Сенбі, 23 Қараша 2024
Жөн-ақ 19374 64 пікір 16 Сәуір, 2019 сағат 09:27

Кісінің тегін қалай жазған қолайлы?

Бұл мақалада адамның тегіндегі -ов, -ев, -ин жұрнақтарын алып тастап жазу жөніндегі мәселеге қатысты пікірімізді білдірмекшіміз. Өйткені бұған ресми түрде рұқсат берілгеніне қарамастан көпшілік адам ол жұрнақтардан құтыла қойған жоқ. Әрине, мұның мән бермеушілік, құжаттарды ауыстыруға еріну, құнтсыздық сияқты түрлі себептері бар. Сонымен қатар тағы бір себебі текті жазудың қолайлы тәсілінің болмауынан деп ойлаймыз. Бұл орайда -ов, -ев, -ин жұрнақтарын алып тастаушыларға тегін жазудың екі түрлі тәсілі рұқсат етілген. Оның бірі – әкесінің есіміне «ұлы», «қызы» деген қосымша қосу, екіншісі – әкесінің не аталарының бірінің есімін қосымшасыз алу.

Мұның біріншісінің, яғни текті білдіру үшін әке есіміне «ұлы», «қызы» деген қосымшаларды қосудың оғаштығы жоқ. Алайда мұны қолданғанда адамның аты-жөні екі элементтен тұрады да, елімізде бірдей атақ-жөнді адамдар саны көп болады. Ал тек ретінде атасының есімін пайдалансақ, өз есімі мен әкесінің атын қосып, үш элементтен тұратын аты-жөн қолдана аламыз. Яғни бұл жағдайда аты-жөні бірдей адамдар саны азаяды және тегін атасының, арғы аталарының атына жазатын дәстүріміз жалғастық табады. Сондықтан біз тек ретінде ата есімін пайдалануды қолдаймыз. Алайда оны жұрнақсыз жазуды қолдай алмаймыз. Өйткені бұл жағдайда адамның есімі мен тегін айыру қиындайды. Мысалы, Арман Нұрлан деген адамның қайсысы есімі, қайсысы тегі екенін шатастырамыз.

Әрине, бұған байланысты әуелі қайсысы жазылатынына келісуге болар. Бірақ адамды есімі мен тегінің бірімен атаған жағдайда кімнің айтылып тұрғаны білінбейді. Мысалы, Нұрланның тегі Арман болса, «Арман» деп шақырғанда атасының да үн қатары хақ. Демек, кісінің тегі болатын есімді жұрнақсыз алу келісті емес. Осы жерде бұрынырақта адамның тегін руы арқылы білдіретін кезде ол ешқандай қосымшасыз  қолданылған ғой (мысалы, Қаракерей Қабанбай) деген уәж айтылуы мүмкін. Бірақ ол жағдайдағы ру аты әуелде кісі есімі болғанмен уақыт өте келе жалпыланып, адамның сыйпатын көрсететін сөзге айналған. Ал қазіргі тек ретінде қолданып жүрген бергі аталарымыздың (ішінде көзі тірілері де бар) есімі мұндай жалпылық дәрежесіне жеткен жоқ. Сондықтан, кісінің тегін жазғанда арнаулы қосымша пайдаланған жөн. Бұлай еткенде кісінің тегі мен есімі шатастырылмайды және оларды кез келген ретпен жазуға да, жеке қолдануға да мүмкіндік туады.

Текті қандай жұрнақ арқылы білдірген дұрыс? Бұған жауап беру үшін қолданылып не ұсынылып жүрген кейбір сөздерге талдау жасалық. Мысалы, Нұрланның тегі Арман екенін білдіру үшін «тегі» қосымшасын пайдалансақ, Армантегі Нұрлан деп жазамыз. Біздіңше, бұл қолданыста мағыналық қате бар. Өйткені «Арманұлы Нұрлан» деген аты-жөн Арманның ұлы Нұрлан дегенді білдіретіні сияқты «Армантегі Нұрлан» да Арманның тегі Нұрлан дегенді білдіреді.

Ұсыныстардың арасында «текті и, уи қосымшалары арқылы білдірейік» дейтіндер де бар. Бірақ бұрын адамның қай жердікі не қай рудікі екенін білдіру үшін қолданылған бұл қосымшалар (мысалы, Фараби, Жалайыри) кісі есіміне жалғауға қолайсыз. Мысалы, Уәли есіміне бұл жұрнақтарды жалғау айтуға қиындық келтірсе, осындай жұрнақтар жалғанған Манатауи деген кісінің атасының Маната не Манатау екенін айыра алмаймыз.

Тек сөзіне балама ретінде беріліп жүрген сөздердің тағы бірі –  «сой» сөзі. Біздіңше, бұл сөзді кісінің тегін ерекшелейтін жұрнақ ретінде алуға әбден болады. Өйткені бұл сөз тұқымы, түрі, ұрпағы деген мағынаны білдіреді (Мен кескекті ердің сойымын. Махамбет) және күнделікті қолданыста жиі кездесе бермейді. Сондай-ақ  екі буынды болғандықтан есімге жалғап айтуға жеңіл және дауыссыздан басталғандықтан түбір қандай дыбыспен аяқталса да, оны өзгеріске ұшыратпай тіркеле алады. Мысалы, Шоқан Шыңғысұлы Уәлихансойы, Ыбырай Алтынсарысойы. «Сойы» сөзі бізбен туысқан халықтардың бірқатарында бар және біздегідей мағына береді, бірақ оларда текті білдіретін қосымша ретінде пайдаланылып жүрген жоқ. Олай болса, мұны қолдансақ, армянның «ян»-ы, грузиннің «дзе»-сі сияқты, біздің ұлттық ерекшелігімізді көрсетіп тұратын болады.

Ванов Қуантқан Ырзаұлы

Abai.kz

64 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1485
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5514