Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Өнер 8316 84 пікір 17 Сәуір, 2019 сағат 10:30

Талант пен тобыр

Бүгінде әлемдік дәрежедегі алғашқы қазақ әншісі атанып жүрген Димаш Құдайбергеннің халықаралық деңгейге көтерілгеніне екі жылдан артық уақыт өтсе де, ол туралы ақын Оңайгүл Тұржанованың кітапшасынан басқа тереңнен қузаған тиянақты дүние, тіпті Қазақстан көлемінде музыкатанушылық мақала жазыла қойған жоқ. Эссеист жазушы Мақсат Тәж-Мұрат осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында «Димаш. Когда жаждут крика» атты кітап жазып бітірді. Біз оқырман назарына сол кітаптың қазақ тіліне аударылған «Жер әлемді шарлаған қазақ әні» дейтін тарауын ұсынуды жалғастырамыз. 

(Жалғасы. Басы мына сілтемелерде: «Бағы бармен таласпа»Теңіз түптен тебіренеді,Димаштың дауысы және әлемнің 47 еліндегі бейтаныс таныстар), Димаштың динамикалық консерватизмі, «Қыр баласы қол созады аспанға», Димаш және қазақ мәдениетінің интегративтік моделі, Таудай талаптан – бармақтай бақ, Орынсыз сөз қан қыздырады, Димаш және ХХІ ғасырдың «жыртқыштары», Басты соққының бағыты...

Осыдан бірқыдыру уақыт бұрын Ділдәгүл деген сауатты оқырман өз комментінде: «Димаштың таланты қазақ еліндегі көркемөнердің талғамы қандай деңгейде екенін айқындап берді», - деп жазған болатын.

Айтса айтқандай, Димаш төңірегіндегі әңгімелер, пікірталастар біраз жайдың бетін ашып беріп отыр, соның ішінде қазақтың талғам-тұшым деңгейін де аңғартты. Десе де бұл жердегі мәселе талғам алуандығынан да тереңірек сияқты — жоғарыдағы тарих бір есептен кейінгі кезде қазақ қоғамының түрік қоғамы сияқты бір-біріне диаметральды кереғар бірнеше топқа, тарапқа бөлініп кеткенін көрсетті. Тіпті десе, қазақ көптен бұлайша жыланның тіліндей екі айыр болмаған шығар-ақ деуге ауыз барады. Тұрғын халықтың саны салыстырмалы түрде шағын бола тұра бізде социумның әлеуметтік топтарға жіктелуі айтарлықтай жоғары екендігіне және бұл жіктелу өте жедел жүріп жатқанына ыспат болды. Оның үстіне ауылда және қалада туып-өскендердің, ауылдан шығып, қала тұрғынына айналғандардың арасындағы, «таза қазақ», «шала қазақ», «ада қазақтардың» арасындағы жік және содан туатын менталдық айырмашылықтар бар. Оған ұрпақтар арасындағы сәйкессіздіктерді қоссаңыз, тиісінше, елде өнерді қабылдау, тұтыну деңгейі барынша ала-құла болып шығады. Осының өзі көп мәселеде халықтың көзқарастарының түрліше болуы ұлттық біртектілігімізге көлденең түсіп отырғанын көрсетеді.

Қай елдің, қай халықтың болсын ішінде өнердің қай түрін де, қай пошымын да құмарта қабылдайтын бір адамдар қауымы болады.. Олар үшін өнердің жалғыз ғана өлшемі бар, ол — шынайылық, жоғары сапа, биік кәсіби деңгей. Димаш шығармашылығы эмпатиялық тұрғыдан ішкі дүниесі таза осындай жандарға арналған. Оның фанаттарының, өнеріне табынушылардың және құрметтейтіндердің негізін де осы аудитория құрайды. Бұл қауымды, қауымдастықты әншінің өзі берген атпен «диарс», яғни әншінің жанына жақын, оған қымбатты, мұхтарам жандар дейміз. Солардың бірі Vlad Sigma: «... Что я понял — он задевает своим творчеством только те души, что способны его понять и принять. И слава Богу — таких в нашем мире ещё много!» деп жазылыпты. Бұл пікірге Мурат Шалов есімді желі қолданушының мына бір сөзі шалыс түседі: «... И сейчас в казахстанских СМИ редко услышишь голос Димаша. Почему? Да потому, что истинных ценителей высокого искусства не может быть больше невежественной массы!» Яғни Димаш өнерін түсінетіндерді біреуі көп десе, екіншісі аз дейді. Шындығы қайсы?

Әдетте «жоғары, биік өнер» деп классикалық өнерді айтады. Оның ішіне классикалық музыканы ғана тыңдайтындар да кіреді. Бұл элиталық өнерді бағалаушылардың қатары онша көп болмайды және олар өздерінің осы стандарттарына сыймайтындарды, яғни бұқара әуезе көріп тыңдайтын көпшілік музыканы қабылдамайды. Соның ішінде Димаш өкілі болып табылатын operapop стилін де әлгі қолдан қиылған қалыптан ауытқу деп біледі. Элиталық бұл топтан әлі күнге ешбір адамның Димаш жөнінде пікір білдірмеуі де popera-ны қабылдамаудан. Керісінше, элита өнер мансұқ ететін тоғышар қауым өз кезегінде классикалық музыканы өздері қабылдаған стандарттан ауытқу деп есептеп, іш пыстыратын нәрсе көріп тіпті де тыңдамайды және осы ретте бір қанатымен классикалық музыкаға барып тірелетін операпопты да «ызыңдама» деп әлгі санатқа қосады. Бұларды «нуб тобы» дейміз.

Нуб тобы іштей бірнеше тарапқа бөлінеді. Біріншісі, музыка мүлде қызықтырмайтындар. Ондай жандар, яғни ішкен тамақ, киген киімнен басқаға назар салмайтындар әркез болған, мысалы 1970-ші жылдары әлемнің бірнеше елінде социологиялық сауалнамаға қатысқан 100 адамның 95-і жұлдызы жарқырағанына он екі жыл болған Пеленің кім екенін білмей шыққан ғой. Мұндай тіршілік иелерін күштеп өзгерту қиынның қиыны. Содан да Құранда бұл топ жөнінде «жүректеріне мөр басылған» делінсе керек. Келесі тарап — құлағына мақта тығып алғандар, яғни «ватниктер». Кеңес кезінде өкімет «ватниктерді» қайта тәрбиелеуге көп күш жұмсады, төмпештеп отырып кітап оқытты, сүйрелеп жүріп театрға, киноға, концерт залдарына кіргізді, осы ретте тұшымды рухани азық әзірледі және онысы тәп-тәуір нәтиже беріп те келе жатқан-ды, әйткенмен одан кейін келген утилитарлық-прагматтық нарық сауатты оқырман, көрермен, тыңдарман болып қалыптасып қалған бұл топты қайтадан баяғы қарадүрсін тыңдаушы қалпына түсірді. Және осының өзі небәрі бес-алты жылда болды, осы жерде қазақтың «Ит құйрығы иір — тартсаң түзеледі, қоя берсең орнына барады» деген мәтелі дәл. Адам қанша өркениеттенсе де баяғы үңгірлік, аңтақылеттес қалпынан көп ұзай қойған жоқ, рас, миы, ой-санасы өлшеусіз өсті, алайда хромосома өзгерген жоқ. Қазақ жағдайында тоғышар қалыпқа тез қайта оралуымыздың тұрмыс ауыртпалығы сияқты экономикалық себептері де болуы мүмкін. Адам баласы күні бойғы ақ иық қылған ауыр жұмыстан, одан кейінгі тұрмыстық проблемалардан әбден қажыған кезде ми тынықтыратын жеңіл, қызықты дүниелерді іздейді, санаға салмақ салатын, ойлануды қажет ететін ауыр сюжеттерді, сапалы музыканы одан әрі шаршатады деп қабылдамайды. 1930-шы жылдары АҚШ-тағы, Еуропадағы экономикалық депрессиялар кезінде Голливудтің кенет «водевильденуі» де содан. Оны айтасыз, аталған кезеңде социалистік Совет Одағының өзінде жұмысшы табының талап етуімен кеңес өнері романтика ағымына айтарлықтай бой ұрған, кинопрокатта эйзенштейндік реалистік «Потёмкин» броненосеці» емес, «Поэт и царь» сияқты жеңіл, көпшілікке ұғымды киноленталардың бағы жанған. Сәйкесінше мәдени өнімдер көбінесе тұтынушы сұранымын ескеріп жасала бастайды. Дәл осы сияқты бізде де кейінгі отыз жылда фонограммамен ән айтуға жалпы көпшіліктің — тұтынушының еті өліп кеткендігі сонша, жанды дауыспен фонограмманың ара-жігін айыруға бас ауыртқысы да келмейді, ең бастысы, ән қабылдауға оңай болса болғаны. Біздің эстрадада неге ортақол әншілердің тасы өрге домалап тұр, селебрити Тораптағы пабликтерде ұятмендер мен әріптестерін әдейі арандатып, неге ең көп қаралым жинайды? Себебі, олар әлгі бұқаралық тұтынушыға жұмыс істейді, ал біздің қазіргі қазақ тұтынушысы, яғни «пипл» не берсең де қылғыта салатын деңгейде. Бірақ бұл әлі тобыр емес, толық тобырлық мәдениет емес. Тобырлық психология, тобырдың шын сиқы көрінуі үшін белгілі бір әлеуметтік қыжыл керек, осы орайда жоғарыдағы нуб қауымының негізгі кеудесін құрайтын да өнердегі жаңа туып келе жатқан белгілі бір бағыт-стильдерге әлеуметтік қарсылық танытатын сондай бір қарекетті топ.

Қызық, жоғарыдағыдай психикалық типтің бар екендігін және ол психотип, ол тұрпат Димашқа келгенде ерекше белсенді болып кететінін бізден бұрын басқа халықтар тап басып танып отыр. Айтуларынша, «ниеті бұзық, қарау адамдар ғана Димаш әніне селт етпейді» екен. Солардың бірі Ирина Трефилова: «... И вот моё удивление: откликаются на Димаш люди добрые и сердечные, живые. А люди с тяжёлым характером, злые, жестокосердечные либо равнодушны, либо ругают и переубедить стараются», - деп жазады. Мария Ладога есімді желі қолданушысы осы ойды: «… Я сталкивалась с такими людьми и их очень трудно переубедить. И мне жаль таких людей, ведь они многое теряют не имея открытой души», - деп дамытады. Oral Sarmantaeva болса ондайларды еңселерін түсірмеуге шақырады, сондағы уәжі: бәрібір біз жұрттың барлығын Димашты өзіміз жақсы көргендей жақсы көруге мәжбүрлей алмаймыз, уақыты келгенде Димаштың өзі баршаны мойындатады.

Шынында да, дарынды жан туғанда оның сол дарынына тамсанып тәнті болатындар да, көре алмай, іші күйетіндер де қоса туатын сияқты ғой. Замандас, тұстастардың әділ болуы қиын дейтініміз содан, әсіресе иірімі көп тауқыметті майдан — мәдениет майданында. Тіпті мүйізі қарағайдай Бетховен, Моцарттар да қадірсіз елде туып, қадірі аз білінген, өз елінде көп мойындала қоймаған. Вивальди туған Италиясынан кетіп, шығармаларын Венада жүріп жазған, жат жерде белгісіздікте өлген, мақтаулы итальяндар ұлы композиторын екі ғасыр аралатып, онда да Муссолинидің арқасында қайтадан ашты. Демек, айрықша туған дарынға кесел алыстағы жұлдыздардан емес, жақындағы перигейден келеді. Таланттың шығармашылығына, жаңаша бағыт-бағдарына немқұрайды қарайтындар және іштей қабылдамайтындар проблема емес, - мұндайда «тыңдамаса тыңдамай-ақ қойсын дейсің ғой, - одан да Димашты тыңдап, соңынан айналасын былғап пікір пікір жазатын дөкірлер қиын. Мұны әлеуметтік қыжыл түріндегі қазақы панпсихизм демеске шара жоқ. Жаңа атаулыға, ескінің қалыбына сыймайтын атаулыға жаны қас, өрелері төмен, жан дүниелері дөкір, қарадүрсін ұлтшылдықпен кірленген бұл жыныс, бұл тұқым дизлайк қоятындардан да қорқынышты, қатерлі. Ринат сияқтыларды дереу қолдап ала жөнелетіндер, бөрінің артындай шулап ызалы коммент жазатындар, балағат сөз айтатындар да солар, айтысмэн кездесу өткізген жерлерге алдымен келетіндер де сол панпсихизм соматиялық ауруына шалдыққандар. Іштерінде Ақтөбедегі кездесуде залды толтырып отырған жастар да бар. Зайытовқа дүркін-дүркін қол соғып, кеу-кеулеген де сол Димаштың өзінің жерлестері. Мұнда ру жоқ, жүз жоқ, жершілдік жоқ, панпсихизмнің улы кеселі ғана бар екеніне осының өзі турашы және бұл тобырлық кесел Димаштай таланттарымыздың табысы еселенген сайын геометриялық прогрессия жолымен өсіп, қоғамымызды теміреткідей жайлап, өршіп бара жатқаны алаңдатады. Бұл өсер елдің қылығы емес. Артисті бұлайша сыртынан ғайбаттауға өркениетті қауым да, өнердің моральдық-этикалық жағын қадағалайтын өкімет те жол бермейді. Еуропа ХІХ ғасырда-ақ француз музыка сыншысы Галеви ұсынған қағидат бойынша артистердің қоғам тарапынан құрметке лайық екендігін мойындап қойған. Ал бізде музыка сыншылары, жалпы зиялы қауым талантқа жасалып жатқан жоғарыдағыдай ашық шабуылдарды көрсе де, көрмеген болып, тілдерін қырқа тістеп алғандай ләм-мим.

Лев Толстойдың әлем әдебиеті алдында сіңірген ұлы еңбектерінің бірі — атақты «Соғыс және әлем» эпопеясында мекеншақ (хронотоп) арқылы тектілік пен тексіздіктің, ақсүйек пен қарасүйектің табиғатын ашқандығы деп саналады. Жоғарыдағы Ирина Трефилова деген желі қолданушы «Димаш оказался как экзамен для человека. Вот такой талант ему Бог дал!» депті. Дмаш өзі де байқамастан ұлы жазушыға ұқсап тұр. Расында да әнші қазірдің өзінде өнері арқылы біздің қоғамдағы ғана емес, жалпы адамзат өресіндегі от пен судай шарпысқан жарық пен көлеңкенің, теріскей мен күнгейдің арасын айқындай бастады. «Димаш дәуірі» феноменінің әнші иығына замана, мезгіл артқан бір міндеті де осы болса керек. Осы арада бұл айқындау оған неге міндет етілуі мүмкін деген заңды сұрақ тууы мүмкін. Оның себебі, адамзат қайткенде де базбіреулер қоймай айтып, бүтінді бөле-жарғысы келіп жүргендей әртүрлі, әрқилы һәм ала-құла емес. Әр адамның кеудесінде жұдырықтай бұрқаны соғып тұрғанда онда қайтсе де сезім саңылауы, үміт сәулесі өтетін сызат-саңылау қалып отырады, әлгі саңылаудан «құлақтан кіріп, бойды алатын» ән мен күй, музыка ғана жол табады. Біздің қазақ қоғамы жаңғырудың бастапқы сатысында ғана тұр. Модернизация дендеген кезде әрқандай қазақтың да бүкіл чакрасы толық ашылатынына, сөйтіп біздің «балалық ауруымыз» - панпсихизм кеселінен бірте-бірте арылатынымызға сенейік. Осы орайда кейбіреулер ұсынып отырғандай хайтерлердің жазғандарын елемеу, көрсе де көрмегендей болу амалынан гөрі жарқын қабақ, өнегелі іс, өнімді нәтижемен қызғаныш білдірушілердің, түсінбеушілердің жүрегін жібіту, көлеңкені жарыққа, теріскейді күнгейге айналдыра білу әлдеқайда өнікті тәсіл болмақ. Екіншіден, Димаштың фан-қауымдастығына әншіні тым әсірелей, асыра мақтап, тіпті киелеп, соның салдарынан нуб тобындағылардың ұнатпаушылық сезімін одан әрі қоздырудан, антифанаттық көңіл-күй туғызудан абай болу керек сияқты. Димаштық фан-қозғалыс сияқты қызуқанды қозғалыс бұрын «Битлз» тобына табыну кезінде ғана орын алған, битломания бұл ретте бұл музыкалық топқа кесірін де тигізген деп келетін пікір дұрыс болуы, себебі расында да кейбір ресейлік меломандар айтатындай, Димаш фанаттарының ара-арасында «террористерге» ұқсап кететіні бар, яғни, олар «принц Ди» Жер планетасының тұрғыны емес, ол адамзатқа әдейі жіберілген адам кейіпті періште, дегенге кәдімгідей сенеді, демек оның атына ешбір сын айтылмауы керек, әлем оны тұтас, әрі талассыз мойындауы керек екен. Бұл мүмкін емес қой. Осы пікірдің соңғы бөлігімен ғана келісуге болады. Иә, Димаш ең алдымен қазақтың маңдайына берілген бала, сондықтан Димашты сынағаннан гөрі, оған жібектен бау, сары алтыннан алқа тағып, күмістен тұғырын жауып, қолға алып, сылап-сипап бағу керек, әсіресе қылаң-сылаң қыздардан, күнбағар өтірік достардан, жойдасыз сынампаздардан көздің қарашығындай қорғау керек. Өнерін көбірек зерттеуіміз қажет. Әншінің халықаралық деңгейге шыққанына екі жылдан асты, ал бізде әлі күнге оның эксклюзив ән салу стилін талдаған бірде-бір музыкатанушылық мақала жазылған жоқ, қазақстандық музыка мамандары тарапынан бірде-бір музыкалық коуч жасалмай келеді. Қазірге дейінгі қолда бар мақала-коучтар жуық және жырақ шетелдегі мамандарға ғана тиесілі. Осының өзі біздегі кәсіби музыкатануға қатысты үлкен сұрақ туғызады. Сонымен қатар талантты мойындамау қандай жаман болса, талантты асыра бағалау да соншалықты жаман екенін түсіну жөн. «Очень опасаюсь за Димаша. Плохо и непризнание, плохо и сверхпризнание, - деп жазады Жанат Байдаралин есімді желі қолданушы. - Можно понять нас, казахов, - у нас никогда не было такого чуда, гения в вокале. Мы в общем-то глубоко закомплексованные люди, а тут — просто прорыв сразу в космос! Как тут удержаться? Конечно никак! Но удержаться надо, во имя этого парня, его очень просто сбить с тверди, особенно сейчас, особенно сладкоголосые чиновники и фанаты могут сделать своё чёрное дело, даже не понимая происходящего...»

Ой саларлық сөз. Біз санасында Құдіретке айналып кеткен ұғымдармен, яғни Ұғыммен уланып қалған ұрпақтан өрбіген ұрпақпыз ғой. Бізге ерік берсе, қолдан Құдірет жасаудың еш қиындығы жоқ. Ринат Димашқа үшінші мәрте шүйліккеннен кейін мынадай жағдай болды. Әншіні қорғап, еліміздің бірнеше белгілі адамы әлеуметтік желі арқылы пікір білдірді. Саясаткер Әміржан Қосанов пен тележурналист Аббас Шах өз инстаграмдары арқылы Димашты лас саясатқа араластырмауды сұраса, танымал әнші Майра Ілиясова Спутник Казахстан сайтына берген сұхбатында Ринат ендігәрі көзеттігін доғармаса, елдегі әншілер қауымы бір шара алатынын айтып, қатаң ескерту жасады. Соңғы сұхбат іле-шала орысшаға аударылып, ютубқа салынды, сол арқылы оны өзіміздегі және шетелдегі Димаштың орыстілді фанаттары оқып, мәселенің мән-жайына қанықты. Көптеген комменттер болды, солардың біреуінің авторы «Не дай Аллах таких людей у власти», - деп жазды.

Осы пікір көптің көкейіндегі орынды алаңдаушылықты білдіреді. Автор орыс тілді болса да қысқа қайырым аударманың ауанынан желдің қай жаққа соғып тұрғанын, яғни қазақ ішінде базбіреулердің Димашқа ерегісіп, қолдан қалып қиып, Ринаттан көсем жасап, билік басына апарғылары келетін ниетін аңғарып қалған сияқты. Тіпті оны «шындықты айтатын айтыскер баһадүр батыр, осы заманның Махамбеті» деп, құйрық көпшігін жөптеп қоятындар қызды-қыздымен «Ринат әділет министрі (вариант: мәдениет министрі), депутат болуы керек» деп айтып-жазып та жүр. Қазақ сегментіндегі осы тектес су асты ағыстарынан бейхабар орыстілді Hakan Kimakya ныспылы комментатор әлгі жайды түйсігімен ағатсыз ұғына келіп: «Заитов очень злой человек, такие спровоцируют войны, - деп жазады. - Очень опасный тип, возомнивший себя пророком».

Жаны бар әңгіме, тек бір ғана түзету беру керек: Ринатты пайғамбар, тіпті тәңір (Ринат есімін анаграмма тәсілімен кері оқыса Танир деген сөз шығады) көріп жүрген оның өзі емес, қолдан қаһарман жасамаса отыра алмайтын біздің өзіміз, дәлірегі, жоғарыда айтылған қазақы панпсихизм, қарадүрсін ұлтшылдық. Софа Софа дейтін желі қолданушы: «Ринатты тайраңдатып қойған біздің өзімізге — қазақтарға обал жоқ!» деп әбден дұрыс айтады.

Ринат не үшін, қандай қасиеттері үшін министр, халық батыры атануы тиіс екендігін бұған дейін аңғарттық: «шыңғыртып» шындықты айтып жүргендігі үшін. Дұрыс, қай заманда болсын бауырын жарып, өтін тіліп шындық сөз сөйлейтін адам керек. Шындықты айтпасаң, шырқырайтын күн туар. Бірақ шындықтың да түрі бар — ақиқат шындық, алданыш шындық және татымал болған арзан шындық. Халық бұлардың ара-жігін қашанда ажырата білген. Мысалы, жоғарыдағы Майра апайымыздың сөзінен кейін дискурстік пікір-таласқа араласып: «Алла мұндай адамдардың билік басына келуінен сақтасын!» деп тіленген желі қолданушы одан әрі: «Заитов ещё возомнил себя человеком, который говорит горькую правду. Что он реально сделал для страны, кроме того, что говорит то, о чём мы все в курсе?» деп таңырқайды. Соны айтам-ау, расында да Ринаттың Американы ашып тастаған дәнеңесі жоқ, - айтып жүргенінің барлығы да қоғамға бесенеден белгілі, тіпті ести-ести құлағымыз, оқи-оқи көзіміз жауыр болған жәйттер.

Сонан соң шындықты айтқан қазақтың алды да, соңы да Зайытов емес. Тарихымызда оған дейін де ақиқатты шырқыратып тұрып айтқан және қазіргідей сөз еркіндігі бар демократиялық заманда, сахнада шай ұрттап отырып емес, зұлматта бас кетейін деп тұрғанда яки бастың кетуі әбден мүмкін тоталитаризм жағдайында батыл айтқан батымды шындық жоқшылары болған. Мысал керек пе, мінекейіңіз: 1930-шы жылдарғы аштықта Сталинге жазылған әйгілі «Бесеудің хатына» қол қойған Мансұр Ғатаулин 1938 жылы сот залында жеке басқа табынудың бүкіл өрескел заңсыздықтарын жіпке тізіп тұрып бар дауыспен айтқан және өзіне қандай жаза түрі кесілетінін білмей тұрып-ақ айтқан; сол шамада Шахан Мусин ашаршылық қасіретін айтып, әйгілі «Наркомға хат» өлеңін жазған; араға он жыл салып, МҚК Германиядағы Түркістан Ұлттық Комитеті мүшелерін соттаған залда Артур Қалдыбаев та ажал жастығына бас қоюдан тайынбай, ойындағысын батыл мәлімдеген; араға тағы он жылдай уақыт түскенде республика басшыларының бірі Жұмабек Тәшенов Қазақстанның солтүстік облыстарын Ресейге беру барып тұрған волюнтаристік шешім екендігін Хрущевтің тура өзіне баян еткен; 1986 жылғы Желтоқсан уақиғалары тұсында Жұбан Молдағалиевтің тәмам жұрттың көзінше Колбиннің алдында дәл сондай көзсіз әрекетке барғаны баршамызға белгілі, ал дәл сол шамада жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың республика Жоғарғы Кеңесінің партия жиналысы үстінде жүргізіліп жатқан кадр саясатының дұрыс емес екендігін мәлімдегенін екінің бірі біле бермеуі мүмкін; 1988 жылы сол кездегі республика Сыртқы істер министрі Михаил Есенәлиев те Горбачевке хат жолдап, Орталықтың кадр саясатына батыл қарсылық білдірді; 1989 жылы Семей обкомының бірінші хатшысы Кешірім Бозтаев Горбачевке Семей полигонын басқа жерге көшіруді талап етіп шифрограмма жібергені бар; араға үш жыл салып журналист Нұрмұхан Оразбеков тоталитарлық ГКЧП-ға ашық қарсылық танытты; кешегі жер сату мәселесінде зиялы қауым бөденеше бұғып қалғанда жазушы Дулат Исабеков айқыртып тұрып сұхбат берді. Тізе берсе, тарихымызда мұндай мысалдар көп және осынау тұлғаларымыздың қай-қайсысы да әлгіндей әрекеттері өздері үшін немен аяқталатынын (репрессия, 18 жыл түрме, қызметтен қуылу) біле тұра, ақиқатты айтып арылуды бәрінен жоғары қойған. Шындықты басын бәйгеге тігіп отырып, «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп айтқан. Осы көңіл-күй Есенәлиевтің Горбачевке хатында: «...отправляя данное письмо, осознаю, что могу пострадать, но глубоко убеждён — интерес общества, партии, нации превыше личного благополучия», - деген сөздермен білдірілген. Осылай болғандықтан да бұл тұлғалар ешқашан әлгі еңбектері үшін министр лауазымынан яки саяси көсемдіктен, пайғамбарлықтан, бір халықтың тәңірі болуды ойына алып та көрмеген, халық та олай ойламаған, себебі көптің ұғымында бұл адамдар әлгіндей әрекеттерімен-ақ нағыз халықтық тұлғалар ретінде қалды, ал біле-білгенге көп көзінде халықтық тұлға атанудан асқан атақ, абырой жоқ. Халық шындықты айтатын адамдарды қашанда кәделеген, осы тұрғыдан келгенде қоғамның ақиқатқа шөліркеп отырған бір бөлігінің Ринат мысалында жоғарыдағыдай халықтық тұлғаларды іздеуі әбден заңды, бірақ қоғамымыздың осы сегменті, Шер-ағаң айтқандай, шындықты айту шырқ бұзумен, шулы, шатақы сұхбаттар берумен ауыл-үй қатар қона алмайтынын білуі тиіс. Соның ішінде мұны жалған намыс жоқтаған псевдопатриотшылдар ескеруі керек. Халықтың намысын жырт, осы жолда маңдайы қасқа шындықты айт, алайда ол әсте халықтың ішіне іріткі салуға әкеп соқтырмауы керек. Димаштай азат елдің өрен арыстанын өзекке теуіп, төбесінен тұқыртып, кеудесінен итермеуі тиіс. Әгәрәки «Сөз шындыққа, қанжар қынға тоқтайды» дейтін аталы сөзбен келіссеңіз, осы жерден тоқтайық.

Десек те, біз аттап кете алмайтын тағы бір нәрсе бар. Ол — жоғарыдағы нуб қауымы көсем, тәңір санап отырған ринаттардың сын сәтте шындықты айтып, соған сай әрекет қылар кесек халықтық тұлғаларға тән сапалық қасиеттерден жұрдай екендігі. Басқасын былай қойғанда білім өресін алайық. Мәселен, Ринат Аман Тасығанмен сұхбатының бір жерінде Wada-ның Қазақстанға қатысты антидопинг саясатын сөз ете келіп, халықаралық ұйымның әлгі әрекеттері «Батыс пен Ресей арасындағы «салқын соғыстан» туындап отыр» деп жіберді. Бұған қарағанда, айтыскер ақынымыз «холодная война» тіркесінің тілдік қолданысымызға енгеніне кемі қырық жыл болған «қырғи-қабақ соғыс» дейтін барабар баламасынан бейхабар екен. Бұл да ештеңе емес, кейіпкеріміз одан әрі әңгіме ыңғайында «Қазақтан шыққан Нобель лауреаттарын қолдауымыз керек» деп салды. Мал құлағы саңырау, осы күнге шейін қазақтан біреу-міреу Нобель сыйлығын алды дегенді естімеппіз. Рас, әнеу бір жылы газеттердің бірі МАГАТЭ-де қызмет ететін ядрошы физик қандасымыз Достай Раманқұловқа ғылыми топ құрамында айтылмыш сыйлық берілгенін сүйіншілеп жазған-ды, бірақ ол ақпарат жалған болып шығып, оны газеттің өзі терістеген-ді. Айтысмэн осы ақпараттың алдыңғысын көзі шалып қалып, терістемесін көрмеген сияқты. Иә болмаса 2013 жылы қазақ ғалымы Сағымбек Алтайұлына Ресей Жаратылыстану академиясы тарапынан «Өнертапқыштықты дамытуға үлес қосқаны үшін» Альфред Нобель атындағы медальдың тапсырылуын яки 2017 жылы тағы да сол ресейліктер атынан академик Оразалы Сәбденге Нобель сыйлығының лауреаты Саймон — Кузнецтің алтын медалінің берілуін Нобель сыйлығының өзі деп ұққан болуы. Шығармашылықта «автордың мәңгіруі» («авторская глухота») деген құбылыс бар, яғни адам жазып отырғанында қарапайым нәрселерден қате жіберіп алады. Бірақ қайткенде де интервью беруші хабарға шығар алдында оған мұқият дайындалуы, соның ішінде қойылатын сұрақтардың жобасымен алдын ала танысып, заманауи фактчикинг тәсілімен деректердің дұрыс-бұрыстығын тексеріп алуы тиіс емес пе?! Бірақ оған эфиоп ринаттардың ебі қайда! Ал енді бар ма, үлкен мәселеде шағын білім мен төрелік айтпақ болып күлкіге қалып отырған әлгіндей адамды бір телеарна ток-шоу жүргізуге шақырды дегенді естігенімізде не айтарымызды білмедік. Біздегі телевидение саласының деңгейін осы фактімен-ақ шамалай беруге болатын сияқты.

(Жалғасы бар)

Мақсат Тәж-Мұрат

Abai.kz

84 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2063