Сенбі, 23 Қараша 2024
Өнер 4806 18 пікір 23 Сәуір, 2019 сағат 10:51

Мұхитқа түскен жел қайық

Бүгінде әлемдік дәрежедегі алғашқы қазақ әншісі атанып жүрген Димаш Құдайбергеннің халықаралық деңгейге көтерілгеніне екі жылдан артық уақыт өтсе де, ол туралы ақын Оңайгүл Тұржанованың кітапшасынан басқа тереңнен қузаған тиянақты дүние, тіпті Қазақстан көлемінде музыкатанушылық мақала жазыла қойған жоқ. Эссеист жазушы Мақсат Тәж-Мұрат осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында «Димаш. Когда жаждут крика» атты кітап жазып бітірді. Біз оқырман назарына сол кітаптың қазақ тіліне аударылған «Жер әлемді шарлаған қазақ әні» дейтін тарауын ұсынуды жалғастырамыз. 

(Жалғасы. Басы мына сілтемелерде: «Бағы бармен таласпа»Теңіз түптен тебіренеді,Димаштың дауысы және әлемнің 47 еліндегі бейтаныс таныстар), Димаштың динамикалық консерватизмі, «Қыр баласы қол созады аспанға», Димаш және қазақ мәдениетінің интегративтік моделі, Таудай талаптан – бармақтай бақ, Орынсыз сөз қан қыздырады, Димаш және ХХІ ғасырдың «жыртқыштары»Басты соққының бағыты, Талант пен тобыр...

Ринаттың Димаш жайындағы бұрынғы шатақи сұхбаттарына пікір білдірушілер шамамен елу де елу болып қақ жарылса, соңғы сұхбатқа байланысты жазылған қырғын коммент шамамен 70х30 арақатынасымен Димаштың пайдасына өзгерді. Ал бұл уақиға жөнінде әншінің орыстілді табынушылары хабардар болғаннан кейін әлгі мөлшер еселене көбейіп, жылдың нағыз хайлайтына айналды десек қателеспейміз. Орыстілді фандом өте қарекетті, бір кезде осы фанқауым бір сәуегей кемпірдің Димаш жайында айтқан шікірт сөзін жариялаған «Караван» газетін кешірім сұрауға мәжбүр еткені есімізде. Ол енді орыстілділер арасындағы «разборка» болатын, ал бұл жолы солар қазақтілді қоғамның іштейгі ахуалымен танысты және осы орайда «Димашты алдымен өз елі тұтас тұрқымен жақсы көреді» деп келетін бұрынғы сенімдерінің таянышы жіңішкеріп қалған сияқты. Бір мысал. Томас LaLa дейтін бакулік желі қолданушы қазақтарға қаратып: «Очень обидно за Димаша, он прославляет вашу Родину, а вы его топчите. Позор! Позор! Позор! Когда я впервые услышала Димаша, я просто онемела. Это не просто талант, он нечто»., - деп жазыпты. Сөйтіп, Ринат халқымыздың тоқсан тоғыз жақсы жағын бір ғана жаман жағының жуып кетіп, дүние жүзіне осы келеңсіз жағымен танылуына елеулі «қызмет» етіп отыр. Бірақ мәселенің осы жағын ұғынып жүрген айтыскер жоқ сияқты. «Бір сұрақ» ток-шоуын жүргізіп, «Алматы» телеарнасының «Өткір тіл» хабары сияқты бағдарламаларда көсіліп отырғанына, күні өткен айтысты енді онлайнға көшірем деп желпінгеніне қарағанда айылын жиған Ринат жоқ, қайта мүмкіндік туса, Димаштың жағасынан тағы бір алудан тайынар емес. Шаласауатты, сенсацияқұмар ақпарат құралдары, еліккенге желіккен шашбаулаушылары тұрғанда ғаламторды әлі талай дүрліктіретін түрі бар. Орыстілді қауым да: «Очень плохой пример показал Заитов, теперь быдло повторяет его слова, а малолетки-ученики Заитова пишут оскорбления в адрес Артиста» - деп, осыны айтып отыр. Яғни көзіқарақты әлем жұртшылығы Заитовтардың қазақтың жас буынының өзегіне құрт түсіре бастағанына алаңдаулы. Сөйтсе-дағы шетелдіктердің қазақ халқына жалпы көзқарасының аңғарында бізді құрметтеуі, біздің болашағымызға деген сенім басым екендігі аңғарылады. Ортақ түйін: егер қазақ қоғамының, қазақ социумының өз ішінде төлсананың өсуі, азаматтық қоғамға қарай жылжу, әдетте интероверттік бастау-бұлақ, адамның ішкі ғарыштық әлемі деп аталатын іштегі бір өзгерістер жүріп жатпаған болса, бұл халық Димаштай талантты туғыза алмас еді. Бәлкім осының өзі бағзыдан келе жатқан, бірақ дәстүрі бар, бірақ ат төбеліндей халықтың терең қойнауында жаһандық көлемдегі деуге болатын әлдебір сілкіністердің бар екендігін нұсқай ма, қалай. Яғни, дәл осы халықтың ішінен қазақ халқының ғана емес, жалпы бүтін құрлықтың, Азияның рухани әлеуетін бойына жинақтаған тұлға шығуы мүмкін. Қалай болғанда да Димаш қазақ қоғамында рухани ілгерілеу тоқтап қалмағандығының дәлелі және ондай дәлел санғасырлық тәжірибе нәтижесінде кемелденетін музыка өнерінде алдымен көрінуі заңды. Димаштан соң әлгіндей инновациялық-шығармашылық серпін көркем өнердің басқа салаларын, соның ішінде тәжірибесі байырғы ғасырларға кететін және кезінде жыршы-жыраулар сияқты алабөтен шығармашылық қуат протуберанцын берген әдебиетті де қамтуы әбден ықтимал. Қазақта өркендеу, алға жылжу бар, тек саяси, әлеуметтік, эстетикалық факторлар өзара сәйкессін деңіз, - озық ойлы әлем адамдарының Димашқа қатыстырып біз жөнінде айтып отырғандары осындай үміттілікті аңғартады. Бірақ, қоғамның өзі бұл үміттілікті малданып, «е, бәрі де рет-ретімен келе жатыр екен ғой» деп арқаны кеңге салмай, қол қусырып қарап отырмай, ақезуленіп аққан тасқынның жолда кезіккен жаңқаларын жағаға лақтыра шығарып тастайтыны тәрізді әлгі заңды өзгерістерге кесе-көлденең түсетін заитовшылдық сияқты кертарпа құбылыстарға уақытылы, қуатты тойтарыс беріп, отыруы тиіс. Бір желі қолданушы жазғандай, барша қаскөйлерге no passaran жариялау керек.

Яғни, дәл осы жерде қоғамның зор дауысы, тегеуріні, елдің бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын бірлігі, үлкендердің тентекке тыйым, теліге тоқтау салатын кереге билігі керек. Ондай қарекетті біз байқап отырмыз ба? Өкініштісі, байқалмайды. Шырылдап жатқан қара халық, ал елдің сөзін айтар зиялыларымызға көп нәрсе бәрібір болып қалған сияқты ғой. Мұндай жағдайда жастар Заитов авантюрасына ермегенде, кімнің соңынан ереді?!.

Қайткенде де осы болып жатқандарға Димаштың өзін араластырмау жөн. Ол егер, базбіреулер айтып отырғандай, басқа әлемнен келген болса, ол әлемі мына дүние тіршілігінен аулақ кірсіз, саф таза әлем болмақ керек. Себебі, Димаш өзгеше таза, нәзік жанды өнер иесі және ол осынысымен де әлем халықтарының ыстық ықыласына бөленіп отыр. Дегенмен, оның өмірде де, өнерде де табысты болуы туған жерімен, елімен, ағайын-аумақ, үй-ішімен кіндігінен байлаулы. Астрологтар да оның Жан формуласында Ай-Шолпан тізбегі басты орын отбасы тұрғанына, яғни әнші үшін отанының айрықша екендігіне назар аударып отыр. Бейнелеп айтқанда, Димаш үшін Голливудтің қырмызы қызыл кілемі — Ақтөбенің көшесі. Әншінің елін, жерін, ата-анасын, бауырларын қатты сағынатынын шетте жүріп айтқан әндерінен, әсіресе қазақша а капеллалық импровизацияларынан байқап қаламыз, мысалы, «Ана туралы жырды» айтып отырғанда «Қабыл ал Димаштың сәлемін жолдаған» деп аналарына ыстық сәлем жолдауынан, «Ай-Ана» (Moonlight Mama) композициясын ерекше сағыныш сезіммімен орындағанынан көрініп тұр. Осыны шетелдік фанаттар да байқап қалыпты. Мәселен, воронеждік Елена Антипова «Он постоянно заряжается на Родине той энергией, которая воплощается в его песнях» десе, «Сауле Сауле» бұл ойды «Меніңше, осында, өз жерінде ол жерлестерімен арада айрықша бір байланыс барын анығырақ түйсінетін тәрізді, тек Қазақстанда ғана өзінің таңғажайып «дельфин дыбысын» іске қосатыны содан болуы керек» деп дамытады. Расында да Димаштың «ысқырауық» регистрді тек қазақша әндерде - «Ұмытылмас күн», «Қазақстан», «Кінәлама» композицияларында және Қазақстанда ән салғанда ғана қолданатындығы өзіне еріксіз назар аудартатын факті. Демек, әнші Қытайда да өзін еліндегідей жайлы сезіне алғанымен, флейталық регистр сияқты аса күрделі пассаждарды орындауға керек жайлы көңіл-күйді туған елінде, өскен жерінде ғана таба алады екен. Ол қазірде Қытайда жерсіну (акклиматизация), әлеуметтік бейімделу (интеризация) сатыларынан өтті, алда жат жерде өзін сәл де болса қолайсыз, инедей болса да жайсыз сезінетін эйкуменизмнен арылу кезеңі тұр. Бұл орайда оған қандастарының, елінің қолдауы қай кездегіден де көбірек қажет. Біз осыны дұрыс түсінуіміз керек. Өмір бәрін де орын-орнына қояды. Мына болып жатқандардың барлығы да қай мегажұлдыздың болсын басынан өткен, жаңадан туған әлемдік «жұлдызды» айналып өтпейтін шулығандар. Жағдай жанр заңдылығымен дамып келеді. Ара-тұра жеңілу, ара-тұра түсінбеушілікке ұшырау шайқаста жеңілу дегенді білдірмейді. Майданда қылыш пен қылыш айқасардан бұрын соғыстың тағдырын арттағы халық шешіп қояды. Дәл сол сияқты Димашымыздың жат елде, өмірдің өрін көздеп жалғыз келе жатқан сапарында жанының жамандық көрмеуі арттағы туған халқына, қандастары — біздерге байланысты. Себебі, жол ұзақ әлі, жер шалғай.

Сөзімізді белгілі орыс ақыны Андрей Вознесенскийдің қазақ өмірінен алып жазған «Песня акына» дейтін өлеңімен түйіндегіміз келеді.

 

Ни славы, и ни коровы,
ни шаткой короны земной —
пошли мне, Господь, второго, —
чтоб вытянул петь со мной!

Прошу не любви ворованной,
не милостей на денёк —
пошли мне, Господь, второго, —
чтоб не был так одинок.

Чтоб было с кем пасоваться,
аукаться через степь,
для сердца, не для оваций,
на два голоса спеть!

Чтоб кто–нибудь меня понял,
не часто, ну, хоть разок.
Из раненых губ моих поднял
царапнутый пулей рожок.

И пусть мой напарник певчий,
забыв, что мы сила вдвоём,
меня, побледнев от соперничества,
прирежет за общим столом.

Прости ему. Пусть до гроба
одиночеством окружён.
Пошли ему, Бог, второго —
такого, как я и он.

03.01.2019-09.02.2019

Қаскелең шатқалы

(соңы)

Мақсат Тәж-Мұрат

Abai.kz

18 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5404