Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3516 0 пікір 18 Мамыр, 2009 сағат 05:12

Зиялы қауым дағдарысы

Айдос Сарым,

Алтынбек Сәрсенбайұлы қорының жетекшiсi

Ой еңбегiмен айналысатын қазақ интеллигенциясының ахуалы жайлы тезистер

 

Айдос Сарым,

Алтынбек Сәрсенбайұлы қорының жетекшiсi

Ой еңбегiмен айналысатын қазақ интеллигенциясының ахуалы жайлы тезистер

 

Бүгiнгi қазақ қоғамында тезiрек жоққа шығаруды қолға алмасақ, ел ертеңiне зияны тиетiн мифтер легi пайда болғаны байқалады. Олардың денi қазақ-кеңес шығармашылық интеллигенциясы, оның iшiнде жазушы-журналист бөлiгiнiң iс-әрекетiнiң жемiсi болып табылады. Бiр қарағанда бұл мифтердi қайсыбiр көкiрегiмен көк тiреген «аға буын» өкiлдерiнiң сырқатты санасы, дерттi қиялы және дүмбiлез ойының таяздығынан туындаған кiнәсiз, елге де, ешкiмге де зияны жоқ желбуаздығы ғой деп бағалауға да болатындай. Бiрақ соңғы оқиғалардың нобайы кешiрiмшiлдiктiң ешқандай да жөнi жоқтығын, олармен күрестi жедел бастау керек екенiн аңғартуда. Өйткенi, бұл мифтердiң ұлттық дүниетанымның өзегiне дендеп енiп, оны iшiнен кемiрiп жейтiн, онсызда ұйқы құшағындағы ұлтымызды құрдымға сүйрелейтiн қауiптi межеге жетiп үлгергендiгi сезiледi. Бiз осы мәселелер жөнiнде пiкiр өрбiтсек деп едiк...

Алдын ала айтуға тиiс әлденеше сөз

1. Аға буын қазақ қаламгерлерiнiң тарихи еңбегiн, таланты мен творчестволық табыстарын ешкiм жоққа шығармайды. Өз кезеңiнде олар тарихи-мәдени мұраның сақталуына, тәуелсiздiктiң алғашқы 7-8 жылында интеллектуалдық өзектi мәселелердiң қалыптасуына қомақты үлес қосты.

2. Төмендегi материалда келтiрiлетiн жекелеген ескертпелер мен мiнездемелер түпкiлiктi, кесiмдi пiкiрлер болып табылмайды. Олар бүкiл әдебиетшiлер қауымына, жекелеген ұйымдар мен қауымдастықтарға берiлген мiнездеме немесе баға емес. Ендiгi айтылатын нәрселердiң бәрi қазақы ортада, оның ой еңбегiмен айналысатын топтары мен жекелеген қабаттары арасында көптен берi пiкiрталас, дау тудырып, кейде баспасөз бетiндегi майдандар мен сот процестерiне дейiн жалғасып кетiп жатқан белгiлi жайттар болып табылады.

3. Бұл материал – «қазақ творчестволық интеллигенциясының» бүгiнгi қоғамдық-саяси және әлеуметтiк-экономикалық процестерде атқаратын рөлi мен алатын орны, iштей қайта құру принциптерi, басқа қоғамдық институттармен, ең алдымен билiк және оппозициямен өзара әрекеттесуi қалай болмағы жөнiнде баспасөз бетiнде салиқалы интеллектуалдық пiкiрталас тудыруға талпыныс.

Егер осы ескертпелерiмiз есепке алынса, келесi тезистердi талқылауға әбден болады.

Бiрiншi тезис. Қазақ творчестволық интеллигенциясы бүгiнгi сәт санап жаһанданып бара жатқан постиндустриалдық қоғамның заманауи талаптарына жауап бере алмайды. Ол дағдарысты халдi бастан өткеруде.

Кеңес дәуiрiнен бiзге ой еңбегiмен айналысатын шашыранды сипаттағы корпорация немесе бiрлестiк мұраға қалды. Бұл бiрлестiк негiзiнен жалпақшешей, құлдықұрғыш, мемлекеттiк қамқорлыққа әбден етi үйренiп алған және өзiн билiкшi – бюрократиялық жүйеден бөлек қарауға қабiлетсiз адамдардан тұрады. Сталиндiк-кеңестiк еңбек бөлiсу жүйесiнен бастау алатын бұл бiрлестiктiң ұлттық мұрат-мақсаттардан алшақтап қалғаны, мағынасыз мазмұнға ие болғаны әлдеқашан. Ол, мейлi, ұсақталған, идеясыз, анархиялық түрде болсын, билiктiң ел iшiндегi жансызы бейнесiндегi арамтамақ бiрлестiк сипатында ғана өмiр сүре алады. Бiр мезгiлде беймаза, сұраншақ, талапшыл және арандатқыш жансыздың рөлiн сомдайтын бұл шоғыр мемлекеттен қаржы сұрауды дағдылы әдетке айналдырған. Бермесе, қолдамаса, қорқытып, үркiтiп алады. Бүкiл баспасөз солардың дегенiн iстеп, солардың сойылын соғуы керек. Қит етсе баяғы сiңiрген еңбектерiн алдыға салып, бұлданып шыға келедi. Бизнес те, билiк те, БАҚ-та бұлар дегенде аяқтарынан тiк тұрулары шарт.

Бүгiнгi күн талаптарына жауап беретiн идеялық тұғырнама немесе басқалай да ой еңбектерiн тудыруға ешқандай қабiлетi жоқ бұл бiрлестiктiң өкiлдерi өте өлермен. Олар баяғы кеңес дәуiрiнен қалған кеселдi әдеттерiнен еш айырылғысы келмейдi. Олардың бүкiл творчестволық энергиясы мен интеллектi тек билiк рұқсат ететiн тақырыптарды ғана талқылап, тек билiк келiсiм берген мәселелердi ғана көтеруге жұмсалуда. Одан арыға көз жiберуге құлықтары да, ынталары да жоқ. Тек билiктi насихаттаса, оған жағымпазданса болғаны. Және олар еткен еңбектерiнiң қайтарымы болғанына өте қатты зер салып отырады. Жаңбырдан кейiнгi көктей қаулаған мемлекеттiк мекемелер мен ұлттық компаниялардың телефон анықтамалықтарына қараңыз – не олардың өздерi немесе артынан ерген шұбырындыларының аты-жөндерi жүредi. Билiк пен бiрлестiк арасындағы жазылмаған осындай құпия келiсiм бiрлестiк мүшелерiне интеллектуалдық ортада өз дегенiн жүргiзiп, кiтаптарын күлкiлi таралыммен болса да бастыруға мүмкiндiк беруде. Кiтап, газет пен журнал бастыруға берiлетiн мемлекеттiк тапсырыс та солардың еншiсiнде. Бұл өз кезегiнде, оларға төменгi билiктi қандай амалмен болсын ықтырып алуға да, бұқтырып алуға жол ашады. Жергiлiктi әкiмшiлiктер олардың арандату әрекеттерi мен қоқан-лоққыларының құрбандықтарына айналып жатады.

Бұл бiрлестiктiң өкiлдерi негiзiнен бәсекеге қабiлетсiз. Олар әлi күнге кеңестiк жалған үгiт-насихат мәдениетiнен мұраға қалған интеллектуалдық өлекселермен қоректенуде. Кремльдiң «қағылез» басшылығы тарапынан туып, өндiрiлiп жатқан ресейлiк кейде жалған ғылыми, кейде псевдо-интеллектуалдық ура-патриот дүмше дүниелерге таңдайын қаға қарауды да ұмытпайды. Қазақ творчестволық интеллигенциясының 95 пайызы шет тiлдерiнен мақұрым (орыс, қырғыз, өзбек тiлдерiн есепке алмаңыз), және оны оқығысы да, үйренгiсi де келмейдi. Осындай «құнарсыз топырақта» өскен қазақ ойы, өте сирек жағдайда болмаса, негiзiнен ескiшiл, ұсақ, қарабайыр, қиялға сыйымсыз, сұрқай, сүреңсiз болып келедi. Сонысына қарамай кез келген сынға шақ ете қалатын шыдамсыз кiнәмшiлдiгiн қайтерсiз. Қазақы ортада еуразияшылық секiлдi империялық-большевиктiк сипаттағы ғылымға жат, құбыжық көзқарастар кеңiнен гүлденiп, етек алуда. Тiптi елдегi Абай немесе Шәкәрiм, Сәтпаев немесе Қонаев есiмiмен аталуға лайық негiзгi оқу орындарының бiрi бүгiнгi ғылымда мойындалмаған, көзқарастары объективтi бiлiмге қарама-қайшы болуы себептi терiске шығарылған Лев Гумилевтiң атымен аталады. Өзге өркениеттер мен мәдениеттердiң жетiстiктерiне шекелей қарағысы келетiн, басқа ұлттардың жасампаздық тәжiрибелерiне келекелей қарауды ұнататын қалжыраған қазақшылдық бүгiнгi интеллектуалдық ағыстарда ескек есiп жүрген әлеуметтiк ойшылдардың басты танысу карточкасына айналды деуге болады.

Сөзiмiздiң жарқын көрiнiсi ретiнде соңғы 15 жылда саны көбеймесе, азайғысы келмейтiнi байқалатын жазушылар цехының әлемдiк деңгейде бәсекеге түсуге қабiлеттi бiрде-бiр көркем туынды бере алмағанын айтсақ та жеткiлiктi. Рас, жекелеген мықты шығармалар бар. Бiрақ олардың өзi миллионды айтасыз, 50 мың дана таралыммен жылап көрiсетiн жағдайда. Ұлтын оятатын, рухын көтеретiн, дәуiр гимнiне айналатын туындының өзi түгiлi көлеңкесi де көрiнбейдi.

Екiншi тезис. Қазақ творчестволық интеллигенциясы кейiнгi ұрпаққа мәдениеттiң кiлтiн табыстауда да тығырыққа тiрелдi.

Өзiн-өзi iштей мүжiп жеп жатқан бiрлестiк, әсiресе оның қайсыбiр менмен өкiлдерi өздерiнен аумайтын ұрпақ өкiлдерiн даярлауды қолға алғаны байқалатын бүгiнгi тұста жастардың арасында да керiкетушiлiк, «аға буын» өкiлдерiнiң жолымен жүрiп өтуге ынталылық – барлығы сезiлуде. Тәуелсiздiк кезiнде әдебиетке келген жастардың iшiнде де ағаларының өмiр сүру айла-тәсiлдерiн «жасанды жолмен» меңгерiп алғандары бар екендiгi қазiр ешқандай да құпия емес. Ең қасiреттiсi, «аға буынның» өзiмен кетуге тиiс аурулармен жас ақын-жазушылардың ең таланатты, ең қабiлеттi дегендерi дерттенуде.

Қазақы әдеби ортада (тек оларда ғана емес) бiрлестiк iшiндегi тепе-теңдiктi бұзып алмай ұстап тұратын «полюстер» iспеттi бiрнеше тұлғаның бар екендiгi белгiлi. Осы кiсiлердiң ықпалындағы жерлестiк – рушылдық белгiлерi бойынша жасақталатын бiрлестiк iшiндегi топтар «жас сарбаздың дайындық курсы», рөлiн атқарады. Қиындыққа кезiгiп, қанаты қайырылғандай болған талапкер қыз-жiгiттер мұндай «бiрлестiкшiлiк ұйысу мен ынтымақтастықтың» қандай құдiрет күшке ие екендiгiн көредi де, амалсыз «өз мүдделерi» бар группалардың төңiрегiне топтасуға мәжбүр болады. «Аға буын» өкiлдерi арасындағы айтыс-тартыс кезiнде өз көсемдерiнiң сөзiн сөйлеп, жау жағы атқан «оққа» қарсы шабады. «Майданға» кiрiп, «бедел-абырой» жинайды. Нәтижесiнде аға «буын» өкiлдерiнiң тәрбиесiнен өткен мұндай болашағынан үмiт күттiретiн қыз-жiгiттер үш-төрт жылдың iшiнде «жазылмайтын дертке» шалдығып, нағыз рушылдар, жершiлдер, аймақшылдар болып шыға келедi. Ал әдебиет «көсемдерiне» бәрiбiр. Қайта, олар үшiн осындай ұрпақ даярлап шығарғандары (тәрбиелеп емес) үлкен бақыт секiлдi. Өлгенде де мiндетiмдi адал атқардым, өзiмнен аумайтын қыз-жiгiттердi артымда қалдырдым деп еш күңiренбей өледi. Қулық-сұмдығы өзiнен асып кететiн «серкелердi» артында қалдырып бара жатса тiптi мәз. Бейнебiр жаны жұмаққа еркiн кiретiндей сезiнедi.

Жастар мұндай «ысылу мектебiнен» өткеннен кейiн не iстемек? Әрине, оларда ағаларынан үйренген өмiр сүру пәлсафаларын одан ары қарата дамытып, сыйлық алуға, алған сыйлықтарын таралым, мемлекеттiк пәтер, жер учаскелерiне айналдыруға кiрiседi. Ел арасында көп айтылып жүрген «Ұлттық интеллигенция» қайыршылық халде деген ыңғайдағы ыңқыл мен сыңқыл толы ыңырануларға иланып қалудың ешқандай да қажетi жоқ. Жаңағы «ағалардың» қай-қайсысы да Алматы мен Астанада бiрнеше пәтердi ауыстырып үлгерген, облыстарда бiрнеше жер учаскелерi бар ығай-сығайларға жатады. Бұған әкiмшiлiктер мен демеушiлерден келiп жататын тарту-таралғыларды тағы қосыңыз. Одан қалса, қайсыбiр тiсқаққан жазушылардың «ұлылардың өмiрiн» жазуға ынталылық танытып тұратыны және бар. Құдайға шүкiр, билiкке, байлыққа қол жеткiзген әрбiр екiншi ағайынымыз ұлылықпен ауырады, өзiнiң тегiн Нұх пайғамбар (тыраштары) немесе ғұн Атилладан (қарапайымдары) таратады, Құдайдың қалауы түскен мессия сезiнедi. Ал олар жайлы «халтура» кiтаптың қара жұмысын кiм жасайды? Әрине, «ағасының» қанатының астына келiп тұрақтаған iнiлерi мен қарындастары. Және бұл зиян әдеттiң кесiрiн көретiндер де солар болмақ. Бiрақ олар уақыт өте келе бұған жиiркенiштi жайт екен деп қарауды ұмытады. Бойы да, ойы да үйренедi. Өмiр сүру дегенiмiз осы екен деген тұжырымға нық табан тiрейдi. Қысқасы, аяр, айырқұйрық «аға буынның» аузынан түскендей аумай қалмақ.

Осындай өмiрдi таңдап алған зиялының санасы екiге жарылмақ, азаматтық ұстанымында екiжүздiлiк пайда болмақ.

Бiр жағынан, бұл ақын-жазушылардың бәрi де бүгiнгi биiгiне қаламгер бауырына соңғы көйлегiн шешiп беруден тайынбайтын қазақ оқырмандарының арқасында көтерiлгендер. Бұлар үшiн соңғы ешкiсiн сойып беруге дайын тұратын да солар. Сондықтан да ақын-жазушы анда-санда болса да қарапайым оқырманның сөзiн сөйлеп қоюға мәжбүр. Бiрақ мұны тойындырып, киiндiрiп отырған билiктен қол үзiп және кете алмайды. Айтыңызшы, халықтың «ешкiсi» жұмырыңызға жұқ бола ма? Мардымсыз таралып, неге жетпек? Амал жоқ, ақын-жазушы «екi қожайынның» ортасында жас әдебиетшiлер «сақал сату» деп атайтын, сайқымазақ ойынды ойнауға кiрiседi. Қайталап айтамын, мұндай сырқатпен дерттенбегендер де бар, бiрақ олар өте сирек. Көбi осы сценариймен жұмыс iстейдi, осы ұстаныммен өмiр сүредi.

Мұндай «арзан атақтың» соңына түскен аға буын өкiлдерi уақыт өте келе ұлт мүддесiн ұмытып, сатқындық жолына түседi. Жоғарыда айтқанымыздай, мұндай сана жалған патриотизм, Отанға деген «махаббаттарды» ойлап таппақ. Мысалы, кiм оны мойындамаса, сөзiне қарсы шықса, ол – халықтың жауы, кiм алдында иiлiп тұрса, ол, сөз жоқ, «дарын иесi, халықтың ұлы, нағыз интеллигент». Осылайша, өзара пәтуасыз қырқысу жалғаса бермек. Мұндай «корифейлерге» Махамбет, хан Кене секiлдi тегiңе тiл тигiзбей өмiр сүрiп, сүйегiңе таңба түсiрмей өлу керек деген сөздi айтқың келедi.

Үшiншi тезис. Қазақ творчестволық интеллигенциясы өзiнiң мәдени-өркениеттiк бағытын дәл анықтай алған жоқ. Оның кейде бейсаясатшылық деп қате түсiнiлетiн партиялық-саяси таңдауы да беймәлiм. Мұндай белгiсiздiктер оны күрделi рухани-интеллектуалдық дағдарыстарға ұрындыруда.

Бiрiншi тарауша – «қала – ауыл», «қазақ – шалақазақ» жасанды қақтығысы жайлы.

Қазақ әдебиетi мен қоғамдық ойының тақырыптары қатарынан ойдан шығарылған «қала мен ауыл», «қазақтар мен шалақазақтар» дау-шары көптеген жылдардан берi түспей келедi. Шамасы, «Абыл мен Қабыл», «Тұран мен Иран», «Қазақ пен Сарт» замандарынан бастау алатын болуы керек, бұл қақтығыс бiрде лаулай жанып, ендi бiрде жуаси қалады. Бiрақ бар екендiгi анық.

Кез келген халықтың санасы мен әдебиетiнде елеулi iз қалдырған бұл дихотомияның бүгiнгi қазақ арасында көрiнiс беруi тiптен ерекше, қатыгез, аяусыз сипатта. Және бұл жайттың басты себебi ұлтты ортақтастыратын, ұйыстыратын ұқсастықтар мен бiрлiк тетiктерiнiң жоқтығында ғана жатпаған секiлдi. Сондай-ақ басты кедергi мәдениет, тiл айырмашылығы, рухани, материалдық қажеттiлiктердiң өзгешелiгiне де тiрелiп тұрмағандай. Екi жақтың потенциалы мен мүмкiндiктерiнiң айырмашылықтары басты себептердiң бiрi болып тұрғандығын ашып айтқан дұрыс сияқты. Мұндайда қазақ ұлттық интеллектуалдық тобының басты мiндетi бұл сызатты тереңдете бермей, өзара тiл табысуға, ұлтты тұтастыруға қызмет ететiн амалдарды iздестiру, табу болатындығы белгiлi. Бiрақ олар ұлт ертеңiне қызмет ететiн мұндай мәселелермен шұғылдану орнына, «шала қазақтарға» жасалатын қысымды бұрынғыдан да күшейте түсуде. Қазақ қаламгерлер бiрлестiгi «шалақазақтарды» өз тiлiн ұмытқан сатқындар ретiнде күстаналап, қаралауды күннен-күнге ұлғайтып, арттырып барады. Жағдай осылай екен деп, төмен қарап отырған «шала қазақтар» және жоқ. «Таза қазақтарға» қарағанда ұлттық жалпы өнiмнiң анағұрлым көп бөлiгiн өндiретiн олар да өздерiн ешкiмнен кем емес ұлттың патриоттары деп санайды. Бiздiң бәрiмiзге әбден жауыр болған қарым-қатынастың мұндай үлгiлерiнен құтылуға тырысу керек. Және бұл бағыттағы алғашқы қадамды қазiргi «қазақ қаламгерлерi бiрлестiгi» жасауы тиiс. Қаламгерлердiң ең басты жауапкершiлiгi осы қадамды жасау, ұлтты ұйытуға қызмет ету болып табылады. Тiптi миссиясы болып табылады деуге де болады. Және жекелеген жемiстi әрiптестiк мысалдары жоқ та емес. Проблема айқайлаумен немесе күрсiнулермен шешiлмейдi. Ыңқыл аурудың күшiн сәл әлсiретуi мүмкiн, бiрақ жара мен ауруды емдей алмайды.

Менiңше, жаңа қазақ интеллектуалдық табының (ол қазiр қалыптасып жатыр) мiндетi қазақ ұлтын тұтастандыруға қызмет ететiн жаңа образдар мен құрылымдарды жасау болып табылады. Олардың парызы – үздiксiз жұмыс iстеу арқылы қазақтарды бүгiнгi күн талаптарына жауап бере алатын, жоғары деңгейде урбанизацияланған қалалық ұлтқа айналдыру. «Шала қазақтардың» бойында өз тiлi мен тарихына құмарлықты оятудың жолдарын iздестiру де – ұлттық парадигматика ауқымында ойлайтын қазақ тiлдi интеллектуалдардың парызы.

Тек «таза қазақтар» мен «шала қазақтардың» күш-қажырын бiр арнаға жұмылдыру, олардың энергиясын, потенциалын, бiлiмiн бiрiктiре пайдалану арқылы ғана ұлтты жаңғыртуға, тiлдi реформалауға, мәдениет пен әдебиеттi дамытуға, оларды постиндустриалдық, ақпараттық ғасырдың талаптарына жауап бере алатын биiктерге көтеруге, болашақта латынға өтуiн қамтамасыз етуге, еуропалық жүйелерге енуге және т.с.с игiлiктердi жасауға болады.

Екiншi тарауша. Ой еңбегiмен айналысатын қазақ бiрлестiгiндегi Батысты жеккөретiн жасанды вирус жайлы.

Кеңестiк дәуiрдегi тоталитарлық үгiт-насихат жағдайында қалыптасқан, әлi күнге Ресейдiң Батысқа, демократияға қарсы бағытталған ақпараттық-идеологиялық қолшатырының астында қалып келе жатқан ой еңбегiмен айналысатын қазақ бiрлестiгi «қырғи-қабақ соғыс» кезеңiнiң терминдерiмен әуестенуге құмар. Бiрлестiк өкiлдерiнiң көпшiлiгiнiң пайымдауынша, Батыс – бүкiләлемдiк зұлымдық күштердiң жинақталған жерi, барлық жамандықтың қайнар көзi iспеттi. Қазақтың ой еңбегiмен айналысатын өкiлдерiнiң санасындағы осы келеңсiздiк бүкiл ұлттың санасын улауда. Бұл жерде мемлекеттi құрудың авторитарлық моделi де аз рөл атқарып жатқан жоқ.

Бiрақ кез келген сергек, бiр саусағы iшiне бүгусiз сараптама бұл үрейлер мен қорқыныштардың жалған, жасанды екенiн дәлелдеп бередi. Батыс халқы бұрынғы КСРО елдерiнiң тұрғындарына қарағанда рухани жағынан да, адамгершiлiк тұрғысынан да анағұрлым озық. Қазақ ауылына қарағанда Батыс деревнясының тұрғындары ұяттылау, иманды болып келедi. Ал ұлттық телеарналар сапасыз, «наркомандар» мен «зорлық-зомбылық» жайлы үшiншi сортты фильмдерге көмiлiп қалса, бұл Батыстың мәселесi емес. Бұл бiздiң билiктiң, дәлiрек айтқанда мәдени, рухани – адамгершiлiк және эстетикалық талғамы төмен телевидения менеджерлерiнiң проблемасы. Батыста қазақтар көруге, оқуға мiндеттi көркемдiгi жоғары, өте сапалы фильмдер мен кiтаптар жеткiлiктi. Егер бiздiң ақпарат бизнесiнiң «серкелерi» бiзге «боевиктер» мен «бiр күндiк кiтаптарды» әкелудi жөн көрсе, бұл екiнiң бiрiн бiлдiредi: не олар өздерiнiң нашар талғамын бiзге таңғысы келедi, не бiздiң төмен талғамымыздың дегенiмен жүргендi жөн санайды. Әйтпесе, Антониони мен Феллинидiң киножауһарларын, Маркестер мен Сарамаголардың кiтаптарын шекарадан алып өтуге ешкiм қарсылық жасамайды ғой қазiр.

Тағы бiр анықтама. Батыстың шекарасы айқара ашылғаннан берi онда баратындардың денi – қала қазақтары. Ал ауылдан шыққан жас қазақтар Астана мен Алматының маңынан арыға аспайды. Сондықтан қарыз алса да тойға шашылуға құмар олардың ата-аналарына «ақшаларыңызды балаларыңыздың шетелге шығуына жұмсаңыздар, жаңа үйленген жiгiт – қызға шырын айларын Еуропада немесе дамыған елдердiң бiрiнде өткiзуге мүмкiндiк берiңiздер» деген ұсыныс жасағым келедi. Ел көредi, есесiне болашақ ұрпақтарына айтатын әңгiмесi де болады.

Ал Алматы мен Астананың төңiрегiнен арыға баспайтын адам үлкен арман-мұраттарға қол соза алмайды. Қазақстанның болашағы, қазақ ұлтының ертеңi Еуропамен, еуропалық саяси, мәдени құндылықтармен байланыстырылуға тиiс. Көршi өркениеттердiң құндылықтары мен ойға алған мұраттары бiздiң мемлекетiмiз бен ұлтымыздың сақталып қалуына мұрындық бола алмайды. Сондықтан да Қазақстан мен Батыс арасындағы идеялық, мәдени-тiлдiк, бiлiмдiк кедергiлердi жоюға күш салуымыз керек. Жаңадан идеологиялық, әкiмшiлiк, бюрократиялық кедергiлердi ойлап табу арқылы оны тереңдете түсудiң ақыры жақсылыққа апармайды.

Үшiншi тарауша – мемлекеттiң рөлi жайындағы қате түсiнiк туралы.

Бүгiнгi мемлекет құрып отыруымыз – қазақтардың сан ғасырлық арманы, ұлттың тарихи рухының манифестациясы. Сондықтан да ой еңбегiмен айналысатын қазақ бiрлестiгi мемлекетке және оның институтына ерекше бiр құрметпен, табына, сүйсiне қарайды. Бiрақ бүгiн, мемлекеттiгiмiздiң iргетасы қаланып бiткен тұста жаңа қазақ табы өзiнiң мызғымас көзқарастары мен құндылықтарына тағы да бiр рет көз жүгiртуге тиiс.Азамат пен қоғамның өмiрiнде мемлекеттiң атқаратын рөлi мен орны туралы бұрмаланған, әбден сiлiкпесi шыққан тоталитарлық түсiнiк ұлттың интеллектуалдық потенциалының төмендеуiне, шынайы прогресс пен бәсекеге қабiлеттiлiктi қамтамасыз ететiн қоғамдық пiкiрталастардың қызуы қайтуына себепшi болады.

Iштен де, сырттан да жиi таңылатын, «шығармашылық кәсiптердiң иелерi саясаттан тыс болуы тиiс, олар әрдайым билiктi қолдауы керек» деп келетiн тезис түбiрiмен қате және қауiптi. Бiз билiк пен мемлекеттiң айырмашылығын айқын аңғара алатын болуымыз керек. Қоғам, оның ой еңбегiмен айналысатын қабаттары мемлекеттiк институттардың қаншалықты берiк екендiгiн жиi-жиi сынақтан өткiзуге, олардың нығаюына ықпал жасап отыруға тиiс. Билiк бұтақтарының бөлiнуiн талап етуге мiндеттi. Оның жекелеген бұтақтарына табынуды ұмытқаны жөн.

Бiздiң идеологтар Батыс интеллектуалдары мен творчестволық кәсiп өкiлдерi әрдайым саясаттан бейтарап болады деген мифтi санамызға сiңiруге құмар. Бұл бос былшыл ғана. Бүгiнгi күннiң кез келген классик жазушысы ана не мына газетте кейде билiк, кейде оппозицияны аяусыз сойып салатын бағаналарды жүргiзiп отырады.

Тағы бiр мысал. Бiздiң мәдениет қайраткерлерi шетелге әкетiлiп жатқан қазақтың жетiм балаларының тағдыры жайлы жиi әңгiмелейдi. Бiрақ, қараңызшы, Голливуд актерлерiнiң алғашқы ондығы бауырына басып, тәрбиелеп отырған жетiм балалар саны бiздiң жүз жазушы немесе депутаттiкiне қарағанда он есе көп емес пе? Бәлкiм, құр сөзбен басты ауырта бермей, ұлтқа шынайы, нақты үлгi көрсететiн кез жеткен болар?

Мiне, алғашқыда ойымызға оралғаны осындай пiкiрлер. Жалғастырамыз ба?

(Мақала сәл ықшамдалып басылды)

(«Жас қазақ», №25, 2008)

Айдос Сарым,

Алтынбек Сәрсенбайұлы қорының жетекшiсi

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394