдімгідей қауіптенетіндігін көрсетеді. ҚХР-де осы мақсатта «Алтын қалқан» дейтін мемлекеттік бағдарлама жасалған. Dina Akhmet дейтін мәліметі мол желі пайдаланушының жазуынша, Қытайдың ақпарат құралдары Димашқа қытай жастарын Корея мәдениетінен бет бұрғызып, бет-бейнеге емес, ән салу шеберлігіне, адами ішкі дүниеге көңіл аударуды басым етіп, зор ықпал жасап отырғаны үшін де дән риза екен. Шынында да корейлік кей-поп бізге кью-поп болып кіріп алғаны сияқты си-поп деген атпен қытай жастарын да меңдеген. Оның Лу Хань дейтін өкілі Қытайда ең танымал әншілердің бірінен саналады. Ал корейлік k-pop асыл түбінде заманауи американ жастар мәдениеті hip hop-тың бір бөлігі болып табылады және қазірде k-pop топтары әлем бойынша фанаттарының саны жағынан Гиннес рекордтар кітабына енген, мысалы PSY тобының бір клип-әнін бір жылда екі миллиард жас қараған. K-pop Оңтүстік Кореяның мемлекеттік мәдени саясатының құрамдас бөлігі, яғни ол ұраны «бірінші болу өнері» болып отырған корей жастары субмәдениетіне негізделген жалпыұлттық халлю («корей толқыны») жобасының ажырағысыз бөлшегі ретінде ұлттық игілік деп жарияланған. Халлю бүгінде бізді қойып, Солтүстік Американың өзіне еніп алды. Ондағылар бұл корейлік алапат дауылға қарсы еш қайран қыла алмай отырса, алпауыт Қытай басқа бағыттағы, яғни рухани мегажұлдыздарды тауып, соларды қарсы қалқан етіп қою жөнінде шешімге келген. Бірақ өздерінде әлгі алапатқа дес берерлік сондай алапат әнші яки музыкалық стиль болмаған. Осы сын сәтте елге әлдеқалай Димаш келе қалған да, қытай мамандары, Фу Лин айтқандай, өздерінің музыка дүниесінен мұндай жоғары техниканы жасауға таба алмай отырған қажет ресурстарды қазақ әншісінің бойынан тапқан. Сұрақ туады: «ел қамын ойлаған Едігелер» – Ринаттар сол 2013 жылы осы қытай мамандары сияқты Димаштың бойынан біздегі Найнти уандерге қарсы қоярлық қажетті ресурстарды неге көрмеді, көрмек тұрғай, өздерінің сантехник сияқты доғал, ожар сөздерімен жас әншіні шетке қағып, Қытайға кетуге неге мәжбүрледі? Қытай ақыры Димаштың арқасында өздерінен «қажетті ресурстарды» тапты да ғой: Hunan TV өткізіп жүрген кейінгі реалити шоу бағдарламалар, әсіресе соңғы «Супер вокал» байқауы қытай әншілерінің жас толқыны жалпы алғанда неоклассикаға, соның ішінде операпопқа шындап бет бұрғанын көрсетіп берді. Сан енді ғана сапаға ауыса бастаған сияқты.

Осы біз келтірген фактілер Димаштың Қытайдағы өнер жолынан саяси қаңқа іздеу өнімсіз шаруа екендігіне турашы. Мұндағы саясат – ұзаса сауда мен мәдениетті елдің әлемдік өредегі ұзақмерзімдік геосаясатымен қойындастыру. Геосаясат идеология яки экспансия емес, біздегі озық отыз елдің қатарына кіру сияқты елдің алдағы, перспективадағы тыныс-тіршілігіне жол ашатын экономикалық кеңістік, өріс іздеу. Дәл сол сияқты Ринат Зайытов Димашты «микрофоныңды жерге тастай сап, неге қарсы шықпайсың?!» деп кінәлап отырған Шыңжаң қазақтарының мәселесі де кеңірек көлемде алып қарауды тілейді. Басын бірден ашып айта кетейік, екі жақтан да – Қытай жағынан да, Қазақстан жағынан да нақты, жан-жақты ресми мәліметтердің аздығы және оралмандар арқылы жетіп жатқан ақпараттардың ала-құлалығы бізге бұл мәселе жөнінде толымды да объективті пікір қорытуға мүмкіндік бермейді. Бір мәліметкөздерге қарасаң, өлкеде саяси индоктринация, сол арқылы жаппай қытайластыру саясаты жүріп жатыр, енді бір пікір айтушылар уақиғаларды этноцидке, тіпті геноцидке апарып тірейді. Осы орайда «азап шегіп түрмеде жатқан», «концлагерлерде жатқан» яки «оқшаулау лагерьлерінде» отырған жүз мың, жарты миллион, жеті жүз мың, тіпті миллионның үстінде қазақ бары айтылады. Шетелдік құқық қорғаушылар әлгіндей оқшаулау орындарын Қытайдағы аз халықтарға арнап құрылған «саяси қайта тәрбиелеу лагерьлері» десе, қытай өкіметі халықты жаңа мамандықтарға үйрететін «ерікті кәсіби білім беру орталықтары» деп атайды. Сондай лагерь-орталықтарда отырып шыққан кейбіреулердің сөз сылайы онда берілетін тәрбиені адамның өз мәдениетінен, діни көзқарастарынан бас тартуға үгіттеу дегенге сайса, енді бірқатары ондай орталықтарда екі ай болғандарында қытай иероглифімен жазу оқытылғанын, сосын елдегі 126 дін мен конфессияның орнына бір дінді ұстануға ыңғайлау талабы байқалғанын айтады.

Бұған қарағанда Қытайда соңғы бір жылдың көлемінде ұлтшыл сепаратизмге, діни экстремизмге тосқауыл қою арқылы мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, бір кезде Кеңес Одағында болғанындай, елде жан саны 95%-ды хань халқының маңайына топтасқан, мемлекеттік тіл — путунхуаны қолданатын біртұтас этникалық қауымдастық жасау саясаты басталған сияқты. Осы орайда жергілікті атқару органдары тарапынан асыра сілтеу де болмай тұрмаған. Егер жағдай дәл осылай болса, бұл саясаттың индоктринация аталуы негізінен дұрыс. Бұл жердегі мәселе индоктринация қай түрде – халықтың өз тілегімен бе, әлде тілегіне қарсы жүргізіліп отыр ма дегенге кеп тіреледі. ҚХР Конституция бойынша көп ұлтты, бірақ унитарлық ел, яғни онда жеткілікті түрде орталықсыздандыру және аз халықтарға ұлттық-жерлік автономия беру қарастырылған, алайда ШҰАР-дағы белгілі «ұйғыр проблемасынан» кейін әлсін-әлсін өршіп тұрған сепаратизм, Батыстың соны желеу етіп, елдің ішкі істеріне араласқысы келе беретіні, жалпы халық санының көптігі ҚХР-дің көп ұлтты, бірақ жалғыз заңдылыққа бағынған, ортақ бір тілде сөйлейтін, ортақ нанымдағы унитарлық негізін күшейту талабына әкеп отырғандай. Оның ішінде алфавит мәселесі де бар: елде ортақ путунхуа әліпбиі, сол негізде сөйлеу тілі жасалғанына біраз уақыт, бірақ жаңа алфавит бірқатар аймақтарда өрге баспай отыр, сондықтан мұнда екі қытайдың бір-бірімен қағаз-қалам көмегімен тілдесуі сияқты қызық көріністер де орын алып отырады. Мұсылман жікшілдігіне келсек, ол Кеңес Одағы Шыңжаңдағы мұсылман халқының ұлт-азаттық қозғалысына дем берген 1930-шы жылдардың орта шенінен бастау алады, содан бері ханзу батыс шекарасына бүліктің басы дегендей сенімсіздікпен қарайды. Қолда бар ақпаратқа қарағанда, өкімет аз ұлттардың бір этникалық қауымдастық саясатын қабылдайтындарын қалдырып, көнбейтіндерін тарихи отандарына қайтаруға бекінген сияқты. Яғни, аралық жол жоқ, екі жақты азаматтыққа, соны пайдаланып екі ортада коммерция жүргізуге, болмаса жоғары зейнетақы алу үшін заңнан аттауға тыйым. Сондықтан да қылмыстық жауапқа тартуға болмағанымен, мемлекеттік тұрғысынан келгенде кім болса да болашағын, яғни қай елде түпкілікті қалатынын біржола айқындауы тиіс. Жоғарыдағы қайта тәрбиелеу орталықтарында осы мәселенің басы айқындалатын сияқты. Бұл жағынан әлгі орталықтар Еуропадағы босқындардың фильтрациялық лагерьлеріне ұқсап тұрады, оларда да негізінен босып келгендердің мұндағы мәдениетті, яғни мультикультурализмді қабылдайтындығы не қабылдамайтындығына көз жеткізіліп, содан кейін барып бір тоқтамға келеді ғой. Гәп осы істі қандай жағдайда, қандай тәсілдермен жүргізуде. Яғни ханзу халқының өзін біркелкілеуі, өз маңына басқаларды ұйыстыруы елдегі жалпы укладқа, хань жұртының менталитетіне байланысты Еуропадағыдай майдабике, шебер емес сияқты, тізеге салып кететін шешімталдыққа қытымыр тәртіпке көбірек бейім бе дейміз. Шетелдік құқық қорғаушылардың бұл орталықтарда кеңестік ГУЛАГ еңбекпен түзету жүйесінің элементтері бар деп ұлардай шулап жатқаны да содан болуы керек. Мұндай жағдайда, әрине, қандастарымыз «сүңгуір қайықты» тастап, бір жағына шығуы керек. Бәлкім Германиядағы түрік ағайындар сияқты бір отбасы екіге бөлінуі керек те шығар. Ата-бабалары жатқан, кіндік қаны тамған ата-жұртты қиып кету оңай емес, бірақ жағдай солай болып тұр. Қазаққа бір тудың астына жиналуды ойлайтын да кез келді. «Туған жер, төніп көрсем, ғажап екен, / Мекенді алған екен қазақ-екем!» деп бір кезде Сәбең — Сәбит Мұқанов жазғандай, бізде батыр бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімн алып беріп кеткен жер жетеді, тек көшіп келетін қандастарымызға құдай жергілікті шенеуніктердің қабағын оңдасын да.

Ал енді осы айтылғандарға Димаштың қандай қатысы бар деген масһалаға келейік.

Біріншіден, кейбір комментаторлар жазғандай, Қытайда аз ұлттарға саяси-экономикалық шарт қою 2017 жылғы наурыз-сәуір айларында басталған. Ал Димаш осы елдің продюсерлік компаниясымен келісімшартқа 2016 жылдың соңында, Singer-дің бастапқы кезінде-ақ отырды. Оның атағы дүрілдеп шыға бастағаннан қытайлар өздеріндегі қазақтарға құрметпен қарауға көшкенін сол кезде қандастарымыз айтып-жазды. Егер дәл ШҰАР мәселесінде қытай билігінің бүкіл қазаққа көзқарасы өзгерген болса, Димашқа да көзқарастары өзгерер еді ғой. Ондай байқалмайды, қайта қазақ әншісіне деген құрметтері күннен күнге артып барады. Демек, олар бұл мәселені Димашпен, тіпті жалпы Қазақстанмен байланыстырмайды. Қытай билігі үшін миллиарджарым халқын ортақ ныққа көшіру, соның көмегімен тәртіп тізгінін қытып ұстау — мемлекеттің ішкі шаруасы, оған халықтың сүйіктісі болғанымен басқа елдің азаматы саналатын өнерпаздың қатысы болмауы тиіс. Осыдан келіп Димаш сыншылар айтатындай «Осындай Қытайдың мемлекеттік арнасында ән салу ұлтты сүюге қайшы келеді» деп микрофонын лақтырып тастап дауыс көтере қалған жағдайда қытай жағы бір кезде «арзан, сапасыз тауар сатуларыңды қойсаңдаршы» деген біздің шенеуніктерді «ұнамаса, алмай-ақ қойыңдар» деп тоқтатқаны сияқты, «Тайға артқан қоржындай екі жаққа кезек бұлтыңдап жүру заңға қайшы, адамгершілікке де жатпайды, мархабат, қандастарың бір жағына шықсын» деген жауапты көлденең тарта қояры хақ. Мұндай уәжді жауапқа қарсы Димаш не дей алады?! Кейін Астанада өткізген брифингінде өзі айтқанындай, ол әсте де халықаралық дәрежедегі дипломат та, саясия тұлға да емес, бар болғаны әнші ғана ғой. Сонан соң әлгіндей қарсылық сөзді Қытайдың өзінен шыққан және жалпы ұлтын сүйетін белгілі қандастарымыз, мысалы боксшы Қанат Ислам, конькимен жүгіруден Қытай құрамасының мүшесі Дәстүр Тұрсынжан, әлемдік жекпе-жек өнерінің маңдайалды промоутері UFC-те Қытай атынан шығып жүрген Жұмабек Тұрсын тұрғанда неге Димаш қана айтуы тиіс?! Былғары қолғабын, коммерциясын, тіпті десе микрофонын атып ұруы тиіс басқалар да бар ғой. Әрбердесін сол Ринаттың өзі яки «Төле Ұрпақ» сияқты ним соңына жасырынған патриоттар жас жігітті интернет арқылы тасада отырып айдап салғанша, халықтар арасында алакөздікті қоздырғанша қырғыздың Замирбек Кочорбаевы сияқты неге өздері көшеге шығып, ақырып теңдік сұрамайды?!

Осыларды көріп отырып жалпы өнерді, соның ішінде ән өнерін қабылдау қаншалықты субъективті нәрсе екендігін түйсінгендей боласың. Орыстар Димаш арқылы қытай әндерін естіп, құлаққа жағымды, нәзік әуенді музыка екен деп жатыр, ал біздің қазақ бірдеңе болса «ата жауымыздың өлеңі» деп, найзасын оқталып, өре түрегеледі. Шынымен де қытай біз үздіксіз соғысқан қызылбас, қалмақ сияқты эпик ата жау ма, мәселенің осы жағын ашып алайықшы.

Деректерді қарасақ, тарих бетін ақтарсақ, жалпы Қытай тарихында, хань жұртында ұлы жиһангездер болмағанын байқаймыз. Дәлірегі болған, олар тіпті викингтер мен Колумбтан көп бұрын әрқайсысына екі жүз голланд каравелласы сыйып кететін кемелермен қазіргі Америка жеріне келіп-кетіп тұрған. Жер шарының түкпір-түкпірімен сауда-саттықты жолға қойған. Бірақ кейінірек елдің ақсақалдары мен ойшы адамдары ақылдаса келіп, халықтың жат әсерлерге ұшырап, тамырынан ажырап қалмауы үшін теңіз кешіп, қиыр асатын сапарларға шектеу салады. Екіншіден, ханзу ежелден дән пісіріп келе жатқан халық. Ал дәнді дақылдар, соның ішінде күріш дақылы зор еңбекпен күтіп-бапталып, өсіріледі. Енді осыншама тер төгілген алқапты тастап басқа жаққа кетуді ойлаудың өзі күпіршілік. Сондықтан хань жұртына алысқа шаппай, маңайындағы мөлдек жерді айналдыра беру әдет. Үшіншіден, ежелгі қытай өркениетінің бесігі — елдің орталық және оңтүстік бөлігі бұрын қуатты ғұн (қытайша — хунну) империясының қол астында болды. Ғұндардың ордасы осы өлкедегі жалпақ аққан Хуанхэ өзенінің бойында тұрған. Хуанхэ — ғұн тілінде Саймақ немесе Сарыөзен («Саймақтың Сарыөзені» дейтін көне күй де бар), түркіге сөзбе-сөз аударғанда — Құбакөл (алғаш Димаштың жұлдызы жанатын Чанша қаласы осы өзеннің бойында орналасқан). Ғұн дәуірінің табы екі жаққа ортақ «нан», «күй», «апа» деген сөздерден де байқалады. Не керек, осы тектес себептер хань халқының тарихи санасында өшпестей болып жатталып қалғандықтан ханзу Тәңірі тауының аржағында жатқан елдерге, яғни Орта Азияға көп жоламаған. Анда-санда шабуылдап қойып, олжа алып, Еренқабырғаларына қайтып кетіп отырған. Қытай мемлекеті Шығыс Түркістанды XVIII ғасырда ғана жаулап алды, өлкеге Шыңжаң (Жаңа өлке) уәлилігі мәртебесі 1884 жылы берілді. Осы аралықтағы жүз жылда әлемдегі сан жағынан ең көп және салыстырмалы түрде жақсы қаруланған Қытай әскері үш-ақ рет сұғына енген және бұлар қазақ даласына қашқан жоңғар тайшыларын ұстау мақсатында жасалған экспедициялық жорықтар еді. Сірә, осы жорықтар кезінде қазақтар хань жауынгерлерімен емес, сол кезеңдерде бүкіл хань халықтарын билеп тұрған, ханьдарға этникалық жағынан туыс, бірақ айырмашылықтары едәуір көшпелі жауынгер журжандар (жужандар) және моңғол тектес кидандар құрған мәнжулік, яғни солтүстік қытайлық тұңғыс текті Цин әулеті тұтымындағы мемлекеттің әскеріне жолығып, қақтығысып, қалған болуы. Оған бір дәлел — сондай шайқастардың бірі орын алған Баянауладағы жердің «Шүршіт-қырылған» аталатындығы. Қазақ журжанды «шүршіт», киданды «қытай», «қарақытай» деген (оның бір себебі, Шыңғысхан дәуірінің алдында кидандар журжандарден жеңіліп, бір бөлігі Орта Азияға қашқан), олардың өзі де Цин әскерінде көп болмаған, экспедициялық отрядтың негізін оңтүстік маңғұлдар, солондар, аздап халқа жұрты құраған тәрізді. Мәнжулік Цин империасы 1911 жылы Синхай төңкерісі нәтижесінде құлады, мемлекет бірнеше бөлікке бөлініп кетті, соның ішінде ханзулар мекендейтін ең үлкен бөлігі өз алдына ел болып тұрды. Қазақтар соңғы рет шүршіттерді 1918-1919 жылдардағы азамат соғысы кезінде, «Атаман Анненковтың паризан дивизиясы» құрамына Алаш полктерімен бірге кірген жалдамба Жеке Манчжур полкі қатарында көрді. Бұл дивизияның, соның ішінде мәнжу жасағының асқан қатыгездігін ақ гвардияшылардың өздері айта алмаған.

Осы мәліметтерден қазақ «қытай» деп бүгінде ҚХР-де титулды болып отырған хань жұрттарын емес, өздеріне «шүршіт» дейтін бұрмаланған атпен және «қытай» дейтін экзониммен мәлім болған мәнжу-тұңғыс халықтарын түсінгендігін көреміз. Алғаш Шығыс Түркістанды да жаулап алған ханьдар емес, осы солтүстік жұрты. Ханьдар 1949 жылы құрған ҚХР сол себептен де Цин (Мәнжу! Империасының тарихи мирасқоры бола алмайды, сондықтан ол бүгінде өзімен көрші мемлекеттерге аумақтық яки басқа да талаптар қоя алмайды деген пікір құлаққа кіреді. Бірақ қазіргі ұлттық субстанциясы күшті қазақ ойсанасы мұндай тарихи мәншураларды қабылдай алмайды, өйткені біз жан саны көп, қуатты елдермен көрші болуыдың өзін қатер деп қабылдайтын тарихи қорқыныш – «Қытай синдромынан» арыла алатын емеспіз. Осы тарихи архетип гоминдан мен Мао кезеңдерінде империалық Қытай саясатымен қоюлана түсіп, екі елдің арасында экономикалық қарым-қатынас қарқындаған соңғы жылдары таза синофобияға ұласып отыр. Осы себептермен ақпарат министрі Дәурен Абаев бір сұхбатында айтқандай, қазақ өз тарихи көршісін әлі күнге дұрыс-танып білмей отыр. Осы орайда Дәуреннің Қытайға бір барып келген қазақ өзінің миындағы синофобиялық стереотиптерді дереу сезінер еді деген пікірмен келісуге болады. Немесе бұл ел жайында сауатты жазылған мақала-кітаптарды оқысақ ойланар ма едік, қайтер едік. Өкінштісі, бізде қытайтану бойынша дүниелер жоқтың қасы ғой, бұл ретте тарихшы Хафизованың монографиясы мен синолог-дипломат Қасым-Жомарт Тоқаевтың жазбаларынан басқа тілге тиек болар ештеңе жоқ. Бізде Қытайды зерттейтін бір ғылыми орталық құру ұсынысы – әбден пісіп-жетілген ұсыныс. Олай болмаған жағдайда Интернеттің қазақтілді сегментінде қазақ мәселесі арқылы ұйғыр проблемасына әсер еткісі келетін үшінші бір күштің қолымен өршіп тұрған тренд – синофобияның отына ұлттық көңіл-күйді пайдаланып май құйып, қазақты алатайдай бүлдіру, екіге бөлу, жалғаса бермек. Соның ішінде бір кезде аболюционизм Мұхамед Әли мен Майкл Джексонды нәсілшіл алакөздікке итермелегені, орыс шовинизмі Игорь Тальковты саяси экстремизмге ұрындырғаны тәрізді, біздегі «нацпаттық» синофобия Димаштардың бойына саяси, әлеуметтік беймазалық ұрығын сіңіргісі келетін рәуіш танытады. Жоғарыдағы үш тұлғаның тағдыры немен аяқталғаны мәлім, сондықтан да халықтың саналы бөлігі бүгінде Димашты саясаттын бейтарап сақтау жағында. Ниет дұрыс қой. Десек те Димаш деңгейіндегі өнер иесін, соның ішінде оның шығармашылығын тарихтан тыс, тарихи категориядан бөлек қарастыра алмайсың. Себебі өнердің бір өлшемі өнер иесінің қоғамдағы әртүрлі жағдай мен көңіл-күйді таныта білу қабілетінен тұрады, мұны өнердің репрезентативтік (әдлеуметтік) атқарымы дейміз. Әрине, жалпы музыка, соның ішінде Димаштың әндері әлемді соғыс тажалынан аман сақтап қалады деп айта алмаймыз. Бірақ ол әлемде болып жатқан уақиғаларға, сондай-ақ саясатқа да белгілі бір дәрежеде оң әсер ете алады. Саясаткер өзінің саясатымен дұрыстап айналыссын, өлең айтса дастарқан басында, дос-жарандарының ортасында отырып айтсын, ал әнші саясатқа алаңдамай, шығармашылық жолын, сахнасын ғана білсін, яғни, әркім өзінің өміріне мән болып отырған ісімен ғана шұғылдана айналыссын» десек те, өмірде жібі түзу салық төлеуші қалсын-қалмасын саясатқа араласатыны сықылды әрқандай дарынды артист те өзінің шығармашылық жолында таза саясат болмағанымен, саяси қаңқасы бар жағдайларға, әлеуметтік мәселелерге бетпе-бет ұшыраспай тұра алмайды. Біздіңше, Димаш үшін сондай үлкен әлеуметтік жолығу – әнші тұлғасына халықаралық бизнес өкілдерінің назар аударуы.

(Жалғасы бар)

Мақсат Тәж-Мұрат

Abai.kz

20 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2063